Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 42 минут бұрын)
«Өнерге кеше келгендер алып жатыр»: Жұрт Президент марапатына лайық актерді атады

Ақордада өнер адамдарына мемлекеттік марапаттар табысталғаннан кейін, әлеуметтік желіде жарты ғасырлық еңбегі бар «Шаншар» театрының актері Жүсіп Ақшораның еленбей қалғаны көпшіліктің назарын аударды.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәдениет саласындағы марапаттар

21 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай бір топ азаматты жоғары наградалармен марапаттады. Мәдениет саласындағы ерекше жетістіктері мен сіңірген еңбегі үшін құрметке бөленгендер қатарында Мақпал Жүнісова, Дастан Оразбеков пен Азат Сейітметов сияқты танымал тұлғалар болды.

Желідегі пікірлер

Осы жаңалық тараған тұста Threads желісінде сатирик Жүсіп Ақшораның марапат алуға әбден лайық екені айтылған жазба пайда болды. Желі қолданушысы өнерге енді қадам басқан жастардың назарға ілініп, көпшілік көңілінен орын алған аға буынның шеттетілгеніне қынжылыс білдірді.

«Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Президент қолынан марапат алуға лайық кісінің бірі Жүсіп Ақшора еді. Өнер саласына кеше келген «бүлдіршіндерді» көріп, қалай жарты ғасырдан жұрт көңілінен орын алған ағалар шет қалып кетті деп ойлап қоямын. Дәл Ақорданың ішінде марапат алуға лайық тірі аңыз ағамыз», – деп жазды автор.

Бұл пікір қысқа уақыт ішінде көптеген қаралым жинап, оқырмандар тарапынан қызу қолдауға ие болуда.

Жүсіп Ақшораның шығармашылығы

Жүсіп Ақшора 1960 жылы Түркістан облысының Қызылтаң ауылында дүниеге келген. Ол халыққа «Шаншар» әзіл-сықақ театрының негізін қалаушылардың бірі ретінде жақсы таныс. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері өзінің өнер жолын Жетісай қазақ сазды драма театрынан бастаған. Кейін Шәуілдір ауылындағы балалар мен жасөспірімдер клубында түрлі қызметтер атқарды. Ал 1994 жылы Уәлибек Әбдірайымовпен бірлесіп ашқан театрда бүгінге дейін басты актер ретінде сахнада түрлі сатиралық образдарды шеберлікпен сомдап келеді.

Жаңалықтар

Жарнама