Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қалай келсең, солай кетесің!

Бір күні көршінің үйінен келген апамыз үйге күрсіне кіріп, атамызға: «Әбден бекіп алыпты, кеткелі жатыр!», деді. Атам біраз отырды да асықпай қозғалды. Көрші үйге тартты. Апам үн-түнсіз қала берді. Біз баламыз, атамның ізінше әлгі үйге ентігіп кірдім. Көршінің әйелі жылап жүр. Киімдерін жинап жүр. Екі баласын киіндіріп қойыпты. Атам кіріп барғанда сәлем салған келіншек:

«Ата, айтпай-ақ қойыңыз, неге келгеніңізді түсіндім. Мен енді төзе алмаймын. Болды, қанша шыдадым. Өздеріңіз көріп-біліп отырсыздар, енді мені тоспаңыздар! Кетем дедім, кетем!», деп сумкасының аузын сыдырып жатыр. Сонда атам:

«Е-е-е қарағым, жөн, жөн…» деп біраз отырды да келіншекке:

«Қарағым, сен осы үйге келгенде нешеу едің?», деп сауал қойды. Келіншек жауап бергісі келмесе де, атамнан именіп:

«Бір өзім…», деді.

«Ендеше, қалай келсең, солай кетесің. Андағы екеуін шешіндір, руы бөлек өзге әулетке жәутеңдетпе! Мұнда да ел бар, аштан өлмейді, көштен қалмайды. Өз жұртының ішінде өссін. Ата дәстүр солай», деп сөзін салмақтап аяқтады. Сонда не болды дейсіздер ғой, келіншек өкіріп жылап, екі баласын бас салды.

«Мен бұларды тастап қайда кетем, ата! Бұлар менің қолқа-жүрегім ғой!..», деп киімдерін киіп томпиып тұрған екі баласын құшақтап отыра кетті. Жылап отырып екі баласын шешіндіре бастады. Атам:

«Аллаһ разы болсын айналайын, Жаратқан жарылқайды сені», деп бетін сипады да, шығып жүре берді… Кейіннен бір отырыста қазір әже болған сол келіншектің есіне сол оқиғаны түсірдім. Әлдеқашан дүниеден өтіп кеткен атама ризашылық айтып,

«Сол екі баланы құшақтап отырған қалпымда қалып қойдым ғой, міне содан әлі отырмын» деп басын шайқап-шайқап қойып мәз боп күледі. Қайда, бұл күнде екі баладан кейін тағы төрт бала тауып, отбасы ордаға айналып, үлкен әулет болған...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама