- 13 жел. 2021 00:00
- 228
Ошаған
Ошаған (дурнишник, Xanthium) — биіктігі 1 метрден асатын, бір жылдық, шөп тектес өсімдік. Сабағын қысқа түк басқан, бұтақтары көп. Жапырақтары үш салалы, төменгі жағындағылары жүрек тәрізді, шеттері өткір тісті. Гүлдері жапырақтарының қуысында масақ сияқтанып шоғырланып тұрады. Маусым айынан тамыз айына дейін гүлдейді. Бақшаларда, үйлердің маңайында, жолдардың жиегінде, суармалы егістіктерде арамшөп ретінде шыға береді.
Дәрі жасау үшін өсімдіктің жер үстіндегі бөлігін (ірі сабағынан басқасып) гүлдеген кезінде жинап алады. Құрамында йод және пигменттер, аскорбин қышқылы алкалоидтер бар. Халық арасында бұл өсімдікпен жемсау ауруын, дизентерияны, қуық ауруларын, жұтқыншақ бездерінің қабынуын емдейді. Орта Азия халықтары медицинасында жас өсімдіктің сөлін алып, бронх демікпесін, геморройды емдейді.
Қытай халық медицинасында өсімдікті тер шығаратын және дененің ыстығын басатын, нерв жүйесін тыныштандыратын дәрі ретінде қолданады. Тұқымымен есекжемді емдейді, улы жәндіктер шағып алғанда да ем үшін қолданады. Жапырағы мен жемісін сал ауруларын емдеуге пайдаланады.
Дәріні дайындау және қолдану тәсілі
3 ас қасық шөп ұнтағын 3 стакан суға салып 10 минут қайнатады да, тұндырып, әр ішкенде 1 стаканнан күніне 3 рет ішеді. Тері ауруларын емдеу үшін өсімдіктің жас жапырақтарын езіп, ауырған жерлерге жағады, бұл үшін қыста жоғарыда айтылған тұнбаны пайдаланса да болады.