- 28 нау. 2016 00:00
- 282
Қазақ тілі олимпиадасында оңтүстіккореялық оқушы жеңіске жетті
Дарынды оқушыларды қолдау және анықтау мақсатында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Мемлекеттік тілді дамыту қорының қолдауымен 25-26 наурыз аралығында Астана қаласында 5-10 сынып аралығында оқитын өзге ұлт оқушылары арасында қазақ тілінен X «Тіл - мемлекет тәуелсіздігінің символы» атты республикалық қашықтықтан ұйымдастырылған олимпиадасын өткізді.
Олимпиада екі кезеңде өтті: Онлайн режимде өткен І кезеңге 2847 оқушы қатысты. Ең жоғары ұпай жинаған 114 оқушы Астана қаласындағы «Нұр Орда» мектеп-лицейінің базасында олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысуға шақырылды. Қорытынды кезеңге 72 оқушы мен олардың қазақ тілі пәнінің 32 мұғалімі қатысты.
Олимпиаданың жеңімпазы және I дәрежелі диплом иегері болып Оңтүстік Корея азаматшасы, Алматы қаласы №159 гимназиясының оқушысы Пак Щи-ын танылды. II дәрежелі дипломның иегері болып Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданынан өзбек ұлтының өкілі Бахор Сүлейменова танылды, III дәрежелі диплом иегері - Семей қаласынан неміс ұлтының өкілі Шеина Адэлина.
Мереке соңында олимпиада қатысушылары қазақтың танымал композиторы Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғау» күйін, Мұқағали Мақатаевтың «Қара сазын» орындап берді, деп хабарлайды Мемлекеттік тілді дамыту қорының баспасөз қызметі.