Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 сағат бұрын)
Қасым Аманжолов «Өзім туралы» өлеңі
Ақтөбе қаласы, №19 орта мектеп.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Бекбергенова Гульнур Болатбековна

7 сынып
Сабақтың тақырыбы: Қасым Аманжолов «Өзім туралы» өлеңі
Сабақтың мақсаты:
А) білімдік: ақынның өзіндік мұратын таныту, «Өзім туралы» өлеңінің тақырыбы мен идеясын ашу;
Ә) дамытушылық: оқушылардың сөйлеу мәдениетін, дүниетанымын кеңейту, даралап оқытуда өз бетімен жұмыс істеуге, шығармашылыққа дағдыландыру;
Б) тәрбиелік: Қасым поэзиясы арқылы Отанды, туған жерді сүюге, қастерлеуге, қайсарлыққа, табандылыққа, қаһармандыққа тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: ашық сабақ, жаңа материалды түсіндіру.
Сабақтың типі: білік пен дағдыны қалыптастыру, шығармашылыққа баулу.
Оқытудың әдісі: сұрақ - жауап, әңгімелеу, талдау, баяндау
Сабақтың көрнекілігі: компьютер, интерактивті тақта, үнтаспа, тірек - схемалар

Сабақтың барысы:
I. Ұйымдастыру кезеңі
(Оқушылармен амандасу, түгелдеу, сабаққа дайындықтарын тексеру)
II. Үй тапсырмасын тексеру (оқушылардан үйден жазып келген шығармаларын тексеру)
III. Жаңа сабақ
Түседі еске жалаң аяқ күндерім,
Ақсүйекті ала қашқан күндерім;
Сол қашқаннан мол қашыпты балалық,

Қайда екенін көптен бері - ақ білмедім, - деп аса көрнекті ақын Қасым Аманжолов ағамыз жырлағандай, бүгінгі біздің тақырыбымыз Қасым Аманжоловтың шығармашылығымен танысамыз, балалар!
Қасым Рақымжанұлы Аманжолов 1911 жылы сайын дала Сарыарқада туып өскен. Ол қазақ ауыз әдебиетінен жетімдік көрмеген адам. Ертегі, аңыздарды құлағына құя білген. Бала кезінде айтыстарды, от басындағы өлеңді ауызекі айтып отыратын - ды. Жазған өлеңдерін ауыз әдебиетінің ықпалы, әсері мол.
Қасымның орда бұзар шағы соғыспен тұспа - тұс келеді де, майданға аттанады. Шығысты да, батысты да шарлады. Ауыр қиыншылықтарға кездеседі. Ол қатардағы солдат бола жүріп, сұрапыл соғыста да өлең жазды. Ол жан серігі қаламын қолынан тастамай, жауынгерлердің ерлігін, ұлан – байтақ жеріміздің тамаша, сұлу көріністерін, адам өмірінің үлгілі, өнегелі кезеңдерін қалам ұшына тізе береді. Қасымды халқымыздың сүйікті ақыны дәрежесіне көтерген де сол кездегі жырлары.
Сақыпжамал апай отау құрғаннан соң баспана жағынан қиыншылық көргендерін, бір бөлмеде кәрі анасы, өздері, балалары тұрғандығын айтады. Сол кезде Қасым өлеңді алдына чемодан қойып жазады екен. Үй сұрап ашпаған есігі қалмайды. Нешеме бастықтар біріне - бірі сілтейді, ақырында ашынған ақын бір шумақ өлең жазып, машинисткаға береді. Машинистка да үйден таршылық көріп жүрген адам болуы керек, өлеңді көп данамен таратып жібереді. Сол өлеңнен бір үзінді мынау:
Бермесең, бермей - ақ қой баспанаңды,
Сонда да тастамаймын астанамды.
Өлеңнің отын жағып жылытармын,
Өзімді, әйелімді, жас баламды.
Қасым Мәскеуге қазақ өнерінің онкүндігіне барады, көп ұзамай 1949 жылы үй алады.
Ақынның жары Қасымның шабытты күндерінің сирек болатынын, өлеңді көбінесе түнгі 12 - ден кейін жазатынын айтады. Өмірімнің соңында ауырып қатты қиналғанын, қаншама еңбекпен алған үйінің де қызығын көрмегенін, жағдайларының ауыр болғанын, ақын жүрегі бауыр, өкпе, бүйрек ауруларымен тайталасып, түнімен ауыз жаппай жөтелетінін, ақыры 44 - ақ жасында дүниеден өткенін егіле отырып айтады. Сондағы шығарған өлеңі еді деп мына өлең жолдарын айтады:
Көкірегім тынығып,
Сәл босасам жөтелден.
Өйтіп – бүйтіп көңілді
Баламын – ау көтерген.
Дұрыс жатқан саулық жоқ,
Бір олай да, бір бұлай.
Бұрынғыша шықпай тұр,
Ала – құла құрғыр – ай.
Қасымның көзі тірісінде 5 қазақша, 2 орысша кітабы шықты, кейін таңдамалы I, II, III томдықтары жарық көрді.

Қасым Аманжолов
Өлеңдері: «Сарыарқа», «Ертіс», «Жайық», «Орал», «Мен табиғат бөбегі». Поэмалары: «Ақын өлімі туралы аңыз», «Қытай қызы», «Құпия қыз», «Естай», «Қорлығайын» драмалық дастаны. Аудармалары: «Ләйлі - Мәжнүн» поэмасындағы хаттар, «Полтава», «Маскарад», т. б. Сөзі мен әні жазылған туындылары: «Дариға сол қыз», «Туған ел», «Өзім туралы», «Ақ сәуле», «Жас дәурен», т. б.
Қасым туралы естеліктерде ақынның домбыра, балалайка, скрипкада еркін ойнайтыны туралы айтылады. Орыс тілінде де таза сөйлеген, майданда да кейбір өлеңдерін орыс тілінде жазған екен. Орыс ақындарынан Пушкинді, Лермонтовты, украин ақыны Тарас Шевченко шығармаларын қазақшаға аударған. Бұдан ақынның білімді азамат болғанын аңғартуға болады. Жазушы Тәкен Әлімқұлов ақын туралы мынандай пікір айтады: «Қасым ешбір адамды сыртынан жамандамаушы еді. Оның есесіне кімге де болса өз пікірін тура айтатын. Жанын түсінбеген адамға қатал, дархан досқа адал болатын.»
Оқулықтарында Тахауи Ахтанов айтқандай «Ақынның адал, шыншыл мінезі өзімен бірге өлген жоқ, тамаша өлеңдерінде жүр.»
Қасым

аудармашы
ақын
дастаншы
қоғам қайраткері
сазгер
жауынгер
әнші
патриот
Бүгінгі тақырыбымыздың аты – Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» болғандықтан автобиографиялық сипатта жазылған өлең болып табылады. Автобиографиялық шығарма дегеніміз – автордың өзі, өз өмірі немесе өмірдің кейбір сәттері туралы жазылған шығарма.
Сонымен бұл – ақын өмірінің соңғы кезеңдерінде өткен күндерінен қорытынды ретінде жазылған, өмірінің нәзік қылын шертетін сыршыл өлең.
Өлеңдегі басты тұлға – Қасым Аманжолов өзі. Өзіндік ақындық тұлғасы мен адамгершілігі, мінез - құлқы өлеңде әр қырынан толық шешімін тапқан. Айналадағы оқиғалар мәні, адамдармен қарым - қатынасы, дүние құбылыстары, өмір сүру, оның мәні мен мазмұны, өмірдің мәңгі емес екендігі бас кейіпкердің көзқарасымен өте тамаша суреттелген.
Ақын өмірге бос келіп, бос кетпеу жөнінде үлкен ой түседі. Адамзаттың өмірге қонақ екендігін, сол кештен үлкен сапарда артында өлмес мұра қалдырудың үлкен іс екендігін тілге тиек етеді. (Оқушыларға алдымен үнтаспадан өлең тыңдалады, содан кейін оқушылар әр шумақты оқып, не түсінгенін айтады).

IV. Дамыту кезеңі
Негізгі мәселелер Шумақтар Тақырыпшалар
1) Ақынның өзін таныстыруы 1, 2, 12, 19...«Аманжол Рақымжанның Қасымымын»
2) Өлең туралы толғанысы 11, 12, 13, 14... «Серінің семсеріндей сертке таққан»
3) Өмір мен өлім жайлы толғанысы 7, 8, 9, 10, 11, 21, 22, 23... «Бір күні от өмірім қалса өшіп»
4) Туған елі, жері толғанысы 5, 7, 8, 18 «Дүние, жалт - жұлт еткен кең мекенім»

Ақынның поэтикалық талдау жасау
Теңеу - Бөбегіндей торқадай, найзағайдай, қанатындай, өртке тиген дауылдау, серінің семсеріндей
Эпитет - Қызыл шоқ, ала құйын заманалар, қап - қара түнек, алтын сарай, ақ көңіл
Метафора - Асылымын, адам сапарының мейманымыз, кеудем – көрік, жүзім – жаз, көңілім – көктем, сөзім – жыр, лебізім – күй.
Буын, бунақ түрінде талдау.
Өзге емес, өзім айтам өз жайымда, 11
Жүрегім жалын атқан сөз дайында 11
Тереңде тұнып жатқан дауыл күйді, 11
Тербетіп, тулатып бір қозғайын да... 11
11 буынды, 3 бунақты
Бунақ өлшемдері өлеңді мәнерлеп оқуға, ән салып айтуда үлкен мәні бар екенін түсіндіру.

V. Сабақты бекіту. Сабағымызды қорыта келе, Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» өлеңін әнімен оқушы орындайды.
VI. Оқушыларды бағалау
VII. Үйге тапсырма: Өлеңнен өздеріңе ұнаған үзінділерді жаттау.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама