- 16 қаң. 2024 00:00
- 511
Онлайн сауда: Қазақстандықтар қандай тауарларды жиі алады
2023 жылдың 11 айында электрондық сауда көлемі шамамен 2,2 триллион теңгеге жетті. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев баяндады.
«Жаһандық электрондық сауда нарығы озық қарқынмен өсуде. Электрондық сауда жан-жақты дамуға ықпал ете отырып, әлемдік экономикалық өсудің жаңа драйверіне айналды. Халықаралық сарапшылардың болжамынша, 2026 жылға қарай В2С әлемдік электрондық нарығы – 8,2 триллион АҚШ долларын құрайды. Олардың бағалауынша, 2022 жылы бұл көрсеткіш 5,7 триллион доллар болған», - деді А. Шаққалиев Үкімет отырысында.
2022 жылы Қазақстанда электрондық сауда үлесі 12,5 пайызды құрады, бұл шамамен 2 триллион теңге. Интернет арқылы өткізілген негізгі тауарлар: үй тауарлары, киім, аяқ киім, тамақ өнімдері, косметика, дәрі-дәрмектер.
«2022 жылдың қорытындысы бойынша электрондық сауда қызметтері нарығының көлемі 1,2 триллион теңге болған, оның 50,3% жолаушыларды тасымалдау қызметіне тиесілі. Өткен жылдың 11 айында электрондық сауда көлемі шамамен 2,2 триллион теңгені немесе бөлшек көлемінен 13% құрады. 2023 жылдың нәтижесінде жоспарланған электрондық сауда үлесі 13,2% құрауы тиіс», - дейді Сауда министрі.
Министрлік алдында электрондық сауданың үлесін 2030 жылға қарай 20% дейін жеткізу міндеті тұр.