Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Қарлығаш қайтса деп...

Жылан жылы туғандардың шаңырағына қарлығаш ұя салмайды екен дейтін. Өзі өмірінде қызылшақа балапанын да көрмепті. Сонау бала шағында қасиет аңқыған қара қыстақтан көшіп, қосетек шыткөйлегін шештірген қалаға кез келгелі бері көз көргені күйбелең күннің кемістігі ғана еді. Иелі әкесін жоқтап, ақсақ коммунист күйеуінің кейбір қияс мінезі мен тірлік тауқыметіне әрең шыдайтын шешесімен шырылдай жүріп ерте есейген. Әлі есінде, кейде өзен күркірі де шеше еңкілін баса алмай, жағада масаты көйлегі мүктеніп, орамалынан төгілген жыландай бұрымына шейін билей жылап отыратын Қарлығашы еді жалғыз...

Қарлығаш... Қарлығашы өмірінде не қызық көріпті?! Баяғы тау гүлінің өзін таңдап теретін бала қыз тоғыз ағайындының ішіндегі ең ерке де, естісі де еді. Ол кезде қазақ арасындағы өмір мүлде басқа еді ғой. Қарлығаш ол күні жетіге енді жеткен, желкеден түскен шашын жетіден өргізіп, маржан шеккен тақиясы мен шәйі көйлегін күнге қақтырмайтын шешесінің жанынан шықпайтын. Әкесін иелі адам деседі ел. Қияқ мұрты езуінен аса қиылып, көзі жайнаң қағып тұратын шолақ қасты қараторы әкесі, орта бойлы, шағын денесін тіп-тік ұстайтын шапшаң жүріс, шалт қимылды әкесі, үйіне сұлай кірген жанды тік тұрғызып, ақыра төнген адамды өткір көзқарасымен кілт тоқтататын айыртілді әкесі. Басқа бөтен ештеңесі жоқ. Сол бір әкеден тараған тоғыз ұрпақ екі шешесімен жеке-жеке шаңырақта тұрды. Ал айыртілді әке отыратын боз үйден адам аяғы босаған емес, ондағы адам шошырлық дауыстарға да еті үйренген бұның. Енді күлмес күз келіп жайғасып үлгермеген таңның бірінде шатыр астындағы қарлығаш ұясының бос тұрғанын көрді. Әлі қайтатын да уағы емес. Үйдегілерді аса алаңдата қоймаған сол көш Жансейіт қарияға уайым боп жабысып, жанын кемірген жегіқұртақа айналды.

— Бәйбіше-ау, ана боз биеңді байлап дайын жүрші, қонақтар жолға шықты,-деді соңғы рет. Ертеңінде-ақ аяқасты күн суытып, Жансейітің боз үйін таң бозынан ордалы жылан басты. Жібектен құйдырған ақ көйлегінің жаға бауын да байлап үлгермей үстіне жеңіл іліп, ақбоз үйдегі ордалы қонақтарға жалаңаяқ, жалаңбас сәлем бере кірді. Айыпты екенін сезіп тұр. Төрт күн шықпады. Бесінші күні боз биені боз үйдің табалдырығына жығып өзі бауыздады. Қабағы қатулы қонақтар разы тарқасқан сыңайлы. Сөйтсе бұл аймақтағы бір тыныш жатқан жыланды осы қыстақтағы шалықтаған біреу ініне май құйып, ауызын бекітіп тірідей өртеп жіберіпті. Шүлен шығар сол...

Қанша рет ем салмақ болды, ұстатпаған. Ал мына қонақтар қанға қан тілеген бауыр жыландар. Ағайын көтерілсе қыларға қайран қайсы, өлген бауырын тірілту қолда жоқ, ақыры кешірім сұрап, келісімге келуге әрең көндірген. Жылан тілді Жансейіт содан кейін-ақ орнынан тұра алған жоқ. Күздің суығы өңменінен өткен төрт түннің зардабы ұзаққа жеткізбеді. Қарашаның бел ортасында селкілдеп жатып көкейінен атып шыққан қайран жыланы қос қабат терезені көздей қып ойып қарт тәнін тастап кете барды. Ал қарлығаштар содан қайтіп оралған жоқ, қызы Қарлығаш та өз кезегінде тұрмысқа кетті. Осы қыстаққа биыл жазда сабақ беруге келген жылтырқара оқыған жетім жігіт жар қылды. Оқығанның аты оқыған ғой...

— Менің әкемде жыланның жыны бар еді, сенің әкеңде коммунисттің ғана жыны!-дейтін болды Қарлығаш. Бұлар тұратын қаласымақта қарлығаштар атымен жоқ. Бірақ үйінде шырылдаған алты қарлығашы бар. Үшіншісі, осы — Сандуғаш. Бұ жазғанның не жазығы болсын, шешелеп шыр-пыр боп жүгіргеннен басқасын білмей өсті. Ес білгелі бала болып есі шыға ойнағаны да есінде жоқ. Қала тұрмысы алабөтен, маңдайынан мейірлене сипауға да ешкімнің мұршасы болмады. Үйдегі жалғыз коммунист әкенің өзі ақсақ, ауыр жұмысқа жарамсыз. Бүкіл тіршілік осы алты қарлығаштың мойнында, үлкен үшеуі сыртта, кіші үшеуі үйде. Бірақ бұлар да өлген жоқ, жетінші, жоқ, бірінші ұл туысымен бейбіт заман орнағандай боп, коммунист көңілі де жіби бастады. Сол содыр қанша тозық болғанымен еш заңын бұзбады үйдің. Бұл үшін жеке заң қарастырылды. Ұл ғой! Ал алты қарлығаш кезегімен өз ұяларына қонысты. Бас-басына бөлек кетті. Ең алысқа ұзағаны тағы да осы — Сандуғашы.

Сандуғаш сүйген алагөз жігіт шекарадан асырып бір-ақ әкетті. Арадағы жалғыз Ақмаңдайы ол күнде желкеден түскен шашын бір будырып жетіге енді жеткен. Қызыл иегін азу тіс қышыта бастағанда-ақ бөлек әлемнің әлегіне тап болды. Бұрынғыдай қаладағы ыңғайлы жабдықталған бесінші қабаттағы үйде емес, әке-шешесіне еріп ауылдағы үш бөлмелі жер-үйге көшіп келді. Күшік асырап алды, бау толы жеміс ағаштары мен көршінің қоңыр мысығы ғана бар қызықтайтыны. Бұта-бұтаны тебе ұмтылатын торғайлар мен көшпенді қарғалар бар бұл маңда, сауысқандар тек түс ауа бір шақырады, көрмегені тек қарлығаш қана. Иесі Күлзайрадан қашып келетін қайран қоңыр мысық қана секілді осы әлемдегі ең мұңды жануар. Бірақ қайран қоңыр адал, қанша ұрысқақ болса да иесінен айнымайтын. Таң бозынан ащы айғайға басатын сол бір адуын иенің дауысына Сандуғаштар да үйренісе алмай көп жүрді.

— Осының ұлы қайтіп адам болар екен,-дейтін де қоятын. Қайдан болсын, уақыт өткізіп барып алған әйелін де сиғыза алмай, Арланын құшақтап ақыры жалғыз қалды. Ез әкенің тағдыры енді соның басына көшті. Таң бозынан тілінен у шашатын әженің мінезімен ол да ержетер күндердің күнінде. Тек шашыраған удың зардабы сол екеуімен шектелсін бе?!...

Сандуғаш қаһарына мініп үлгірген оныншы көктеме де бүрлене бастаған кез еді. Кейінгі жазда әкесінің ауылына барған Ақмаңдай атқора шатырының қалқасындағы қарлығаш ұясын көріп таң-тамаша болған. Енді, міне, елге оралып көктем келісімен қарлығашқа ыңғайлы орын іздеп, ұя соғып әуре болмасын деп қолдан ұя жасап қойды. Сәуір басына қарай көп күттірген қонақтарының кіреберістегі ұяны айнала ұшып жүргенін көріп, қуанышы қойнына симай, аулада жүрген әкесіне алып ұшып жетті-ау.

* Әке, әке деймін, әке, үйге қарлығаштар, қарлығаштар келді! Ұясына қона ма, мен жасаған ұяға қона ма енді?!-дейді.

* Қонбағанда, жақсылық қой, балам! Құт қонайын деген екен!

Ақмаңдайдың көп күттірген қонақтары сол маңайда екі күндей айналшықтап жүрді. Бірақ қолдан соғылған ұяға қонған жоқ, дәмнен де ауыз тиген жоқ. Сол кеткеннен мол кетті. Ал қарашаның бел ортасына қарай алғашқы қар қалқығанда үйдің бейқам тыныштығын іңгәлаған сәбидің әлсіз үні мен ашушаң шешенің ащы айғайы ғана мазалайтын болды. Басқа әлем, сыртқы әлем түгелдей тұмса тыныштығына бүркенген. Көктеменің қарлығаштары емес, қарашаның қойнынан еркелеп қашқан ұл қонды бұл ұяға. Бұл Ақмаңдай қуанған қараша, Ақмаңдай өзін қызылшақадан көп үлкен сезінген қараша. Ақмаңдай есейген қараша...

* Әке, біздің үйге қарлығаш неге ұя салмайды осы?

* Жылан жылы туғандардың үйіне қарлығаш келмейді екен ғой,-дейді Сандуғаш.

* Бізде ондай жоқ қой?!

* Жарығым-ау, қарлығаш тек аты жыланнан ғана қорқады ғой деймісің. Бірдеңені сезетін шығар, қайран құстар...

Сол кеште анық ұрыс болды. Сондай ұрысты кештерде Ақмаңдай әлі ес білмейтін інісін бауырына басып отырып:

* Сенің әкеңде қасқырдың рухы бар!-дейтінді шығарды.

Кім білсін, көкірегінде жыланы бар қарттың үйінде емін-еркін жүрген сол қарлығаштардың қазір қайда екенін. Өмірдің өзі жыланға айналдырғандар

қаншама. Кейде жұрт Жансейіт бейітінен қанша бітесе де пайда бола беретін жыланкөз тесіктің бар екенін айтатын. Ал кейде Қарлығаш ұйықтап жатқан үй есігінің күршегі өздігінен шарт шалқаятын. Сонда Қарлығаш «сағынғаны ғой!» дейтін де, сол түні тыныш ұйықтайтын. Әке сағынышы жиенге жетпейді екен. Сандуғаштың тілі емес, көңілі айырлана бастағанына да он төрт жылдан асты. Ағайыннан алыста жүргені мынау, сағынған шақта қызыл коммунист әкенің қыңырлығы да сонша ыстық көрінеді екен-ау! Түз жортып жемтік іздеген қасқыр әкенің де табаны тоза бастаған. Ақмаңдайдың күткен қонақтары енді өз ұясына келетін шығар. Ал кімнің тағдырына кім кінәлі екенін білетін жалғыз ұлы тіршілік әлі күнге жылан жұтқандай үнсіз.

Өткен жылы қасқыр әкенің апанына Қарлығаштың інісі келген. Көрген жерден Ақмаңдайын бауырына басып, бірден жақсы көріп кетті.

— Көзің жылтыр қыз екенсің. Тағы бір қызық айтып берейін. Жарықтық... Осыдан біраз бұрын біздің әгі Бозкемпірдің күнгей беттегі үйіне үкімет тауып берген туысы келіп, сөйлеуге шамасы келмей шошынып жылап шықты. Таңдайын басып әрең қойдырып алсақ: «жүктің үстінде қасқыр, маған ұмтылып...» деп селкілдеп. Ой, әрең бастық. Жарықтық, түнімен селкілдеп шығып таң бозынан есін жия сала тұра қашты. Содан қайтып келген жоқ. Біздің әлгі алтыншы жиеншарға көзі түсті ме екен, кім білсін, сенің арғы нағашың өлсе де тыныш жатпайды ғой, жарықтық, тілі айыр болғанымен бөрілігін білетіндер аз. Кейде қыр басына жалғыз өзі шығып алып ұзақ отырып қобызын ұлытатын еді-ау, жарықтық...

Мынау Ақмаңдай ұйқысыз атырған жиырма тоғызыншы таң. Ауылдың әлдебір тұсында қасқыр ұлитындай. Жоқ, сол ұлымасы өзінде секілді, қайда қашпасын арылмайтын үн көз алдынан кетпей қояды кей күндері. Құлағының түбінен қалмай қояды кей түндері. Неткен ащы үн еді! «Тәңірім-ау, Тәңірім, Тұран бойында тірідей өртенгендер аз болды ма бүтін бір халықта, қаскүнемдердің қызыл ордасын жылан боп басуға, бөріктісін бөрі боп талауға неге хақым жоқ? Жылан құрлы бола алмадық-ау!» дейтіндей назалы. «Ұлыса ұли ғойсын, тек келер көктемедегі қарлығаштарды үркітіп алмаса екен» дейді ішінен. Үркітпесі анық, өйткені тек өзіне естіледі емес пе?! Иә, үркітпесе екен!


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама