- 10 қаз. 2021 00:00
- 198
Қабылан
Қабылан — сүтқоректілер класы, мысық тұқымдасына жататын аң. Африка, Орта Азия және Үндістанда таралған. Қазақстанда 18-ғасырдың аяғы-19-ғасырдың басында Каспий мен Арал теңіздерінін аралығындағы шөлді аймақта тіршілік еткен. 20-ғасырдың 50-жылдары сирек болса да, Үстірт пен Маңғыстау түбегінде кездесіп қалып жүрді. Қабыланның дене бітімі ұзынша, тұрқы 120-150 см, құйрығының ұзындығы 60-75 см. Қалың, қысқа, сарғылт түсті түгінің үстінде қара дақтар болады. Қабылан тропиктік және субтропиктік аймақтардағы ормандарда, тау беткейлерінде, жазық далалар мен саваннада, өзен бойындағы тоғайларда тіршілік етеді. Ағаш басына, жартастарға тез өрмелеп шығады. Қабылан тұяқты аңдарды (газель, арқар, т.б.) қуып жүріп (жылдамдығы 110 км/сағ-қа дейін жетеді) аулайды. Желтоқсан-қаңтар айларында ұйығып, 90-95 күннен кейін 2-4 күшік табады. Қабыландар қолға тез үйренетін жыртқыш, сондықтан хайуанаттар саябағында ұстауға бейім аң. Терісі бағалы, кезінде өте көп ауланған.
Қазір қабыландар жылдан-жылға санының азаюына байланысты қорғауға алынып, Халықаралық табиғат қорғау одағы мен Қазақстанның "Қызыл кітабына" енгізілген.
Оқуға кеңес береміз:
Аю
Жолбарыстар