tengrinews.kz
- 27 ақп. 2026 13:30
- 26
«Отбасы банк» зейнетақы жинақтарын ипотеканы өтеуге пайдалануға өтінімдерді қабылдауды қайта бастайды
Астана. 2 наурыз. «Отбасы банк» тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында бірыңғай жинақталған зейнетақы төлемдерін (БЖЗТ) пайдалануға өтінімдерді қабылдауды қайта бастайды. Бұл туралы банк баспасөз қызметі хабарлады.
Банк өкілдерінің айтуынша, өтінімдерді қабылдау дүйсенбі, 2 наурыздан бастап қайта жүзеге асады.
Естеріңізге сала кетейік, қаңтар айының соңында «Отбасы банк» берешекті ішінара немесе толық өтеу үшін БЖЗТ пайдалануға өтінімдерді қабылдауды уақытша тоқтатқаны туралы хабарлаған болатын.
Банкте бұл қадамды өздерінің қашықтан қолжетімді қызметтерін – мобильді қосымша мен otbasybank.kz порталындағы жеке кабинетті жаңа талаптарға бейімдеу қажеттілігімен түсіндірді. Бұған дейін тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін БЖЗТ пайдалану ережелерінде «берешек» термині «негізгі борыш» терминімен ауыстырылған.
«Бұл дегеніміз, енді зейнетақы қалдықтары арқылы несиені ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу кезінде тек негізгі борышты өтеуге болады. Бұрын «берешек» терминіне сәйкес келетін ай сайынғы төлемді толық өтеу зейнетақы төлемі есебінен мүмкін болмайды. Несие бойынша пайыздар мен ай сайынғы төлемге кіретін басқа да ілеспелі төлемдерді қарыз алушы өз қаражаты есебінен төлеуі тиіс», — деп түсіндірді «Отбасы банк».
Осы жаңалыққа байланысты «Отбасы банктегі» қарыздарды ішінара және толық өтеу процесі қайта қаралуға жатты, бұл өтінімдерді қабылдаудың уақытша тоқтатылуына себеп болды.
«Болашақта бұл операция екі бөліктен тұратын болады: алдымен несие бойынша сыйақы және басқа да ілеспелі төлемдер өз қаражаты есебінен төленеді, содан кейін негізгі борыш – зейнетақы қалдықтары есебінен. Бұл үшін «Отбасы банктегі» ағымдағы және арнайы шотта қаражаттың бар екенін алдын ала қарастыру қажет болады», — деп хабарлады ұйым.
Бұған дейін біз 2 наурыздан бастап «Отбасы банк» кезекте тұрғандарға тұрғын үй бөлу рәсімін өзгертетіні туралы жазған болатынбыз. Енді банк тек инвентаризациядан өткеннен кейін ғана тұрғын үй бөледі.
-
Otbasy Bank has reopened applications for citizens to use their unified pension savings to improve housing conditions, including mortgage payments.