- 13 нау. 2020 00:00
- 253
Қайсысымыз жақсы түс көрсек, сонымыз жейік
Үш аңшы көл жағасынан құс атуға шығады. Оларға еш нәрсе кездесе қоймайды. Әбден шаршап, кешке таман ауылдарына қайтып бара жатқанда, алдарынан бір шүрегей үйрек «пыр-р-р» етіп ұша жөнеледі. Үш аңшы атып-атып жібергенде, үйрек көл жағалауындағы шалшыққа құлап түседі. Үйректі шалшықтан алып шығып, үшеуі кеңес құрады.
— Үшеуіміздің атқанымыз бір шүрегей, бұл қайсымызға жетеді?
— Жасы үлкен десеңдер, маған беріңдер.
— Жоқ, мен аламын, — дейді ортаншысы.
— Біреуіміз алып, қалған екеуіміздің құр алақан қалғанымыз болмас, — дейді ең кішісі, — біз бүгін осы көл жағасына қонайық. Қайсысымыз жақсы түс көрсек, сонымыз жейік, — дейді. Бұған қалған екеуі «мақұл» деседі.
Сонымен аңшылар ұйықтап, дем алады. Таңертең орындарынан тұрып, кімнің қандай түс көргенін бір-бірінен сұрай бастайды.
Үш аңшының ең үлкені:
— Мен түсімде хан болып ел билеппін. Жұрттың бәрін бір шыбықпен айдап, әмір жүргізіппін. Сан мың әскерім болыпты. Талай жаумен айқасыппын. Жеңіске жетіп, бір зәулім сарайда той жасап, бір керемет сұлулармен сауық-сайран салып жүрмін, — дей бергенде, ортаншысы:
— О, ғажап дүние-ай, түсімде маған қанат бітіп, көкке ұшыппын. Пейіштің дәл ортасында хор қызына үйленіп, періштелермен мидай араласып жүр екенмін-ау деймін.
Сонда кішісі былай депті:
— Мен түсімде біреуіңнің хан болғаныңды, екіншіңнің қанат бітіп, аспанға ұшып, періштелермен араласып жүргеніңді көрдім де, сол рахат дүниені тастап, мына кішкентай шүрегей үйректің етіне бола қайтып келмес дедім де, піскен үйректі өзім жеп қойдым, — депті. Сонда қалған екеуі кішісінің бетіне қарап, құр тамсаныпты да қалыпты.