Жүрек жылытар сәулелер
Араға бір жыл салмай Қырғызға тағы келдік. Былтыр дүние жүзінде теңдесі жоқ Манастың мың жылдық тойын көріп, сол тойдың қызуы әлі суынбай, сол әсерді сағынып келдік.
Манастың мың жылдығы — өтті-кетті, тауыс-тәмәм емес екен. Ұлы тойдан із қалған. Өшпестей болып қалған. Бішкек қаласының қай бұрышына барма — алдыңнан Манас шығады.
Осылайша Манас арқылы қырғыздар өзін-өзі, өзінің кім екенін танып тұр. Манас қырғыздардың кеудесіне өзінің қырғыз болып жаратылғанына мақтанатындай сезім ұялатқан. Міне, бұл баға жетпес байлық.
Бір кезде дүние жүзін дүрілдеткен Осман империясының алтын тәжі көмескіленіп, кіреуке тоны тозғанда халқы «біз түрікпіз» деп айтуға намыстанған. «Мен түрікпін» деп айту — «адамның сорлысымын» дегенмен бірдей болған заман туған.
Сонда Мұстафа Кемал Ататүрік билік өз қолына тигенде рухы сынған ұлттың еңсесін көтеру үшін: «Дүниеге түрік болып жаратылғаныма мақтанамын!» деп айтыңдар! Түрік болып жаратылғаның үшін тағдырыңа тағзым етіңдер!» — деп үйретті қол астындағы халқын.
Қырғыздарда да сондай бір үрдіс бар...
Мен Қордайдан машинамен зуылдап өте шыққан сайын астындағы арық аты тулақтай болған, өзі азып-тозған Жамбыл жәкемді көз алдыма елестетемін.
Атым арық, тон тозық,
Қысып келді аштық, шөл.
Жерімізде жұт болып,
Өспей қалды биыл тел.
Мұндай жұт Қазақстанды оқтын-оқтын ұрып тұрғаны рас. Оның ішінде әсіресе колхоздастыру тұсындағы қолдан жасалған зобалаң ашаршылық қазақ халқын әдейі қырған геноцид еді. Сол сойқан Жамбылды да аяған жоқ. Егер Қырғызға барып паналамағанда Жамбыл тірі қалар ма еді, жоқ па еді, Құдай біледі.
Жақсылықта, жамандықта Жамбылға құшағын ашып, төрін өсірген Қырғыз елі, міне, бұл жолы оны ерекше қарсы алды.
Жамбыл қырғыз бауырына өзінің 150 жылдығын тойлай келді. Жөкемнің шашбауын көтеріп Бішкекке қазақтар да жетті.
Оларды бастап барған Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов, Мәдениет министрінің бірінші орынбасары Сауытбек Әбдірахманов.
Жамбылдың 150 жылдығына арналған салтанатты кешті Қырғыз Республикасының үкімет басшысы Аппас Жұмағұлов мырза сөз сөйлеп ашты. Оның айтуынша Жамбыл тек қазақтың ғана улы ақыны емес, қырғыздың да заңғар шайыры. Бұл әсіре қызыл сөз емес. Жамбылдың өзі: «Сүйегім — қазақ, етім — қырғыз» демеп пе еді. Сүйегі бір бөлек, еті бір бөлек адам болмайды. Ендеше Жәкең қазақ-қырғызға тең ортақ.
Жамбыл жағымпаз емес қой, неге былай деп айтты? Осыны мен көп ойландым. Сөйтсем, шынында да қырғыз бен қазақтың туыстығы ерекше екен. Бір-ақ мысал: 1986 жылы Қазақстанға жана басшы болып Колбин келді. Тегі жоқ, Қазақстан сияқты зор республиканы басқаруға ебі жоқ; басқарайын деп келген елдің де тарихын білмейді, әдет -ғұрпын, салт-санасын, психологиясын, тұрмыс-тіршілігін білмейді. Аспаннан салбырап түскендей біреу.
Қазақта да, құдайға шүкір, намыс бар. Оны бірінші хатшы етіп лезде сайлаған Пленумда: ау, бұл қалай? — деп бір жан жақ ашпады-ау. Мәскеу не айтты, болды, бітті. Бірақ халық үнсіз қала алмады. Алаңға жастар шықты. Бейбіт ниетпен шықты. Оны арандатушылар әздері ұшықтырды. Қазақ жастарының қаны төгілді. Әне, сонда қырғыз бауырлардың, қабырғасы сөгілді. Көмекке келмекке, қазақ бауырларына қол ұшын бермекке Алматыға асықты...
Кімнің кім екені анық танылатын тұс осы. Басыңа күн түскенде пана болуға жарайтынын қырғыздар сан мәрте дәлелдеді. Сол аты жаман аштықта, 1932 жылы талай қазақ қырғыздарды паналады. Осы сапарда сол қазақтардың ұрпақтарын көп кездестірдік. Аштық қаһарынан қашқан, сөйтіп қырғыз жерін мекен етіп қалған Дәулетбақтың, Саймасайдың тұқымынан деген кісілерді көрдік.
1916 жыл. Қазақ пен қырғыздың бұл жылы шеккен азабын Мұхтар Әуезов «Қилы заман» атты қасиетті кітабында шындықтың қанын сорғалатып жазды ғой. Нарынқол мен Кегенде, Ұзынағаш пен Шелекте патшаға қарсы қазақтар қан төгіп жатса, Қарауыл пен Пішпекте қырғыздар қырылды. Азаттық үшін шейіт болғандардың тағдырын жазған Мұхтар тек қазақтарды ғана айтып қойған жоқ, қырғыз бауырлардың қасіретін де жаны жылап отырып бейнеледі.
Бір сүйсінері, қырғыз үкіметі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің биылғы 80 жылдығын атап өту туралы қаулы шығарыпты... Ал біздің үкімет кімге қарап жалтақтап отырғанын бір Құдайдың өзі біледі.
Халықтың, әсіресе жас ұрпақты өткен тарихымен танысты – рудың тиімді бір жолы осы сәт емес пе еді. Жас буынды «әскерге барғысы келмейді, әскерден қашады» деп күстаналаймыз. Сол ұлт-азаттық көтеріліс көсемдері Ұзақ батырды айт, Бекболат батырды айт, Ақкөз батырды айт, Әдіғапар хан мен Аманкелдіні айт — үлгі түт, жас түлекке Отансүйер тәрбие берудің бұдан артық қандай жолы бар?!
Жамбыл қырғыз елін — өз елім деп санағанда, әрине, оның ақын-жыраулары бауыры, жан досы болары хақ. Қырғыздың айтулы ақындары Қалығұл, Қашаған, Қалмырза, Шөйке, Сағымбай, Найманбай, Қараыршы т.б. Жамбылдың ақын достары. Ал Қырғыздың ұлы ақыны Тоқтағұлға деген сезімі, ілтипаты, ықыласы ерекше. Тоқтағұл 1898 жылы жаламенен Сібір айдалып, арып-ашып, еліне қайтар сапарында жолай Жамбылға жолығып, сый-сияпатын, ыстық ықыласын көрген деседі. Оның айғағы Жамбылдың Тоқтағұлға арнаған мына өлеңі:
Келдің бе, ақиығым, алыс жерден,
Өтіпсің самғап ұшып, асқар белден.
Алмас пышақ қап түбінде жатпас деген
Хан-төре айналмай ма сендей ерден.
Ер ғана елін табар іздеп жүріп,
Жүрсе де ғұмырында қорлық. көріп.
Құландай-ақ бұғауын үзіп қашқан,
Жетіпсің, енді міне, елге келін.
Жамбылдың 150 жылдығына байланысты қырғыз-қазақ зиялылары, ақын-жазушылары, өнерпаздары Бішкекте бас қосқанда, міне, осы әңгімелер айтылды.
Қырғыз Ғылым академиясында Жамбыл шығармашылығына арналған ғылыми конференция өтті. Оған белгілі казак ғалымдары Рахманқұл Бердібаев, Зәки Ахметов, Сұлтанғали Садырбаев қатысты.
Қырғыз ұлттық мемлекеттік кітапханасында Жамбыл шығармаларының көрмесі ашылды.
Қазақ өнер шеберлері Бішкек қауымына үлкен концерт көрсетті. Осы концертте қырғыз көрермендерін өте-мөте сүйсінткен «Адырна» оркестрін, Монғолия халық әртісі, қаза тын аса талантты әншісі Қабылаш мырзаны ерекше атамасқа дәтім шыдамады. Үкіметтің құлағына алтын сырға: Қабылаш Моңғолстан халық әртісі бола тұра, елім-жерім, ата жұртым деп Қазақстанды аңсап келгенде атағы жоғы қалай дегенді жұрттан естіген құлақта жазық жоқ.
Осы биылғы жылдың жүзінде Жамбыл тойының арқасында Санкт-Петербургте болып, енді міне қырғыз еліне келіп отырмын. Қайда барма, халықтың Жамбылға деген ағыл-тегіл ықыласын көресің. Неге деп ойлайсың. Жауабын Жамбылдың өз өлеңінен табасың.
Өтірікті сүймедім,
Дүние үшін күймедім.
Алтынына біреудің
Жолда жатса тимедім.
Шындықтың кілті осында. Заманымыздың небір ірі тұлғалары Жамбылдың ақындығына әділ баға беріп, шын тәнті болған. Қарап тұрсаң, Жамбылға өтірік қошемет көрсетіп, жалған сөйлейтін кісілер емес. Мұхтар Әуезов Жамбылды: «ақыл-ойдың алғыры» десе, Ғабит Мүсірепов: «Жамбыл өмірге жымия қарап, сынай өскен ақын еді. Оның ойлы көздерінің түбінде қашан да бір сықақ тұратын» дейді. Сәкен Сейфуллин: «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан сықылды» десе, Тұрар Рысқұлов: «Жамбыл қай заманда болса да шындықты айта білді. Сол үшін халқы оны жақсы көреді», — деп жазды.
Шындықтың кілті ащы, оны әркім көтеріп, әділділікті мойындай бермейді. Жамбыл кеңес өкіметі тұсында тек көсемдерді, кеңес заманын дәріптеп, мақтаумен өтті дегендердікі өтірік.
Мысалы, байларды тәркілеп жатқан кезде Жамбыл өзінің үлкен өкімет бауырына айтқаны ащы шындық.
Шырағым, тауға қарай домаладың,
Байларды кәмпескелеп, тонап алдың.
Байларды кәмпескелеп, тонай берсең,
Кедейдің жеп қаларсың томалағын, —
дегені дәлме-дәл келді де қойды ғой. Кәмпескенің артынша қолдан әдейі ұйымдастырылған ұлы ашаршылықтан халықтың жартысы қырылған жоқ па?!
Қырғызстандағы Жамбыл тойы Шу-Тоқпақ елінде де жалғасты. Әне, қызық-тамаша сонда да болды. Қазіргі заманда ерігіп жүрген ешкім жоқ. Ал аудан орталығындағы Мәдениет сарайына жұрт сыймай, далада тұрды. Жамбыл дегенде еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін ішкен асын жерге қойып, тойға жетті.
Осыны көрген мына біз енді қандай қорытындыға келеміз?
Ұлы тұлғалардың өзі де, сөзі де көпке ортақ. Осы тойдың арқасында біз ескі қырғыз достарымыз ақын-жазушылар Түгелбай Садықбековты, Төлеген Қасымбековты, Қазат Ахматовты, Майрамхан Абылқасымованы, Жалал Садықовты, тағы да басқаларды көріп қауыштық. Біздің Жазушылар одағының, жаңадан сайланған басшылары осындай қарым -қатынасты үзбегені абзал.
Абай, Жамбыл жүз елу жылдықтарына байланысты осы Абай мен Жамбылға кімнің кызметі көп етті, кім осылардың жолына күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей қызмет етті — сол бағаланса. Әйтпесе ақындар айтысында он-он бес минут ішінде бес-алты ауыз елең айтқан «волга» мінеді. Ал осы тұлғаларға өмірлерін сарп етіп, үлкен-үлкен еңбек жазған пәруаналар аттары да аталмай қалды. Осы да әділеттілік пе?! Бұл байдың малын байғұс қызғанғандық емес, өгіз де өлмесін, арба да сынбасын.
«Жақсыдан — шарапат, жаманнан — кесапат». «Жақсы әке жаман ұлды қырық жыл асырайды». Ұлы бабалар рухының сәулесі біздің жаураған жүрегімізді жылытады. Ұлы бабалардың рухани мұрасы ұрпақтарына мыңдаған жылдар азық болуға жарайды.
Кешегі Манас, Абай тойлары сондай. Бүгінгі Жамбыл, ертең Мұхтар тойлары да солай бола бермек. Рухани баю тойлары.