Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 55 минут бұрын)
Орталық Азия су тапшылығына ұшырап, 100 шақырым құнарлы жерінен айырылуда

Орталық Азия елдері су тапшылығы мен шөлейттенудің күрделі салдарына тап болды. Соңғы жылдары аймақ құнарлы жерлерінің шамамен 14,8%-ын жоғалтты, бұл жағдай ауыл шаруашылығы мен халықтың болашағына үлкен қауіп төндіруде.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Шөлейттенудің қарқын алуы

ScienceDirect платформасында жарияланған зерттеулерге сәйкес, 1982 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңде Орталық Азия елдерінің жерінің шамамен 14,8%-ы шөлейттенуге ұшыраған. Басқа климаттық зерттеулер бұл өңірде шөлді климат аймағының кеңейіп бара жатқанын көрсетті. Scientific American басылымының хабарлауынша, 1980-шы жылдардың соңынан бері аймақ кемінде 100 шақырым құнарлы жерінен айырылды. Шөл біртіндеп алға жылжып, жерді басып алуда.

Экологиялық қайта құрылу қаупі

Сарапшылар аймаққа ауқымды трансформацияға ұшырау қаупі төніп тұрғанын ескертуде. Caspian Policy Center ұйымының мәліметінше, бұрын құнарлы алқаптарымен танымал болған Орталық Азия «шөлге айналу қаупіне» душар болған өңірлер қатарына кірді. Бұған өзендердегі, су қоймаларындағы және жерасты суларындағы судың азаюы себеп болып отыр. Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, аймақ мемлекеттері тек құрғақшылықпен емес, бүкіл шаруашылық жүйесінің терең экологиялық қайта құрылуымен бетпе-бет келеді. Су ресурстарын тиімді басқарусыз, ирригацияны жаңғыртусыз және елдер арасындағы үйлестірусіз ауыл шаруашылығы жерінің үлкен бөлігі тозуы мүмкін.

Су тапшылығының алғашқы белгілері

Asia-Plus порталының хабарлауынша, биыл Орталық Азияда суаруға қажетті су қоры тым аз болып тұр. 2026 жылғы вегетациялық маусымды аймақ «су тапшылығы» жағдайында қарсы алуда. Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МАСҮК) 92-отырысынан кейін жарияланған ресми қорытындылар бойынша, Сырдария бассейніндегі жағдай алаңдатарлық. Вегетациялық кезеңдегі су келімі нормадан 8 млрд 164 млн м³-ға аз болып, норманың небары 72%-ын құрады. Сырдария өзені бассейніндегі Тоқтоғұл су қоймасынан Қазақстандағы Шардара су қоймасына дейінгі аралықтағы су келімі де нормадан 4 млрд 104 млн м³-ға аз, яғни норманың 63%-ы ғана болды.

Министрдің алаңдаушылығы

МАСҮК-тің Душанбедегі отырысына қатысқан Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Talsim-NG гидрологиялық моделінің есептеулеріне сүйеніп, Сырдария және Талас өзендері бассейндерінде су көлемінің көпжылдық нормадан төмен болатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, 2026 жылғы вегетациялық кезең оңтүстік өңірлерде, әсіресе Арал-Сырдария және Шу-Талас бассейндерінде жоғары тәуекелмен өтуі мүмкін.

Қырғызстанның Тоқтоғұл су қоймасындағы су көлемі 7,6 млрд текше метрді құрап, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 млрд текше метрге аз. Қырғызстанда электр энергиясы тапшылығына байланысты су қоймасынан күшейтілген режимде су төгуде. Бұл Түркістан облысындағы Мақтаарал және Жетісай аудандарына су беруге кері әсер етуі мүмкін.

Су үнемдеу шаралары

Осыған байланысты министр облыс әкімдіктеріне су алу лимиттерін қатаң сақтауды және ылғалды көп қажет ететін дақылдардың егісін шектеуді тапсырды. Атап айтқанда, Түркістан облысында күріш егуден толық бас тарту, Қызылқұм каналы бойында оны егуді 3,5 мың гектарға дейін шектеу, ал, Қызылорда облысында 70 мың гектардан асырмау ұсынылды. Шу-Талас бассейніндегі Киров су қоймасында да су жетіспеу қаупі бар, бұл Жамбыл облысына қауіп төндіреді. Қазақстанға су бөлу үлестері бойынша ең төменгі қажеттілік 400 млн м³ болса, бар болғаны 285 млн м³ алады. Бұл алғаш рет ең аз қажеттіліктің өзінен қағылуы мүмкін деген сөз.

Қазақстан су үнемдеудің қатаң режиміне көшуге мәжбүр. Үкімет басшысы Олжас Бектенов ылғалды көп қажет ететін дақылдардың егіс көлемін күрт қысқартуды және су үнемдеу технологияларын белсенді енгізуді талап етті. Су ресурстары министрлігі бекітілген лимиттерден тыс су беруге жол бермеуді тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, оңтүстік өңірлерде күріш алқабы 20,2 мың гектарға қысқартылды, ал тамшылатып суару алаңдары 79,8 мың гектарға ұлғайтылды.

Су ресурстары министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп «судың қара нарығын» жою жол картасын іске асыруда. 2025 жылы заңсыз су алу фактілері үшін 365 айыппұл салынып, жалпы сомасы 75,2 млн теңгені құрады. Министрлік 2027 жылға дейін елдің 5 өңірінде жерасты суының жаңа көздерін анықтау бойынша кешенді барлау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.

Орталық Азия қазірдің өзінде суды «басты стратегиялық ресурсқа» айналдырған дәуірге қадам басты. Аймақ елдерінің оны қаншалықты тиімді басқара алатыны болашақ астық көлеміне ғана емес, өңірдегі халықтардың болашағына да тікелей әсер етеді.

Жаңалықтар

Жарнама