Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 апта бұрын)
Қаракерей Қабанбай батыр

Қабанбай елінен аулақ сапарда жүргенде ежелден өштесіп, кек сақтап, қапысын тауып, аңдып жүрген қырғыздың Аманәлі деген батыры Қабанбайдың елін шауып, егер қылады. Қызын қатын, қатынын  жесір, баласын жетім етіп, ел намысын аяққа басып, ар-намысына дақ салып, ер жүрегіне кешірілмес кек отын тұтатады. Ат жалын тартып мінгеннен-ақ жауына елінің кегін жіберіп көрмеген ел қорғаны Қабанбай батырға бұл қорлық қатты батады.

Қарт батыр қаһарланып, халқына хабар айтып, жауына аттанбақ болады. Қабанбайдың хабарын естіген қазақтың атақты батырлары тұс-тұстан аттанып, Қабанбай туының астына жиыла бастайды.

Ел-жұртын жаулар шауып алғаннан соң,
Қайғылы боп қан жұтты қарт Қабанбай.
Мұрыннан келген екен ер Боранбай,
Ақылын әлі де отыр түзей алмай,
Жауымнан қалам ба деп кек ала алмай.
Жиылды тамам батыр дегеннен соң,
Келіпті қанжығалы қарт Бөгембай.

Көкжарлыдан көкжарлы Көкжал Барақ, Шақшақұлы Жәнібек батыр келді, ақылгөй Бұқар жырау да келді. Ел кегін қуған ерлердің ұлы дүбір жорығын естіп, сексен сегіз жасында Бұқар жырау шыдап жата алмай, аттанады.

Тауында Мерген ата арқар, құлжа,
Жігіттер аттанатын тегін олжа.
Жиылды тамам батыр дегеннен соң,
Келіпті Шанышқылы Бердіқожа.

Қабанбайдың батыр інісі — ту ұстаған Дәулетбай, найманнан Жантай батыр келеді. Қазақ халқының қол бастаған батырлары, топ бастаған көсемдері, сөз бастаған шешендері түгел жиналады.

Ертістің арғы жағы күлдір самай,
Мылтығы Кенекемнің күлдір мамай.
Жиылды тамам батыр дегеннен соң,
Аттанды жұртқа тап боп хан Абылай.

Қабанбай өзінің сенімді, жорықта сыналған жан серігі, ер қанаты Қубас атын мінеді, өз қасына жолдастыққа Шағалақ батырды алады.

Қабанбай Қубас атты тағалатты,
Бір өзін он мың ерге бағалапты.
Ат ерттесе, тоқымын аудармапты,
Қасына жолдасқа алды Шағалақты.

Қабанбай батыр бастаған қазақтың ығай мен сығай ерлері ту алып, тұлпар мініп, егескен жауының еңсесін басып, кегін алу жорығына шеру тартып жүріп кетеді.

Қасына ертіп алды өңшең ерді,
Топ жарған өңшең бағлан, кемеңгерді.
Ыза кегін қырғыздан кеп алмаққа,
Тұп-тура Алатауға жөнелді енді.

Батырлар күні-түні жолбарыстай жортып Алатауға келіп, жауына кездесе алмай, жау жерінде айлап жатады. Ат арып, тон тозып, ас-суынан да кемшілік көріп, ерлер байлаудағы арыстандай құса болады. Бөгембай, Барақ сияқты бас батырлардың шыдамы тозып: «Далада атымызды сойып жата алмаймыз, жауыңды алдырмайсың, қайтуға рұқсат бер!» — дейді Қабанбайға. Қабанбай бұларға тоқтау айтып, жауды алмай елге қайтуға рұқсат бермейді.

Соны айтып ер Қабанбай күлімдейді,
«Қой, қайтпайық, сабыр ет, інім!» дейді.
Сол күні жел жоқ, бұлт жоқ шаңқай түсте
Ақ туы Қабанбайды дүрілдейді.

Қабанбай сонда тұрып айғай салды,
Қубасқа «биссмилла» деп мініп алды.
«Бір қырғын шаңқай түсте болады» деп,
Ақ туын дүрілдеген жеті айналды.

Бозбала, тез-тезінен қамдан дейді,
Туымның сыры мағұлым болған дейді.
Бір қырғын шаңқай түсте болады екен,
Жігіттер, атыңды ерттеп қамдан дейді.

Аңсыраған қырандай жауды аңсаған ерлер, қанды майдан ұрысқа қамданады. Қарауылға кісі жіберіп, жау хабарын асыға күтеді. Сол кезде көшіп келе жатқан бір тайпа ел көрінеді. Жау қарасын көріп қуанған ерлер аттарына асығыс аттанып, ұрысқа даярланып, көш алдынан шығады. Бұл көш кешегі Қабанбайдың елін шапқан, аңдыған жауы Аманәлі батырдың көші болады.

Аманәлі батыр інісімен араздасып, бөліне көшкен бетінде аңдып жүрген жауына абайсызда кездеседі.
Аманәлі — самсаған сар қолдан беті қайтпайтын еңіре- ген ер, қамал бұзған қайсар батыр. Көшінің алдын тосқан қаптаған жауына суырылып жеке дара жалғыз шабады.

Аттанды ер Қабанбай туын алып,
Батырлар жау келді деп бек қуанып.
Алдында қамап тұрған жауды көріп,
Бір батыр көштен келді шыға салып.

Астында көк тұлпар бар қатқан жарап,
Бір өзін шыға келді мыңға балап.
Айбатын шыққан ердің көргеннен соң,
Ешбір жан шыға алмады оңашалап.

Бір өзін мыңға балап, жауына жалғыз шапқан Аманәлі батыр Қабанбай қолының алдын кес-кестеп, қазақ батырларын иіріп тастайды. Аманәлі сияқты айбынды батырға ә дегенде жекпе-жекке топ жарып ешкім шыға алмай қалады.

Жібермей қолдын алдын иіреді,
Батырлар ыза болып күйіседі.
Ұмтылды шыдай алмай Жантай батыр,
Найзамен түйреп мұны жібереді.

Жекпе-жекке шыққан Бөгембайды да найза шайқап жуытпайды. Көкжарлы Көкжал Барақ барған шақта найзамен іліп тастап, оны тезек құрлы көрмей түсіріп кетеді. ызаға шыдай алмай сексен сегіздегі қарт Бұқар ұмтылады:

«Кәрі байқұс, сені бейнет айдады» деп,
Оны да іліп тастап жүре берді.

Ат қойып жетіп келген Бердіқожа батыр да алдыңғылардың кебін киеді. Аманәлі қазақтың даңқы жер жарған атақты батырларын жекпе-жекте шыдатпай, бірінен соң бірін түсіре береді. Бір-бірі жүзге салмақ батырларды Аманәлі қаңбақ құрлы көрмейді.

Аманәлінің асқақтығына шыдай аламай, кеудесін кек кернеп, ызаға булығып Қабанбайдың інісі Дәулетбай батыр шығады. Жекпе-жек  айқаста Аманәліге Дәулетбай да төтеп бере алмайды. Күші басым Аманәлі Дәулетбайды найза үстіне іліп алып көкке көтереді. Қазақ  батырларына бұл қорлық қатты батты, ерлердің еңсесін түсіріп, діңкесін құртып құса қылады. Ту ұстап, майданның аңысын аңдып тұрған қарт қыран Қабанбай бұдан әрі шыдап тұра алмайды. Інісін жауының найзасының ұшында көрген қарт батыр томағасын сыпырған қырадай түйіліп, жетіп келеді.

Қабекең кейін тұрған қолды бастап,
Қырғыздың көрініп тұр өнері асқақ.
Ұмтылды таудан құлай ер Қабанбай,
Ақ туды Шағалаққа бере тастап.

Найзадан Дәулетбайды тастай берді,
Дұшпанын Қабанбайдай көзі көрді.
«Құдайдан тілегенім сен едің» деп,
Ат қойып Қабанбайға жетіп келді.

Қабанбай асқақтаған Аманәліні найзамен іліп алып, басынан тоғыз қабат айналдырып жерге ұрады. Сол кезде қолында жетелеген түйесі бар көштен бір қыз зарлап шығады. Аманәлінің бала дегендегі жалғыз қызы болады. Әкесінің өліміне көкті күңірентіп, жерді тебірентіп жылап, зары адамның сай-сүйегін сырқыратады. Қыз бос зарламайды. Аманәлінің өліміне жүрегі өртене, еңіреумен бірге әкесінің өз елімен араздасып, айтқан тілге көнбей келіп, аңдыған жаудың қармағына ілініп, қаза тапқанын айта зарлайды. Әкесінің бір беткей, теріс мінезінің ажалына себеп болғанын кінәлай күңіренеді.

Әкесін қабырғасы сөгіле жоқтай келіп, Қабанбайдың алдында жекпе-жекке шыққан қазақ батырларынан кек ала өлгенін арман етеді.

Қазақ батырларынан, оның ішінде Қабанбайдан арнап сауға сұрайды:

— Сауға берсең өзің бер,
Сөйлеп бір тұрған сөзің бер!
Қарайған қара басын бер,
Қиылған қара қасын бер!
Елді шауып аларсың,
Олжа қылып барасың.
Бір қойың сойып берерсің,
Көңілсіз мені аларсың.
Көңілді қатын мен болмай,
Орнымды сипап қаларсың, —

деп сауғаға әкесінің сүйегін, өзінің бас бостандығын сұрайды. Әкесінен айрылған мұңлы, анадан ада, аға, інісі жоқ жалғыздығын айтып, өмір қызығын көрмеген жастығын айтып еңірейді:

— Ішкен асың бал шығар,
Артқан бір түйең нар шығар,
Еңіретпе, қазақ, еңіретпе,
Ұлың да, қызың бар шығар!—

деп зарлайды. Сонда Қабанбай:

— Ей, жарандар, жарандар,
Бері маған қараңдар,
Осы қызды тонама,
Тонап олжа бола ма?
Көзінен аққан қанды жас, —
деп қызды азат етіп, әкелген түйесін алады.

Түйе хайуаннан асқан өзгеше бір жануар болады. Басында қырық құлаш алтын бұйда, отыз ер арқасына мінгескендей, аяғының астынан ел көшкендей.

Атанды тамаша етті жұрттың бәрі,
Мұндай хайуан көрген жоқ жас пен кәрі.
Інісі Қабанбайдың ер Дәулетбай
Келіпті ағасынан сұрағалы.

Қабанбай жақсы көретін інісіне:

— Сұрама осы атанды мен десең сен,
Жүрейін өле-өлгенше қосымды артып.

Ағасының бұл сөзіне Дәулетбай ашуланады:

— Бұл түйені бермесең, сені көрмеймін, тіріде жолдас боп соңыңа ермеймін, өлсең, сүйегіңе енбеймін, — деп морт мінезімен, ашумен ауыр сөздер айтады.

Інісінің бұл мінезіне Қабанбай да ерегесіп түйені бермейді. Дәулетбай өз қолын соңынан ертіп ағасымен араздасып аулаққа айрыла көшеді. Арада бірнеше жылдар өтеді.

Күндерде бір күн Қабанбай қатты науқасқа ұшырап, өлім халіне жеткен соң ел-жұртына хабар айтады. Қабанбайдай ел қорғаны ерінің қайғылы хабарын естіген ел-жұрты батырынан бақылдық сұрап, Қабанбайдың мұндай хабарын естіп, халықтың сәуегей қарты Бұқар жырау келеді. Ерінің өлетініне көзі жеткен Бұқар халыққа асқар тауының құлайтынын, жайлау, қыстауды өрт аларын, халық қорғаны Қабанбайдың дүниеден қайтатынын күңірене, күйіне жырлайды:

— Ақберен деген сауыттың
Етегі бар жеңі жоқ.
Ағайынды адамның,
Төбелессе, кегі жоқ.
Мен шын кісі танысам,
Адам болар кебі жоқ.
Шағалақ пен Шынқожа,
Дәулетбайға барыңдар,
Барып та хабар салыңдар.
Мына ағаңды көрсін де,
Өз қолынан көмсін де,
Қияметте қайтеді,
Арыздасып қалсын де.

Мұны естіген Қабанбай:

— Дәулетбайға бармаңдар, «тіріде мені көрмеймін» деп ант берген, келмейді. — дейді. Өз қолынан інісіне айттырып әперген келіні мінез-құлық, ақылы, адамшылық жағынан Қабанбайға аса қатты ұнайды екен. Сол келініне сәлем айтады.

— Келіннің тілін тірі алмас, Дәулетбай сенен хабар алмай, арманы ішінде кетеді, — деп Бұқар жырау Шағалаққа Қубас атты мінгізіп Дәулетбайға шапқызады.

Бұл Дәулетбайға барып Бұқардың сәлемін айтады. Суық хабарды Дәулетбайдан бұрын әйелі сезіп, екі бетін алып зарлап, қайын ағасына қабырғасы қайысып жылап, күйеуін есік алдына қоймай қолма-қол үй жыққызып, ат мініп, тіріде Қабанбайды көріп бақылдасып қалуға асығып жүріп кетеді:

Қасқыр жортпас қалыңнан
Қарғып өтіп барады,
Түлкі жортпас тоғайдан
Түнде жортып барады,
Ертең сәске болғанда
Елге келіп қалады.
Елге келген белгісі,
Қой баққан қойшыдан
«Ағакем тірі бар ма?» деп,
Сұрап хабар алады.

Қойшы:

— Қабанбайдың болар-болмас халі, шығар-шықпас жаны бар, сусын берсе ішпейді, қайғылы болып жылаған барша халық сонда отыр.

Күркілдеп демін алады,
Есіктегі сәулеге
Тесіліп көзін салады,
Сені тосып жатқанға,
Мен білсем, сол ұқсайды. —

дейді. Ашу билеп адасқан Дәулетбай қойшының сөзін естігенде іші-бауыры елжіреп, «ағакем!» деп күңірене шабады. Қубас аттың дүбірін хал үстінде кірпігі қимылдап жатқан Қабанбай сезіп, далаға кісі шығарып білдіреді. «Інің келді» дегенде, Қабанбайға тіл бітіп, шырай кіріп, қайратын жиып басын көтереді. Өлім халінде отырған ағасын көрген Дәулетбай іші күйіп еңіреп, бас салады. Өткен өкініш күндеріне күйініп, екі бірдей ауыр қайғы басына түседі.

Бірін-бірі құшақтап, көптен көрмеген сағыныш, ақырғы көрісу, өлім үстіндегі қайғымен қамығысады:

Қабанбай айтты: «Інімсің,
Қарағым, інім, күнімсің.
Қырғыздың ақбас атанын,
Елімнің ескі кегі үшін.

Айтайын жалғыз серігім, мына иесіз қалған қалың малға өкпелеген түйеңді қоса ал!» — деп, інісіне дүниенің опасыздығын айтады. Інісі Дәулетбайға, жақсы көретін келініне қалған елге ұйтқы боп, берекелі болуды өсиет етеді.

Батыр әлсіреп, басын жастыққа сүйейді. Осындай ауыр халдің үстіне ел үстіне тағы бір қара түнек орнайды.

Қабанбайдың жан серік туысы, қанды көйлек жолдасы Шағалақ батыр ел басына төнген хауіпті өлім алдында жатқан Қабанбайға естіртуге бата алмай, батыр, билерге сыбырлап, сасқалақтап тұрғанын сезген Қабанбай қасына шақырып алады.

Шағалақ келді қасына,
Тізесін қойды басына.
Өкіргенде көл болды,
Көзінен аққан жасы да.

— Айналайын Қабеке-ау,
Көзің тірі жатқанда,
Қорлық деген расы ма?
Ауылға жау төніп тұр,
Мың кісіге бас болып,
Атеке жырық келіп тұр.
Көзі тірі жатқанда
Көңіліне дақ болсын деп,
Елін шауып кетем деп,
Бір шетінен қазақты
Бүріктіріп ат қойып,
Суық хабар беріп тұр, —

деген хабарды естіген Қабанбай басын жұлып алады. «Әлі кеткен денеме түске дейін әл бер!» — деп тілек тілеп, жан серігі Қубас атын алдырып ерттетіп, қайраты тасып, орнынан тұрғанда батырдың ақ туы дүрілдеп көкке көтеріледі. Жиырма бестегі күніндей Қабанбай батыр Қубасына мініп, қалың жауға қарсы шабады.

Ағасының қанын жоқтап, көзі тірісінде Қабанбайдан кек алуға келген Аманәлінің жас батыр інісі Қабанбайға жекпе-жекке келеді. Қайратына мініп, қаһарланып алған.

Қарт батыр жауының туын құлатып, жығасын жығып, жігері тасып, қашқан жауды бұршақ ұрған егіндей жуып, көзі тірісінде дұшпаннан кегін жібермеген. Қабанбай батыр қару алып, сауыт киген күйінде ел қорғау жолында, ат үстінде ажалды күні жетіп, дүниеден өтеді.

Оқуға кеңес береміз:

Қабанбай мен Райымбек

Қабанбай мен Жәнібек

Қабанбайдың бас қолбасы болып, «Дарабоз» атануы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама