Қасқыр мен қара қозы
Ол кезде әкей ұжымшардың қойын бағатын. Мектептен жазғы демалысқа тарасымен, мен де малдың бір жағына шығысып, о кісіге қолғанат болатынмын.
Бір жылы жайлауға елдің алдымен көшіп, таудың тақалмасындағы Батпақты деген жерге барып қондық. Ешбір қоршауы жоқ жайдақ қорамыздың төр жағы — қожырқай тасты, бұталы беткей. Оның көлбеңкі етегінде таудан құлап түсіп, бір-біріне сүйене тұрып қалған дәу-дәу түйе тастар жататын. Олардың асты мен ара-арасында суырдың іні, аюдың апанындай қуыс-қуыстар бар екен.
Малымыз түнде беткейге сүйеніп, сол тастардың төңірегінде жусайды. Үйіміз оның аяқ жағындағы тепсең жерде.
Сонда көшіп барған күні-ақ түн ортасында «дүрр» етіп қой үрікті! Әкей үйде жатып, «А-еей, айт, айт, айдақ!» деп айғайлап-айғайлап қойды. Қора қайта тынышталды.
Таңертең тұрғанда қойларымыз қораның ортасын тастап, шет-шетінде жатқанын көрдік. Ала бөтен ештеңе байқалмады. Сонда да әкей екеуміз қойды қорадан санап өргіздік. Малымыз түгел екен.
Келесі түні тағы да қой үрікті. Әкей үйде отырып та, сыртқа шығып та тау жаңғырта айғайлады. «Ит-құс, бірдеме келіп, бірер малды жайғап жатқан жоқ па?» деп, екеуміз қораны бір айналып шықтық. Ондай ештеңе көзге түспеді. Шетке шыққан малды қораға қарай қайырып, қайта келіп жатып қаддық. Бір таңғаларлық жайт: одан кейін де әр түн сайын осы жағдай қайталанды да отырды. Сөйтіп, ол өзі үйреншікті нәрсеге айналды. Әкей жайбарақат сияқты. Мен болсам «Қой түнде тас астындағы іннен шыққан суырдан үркетін шығар» деймін ішімнен.
***
Бір күні мен малымызды Аршалы жаққа айдап тастап, үйге қайтып келе жаттым. Қора шетіне жеткенде өз көзіме өзім сенбей, состиып тұрдым да қалдым! Қораның ортасындағы әлгі дөңбек тастардың түбінде бір топ көк сұр күшік өріп жүр! Кәдімгі иттің күшіктері құсап, бірін-бірі қуып, алысып ойнайды. Біреулері тері ме бірдемені тістеп тартысады. Бірі жұлып ала қашады. Екі-үшеуі қуады, жетеді, таласады, ұмар-жұмар болысады.
Бір кезде тұрған орнымнан қозғалып, жүре бастап едім, олар мені көріп, үдірейе қарай қалды да, қипақтай барып тас астына кіріп-кіріп кетті.
Мен үйге асыға жүгіріп келіп:
— Қораның ортасында қасқырдың ұясы бар екен! Күшіктері тастың астына кіріп кетті! — дедім аптыға сөйлеп. Әкей оған оншалық елең ете қоймады. Менен бұрын біліп, бір себеппен әдейі маған айтпай жүрген сияқты көрінді.
О кісі мен айтқан жаңалықты жайбарақат қана тындап:
— Өй, онда жұмыстарың болмасын! Тиіспеңдер! Бізге зияны болмайды. Ешкімге тістен шығармаңдар! Ауыздарыңа ие болындар! Біреу-міреу тиісіп, күшіктеріне зиян келтірсе, айтпады демеңдер, қасқыр айналадағы елдің малына қырғидай тиеді. Жұрттың обалына қаламыз. Бізді де аямайды. Сондықтан отпен ойнамай, тыныш жүріңдер! — деп қатты ескертті.
Әкейдің айтқаны заң. Сыртынан қарап, бөлтіріктердің алысып, қуысып ойнағанын көргеніміз болмаса, олардың қасына да бармаймыз.
***
Күнде таңертең қой өргізгенде, бір жерде жатып қала ма дейтін ақсақ-тоқсақ, әлжуаз қой-қозыларды қорада алып қалатынбыз. Бір күні қағынған әлгі бөлтіріктер ұяларының қасына барған сондай бір қара қозыны жабылып өлтіріп қойыпты.
Оны көріп келген мен:
— Ана қасқырдың күшіктері бір қозыны өлтіріп тастапты ғой! «Зияны жоқ» деп едіңіз, — дедім әкейге.
— Қой, ештеңе етпейді бір қозы. Сол жерде жата берсін, тиіспеңдер, — деді әкей, тағы да қасқырдың «сөзін сөйлеп».
О кісінің айтқаны бойынша оның қасына да бармадық, өлген қозыны да алмадық.
Содан сол күні түнде келіп, енелері күшіктерін бажылдатып талады-ай кеп! Қой «дүр-дүр» етіп, быт-шыт болып үрікті!
Әкей бізге:
— Міне, көрдіңдер ме ақылдысын? «Көршінің қозысын өлтірдіңдер, ақымақтар!» деп, бөлтіріктерін жазалап жатыр, деді де, сыртқа қарата айғайлап-айғайлап қойды.
Қора қайта тынышталды.
Әкей екеуміз сыртқа шығып, бытырап кеткен қойларды қораға қарай қайырып қойдық.
Таңертең тұрғанда қарасақ, қой-ешкі қораның шет жағындағы тастарға барып жатыпты. Қасқыр таң атпай кетіп қалған көрінеді.
«Бұл пәле ызалы сияқты. Малға зияны тиіп жүре ме» деп сақтана бастадық. Көбінесе өріске айдап жіберіп, кешке қарай жиып түсетін қойды енді соңынан қалмай бағатын болдым.
***
Бөлтіріктер қозыны өлтіргеннен кейінгі үшінші күн болатын. Сыбылықтап жаңбыр жауып тұрған. Қойды өрістен қораға қарай қайырып тастап, малдың өр жағындағы бір шоқыда отыр едім, бірдеңе астыңғы жақтан сылдыр еткендей болды. Жалт қарасам, қасқыр екен!
О тоба! Ол бір қара қозыны мойнынан тістеп, жетектеп алыпты! Оны кәдімгідей құйрығымен ұрып, айдап қояды!
Мен орнымнан қозғалмай отырмын. Бірақ оның қасымнан өтіп бара жатып, шоқыда шошайып отырған мені байқамауы мүмкін емес. Тіпті әуелі о пәле қозы әкелгенін маған әдейі көрсетіп өткен болу керек.
Сөйтіп, қасқыр әлгі қара қозыны біздің қойдың шетіне апарып қоя берді де, өзі соған қарап шоқиып отырды.
Қозы бейшара маңырап барып қойға қосылды. Бастарын көтеріп, бөтен қозыға қарай қалған қойлар қасқырды да көріп, үрікпек болып үдірейе қалысты.
Қасқыр сілекейін жаланып қойып, бүлкектей желіп, артқа қайтып кетті.
Қораға келгеннен кейін әлгі қозыны ұстап алып, үсті-басын тегіс қарадым. Ешбір жері жарақаттанбапты. Құлағында ені де жоқ екен.
Мен бұған таңғала келіп, үйдегілерге:
— Қасқыр біздің қойға бір қара қозы әкеліп қосты! — дедім екпіндей сөйлеп.
Олардың бірі «Өй, өтірік!» десе, екіншісі «Шын болса шын шығар, ешкімге айтпайық» деді.
Мен сенбегендеріне сәл қызарақтап:
— «Өтірік» дегендерің ұстап алып көріңдер! Біздің қозылардың құлағында ені бар. Оның ені жоқ! — дедім.
Олар мені қораға ертіп барып, әлгі қара қозыны өз көздерімен көрді.
Біреулері оны «қасқыр әкеліп қосты» дегенге әлі де сеніңкіремей:
— Басқа біреудің қойынан қосылған шығар? — деді. Мен оған өзімше күйіп-пісіп:
— Қайдағы қойдан қосылады, бұл жақта ешкімнің қойы жоқ болса!? — дедім.
Енді сөзге әкей араласып:
— Қасқырдың ондайы болады дейтін. Мұны бұрын да бір-екі адамнан естігенім бар. Бұл әлгі бөлтіріктері өлтірген қара қозыны төлегені ғой. Қазір мұның кімнің малы екенін білмейміз. Ие шығып жатса өзі алар, шықпаса бізде қалар, — деді.
***
Қозы әкеп бергеннен кейін де қасқырдың түнде бөлтіріктерін талауы көбейіп кетті. Мен әкейден:
Бұл неге талайды? — деп сұрап едім, о кісі:
— Ана ересейіп қалған пәлелер қорадағы малға ұмтылатын болу керек. Енесі соған жібермей, қиқарларын жазалайтын сияқты, — деді.
— Бұл өзі малға маза бермейтін болды ғой, басқа жерге жылжып қонсақ қайтеді? — дедім мен әкейге.
— Расында бөлтіріктері де ересейіп қалды. Тағы да зиян жасап жүре ме, күн ашылған соң, көшсек көшейік, — деді әкей.
Бірақ келесі түні күтпеген жерден қорада тылсым тыныштық орнады: бөрі де бөлтіріктерін таламады, қой да үрікпеді.
«Бұл неге бұлай бола қалды!?» деп, әкей таңертең барып тас астындағы апанды қараса, қасқыр бөлтіріктерін ертіп бізден бұрын «көшіп кетіпті».