Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 5 күн бұрын)
Қазақ (Қырғыз) АКСР-ның құрылуына -  100 жыл

Қазақ АКСР  заңды түрде 1920 жылдан 1936 жылға дейін өмір сүрген мемлекет. Ол қалай құрылды? 

Қазақ (Қырғыз) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын құруға дайындық жұмыстарын ұйымдастыру үшін 1918 жылы 12 мамырда Ұлттар ісі халық комиссариаты жанынан алғашқы арнайы саяси орган – қырғыз (қазақ) бөлімі ашылды. Бірақ, азамат соғысы басталып кеткендіктен, тек 1919 жылдың 10 шілдесінде ғана «Қырғыз (қазақ) өлкесін басқаратын революциялық комитет (Ревком) туралы уақытша ереже» атты әскери-әкімшілік орган құрылды. Тарихта Кирревком деген атпен белгілі комитеттің кұрамында әр жылдары, С. Пестковскийдің төрағалығымен, А.Байтұрсынов, В.Лукашев, Ә.Жангелдин, М.Тұнғаншин, С.Меңдешев, Б.Қаратаев, Ә.Әйтиев, А.Авдиев т.б. болды. Әскери-азаматтық билік берілген комитет, әртүрлі жұмыстарды атқарды, оның ішінде, сол кезде маңызды болған «әскери коммунизм» саясатын іске асырды, тек автономия мәселесімен айналысқан жоқ.

1920 жылдың тамызында Мәскеу қаласында Кирревком және Түркістан майданының әскери-төңкеріс кеңесі, РКП/б/ Түркістан өлкелік комитетінің партия және кеңестік ұйымдардың өкілдері қатысқан, Қырғыз АКСР-ын құру туралы бірнеше мәжілістер өткізілді. Соңғы мәжіліске социалистік революцияның көсемі, Кеңес мемлекетін құрушы В. Ульянов (Ленин) төрағалық етті. Нәтижесінде, 1920 жылдың 17 тамызында РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі Қазақ Республикасы жөніндегі Декреттің жобасын қарап колдады. 1920 жылдың 26 тамызында В. Ленин мен И. Калинин қол қойған «Қырғыз Кеңестік Автономиялық Республикасын құру туралы» тарихи Декрет жарияланды. Осы Заң бойынша, Автономия (Қырғыз АКСР) РСФСР атты мемлекеттін құрамында құрылатыны, және де бас қаласы Орынбор болатыны көрсетілді. 1920 жылдың 4-12 қазанында Орынбор қаласында өткен Құрылтай съезінде, Қырғыз Кеңестік Автономиялық социалистік республикасы еңбекшілер құқықтарының Декларациясы кабылданды.  Депутаттардың жергілікті Кеңестері, Қырғыз Кеңестік Социалистік Республикасының Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесі Автономиялы Кырғыз Социалистік  Кеңес Республикасының Басқару органдары болып табылды. Орталық Атқару Комитетінің (ОАК) басшысы – С.Мендешев, Халық Комиссарлары Кеңесінінің (ХКК) басшысы болып В.Радус-Зеньковичті сайлады.

ҚырАКСР-ның құрамына: Павлодар, Семей, Өскемен, Зайсан және Қарқаралы уездері бар Семей облысы; Атбасар, Ақмола, Көкшетау, Петропавл уездері бар Ақмола облысы; Қостанай, Ақтөбе, Ырғыз және Торғай уездері бар Торғай облысы; Орал, Ілшібін, Темір мен Гурьев уездері бар Орал облысы; Закаспий облысының Маңқыстау уезі; сол облыстың Красноводск уезінің 4-ші және 5-ші Адай болыстары; Астрахан губерниясынан: Синеморск болысы, Бөкей ордасы және 1-ші, 2-ші Приморье окрутеріне жапсарлас жатқан болыстар енді.  Территориялық мәселелерді шешуде әртүрлі пікірлер айтылды. Пікірсайыс барысында қазақ халқының тарихын жақсы білген ұлы тұлғаларымыз – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлимхан Ермеков және т.б. ресми кұжаттарға сүйене отырып, қазақтың жерін жинап бергенін есімізден шығармаған жөн. Олар Ресей империясының кезінде отаршылдық мақсатпен қазақтың жері түрлі әкімшілік бөліктерге бөлініп, дәстүрлі шаруашылығы мен ру-тайпалық  қарым-қатынастың ескерілмегені, соның салдарынан, біртұтас қазақ жерінің бірнеше республикалардың құрамында екенін дәлелдеп берген. Сонымен қатар, 1917-1920 жж. Алаш зиялыларының құрған "Алаш" атты ұлттық-территориялық автономиясына еңген территориямен салыстырсақ болады. 1917 жылғы 5-13 желтоқсанда өткен ІІ Жалпықазақ съезінде қабылданған қаулыдан үзінді келтіруге болады: "Тегі бір, мәдениет, тарихы бір және тілі бір Қазақ-Қырғыз халқы басым тұтас аумақ болып табылатын Бөкей Ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстарының, Фергана, Самарканд уездері, Закаспий облысы қырғыздарының, Алтай губерниясының жапсарлас жатқан қырғыз болыстарының аумақтық-ұлттық автономиясы құрылсын" делінген. 

Қырғыз Социалистік Кеңес республикасы істерін басқару үшін 12 Халық комиссариаттары құрылды, оның ішінде: Почта мен Телеграф басқармасы бар Ішкі істер Комиссариаты; Әділет; Ағарту; Денсаулық сақтау; Әлеуметтік  қамсыздандыру; Егіншілік; Азық-түлік; Қаржы Халық Комиссариаттары және т.б. Республиканың бүкіл территориясында РСФСР-дің қаржы және шаруашылық саясатының бірлігін сақтау мақсатымен Қырғыз Социалистік Кеңес Республикасының Азық-түлік, Қаржы, Жұмысшы-Шаруа Инспекциясы Халық Комиссариаттары, сондай-ақ Халық Шаруашылық Кеңесі және Почта мен Телеграф Басқармасы, Қырғыз Статистика Бюросы, Қырғыз Төтенше Комиссиясы, Еңбек Халық Комиссариаты мен Қатынас жолдар Халық Комиссариаты РСФСР-дің тиісті Халық Комиссариатттарына тікелей бағынатын болды.  Сыртқы істер мен сыртқы сауда бүтіндей РСФСР-дің Орталық органдарының қарамағында қалды. Қырғыз (Қазақ) АКСР-на қажетті барлық қаржымен, техникалық құралдарымен РСФСР қаржысынан жіберіліп отырды. 1925 жылға дейін Қазақстанның оңтүстігі Түркістан АКСР-ның  құрамында болды. Орта Азияны ұлттық-мемлекеттік тұрғыдан межелеу саясатының нәтижесінде, Қазалы, Ақмешіт, Түркістан, Әулиеата уездері, Самарқанд облысындағы Жизақ уезінің бірнеше болысы, Алматы, Жаркент, Лепсі, Қапал уездері, Жетісу облысының Бішкек уезі (бір бөлігі) Қазақстанға  қарады.                                                                                                 

1925 жылы 18 сәуірде өткен Кеңестердің бүкілқазақстандық V съезі «Қырғыз халқының тарихи дұрыс атауын қалпына келтіру үшін қырғыздар алдағы уақыттарда қазақтар деп аталсын» деген қаулы қабылдады. 1925 жылы 15 маусымда Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті Қырғыз АКСР-ның атын Қазақ АКСР-і және Ақмешіттің атын Қызылорда деп өзгерту туралы қаулы қабылдады. Сонымен, Қазақ (Қырғыз) АКСР-ы бастапқыда Қырғыз  АКСР-ы деп құрылды, 1925 жылдың 15 маусымынан бастап Қазақ АКСР-ы деп аталды. Автономия 1936 жылдың 5 желтоқсанына дейін өмір сүрді және Ресей Советтік (Кенестік) Федеративті Социалистік Республикаға (РСФСР) тәуелді болды. Ал 1936 жылдың 5 желтоқсанында автономия республикалық денгейге көтереліп, Қазақ Советтік (Кенестік) Социалистік Республика (КазССР) деп аталды да, бұрынғы КСРО құрамында болған одақтас республикалардың біріне айналды. Ең маңыздысы – аталмыш мемлекеттің территориясың кезіңде Алаш зиялылары 1917 жылы құрған Алаш автономиясында (1917-1920 жж.) белгілеген территорияның негізгі жерін Қазақ АКСР-ында сақтап қалуға зор үлес қосқанын ұмытпаумыз қажет.

Ахметжанова Ажар. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ.

Тарих, археология және этнология факультеті


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама