Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 39 минут бұрын)
Жасанды интеллект коммуналдық қызметке айналуы мүмкін: Түбіртекте жаңа баған пайда болады

Жақын болашақта әрбір үй иесінің коммуналдық төлемдер квитанциясында тарихта болмаған жаңа қызмет түрі пайда болуы мүмкін. Бұл – жасанды интеллект (ЖИ) ақысы. Мұндай болжамды OpenAI компаниясының басшысы Сэм Альтман жария етті. Оның пікірінше, ЖИ әрбір үй үшін қажеттілікке айналып, газ, су, электр энергиясы сияқты базалық коммуналдық қызмет қатарына қосылады. Адамдар оны тұтынған көлеміне қарай ақы төлейтін болады.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қажеттілікке айналған қиял

Жасанды интеллект бүгінде ермек пен эксперименттің шегінен шығып, тіршіліктің тініне сіңе бастады. Вашингтонда өткен BlackRock Infrastructure Summit саммитінде OpenAI бас директоры ЖИ енді еркін қолжетімді ортақ игілік емес, сұранысқа қарай жеткізілетін ресурсқа айналуы мүмкін екенін тұспалдады. Ол технологиялық компаниялар дәл осы сценарийге дайындалып жатқанын жариялап, құпия сырын бөлісті. Яғни, қазіргідей тегін қолжетімді нұсқалары қалмауы мүмкін.

Бұл – тек технологияның мәртебесі өсіп келеді деген сөз ғана емес, адамның оған тәуелділігі де тереңдеп бара жатқанын аңғартатын белгі. Альтманның түсіндіруінше, келешекте "ЖИ коммуналдық қызметінің" бизнес-моделі ЖИ модельдерін әзірлейтін компаниялардың барлығына тән үлгіге ұқсайтын болады. Әкімдіктің ЖИ жөніндегі коммуналдық кәсіпорны "токендерді" сатумен айналысады.

Бұл токендер әрбір отбасы ЖИ жүйелері жасаған деректерді – ақпаратты, фотоны, видеоны өңдеу кезінде пайдаланылатын және сол арқылы қызметтің құнын есептеуге мүмкіндік беретін шартты өлшем бірліктерге – жаңа валютаға айналады. Токен – тамшы су секілді, там-тұмдап жиналып, ақыры қомақты шотқа айналады.

"Мұндай жағдайда әрбір қаладағы есептеу қуаты – кімнің ЖИ мүмкіндіктеріне қол жеткізе алатынын анықтайтын негізгі факторға айналады. Бұл фантастика емес. Қараңыз, жасанды интеллектке деген сұраныс жыл сайын қарқынды түрде өсіп келеді. Бірде бір мектеп, бірде бір университет, бірде бір бизнес онсыз тіршілік ете алмайтын болады. Бұл енді ермек емес", – деді Альтман.

Оның мәліметінше, есептеу қуаты дегеніміз – ЖИ моделдерін оқыту мен іске қосу үшін қажет процессорлық ресурстардың көлемі. Ол ең алдымен арнайы инфрақұрылымға, атап айтқанда жоғары өнімді чиптер мен деректер орталықтарына байланысты болады.

1 әріп – 1 стақан су: технология шөлін кім қандырады?

Осы орайда миллиардер тіпті өз компаниясының да болашағы бұлыңғыр екенін ашық жеткізді. Өйткені егер OpenAI компаниясы сұранысты толық қанағаттандырардай есептеу қуатын қалыптастыра алмаса, онда екі түрлі жағдай туындауы мүмкін:

Егер есептеу қуаты шектеулі болса, ЖИ-ге қолжетімділік тең болмайды. Бұл – жаңа әлеуметтік жіктелудің белгісі. Байлар – қалағанынша толық пайдаланады, өзгелер – шектеулі мүмкіндікпен шектеледі.

Мемлекеттер мұндай жағдайда ресурсты бөлуге мәжбүрленуі мүмкін. Су мен электр қалай реттелсе, ЖИ де солай реттеледі.

Биыл ірі техноалыптар ЖИ-ге деген алапат қарқынмен өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін есептеу қуатын кеңейтуге жүздеген миллиард (!) доллар инвестициялауды жоспарлап отыр. Жуырда CES халықаралық көрмесінде AMD компаниясының бас директоры Лиза Су алдағы 5 жыл ішінде әлемге "10 йотафлопстан" астам есептеу қуаты қажет болатынын жариялады. Бұл көрсеткіш 2022 жылғы жаһандық ЖИ мүмкіндіктерінен шамамен 10 000 есе көп!

Оның тұжырымынша, мұндай ауқымды инфрақұрылымды құру – адамзат алдында тұрған күрделі инженерлік және энергетикалық міндеттердің бірі. Бұл – адамзат тек ақпарат емес, энергия тапшылығына да тіреліп тұрғанын білдіреді.

Ал, Альтман қиялына жүгініп, тағы бір теорияны жайып салды. Болашақта тұрғындар электр энергиясы немесе су сияқты коммуналдық қызметке айналған ЖИ-ді алу үшін арнайы есептегіш құралын орнатуға мәжбүр болатынын, сол арқылы сатып алып, өздеріне қажет кез келген міндетті орындай алатынын хабарлады. Бұл – есептегіш тек жарықты емес, интеллектіні де өлшейтін дәуірдің табалдырығы іспетті.

ЖИ "тәбеті" тек есептеу қуатымен шектелмейді. Ол – су мен энергияны да орасан көлемде тұтынады. Әрбір сөйлемді жазу үшін бір стақан суды сіміріп салады. Серверлері, процессорлары үнемі – күндіз-түні, қысы-жазы салқындатылып тұруға тиіс.

"ЖИ-ге арналған деректер орталықтары шағын қалалардың тұтынуымен тең көлемде электр энергиясын шығындайды. АҚШ-тағы энергетикалық желілерге түсетін жүктеме, трансформаторлардың жетіспеушілігі және жаңа электр желілерін салу процесінің баяулығы бұл саланың дамуына елеулі кедергі болуы мүмкін", – деді Сэм Альтман. Өркениет дамыған сайын оның инфрақұрылымы да табиғатқа салмақ сала түседі.

"Moonshots with Peter Diamandis" подкастында Илон Маск та дәл осыған назар аударып, қазіргі уақытта ЖИ-дің қарыштап дамуына негізгі шектеу болып тұрған фактор ретінде "электр энергиясын өндіруді" атады.

Ол сондай-ақ тұтас шөл даланы күн панелдерімен көмкеріп тастаған, өзен атаулыны жаппай бөгендеп жатқан Қытай энергетикалық инфрақұрылымды жылдам дамытуының арқасында ЖИ-дің жалпы есептеу қуаты бойынша АҚШ-тан озып бара жатқанын ескертті.

Электр жетпей тұрғанда, интеллект қайдан жетеді?

2026 жылғы 20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың ақырғы, V отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та осы мәселеге ерекше назар аудартты. Ол Үкіметке салынатын ірі деректер орталықтары үшін арнайы аймақтарды алдын ала анықтауды тапсырды. Президент электрмен жабдықтау, салқындату және қауіпсіздік жүйелері толық қамтылған дата-орталықтарын салуға тапсырма берді.

"Үкімет Павлодар облысының әкімдігімен бірге Екібастұз бассейнінің энергетикалық қуатын пайдалана отырып, "Долина ЦОД" жасауды жоспарлап отыр. Бастама жаман емес, оның қаншалықты табысты жүзеге асырылатынын көре жатармыз. Сондай-ақ, әрбір дата-орталық алып металлургия комбинаты сияқты ғаламат көп мөлшерде энергия тұтынатынын қаперде ұстаған жөн", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондықтан Президент қуат көздерінің жеткілікті болуын қамтамасыз етуді енді мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыты ретінде қарастыратынын жариялады. Ол осы проблеманы таяуда өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысының күн тәртібіне де шығарып, арнайы талқыға салды. Сол жиында Президент Қазақстандағы электр энергиясының қазіргі өндірісі – жылына 123,1 миллиард киловатт-сағат барлық жоспарын табысты орындауға жеткіліксіз екенін мәлімдеді.

Президент деректер өңдеу орталықтарының болашақтағы қажеттілігін ескеріп, Қазақстан жаңа энергетикалық қуат көздерін іске қосуға тиіс екенін нықтады. Оның сөзінше, атом электр станцияларының құрылысы аяқталғанын күтпей-ақ, жаңа энергия көздерін іске қосу қажет.

Қазақстан Энергетика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2025 жылы елде 123,1 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндірілген. Ал, тұтыну көлемі 124,6 миллиард киловатт-сағатқа жеткен. Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың мәліметінше, жетпей қалған қуат тапшылығын Қазақстан көрші елдерден импорттап өтеп жатыр.

Электр энергиясын өндірудің негізгі бөлігі әлі де көмір электр станцияларына тиесілі – үлесі 51,4%. Бұған дейін декарбонизация саясатын жариялағанына қарамастан, ел басшылығы көмір жағатын ЖЭО санын көбейтуге тапсырма берді.

"Қазақстанның 33 млрд тоннаға жуық орасан зор көмір қоры бар. 300 жылға жетеді. Жыл сайын 110 млн тонна көмір өндіріледі. Бұл жөнінен әлемде алдыңғы қатардамыз. Көмір – стратегиялық активіміз! Оның қоршаған ортаға зиянын түгел жоятын заманауи технологияны қолданып, көмірді толық пайдалану керек. Президент Трамп: "Маған жел емес, көмір ұнайды" деп дұрыс айтты. Мұнда ақиқат бар. Көмірмен қуат өндіру ісіне Ұлттық жоба мәртебесі берілуге тиіс", – деді Мемлекет басшысы.

Президент Үкіметке Көкшетау, Семей және Өскемендегі ЖЭО-ларының құрылысын тездетуді, Курчатовтағы электр станциясы мен Екібастұздағы 2-ГРЭС-тің қосымша энергоблоктарын уақытылы іске қосуды, 3-ГРЭС-тің құрылысын бастауды жүктеді. Олар түтіні қоп-қою көмір жағады. "Көмірдің түтіні мен ИИ-дің су шығыны: қайсысы экологияға жақын?" деген сауал туындайды.

Сонымен қатар, Энергетика министрлігінің хабарлауынша, газбен жұмыс істейтін генерацияның үлесі 25,6%-ға, ал, жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 13,5%-ға дейін өсіп келеді. Президенттің көмірді "стратегиялық актив" деп атауы – прагматикалық шешімнің белгісі. Экология мен қажеттілік арасындағы таразы тағы да қозғалды.

Элитаға – ЖИ, көпшілікке – есептегіш?

Технологиялық компаниялардың ішінде есептеу ресурстары аса құнды әрі тапшы ресурсқа айналды. OpenAI президенті Грег Брокман бір сырды жариялады: өз бағасын-бәсін білетін мықты кандидаттар жұмысқа орналасарда жалақысының көлемін, компаниядан тиер үлесін ғана емес, сондай-ақ ЖИ-ге арналған есептеу бюджеті туралы да сұрайды екен.

Брокман өз компаниясының алдағы сегіз жыл ішінде деректер орталықтарының құрылысын салуға шамамен 1,4 триллион доллар инвестициялауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді: компания сұраныстан озып кетуді мақсат етеді.

Осылайша, түбі коммуналдық түбіртекке ЖИ деген тағы бір жаңа жол қосылуы әбден мүмкін. Демек, Google-да іздеу не чат-ботпен сөйлесу сияқты қарапайым әрекеттердің өзі есептегіш арқылы өлшенетін коммуналдық қызметке айналады. Технологияға деген тәбетіңіз – сіздің ай сайынғы төлеміңіз. Ал, бұл "ресурсты" кімге бірінші беретінін компаниялар мен мемлекеттер шешеді.

Forbes қазірдің өзінде ЖИ бизнес үшін ай сайынғы жаңа шығынға айналғанын жазды. Әңгіме киберқауіпсіздік саласы жайында. Бұл сектор соңғы жылдары жаңа даму кезеңіне қадам басты.

MWS сарапшылары пікірінше, нарықтың әрі қарай өсуі киберқорғаныс талаптарының күшеюімен және технологиялық өнімдердің күрделене түсуімен байланысты. Негізгі қозғаушы күштер – реттеуші талаптардың артуы және кибершабуылдардың барған сайын күрделене түсуі.

Қазіргі кибершабуылдардың салдары бұрынғыдан әлдеқайда ауыр болуы мүмкін. Мұндай шабуылдар бизнес қызметінің толық тоқтауына, ірі айыппұлдарға немесе тіпті компанияның жабылуына дейін әкеліп соғуы ықтимал. Сондықтан ұйымдар тек реактивті қорғаныс құралдарына, мысалы, антивирустық бағдарламаларға ғана емес, сонымен қатар қауіптердің алдын алуға бағытталған кешенді платформаларға да белсенді түрде инвестиция сала бастады.

Сарапшылардың бағалауынша, киберқауіпсіздік нарығы 2025 жылы шамамен 80 миллиард теңгеге бағаланған болса, 2026 жылы оның көлемі 96 миллиард теңгеге дейін өседі деп болжануда. Қауіпсіздік қымбаттаған сайын, қорқыныш та "абоненттік төлемге" айналады.

Бір заманда электр шамы да, интернет те таңсық еді. Бүгінде олар – міндетті төлем. Ертең ЖИ де сол қатарға қосылуы мүмкін. Сонда түбіртектегі жаңа жол тек қаржылық жүк емес, өркениеттік таңдауымыздың көрінісі болады.

Жаңалықтар

Жарнама