Поэзия және аударма
Поэзия - өлең жолдарынан қосылып, мағына мен әсер қалдыру арқылы ерекшеленеді. Поэзия интонациясы музыкалық реңкке ие. Поэзия ырғағы синтаксиске бағынбайтын, бірақ метрдің көмегімен синтаксистік құрылымдарға әсер ететін ритммен анықталады, бұл тұста поэтикалық мәтіннің ерекшеліктеріне сөз қозғалғалы отырмыз.
Поэтикалық мәтінді құрастыру ерекшеліктеріне байланысты мағынаны қалыптастыруда механизм толығымен өзгереді. Мәтіннің әр элементі бір-бірімен өзара әрекеттесіп, қосымша мән көрсетеді. Поэтикалық контекст әр сөздің полисемиясын арттырады, нәтижесінде сөз қосымша семантикалық реңктерге ие болады. Сондықтан, поэтикалық аударма мәселесін қарастырмас бұрын, поэтикалық мәтіннің ерекшеліктерін бөліп көрсетейік.
Г. Белинский айтуынша, өнердің кез-келген түрі өз қызметіндегі материалдармен шектеледі. Поэзия - еркін, дыбыстық, картиналық, нақты ойға құрылған сөз көрінісі. Сондықтан, поэзияда басқа өнердің барлық элементтері бар деп, поэзия өнерінің шексіздігін айтқан екен. [1, 86-бет].
Аудармашы түпнұсқаның мазмұнын, пішінін саралап білумен бірге оның тууына негіз болған өмір құбылыстарының сипатын да жете тануы қажет. Ақынға, ақынның белгілі өлеңінің тууына негіз болған өмір құбылыстарының тобын танып, таразылай отырып, ақынның ойлау, сезіну даралығын, оның шығармашылық тұрғысы мен нысанасын түсінгенде ғана аудармашының еңбегі шығармашылық дәрежеге көтеріліп, поэтикалық қасиет иелене алады. Түпнұсқаның мазмұнын, тақырыбы мен идеясын дәл жеткізудің бірден-бір құралы тіл екені түсінікті. Пішінді түзетін құрал да сол. Сондықтан белгілі мазмұнды, оның кейбір нәзік қырларын жеткізудің поэтикалық тәсілдері мен құралдары ұлттық ерекшеліктерімен сипатталғанына қарамастан, қызметін неғұрлым дұрыс, толық жеткізетін тілдік құралдарды аудармада тілдің белгілі заңдылықтарына сәйкес басқа типтегі құралдармен алмастыруына тура келеді. Әйтсе де өлең сөзді аудару тәжірибесінде түпнұсқаның мазмұны мен пішінін мейлінше дәл сақтау, өзге тілде дәл әрі көркем жеткізу аудармашыдан неше алуан тәсілдерді пайдалануды талап етеді. Түпнұсқадағы өзге тілден тікелей аударылмайтын тілдік бейнелеу құралдарына сай баламаны өзге тілдің қорынан табу, сол арқылы түпнұсқаның табиғатын өзге тілде өрнекті түрде танытудың түрлі тәсілдері Абай өлендерінің орыс тіліндегі аудармаларынан да байқалады. Оларда мазмұн мен пішіннің сақталуы да, тілдік бейнелеу құралдарының берілуі де түрлі деңгейде жүзеге асырылған. Солардың көпшілігінде қазақ ақынының ойы мен ойлау даралығы, ақындық тұрғысы, «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын келістірген» шеберлігі түпнұсқадағы деңгейге көтеріле алмай жатады. Абай өлеңдері орыс тіліне өз дәрежесінде аударылып болды десек, қателескен болар едік. Абай өлеңдері орыс тіліне мүлде сапасыз аударылды деудің де реті келмейді. Сондықтан Абай өлеңдерінің орыс тіліне аударылуы мәселесі нақты да затты талдауды, дерекке негізделген тиянақты тұжырымды талап етеді. Абайдың өлеңдері жанрлық ерекшеліктеріне қарай түрліше көркемдік бейнелеу құралдарының қызметімен ерекшеленеді. Қайсы бір жанрдағы өлеңдер тобында көркемдік бейнелеу құралдары күрделі, ұлттық реңі бай болып келсе, енді бір жанрлық топтағы өлеңдердің тілі қарапайым, нақты.
Алғашқы жанрлық топтағы өлеңдерді басқа тілге аудару аудармашыдан үлкен еңбекті, көп ізденісті талап етсе, кейінгі топтағы өлеңдерді аудару едәуір жеңіл. Алайда аудармашылық шеберлігі кемел аудармашылар үшін де Абайдың өлеңдерін аудару, Абаймен ақындық жарыстыра отырып аудару оңай емес. Бұған Абай өлеңдерінің аудармалары толық негіз бола алады.
Ақынның «Ғылым таппай мақтанба» өлеңі көлемді болғанмен, көркемдік бейнелеу құралдарының молдығы және күрделілігі жағынан аудармашы үшін аса көп қиындық келтірмейтіндей көрінеді. Шындығында олай емес, аудармашылар бұл өлеңді қинала аударғандай әсер туады. М.Петровых, Ә.Қодар аудармаларында «Ғылым таппай мақтанба» түрлі түрғыдан, түрлі деңгейде байымдалған, аудармалардың көркемдік эстетикалық дәрежелері де түрліше болып шыққан.
ҚазҰУ, Абай ғылыми зерттеу институтының қызметкерлері
Даутова Бибігүл
Қырғызбаева Айгерім