Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 сағат бұрын)
Ошақ басындағы екеу

Ол — жалғанда адасып жүрген пенде ме, әлде мақсатына жете алмағанның бірі ме? Кім?...

Телефонмен жеткен хабар мұның жанын шырылдатты. Далаға шығып, қырық жамау қара мата төселген көкке көз тастап, темекісін тұтатты. Ой етегінен ұстап қораптан екіншісін алып шекті. Шамалы уақыттан соң аяғының астына салып езгіледі де асығыс элиталық үйдің пәтеріне бет алды. Көп жиналған жоқ, сүт пісірім уақытта жалдамалы көліктің  артында отырды.

Қытай қорғаны сынды ұзаққа созылған жол діттеген мекеніне түс ауа жеткізді. Қалтасынан бір бума ақша шығарып, күріш арасынан тас іздегендей біреуін шығарып беріп, балалық шағы өткен аулаға кірді. Бәрі де баяғыдай. Тіпті, аяқтан шалуға дайын тұратын асфальттағы шұңқыр да, ағаш баспалдаққа ойып жазған алғашқы сезім есімі де бұзылмаған. Құдды бұл ауланы уақыт айналып өткендей. Терезе жаққа көз салғанда өзінің балалық бейнесін көрді.

Кішкентай Тұрсын есік алдында тұрған есейген өзін әкесі деп ойлап қарсы алуға жүгірді. Көпке созылмай есікті бала Тұрсын ашты. Күткен жанын көрмей, есейген Тұрсынға бастан-аяқ қарап, тани алмай есікті тарс етті. Тұрсын көз алдында болған жайтқа түсіне алмай есікті жұлқып ашты. Арғы жағынан ешкімнің қарасы көрінбеді.

Ішке еніп анасының бөлмесіне беттеді. Кірген бойда адасып кеткендей сезімде тоқтады. Анасының қасында отырған келіншек те, Тұрсынды көріп астынан су шыққан жандай атып тұрып:

— Не істеп жүрсіз? Қалай тауып келдіңіз? — деп атып алардай зілмен жақтарын күштеп ашып сөйлеп, қасындағы қартаң әйелге бұрылып — Адасып кеткен болар, қазір шығарып саламын... — деп орынынан көтеріле бергені сол еді, төсек тартып жатқан Әлима ана

— Келдің бе балам?

— Иә, мама! — деп, соңғы сөзді әдейі анық айтты.

— Жолдан шаршадың ба балам?

— Әуре болма, бәрі орынша — анасының қасындағы Балым есімді келіншектің ыңғайсызданып қалғанынан рахат тапқандай — Қанша беруім керек? Қарыз болғанды жақтырмаймын.

— Не үшін?

— Біріншіден анама қарағаныңа, екіншіден кетуің үшін.

— Рахмет айтсаңыз жетеді. Сіз қаланың бұзылған ауасын көп жұтып қойған тәріздісіз! — деп, шығып кетті. Артында қалған ол

— Бәлкім...

— Келмей жатып не бүлдірдің балам?

— Білмедім....

— Балымнан барып кешірім сұра!

— Бәлкім... — деді де біраз ойланып, келіншек артынан шықты.

Көшедегі бірең-сараң үйлердің тұрпаты өзгермесе, қалғаны он бес жыл бұрын қалаға кеткен күнгідей.

Ізінен шыққан адамы жоқ. Тағы да себепсіз күйде жоғалды. Қай үйде, қай көршінің ошағын тұтатып отырғаны да белгісіз. Қара шаңыраққа бет бұрғаны сол еді, арт жағынан

— Аға, қалыңыз қалай? Көрмегелі көп болды... — жағдайын сұрап тұрған кісі мұны таныса да, бұл оны тани алмай қолын созды. — Танымаған секілдісіз, Керей шалдың баласы Жеңіспін. Аталарымыз бес атадан қосылған — деген сөздерден соң есіне түскендей кейіп танытты.

— Жақсы.

— Жүріңіз үйге барып, дастархан басында көсіліп әңгіме соғамыз.

Жеңіс қарсылық білдіргеніне қарамай, көнбесіне қоймады.

— Келініңіздің қолынан шай ішесіз, жүріңіз... — деп, ауызы көпіріп, жағы-жағына тимей сөз бастады. Ол қасында үндемей тыңдап келеді. Басында түрлі ойлар, соның бірі «Балым қайда?» болса, екіншісі «Жеңіс кім? Ауызы шаршамады ма?» Бірі сөзді, екіншісі ойды ермек етіп Керей шалдың мекеніне жетті.  Қақпа ашылып, қарсы тараптан жүйрік мінген кішкентай бала шықты. Ағасына қол беріп амандасып, Тұрсынға танымайтын көздермен қарап өтіп, шаба жөнелді.

— Ағамның еркесі ғой. Айтпақшы, әлі үйленбедіңіз бе?

— Жоқ, оған уақыт жоқ!

— Уақыт табу керектігін білмеген екенмін — деп, ішегі тартылғанша күлді. Сол дауыстан болар, аулаға Балым шықты. Дәл бағанағы көз қарас, бірақ бұл жолы үн жоқ.

— Қайын ағаңа сәлем салмайсың ба?

— Әуре болмай-ақ қойсын.

— Онысы қалай бұл біздің салтымыз.

— Қала көрген адам тұрмыстан жырақтап қалған болар — деп иіліп сәлем салды.

— Әй, қатын сенің де айтпайтының жоқ. Одан да, дастархан жай, ағамызға фирменный шайыңнан жаса...

— Мен бара берейін, әуре болмаңдар.

— Жоға, қайын аға менің қолымнан күнде шай іше бермейсіз. Шайсыз ешқайда жібермейміз.

— Мен де соны айтам — деп, Жеңіс қостап шықты. Соңғы сөз құлағының шетіне де жеткен жоқ, ал Балымның айтқаны өткен өмірінің бір парағын ашқандай болды. Осыдан жеті жыл бұрын айтылғанға ұқсас еді. Сол кезде бұл «Күнде ішетін мезгіл келгенде, шай дайындап шаршайсың» деп әзілдеген. Бірақ қазір жағдай басқа, үнсіз төрге жайғасты.

— Наннан ауыз тиіп отырыңыз.

— Жолда, қысылып қалыппын.

— А, ол да сөз бе, ауланың төменгі жағында. Жүріңіз көрсетейін.

— А, жоқ. Өзім тауып алармын... отыра бер.

Ол белгілі мекенге бет алғанда, жол бойында ошаққа арнап салынған тамда танысын көрді. Басқалардың көзіне түсіп қалмау үшін ашық тұрған есіктен кірді. Балымның қолы араны ашылған ошақ аузына отын салудан тынбай, қасындағы жанға суық қарап, ары қарай ісін жалғастырып жатты.

— Сенен жақсы актриса шығады екен...

— Сіз келгенше өзім де байқамаған екенмін. Қолдан келгенше тырысып жүрміз.

— Демек, осы өмір үшін меннен кеттің бе? — деп, алдында жатқан ағашты бұтақтай бастады.

— Солай шығар.

— Кез келген иттің бере алатынын неге менің ауылымнан іздедің?

— Сіздің ауылыңыз қала деп ойлағам.

— Неге?

— Себебі...

— Өзгелер сияқты өмір сүргім келгені үшін бе?

— Солай шығар...

— Әкем сияқты болғым келген жоқ.

— Онда қате ойлапсыз!

— Жоқ, сен менен артық не білесің? Әкем мен анам маған елден артып ештеңе бере алмаған.

— Ал, енді сіз беріп жатырсыз ба?

— Ай, сайын жіберіп отырмын.

— Мұрныңыздан ары көрмейді екенсіз. Адамға ақша керек емес, қарапайым мейір керек. Сұрақтарыңызға да жауап осы. Егер байлықта шалқып өмір сүруді армандасам, кез келген қалтасы томпайған итті өзіме пар  көрер ем — деп болғаны сол еді бұрынғы жігітті жерде тұрған шелектегі суды ошақтың аузына құя салды

— Әуре, болмай-ақ қойыңдар!

— Бұл не істегеніңіз қайынаға? Дәм татпай кетейін деп жатқаныңыз қалай?

— Біздің үйді иесіз қалдырмаңдар — деді де бөтен көшелермен теңселіп кете барды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама