Photo: Anh Lee (https://www.pexels.com/@anhleephoto) / Pexels
- 11 ақп. 2026 05:00
- 22
Петропавлдағы мектепте оқушыдан тапанша табылды: Ата-анасы жауапқа тартылды
Петропавлдағы мектептердің бірінде 11-сынып оқушысынан қару табылуы жұртшылықты дүрліктірді. Алдын ала ақпарат бойынша, жасөспірім бұл тапаншаны төменгі сынып оқушыларына көрсетіп, тіпті бір рет оқ та атқан.
Бұл жайтты облыстық білім басқармасы мен полиция департаменті растады. Мектепке алғашқы хабар басқа оқушылардың ата-аналарынан түскен. Оқиғадан хабардар болған мектеп әкімшілігі дереу күзет қызметін шақырып, оқушыны кабинетке алып кеткен. Содан кейін оның ата-анасы мен ювеналды полиция инспекторына хабар берілді.
Кейін жүргізілген тексеру барысында оқушының қолындағы қарудың пневматикалық тапанша екені анықталды. Бұл қару оқ ататын қарулар санатына жатпайды. Оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген.
Тексеріс қорытындысы бойынша, оқушы ұсақ бұзақылық әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал оның ата-анасына бала тәрбиесіне немқұрайлы қарағаны және бақылаусыз қалдырғаны үшін шара қолданылды.