Photo: Нурлан (https://www.pexels.com/@165511592) / Pexels
- 13 сәу. 2026 16:00
- 37
"Қан іздері жатты": Астанадағы өрттің куәгері болған жайтты басынан аяғына дейін баяндады
Астанадағы «Көркем-3» тұрғын үй кешенінде болған жойқын өрт тек бір отбасының емес, бұл туралы естіген әр адамның жүрегіне ауыр тиді. Қайғылы оқиға кезінде көршілерін құтқаруға тырысқан куәгер Аша сол түнде болған жантүршігерлік жағдайды баяндап берді.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ашаның айтуынша, ол сол күні тренингтен кейін әріптестерімен кездесіп, үйіне кеш әрі шаршап оралған. Ұйқыға кеткенімен, түн ортасында белгісіз дыбыстан шошып оянады.
Түнгі сағат 01:17 шамасында тыныштықты бұзған әлсіз сытыр дыбысты естіген ол алғашында розеткадан ақау шыққан болар деп ойлаған. Ұйқылы-ояу күйде барлық электр құралдарын розеткадан ажырата бастайды. Алайда ешқандай ақау байқалмайды. Сол сәтте пәтер ішін қою түтін жайлап бара жатқанын сезеді. Ең қорқыныштысы — қабырғаның арғы жағынан әрең естілген «Алла, Алла...» деген ыңырсыған дауыс еді.
Ол дереу дәлізге жүгіріп шыққанда, бүкіл подъезді қара түтін басып қалғанын көреді. Жағдайдың күрделі екенін түсінген Аша өртеніп жатқан пәтердің есігін қағып, көмек сұрай бастайды. Бірақ іштен еш жауап болмайды.
Қорқынышына қарамастан, ол басқа көршілердің есіктерін тоқтаусыз қағып, бәрін оятуға тырысады. Алайда иіс тигендіктен, көпшілігі бірден есін жия алмай, есік ашуға асықпаған.
Бір кезде көршілердің бірі — ерлі-зайыптылар есікті ашып, не болғанын сұрайды. Аша оларға жағдайдың қаншалықты қауіпті екенін түсіндіріп, көрші пәтерде адамдардың қалып қойғанын айтып, көмекке шақырады. Біртіндеп басқа тұрғындар да шыға бастайды. Дегенмен, олардың әрекеті баяу болған, көпшілігі абдырап қалған.
Аша сол сәтте ер адамдардан әрекет етуді сұрап, есікті бұзуға үндейді. Бірақ олардың қолында қажетті құрал болмаған. Соған қарамастан, олар өртеніп жатқан пәтердің есігіне жақындай бастайды.
Кейін белгілі болғандай, тұрғындардың көбі ұйқыда болған әрі түтіннің әсерінен есін толық жинай алмаған. Осы уақытта Аша қайтадан 101 қызметіне хабарласып, өрт туралы нақты мәлімет береді. Ал қабырғаның ар жағынан шыққан әлсіз дауыстар бір сәт те толастамаған.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына жедел жетіп, жалынды ауыздықтауға кіріскен. Бірақ бұл түн көптеген адам үшін ұмытылмас қайғы мен үрейге толы болып қалды.
Одан кейін Аша жанып кеткен көрші пәтердің отағасын көріп қалғанын айтып берді.
"Жылап келе жатып, көлігімнің артында, бордюрде отырған ер адамды көрдім, оны басқа адамдар қоршап алыпты. Жақынырақ барғанда оның көрші әйелдің күйеуі екенін таныдым, оның жағдайы өте мүшкіл еді. Кенеттен оның денсаулығы сыр беріп, жедел жәрдем көлігі келіп, оны тексере бастады. Жанында оның және әйелінің туыстары болды. Олардың сол сәтте не сезінгенін елестетудің өзі қорқынышты. Бізге мән-жайды толық анықтау үшін әңгімелесуге шақыратындарын хабарлады. Мен мұнда болған оқиғаның бәрін жазған жоқпын, бірақ осының өзін жазып отырып, жүрегім қайтадан сыздап, көзіме жас келді...", - дейді ол.
Айта кетейік, өрт 12 сәуірге қараған түні Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйде болған. Өрт 15-қабаттағы пәтерден шыққан. Сол сәтте пәтерде отбасы болған.