- 14 қаз. 2021 00:00
- 328
Омыртқа бағанасы
Омыртқа бағанасы (Columna vertebralіs) — адам мен омыртқалы жануарлардың тұлға тірек қаңқасы. Адамда Омыртқа бағанасы бір-бірімен өзара омыртқааралық шеміршектер (дисктер), байламдар және бұлшық еттер арқылы байланысқан 32 — 34 омыртқалардан түзілген. Омыртқа бағанасы денеге тірек болып, тұлға мен бас сүйектің қимыл-қозғалысына қатысып, жұлынды қорғайды. Омыртқа бағанасының пішіні адамның тік жүруіне байланысты қалыптасқан. Омыртқа бағанасының атқаратын қызметіне байланысты әрбір омыртқаның өзіне тән құрамдық бөлімдері болады. Омыртқа қуыстарының жиынтығынан Омыртқа бағанасының өзегі пайда болады (жұлынды қорғайды); доғада омыртқаның қозғалысы үшін қажетті — өсінділер орналасқан.
Буындық өсінділер омыртқааралық буындарды түзеді, көлденең және қанатты өсінділерге бұлшық еттер мен байламдар бекиді, олар омырқаларды қозғалысқа келтіреді. Омыртқа бағанасының түрлі бөлімдерінде омыртқалардың көлемі мен пішіні әр түрлі болады. Ересек адамның Омыртқа бағанасында 7 мойын, 12 кеуде, 5 бел омыртқалары жеке орналасқан, қалғандары бір-бірімен тұтасып сегізкөз (5 сегізкөз отмыртқасы) және құйымшақ сүйектерін (3 — 5 құйымшақ омыртқалары) құрайды. Кеуде омыртқаларына 12 жұп қабырғалар бекиді. Сегізкөз омыртқалары 17 — 25 жас аралығында тұтасып, бір сүйекке — сегізкөзге, ал құйымшақ омыртқалары жоғалып кеткен құйрықтың қалдығы (рудименті) ретінде орта жаста тұтасып, құйымшыққа айналады.
Оқуға кеңес береміз:
Ишиас
Омыртқаның мойын бөлігінің лордозын қалай емдеуге болады