Photo: Pixabay (https://www.pexels.com/@pixabay) / Pexels
- 08 қаң. 2026 07:14
- 31
Пәтерін жалға беретіндерге 2026 жылғы жаңа тәртіп: зейнеткерлерге қандай жеңілдік
Қазақстанда пәтерін сағаттап, тәуліктеп не айына жалға беретіндер 2026 жылдан жаңа тәртіпке өтеді: жалға беруші өзін-өзі жұмыспен қамтушы (ӨЖҚ) ретінде тіркеліп, әр төлемге электронды чек беруі тиіс. Ең маңыздысы – зейнеткерлер үшін салықтық жеңілдік қарастырылған.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Соңғы айларда құқық қорғау және салық органдары қысқа мерзімді жалға беруді жедел бақылауға алды. Елордадағы Гүлжайна Қ. есімді зейнеткер пәтерін жалға бергені үшін тексерулерге тап болып, кейін бұл істі уақытша доғарғанын айтады. Оның сөзінше, полиция жалға алушыны уақытша тіркеуге қоймағаны үшін хаттама жасаған, ал салықшылар кәсіпкер ретінде тіркелмеді деп ескерту жіберген.
2026 жылғы жаңа режим: кімдерге және қандай шартпен
Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіргендей, зейнеткерлер де өзге жеке тұлғалар сияқты 2026 жылы ӨЖҚ ретінде тіркеліп, заңды түрде баспанасын жалға бере алады. Бұл режиммен жекеменшік тұрғын үйді жалға беру және басқа біреуден жалға алынған үйді субарендаға беру рұқсат етіледі.
ӨЖҚ ретінде жұмыс істеудің негізгі талаптары: Қазақстан азаматы болу; жеке кәсіпкер (ИП) ретінде тіркелмеу; қызмет түрі рұқсат етілген тізімге кіру; жалдамалы жұмыскер пайдаланбау; айлық табыс 300 АЕК-тен аспау (2026 жылы – 1 297 500 теңге). Бұл тетік Салық кодексінің 718 және 721-баптарымен реттеледі.
Зейнеткерлерге қандай жеңілдік бар
ӨЖҚ ретінде тіркелген жеке тұлғалар жеке табыс салығын төлемейді. Ал жасы бойынша зейнеткерлер үшін қосымша артықшылық бар: олар әлеуметтік аударымдар мен міндетті медициналық сақтандыру жарналарын да төлемейді. Бұл Әлеуметтік кодекстің 243 және 248-баптарымен, сондай-ақ «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңның 28-бабымен бекітілген.
Яғни, зейнеткер ӨЖҚ ретінде пәтерін жалға берсе, ЖТС те, әлеуметтік төлемдер де салынбайды. Ал зейнеткер емес ӨЖҚ тұлғалар үшін жалпы жүктеме – табыстың 4%-ы (әлеуметтік аударымдар – 1%, міндетті зейнетақы жарнасы – 1%, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы – 1%, МӘМС жарнасы – 1%).
Тіркелу мен чек беру тәртібі
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ӨЖҚ режимін қолдану «e-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы іске асады. Алдымен қосымшада ӨЖҚ ретінде тіркелу керек, кейін әрбір жалға алушыға фискалдық электронды чек беріледі. Берілген алғашқы чек – осы режимді қолданудың басталған күні болып есептеледі.
Қосымша ай сайын төлемдерді автоматты есептейді. Талаптарды сақтамау айыппұлдарға әкелуі мүмкін. Сонымен бірге жалға алушыларды мекенжай бойынша уақытша тіркеу міндетін де естен шығармаған жөн.
Нені ескеру керек
Егер пәтерді жалға беруді тоқтатсаңыз, Мемлекеттік кірістер органына хабарлап, ақпаратты жүйеде жаңартқан дұрыс. Құзырлы органдар мәліметті МИБ төрағасы мен көршілер арқылы тексере алады – бұл тәжірибе соңғы тексерістерде қолданылып жүр.
Жалпы алғанда, 2026 жылдан енгізілетін ӨЖҚ режимі жалға беруді көлеңкеден шығарып, тәртіпті біріздендіреді. Зейнеткерлер үшін бұл – табысты заңды рәсімдеп, артық төлемсіз жүргізудің қауіпсіз жолы.