- 17 нау. 2020 00:00
- 202
Өмірбай ақын
Өмірбай Тілеуліұлы 1850 жылы бұрынғы Семей уезі, Бұғылы болысы, Өтей аулында туған. Жас кезінде шешен індетінен екі көзі бірдей соқыр болып қалған ақын бір жылы «Абайға сәлемдесемін» деп Назарбек Арзанбайұлы деген кісіге еріп барыпты. Абай ауылы Жидебай қорығында отырса керек. Назарбек жасынан — Абайдан тәлім-тәрбие алған шәкіртінің бірі болған адам. Өмірбай ақынның бұл Абаймен бірінші тілдесуі еді. Аман-есендік біліскен соң, Абай Өмірбайға:
— Сені сырттан естуші едім, іздеп келіп сәлем бергеніңе көп рахмет. Енді өз жағдайыңды айта отыр, — деп домбырасын ұсыныпты. Өмірбай домбыраны ала-сала:
— Шешектен жеті жаста көзім кетті,
Көрсетпей жарық дүние безілдетті.
Шырылдап көз көр болып шыдамадым,
Сөзбенен жеңейін деп осы дертті.
Бар мінім — көзім соқыр басымдағы
Назарбек бастап келді қасымдағы.
Сізге әкеп мен ғаріпті таныстырды,
Ең қымбат ағамыз деп осындағы, —
деп өлеңдетіп қоя береді. Абай Өмірбай ақынға ризалық білдіреді. Сонан соң Назарбекке:
— Сенің бурыл атың жылқының дүлдүлі дейді ғой. Өзі арыстан кеуделі, жолбарыс жонды, төрт аяғы сомдалып біткен тіп-тік, жал-құйрығы төгілген жойқын күшті екені көзге ерекше көрініп тұр, — депті.
Өмірбай ақын домбырасын ала-сала:
— Арыстандай кең кеуде, жалбыр жалды,
Жолбарыс жон, бұлшық ет, серке санды.
Қалың біткен төгілген ұзын құйрық
Құтқармайды ұшқан құс, жердегі аңды.
Ұзақ жолға жүрсе де қиналмайды,
Тәңірі дүлдүл жаратқан жануарды, —
деп жырлағанда, Абай риза болып:
— Өмірбай, сен атты сөзіңмен көргендей сипаттадың-ау, — дейді.
Сонда Өмірбай:
— Жаңа өзіңіз үйреткенді қайталадым, — дейді кішілік көрсетіп.
Абай Назарбекке бет бұрып:
— Жақында Ақылбайдың қайыны Қисықтың Жұмақаны екі дуан елді шақырып үлкен той жасаймын деп хабарлаған екен. Сол тойға бәйгеге қосайын, атыңды берсең қалай болады? — деп сұрағанда Назарбек:
— Абай аға, бурылды басы бүтін бердім, орнына мініп қайтатын бір тұғыр болса жарайды, — депті.
Абай Ақылбайды шақыртып алып:
— Мын Назарбекке менің кертөбелімді ертетіп бер. Бурыл атты қалдыратын болды, тойға дайында және мына Өмірбай ағаңа бір ат, шапан кигізіп, он саулық қосып бер, жанына айдасып аулына апарып салатын кісі қос, — депті.
Абай бурыл атты екі дуан елдің бәйгесіне дайындап қосқанда, жалғыз қара болып жарты шақырымдай алда келеді. Тойға жиналған халық:
— Мынау ат Назарбектің әйгілі бурылы ғой, — деп шуылдасқан екен. Абай қалың елдің дабылын естіп:
— «Ердің атын халыққа аты немесе қатыны шығарады» деген осы-ау. Ендеше Назарбекке обал болар, — деп Ақылбайдың өзін жұмсап, бурыл атты қайтарыпты және «кертөбел атты Назарбекке сыйлап кет!» депті.
Ал аузынан өлең төккен Өмірбай ақын 1930 жылы дүние салады.