Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Үш дос

Ермек деген баланың ақ күшігі мен көк күшігі болды. Ақ аюдың баласындай ақ күшіктің аты — Аппақай да, көк бөрінің бөлтірігіндей көк күшіктің аты — Көкжал еді.

Олар өте сүйкімді және ойынпаз болатын. Екеуі бір үйшікте бірге жататын, бірге ұйықтайтын. Бір ыдыстан бірге тамақ ішіп, жұп жазбай бірге жүріп, бірге ойнайтын.

Дегенмен екеуінің мінез-құлқы екі басқалау еді: ақ күшік сәл жуастау, көк күшік болса оған қарағанда бұзақылау. Кейде оның ақ күшікке әлімжеттік жасайтын жаман әдеті бар болатын. Сол мінезінің кесірінен бірде ол өте қиын жағдайда қалды.

Ол өзі былай болды. Екеуі түс әлетінде екінші ауысымда оқитын Ермекті мектепке шығарып салып, қақпа алдында қалған. Содан бірін-бірі қуып, алысып ойнай жүріп, үйден былайырақ шығып кетті. Өздері бұрын көрмеген бір жарлауыт жыраға барып, әр нәрсені қызықтап ары-бері жүрді.

Ақ күшік бір жерден бір ұлтарақтай тері тауып алып, соны аузына тістеп тұр еді, оған қасында жүрген көк күшік келіп жармасты. Сөйтіп екеуі әлгі теріні көкпарша тартысып қалды.

Олары алғаш ойын сияқты-ақ еді, бара-бара егеске айналып кетті. Бірінен-бірі жұлып алмақ болып, ары жұлқысты, бері жұлқысты. Тіпті әуелі тұмсықтарын тыржитып, ырылдаса бастады. Біресе ақ күшік сүйреді, біресе көк күшік сүйреді. Сөйте-сөйте олар жыраның табанына түсті.

Еңіс жаққа шығып алған Көкжал Аппақайды дырылдатып ала жөнелді. Аппақай аузындағы теріні еріксіз жібере салды. Көкжал өз екпінімен барып артындағы су орған қуысқа түсті де кетті!

Бұл шұқыр көк күшік шыға алатындай жер емес еді: өзі кісі бойындай терең, қабырғасы да тіп-тік, төменгі жағы қараңғы қуыс.

Осыған тап болған көк күшік тартып алған «олжасын» тастады. Жанталасып, шұқырдан шығар жол іздеді. Бір жерге жармасып, жоғары қарай өрмелеп еді, одан қайта құлап түсті. Енді қайтерін білмей, көкке қарап қыңсылай бастады.

Оған жаны ашып кеткен ақ күшік те қосыла қыңсылап, шұқырды жағалап шыр айналды. Жан-жағына жалтақтап, «көмек сұрап» шәуілдеп үрді де.

Бірақ онысын ешкім естімеді, ешкім көрмеді. Өйткені, бұл ара үйден де, жолдан да қалтарыстау, ескерусіз жер еді. Тек бір ала қанат сауысқан ғана бірдеңені сезгендей болып, сондағы бір ағаш басында шықылықтап отырды.

Сонымен көк күшік ойламаған жерден өлім мен өмір арасында қалды. Енді оны біреу тауып, шығарып алмаса, бітті дей бер.

***

Бір уақытта Ермектің апасы күшіктерге тамақ құйғалы сыртқа шыққан. Мұндайда ол екеуі жүгіріп келіп, құйрықтарын бұлғаңдата аяғына оралушы еді, бұл жолы аулада көрінбеді.

— Кө-өкжал, Көкжал, кә, кә! — деп дауыстап шақырды.

Олар келмеді.

— Әке-ау, бұлар қайда жүр!? Ермектің соңынан кетті ме екен? — деп, қақпадан шығып қаттырақ дауыстады:

— А-аппақ, Аппақ, кә, кә! Кө-өкжал, Көкжал, кә, кә!

Бұл дауысты естіп, әлден уақытта Аппақай келді. Оны көрген Ермектің апасы:

Әй, қайда жүрсіңдер? Көкжал қайда? — деп, балаға сөйлегендей еркелете сөйлеп, итаяққа тамақ құйды.

Аппақай сылпылдатып тамағын ішіп жатты. Көкжал жоқ. Сол арада ыдысын көтеріп, сүт сұраған көрші әйел келе қалды.

— Біздің әлгі көк күшікті көрмедің бе? — деді Ермектің апасы.

— Бағана екеуі де ана жол жақта жүрген, — деді ол.

— Қап, құдай-ай! Біреу алып кеткен ғой оны. Жақсы төбет болатын неме еді! Ермек те жылайды-ау енді, — деді де, — қой, мынадан да айырылып қалармыз, — деп, тамағын ішіп болып, жаланып отырған Аппақайды үйшікке кіргізіп, қамап қойды.

Қас қарая мектептен Ермек келді. Екі күшігі күндегіше арсалаңдап аддынан шығып,аяғына оралмады.

Ермектің келгенін біліп, Аппақай үйшікті тырмалап, қыңсылап кетті.

Ермек үйшіктің есігін ашып, Аппақайды құшақтап, көтеріп алды. Оның арқа-басын сипай тұрып, көк күшігін жоқтай бастағанда, үйден апасы шықты.

— Апа, Көкжал қайда!? — деді.

— Өй, ол осы түстен бері жоқ. Сен кеткен соң бұлар мына жол жақта жүрсе керек. Біреу алып кетті ме екен деймін. Жақсы ит болатын неме еді, қарашы енді! Осы ауылдың бір қағынған балалары алса, қайтып берер. Табылып қалар, жүр үйге, тамағыңды іш.

Алғаш Ермектің көңілі босап, жылағысы келген. Бірақ одан не пайда? Ақылға салып ойлана бастады.

«Апасы айтқандай, «қағынған балалар алса» кімдер алады?» дейді ішінен. «Бағана, өзі мектепке бара жатқанда, мына көрші ауылдан келіп оқитын екі бала қарсы жолығып еді. Екеуі де осы Көкжал жоғалған жолмен жүр еді. Олар алса, сол ауылдан келетін бір досы бар, сол арқылы білуге болады». Осындай ойланудан кейін:

— Мен оны таппай қоймаймын! Ертең мектепке хабарландыру жазамын, — деп кәдімгідей қатулана сөйлеп, Аппақайды үйшікке қайта қамады.

Өзі үйге кірді де, сөмкесін қойып, киімін ауыстырып киіп, қолын жуып келіп тамағын ішті. Көк күшігін ойлай отырып теледидар көрді. Біраздан кейін сабақ дайындағалы үстелге отырып еді, күшігі ойынан кетпей, алдымен ол туралы хабарландыру жазуға кірісті.

Кәдімгідей мандайын сипап отырып, ойша құрастырып алды да, сонан соң барып қағазға түсірді: «Хабарландыру. Біздің бір көк сұр күшігіміз жоғалды. Аты — Көкжал. Соны көрген адамның 4 «а» сынып оқушысы Ермекке хабарласуын сұраймыз.Сыйлығы бар».

Бұл хабарландыруын екі-үш қайтара оқып шықты. «Ертең апама көрсетіп, қайта көшіріп жазармын» деп жауып қойды да, сыртқа шықты.

Түн тастай қараңғы екен. Ауылдың әр-әр жерінен үрген иттің даусы келеді. Аппақай Көкжалды іздеп, қыңсылап тұр. Тіпті ол аянышты дауыспен шәуілдей үріп, даусын соза ұлып та жіберді.

Ермек оны үйшіктен шығарып, біраз көтеріп жүрді. «Сен Көкжалды ойлап, қыңсылап жылама. Біз оны ертең-ақ табамыз» деп, күшігін үйшігіне қайта жайғастырды да, өзі үйге кіріп жатып қалды.

Көк күшігін ойлап жатып ұйықтап кетті. Түс көрді. Түсінде өзі ұнатпайтын бір бала қасына келіп: «Сенің көк күшігіңнің қайда екенін мен білемін. Әуелі сыйлығыңды ата. Қанша ақша бересің? Сонан соң айтамын», — деді...

***

Торғай шырылдады. Қызыл әтеш қанатын қағып-қағып жіберіп, кеңірдегін соза: «Та-ң ат-ты-ы!» деп жар салды. Әлден уақытта Ермек те ұйқысынан оянып, тағы да көк күшігін ойлады: «Көкжал бізді іздеп, қыңсылап жылаған шығар. Бөтен ит оған тұмсығын тыржита ырылдап, тамақ ішкізбеген шығар. Ұрлаған адам оны қиын жерге қамап тастаған шығар...» деген сияқты біраз жайларды қиялдап жатқанда, сырттан сиырын сауып, апасы кірді.

Ермектің ояу екенін көріп:

— Тұр, балам-ей. Ана ақ күшік сыңарын жоқтап, түнімен қыңсылады, — деді.

Ермек апыл-ғұпыл киініп, сыртқа шықты. Үйшіктің есігін ашып:

— Сәлем, Аппақай! Көкжалды сағындың ғой, ә? — деп оны босатып жіберді.

Ол күндегіше арсалаңдап, аяққа оралмады. Дереу есік жаққа барды да, қақпаның астынан еңбектеп өтіп, сыртқа кетті. «Өй, бұл қайда бармақ болды!?» деп есік алдына шыққан Ермек оның қырға қарай шапқылап бара жатқанын көрді.

«Е-е, Көкжалды бірге жүрген жерінен іздемекші ғой» — Ермек те соңынан жүгіріп барып, қырға шықты. Алдындағы жырада бірдеңеге құйрығын бұлғап, қыңсылап тұрған Аппақайды көрді. Ол иесіне қарап, «әу-әу-әу, әу-әу-әу!» деп шақырғандай болды.

Ермек жүгіріп барса, байғұс көк күшігі көзі жылтырап, терең шұқырдың түбінде тұр екен!

Құйрығын бұлғап, қыңсылап кетті. Ермек:

— О-о, ақымағым! Мұнда нең бар еді?! Көзіңе қарап жүрмейсің бе! Аппақай болмаса, сені ешкім де таппас еді. Осында жатып өлетін едің! — деп шұңқырға түсіп, Көкжалды сыртқа көтеріп шықты.

Сөйтіп, үш дос қуана жүгіріп үйлеріне келді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама