Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қазанның құлауын қайқы қылышпен түсіндіретін тарихшыларға қарсылық

Күздің қара суығында Мәскеу билеушісі IV Иван 150 зеңбірек, темір сауыт құрсанған 150 мың әскерін бастап, Қазан қаласына келіп жетті. Бұл уақытта Қазан бар - жоғы 30 мың сарбаз жинап үлгерген еді. Жау әскерінің саны бес есе, ал қару-жарағы 20-30 есе күшті екенін қамалдағылар үрейлене қарады. Бұл шайқасқа Құлшәріп молда, ноғай Изенеш би, түмендік Кебек батыр, Дербіш батыр, Сүйіншәлі батыр, атақты Шора батырдың інілері - Шапқын, Аталық, Ислам, Әлікейлер қатысты. Сонымен татарлар астанасы үшін жан алысып, жан беріскен шайқас басталды. Жау әскері көп уақытқа дейін бөгеліп, беті қайта басаған еді, ең ақырында IV Иванның бұйрығымен зеңбіректер гүрсілдеп қоя берді. Еділдің бойы қырылған адам дауысы мен атылған зеңбірек үніне тұнып кетті. Кезінде Бату хан құрылысын бастап, кейін Ұлық Мұхмед жаңартқан атақты Қазан шахары қираған үйіндіге айналды. 500 мың қазандық түрік-татарлар қаза тапты, қаншама қыз-келіншектің ары тонауға түсті. ІV Иван:

«Әйелдер мен жас балаларды ғана қалдырып, қалғанын түгелдей қырыңдар» - деген пәрмен берді.

Бастары кесілген, қолдары шабылған өлі денелерді Еділмен төмен қарай салмен ағызылды. Бұл өліктерді көріп шошынған Астрахан жұрты орыстар келмей тұрып берілудің қамына кірісті. Ноғайлар мен астрахандықтар мұндай сұмдықтан зәрелері ұшты. Ал Ысмайыл өзінің одақтасы ІV Иванның кім екенін енді түсінді. Оның қолында қандай қару бар екенін енді ұғынды.

Бұл жан шошырлық оқиға туралы тарихи деректерде былай жазады:

«Дарияның арғы бетінде жайылып жүрген жетім лақ, өлі денелердің үстін басып өтіп, бергі бетке шығатын еді».

Қазан оқиғасы – түрік халықтарының жұлдызы сөне бастағанын көрсетті. Бұл жалғыз Қазанның құлауы емес, өзге де ордалардың маңдайына ерте ме, кеш пе тиетін шоқпардың қандай болатынын көрсеткен оқиға болды. Ажалмен талай бетпе-бет келіп, Қазанды қорғап қалған Сафа Герейдің сүйікті жары Сүйімбике енді қас жауы Шах Әлиге күшпен тұрмысқа шықты. Ал оның ұлы Өтеміс Герей мұсылмандықтан бас тартып, шіркеуде шоқындырылды. Өтеміс Герей енді “Александр” деп аталды.

Бұл бәрінен бұрын нағашы атасы Жүсіп бидің жүрегін қан жылатты. Қазанның күл-талқаны шыққанын көзімен көрген ол өзінің антиорыстық көзқарасына толық сенімді еді. Көреген бидің көрген көкжиегінде көшпенді елдің күні батуға таяғанды. Олардың әрқайсысы өз әлдерінше тұяқтарын соңғы рет сермеп қалуға ұмтылды. Соңғы кездері тарихшылар мен көзі қарақты оқырмандар арасында Қазан, Астрахан мен Сібірдің құлауына, Алтын Орданың бөлшектеніп, іріп-шіруіне өзара қырқыспен қатар  көмек қолын созбауымен байланыстырып жүр. Мысалы бір ғана Қазан трагедиясын алайық. Қырық күн бойы Иванның мұздай қаруланған армиясына қарсы тұрған Қазанға ноғай биі Жүсіп қол ұшын созып көмектескенде немесе Хақназар ханның әскері үлгеріп келгенде бәлкім Қазан қаласы тағы да аман қалар ма еді деген екі ұшты ойлар айтылып жатады. Әрине, тарихқа «солай болғанда бұлай болар ма еді» - деген нәрселер жүрмейді. Сонда да тарқатып айтып көрейік.

Мен Қазанға барғанша,

Қан жаумасын, қар жаусын,

Мен Қазанға барған соң,

Қар жаумасын, қан жаусын!

Кермет сөздер, солай емес пе? Жан тебірентетін сөздер. Адамдық қасиет, адамгершілік түсініктер жалпы адамзаттың асыл қасиеті. Бұл сөзсіз тамаша. Идеалды әлем жоқ болса да бар. Ол біздің санамызда өмір сүреді. Бірақ материалдық әлемде реалды көзқарастар, мәселеге объективті көзқараспен қарау да керек.

Жарайды, Хақназар ханымыз келіп көмектесті, Жүсіп бидің балалары жанын салып Қазанды қорғап қалды деп есептейік. Иванның әскері кері шегінді. Бірақ орыстар тағы келеді. Сосын тағы келеді. Бұл тарбиғи заңдылық. Хақназар мен Жүсіп бір рет, екі рет, тіпті бес рет құтқарып қалса да Қазанның құлайтыны анық болатын. Себебі өзіндік өнеркәсібі жоқ, экономикасы дамымаған, саяси жүйесі феодалдық құрылыстан өте алмаған, әлеуметтік-экономикалық артта қалған, яғни мешеулікке ұшыраған елді жанындағы күшті мемлекеттің түбі басып алатыны анық. Қазанның құлауына Мәскеу мемлекетінде енді қалыптасып келе жатқан буржуазияның жаңа кеңістік ашуға деген ұмтылысы ерекше әсер етті. Оларға өз тауарларын өндіру мен сату рыноктарын кеңейту үшін хандардың ұстанып отырған экономикалық құрсаулау саясаты көп кедергі келтірді. Бір ғана мысал, Мәскеу патшасы мен Қазан ханына қосарлы салық төлеу өнеркәсіп иелері үшін әлдеқайда тиімсіз болды. Егер экономикалық мешеулікке ұрынған Қазан бағындырылса олар тек бір адамға ғана салық төлейді де, сәйкесінше олардың өткізу нарығы кеңейеді. Ал билік басындағылар олардың бұл талабын соғыс арқылы шешіп берді. Сол себепті Қазан трагедиясын саяси процестермен ғана байланыстыру үлкен қателік болар еді. Ал саяси тұрғыда Қазанның бағындырылуы орыстардың алдағы Орта Азия мен Қиыр Шығыс экспансиясының негізгі базасына айналды.

Қазан қаласы дүрбелеңге түсіп, біздің жырауларымыз Ұлы даланы қоңыр домбырасымен күмбірлетіп үйілген өліктерді, қан сасыған даланы жырлап жатқанда Иван Грозный митрополит Макариймен кездесіп, енді бүкіл орыс даласында кітап басу ісін бастамақ ойын айтады. Осы жылы оған Дания елінен Мәскеуге кітап басу шебері Миссингейм келді. Орыс жұрты тың жаңалықтан тосырқамады. Мәскеу одан әрі өрлей берді, өрлей берді.  

Түрік тектес халықтардың тарихына үңіліп, жеңілісінің сырын айтқанда бұл халықтардың экономикалық-әлеуметтік мәселелерін ешқашан ұмыт қалдыруға болмайды. Себебі біздің тарихымыз тек атыс-шабыстардан ғана тұрмайды. Осыны түсінетін кез жетті.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама