Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 апта бұрын)
Қазақ халқының ұлттық киімдері
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: оқушыларға ұлттық киімдер туралы түсінік беру, олардың түрлерімен таныстыру.
Дамытушылық: оқушылардың ұлттық бұйымға деген қызығушылығын арттыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелік: оқушылардың сабақ барысында халықтың өнерін, салт - дәстүрді бағалай білуге, шеберлікке тәрбиелеу.

Сабақтың типі: ашық сабақ
Сабақтың түрі: аралас сабақ
Сабақтың әдісі: баяндау, түсіндіру, көрсету
Сабақ көрнекілігі: слайд, ұлттық киімдердің суреттері, түрлері
Сабақтың барысы:

I Ұйымдастыру кезеңі.
1. Оқушыларды түгендеу
2. Сабаққа даярлығын тексеру
3. Техника қауіпсіздік ережесін сақтау

II. Үй тапсырмасын сұрау:
1. Ақау түрлері?
2. Кеуде, бел, мықын тұсы кең болған жағдайда қандай түзету жұмыстарын жүргіземіз?
3. Кеуде, бел, мықын тұсы тар болған жағдайда қандай түзету жұмыстарын жүргіземіз?
4. Ылғалды - жылумен өңдеген кезде қандай қауіпсіздік ережелерін сақтаймыз?
5. Қолтық ойындысы тар болған жағдайда қандай түзету жұмыстарын жүргіземіз?

III Жаңа сабақ
Қазақ халқының қол өнері көне заман тарихымен бірге дамып, біте қайнасып келе жатқан бай қазына. Оның бір ұшығы туысқан Орта Азия халықтарының және орыс халқының қол өнерімен де ұштасып жатыр. Қол өнерінің басты бір саласы — киім тігу. Ерте заманнан күні бүгінге дейін өзінің қадір - қасиетін жоймай, қол өнерінің озық үлгісі ретінде ғана емес, әрі әсем, әрі ыңғайлылығымен де пайдаланудан қалмай келе жатқан қазақтың ұлттық киімдері әлі де аз емес. Олардың кейбіреулерін ескінің көзі қарттар күнделікті киіп жүрсе, енді біреулерін қыз ұзату, келін түсіру тойларында ойын - сауыққа пайдаланады (қалындыққа сәукеле кигізу). Қазақтың ұлттық киімдері - Еуразия даласын қоныс еткен көшпелі ел қазақтардың басқа халықтарға ұксамайтын киім үлгілері табиғи ерекшеліктер мен көшпелі тіршілікке сәйкес қалыптасты. Қазақы киімнің барша сымбаты мен ою - өрнегінде, әрбір әшекейінде халқымыздың тарихының, ой - дүниесінің қайталанбас көрінісі бар. Ол - біздің ұлттық мәдениетіміз.

Ер адам киімі
Ішік - әр түрлі аң терілерінен тігеді. Олар аң түрлерінің атына сәйкес бұлғын ішік, жанат ішік, түлкі ішік, қасқыр ішік, күзен ішік болып бірнеше түрге бөлінген. Аң терісінен тігілген ішіктердің сыртын шұға, үш топ барқыт, атлас, манат сияқты бағалы да ширақы маталармен тыстаған. Кейде осы материалдарды бірнеше түсті жібек жіптермен кестелеп, сумоншақ, маржан тізген жіптер бастырып, етек - жеңіне алтын, күміс зер ұстап, кейде бөлек тігілген кестелермен сыртынан қаптап киген. Ішіктер кейде әдіпті, қайырма жағалы болып келген.

Шапан - Қазақстан мен Орта Азия халықтарының ұлттық киімі. Оны қалың матадан астарына жүн, мақта салып, астарлап сырып тігеді. Шапандар көбінесе қайырма жағалы, кейде тік жағалы бешпент түрінде кездеседі. Қайырма жаға шапанның бір түймесі, тік жағалы бешпент шапанның екі түймесі бар болып келеді.
Тон - қазақтың ұлттық киімдерінің бірі, оны қойдың, ешкінің және құлынның терісінен тігеді. Тон тігетін теріні ең алдымен шел майынан арылтады. Одан соң оны күбіге салып не ашық күйінде илейді. Қой мен ешкінің терісінен тон тіккенде терінің жүні мен тігісі ішіне қарайды. Тонды тебен инемен басып тігіп, немесе шалып тігіп кестелейді. Кейде сыртына тыстық жапсырып қаптама тон да тігеді. Қаптама тондардың тыстарын әр түсті жіппен кестелеп, елтірі, сеңсең, аң терілерінен қайырма жаға жасап тіккен

Шалбар - барқыт, пүліш, шұға, шибарқыт, шегрен, сияқты ширақы маталардан, қой - ешкі терілерінен тігеді. Шалбардың бауы ышқырға өткізіледі, қалтасыз, кең балақ болып келеді. Оның кең тігілуі салт атқа мініп - тұруға, малдас құрып отыруға өте қолайлы болған. Шалбардың балағы кейде етік қонышының ішіне салынып, кейде қоныштың сыртында жүреді. Қой терісінің әр түрлерінен (жүндес, қырықпа, тақыр және т. б.), ешкі және құлын терілерінен, былғарыдан тігілген шалбарды көбінесе тыстамайды. Оны бір түске бояп, кестелейді, балағын құндыз, сусар сияқты аң терілерімен тіккен. Теріден тігілген шалбарды матамен тыстап та жүрген. Еркектер көбінесе сырт киімдерін түймесіз, тек белбеумен ғана киген. Белбеуді бірнеше метр матадан ораған.

Әйел киімі
Әр аймақта әр түрлі үлгілермен, әр алуан атаулармен кездестіруге болады. Солардың ішінде қазақ елінің бәріне тән түрлері: көйлек, кимешек, жаулық, сәукеле, тақия, қамзол, кебіс - мәсі, көкірекше сияқты заттар. Әйел киімдері әшекей, ажар жағынан ел салты бойынша төрт топқа арналып тігілген. Олар қыз киімдері, келіншек киімдері, орта жастағы әйелдер мен қарт бәйбішелердің киімдері. Бұлардың әрқайсысының тігілу мәнері де әшекейі де әр қилы. Қыз киімдерінің кеуделері тар, қынамалы, омырауы мен жаға - жеңдері кестелі, көйлектері қос етекті, бас киімдері үкілі, моншақты, аяқ киімдері биік өкшелі, жеңіл және қай киімі болса да алтын, күміс, меруерт моншақтармен әшекейленеді. Қыздар көбінесе құндыз бөрік, тақия киіп, шолпы тағып жүреді. Келіншектер бір құрсақ көтергенше қыз киімдерін кие береді. Бірақ олар бөрік, тақия кимейді, үкі тақпайды және жалаңбас жүрмейді. Құрсақ көтерген келіншектер киімдерін мол етіп тігеді. Орта жастағы әйелдердің көйлектері қос етексіз, белі мен жеңі кең болып бүріледі. Бұл жастағы әйелдер орамал тартады. Қарт әйелдердің киімі неғұрлым етекті, мол қаусырмалы, қалталы, әшекейлерінің көбі түйме, оқалы өңір сияқты заттар болған. Олар шолпы тақпаған, алқа салмаған. Ал көксауыр кебі, кестелі мәсі, білезік, сырға, сақина, күміс түйме, теңге сияқты әшекейлі заттарды қай жастағы әйелдер болсын тағына берген.
Әйел киімдерінің ең бастысы көйлек, одан кейін сәукеле, бөрік, тақия, кимешек - жаулық, бас киімдер мен қамзол, желетке болған. Әйел көйлегінің кеудесі мен етегі екі бөлек тігіліп, соңынан етекті кеудеге бүріп қосатын. Кеуденің етекке қосылған жерін көйлектің белі немесе бүрмесі деп атаған. Көйлектің жағасы тік, бір жақ иық үстінен түймеленеді. Ал қыз - келіншектердің көйлегінің жағасы кестеленеді немесе қол инемен көркемдеп қайып тігіледі. Кейде жағаның үстіңгі шетін бүрмелеп желбірлеп қояды. Қыз - келіншек көйлегінің жағасының өңіріне бірнеше түймені тізіп қадайды.
Қыздар мен жас әйелдердің ең бір сәнді киімі қос етек көйлек. Қос етек көйлек әдетте ақ түсті қымбат жібектен, асыл матадан тігіліп таза жүннен тоқылады. Мұндай көйлекті қыс киюге арнайды да, бір киер көйлек санайды. Қос етек көйлек әдетте ұзын, кең, оның жеңінің ұшы мен жағасы, белі бүрмеленіп, қатпарлы желбір салынады.

Қамзол - әйелдер ұлт киімінің бірі. Ол барқыт, мақпал, пүліш маталарынан тігеді. Қамзолда жең де, жаға да болмайды. Тек тыс пен астардан тұрады. Астарына кобінесе атласты пайдаланады. Түйме орнына әшекейленіп жасалған қаусырма тағылады. Алдынғы бөлігі мен етегін ою - өрнекткрмен әшекейлейді.

Бас киім
Қазақ қауымының әдетінде ер мен әйелдің бас киімі де әр баса. Ерге тән бас киімдер: тақия, бөрік, тымақ, мұрақ(айырқалпақ). Оларды теріден, аң терілерінен, тыстық маталар сырып тігеді. Әйел бас киімдері: кимешек, жаулық, сәукеле, желек, шәлі бүркеніш, т. б. Бұлар көбінесе іштік жеңіл матадан, ал тақия, құндыз бөрік, шошақ бөріктер ең қымбатты аң терілерінен тігіледі.
Қазақ ғұрпында бас киім көріктілік пен сәнділікті, баршылықты білдіретін қасиетті киім саналған. Қазақтың «дос аяғыңа қарайды, дұшпан басыңа қарайды» дейтін мақалы осы жайдан қалыптасқан. Сол сияқты сыпайылық көрсеткенде, біреуден біреу кешірім өтінгенде, аяққа жығылғанда бас киімді шешіп немесе бөрігін аяқ астына тастап аһ ұру да осы бас киімді қастерлеуден туған. Қысқы, жазғы бас киімдер бір бөлек, той жиындарда, жорықтарда киетін бас киім бір белек болып түрліше тігілетін. Тымақ пен бөрікті көбінесе елтіріден, сеңсеңнен, лақ терісінен, пұшпақтан т. б. мал терілерінен жасап тыстайды, арасына жүн салып сыриды. Қыстыгүні киетін түлкі терісінен жасаған тымақты барқыт, пүліш, атлас, шұға сияқты жылы, әрі қымбат маталармен тыстаған.
Тымақ — қазақта тымақтың түрлері көп, соның ең бағалысы – түлкі тымақ. Оның маңдайы мен құлақтарының ішкі жағына түлкі терісі тігіледі де, сырты мақпалмен, пүлішпен немесе басқа асыл маталармен сырылып тысталады. Тымақтың төбесі төрт немесе алты сай киізден құралып, шошақ болып келеді.

Бөрік - қазақтың ертеден қалыптасқан ұлттық бас киімі, оны бағалы аң терісінен және жас төлдің етірісінен тігеді. Оның жаздық және қыстық түрлері болады. Терінің түріне қарай бөрік әр алуан аталады. Құндыз бөрік, сусар бөрік, кәмшат бөрік, жанат бөрік, түлкі бөрік, елтірі бөрік, т. б. деп аталады. Оны ерлер де, қыздар да киеді. Бөріктің төбесі көбінесе алты сай (қиық), төрт сай болып келеді. Оны тіккенде алдымен өлшеп алып, жұқа киізден төрт не алты сай етіп пішеді. Әр сайдың төбеде түйісетін ұштары бұрыш тәрізді, етек жақтары тік төрт бұрыш болады. Осы қиьіндылардың бір бетіне шүберектей астар, екі арасына жұқа матадан бидай шүберек салып, жиі етіп сыриды. Одан соң жеке - жеке сайларды біріне - бірін өбістіріп ішінен де, сыртынан да жөрмеп тігеді. Оның сыртын асыл матамен (барқыт, пүліш, қамқа, т. б.) тыстайды. Бөріктің іші қанша сай болса, оның тысы да сонша сай болады. Бұдан кейін бөріктің төбесінің етегін жай матамен астарланып тігеді де төменгі жағын төрт елідей терімен (қылшығын сыртына қаратып) көмкереді.
Тақия - ерлердің жеңіл бас киімі. Тақияның түрлері көп. Биік төбелі, тегіс төбелі және үшкір төбелі тақия. Ерлер киетін тақияда теңге, моншақ, ғана болмайды. Оның есесіне олар «мүйіз», «ат ерін», «шырмауық» сияқты өрнектермен кестеленеді, машинамен, қолмен «таңдай», «ирек», қабырға тігістерімен әдеміленіп сырылады. Тақияны пүліштен, қыжыман ал астарын жібек, сәтеннен тігеді. Биік төбелі тақия мен тегіс төбелі тақияның тігілуі бірдей. Ал үшкір төбелі тақияны тіккенде оның етегін жалпақтығын үш елі дей етіп тік төрт бұрыш етіп қиып алады. Оның төбесі үш бұрыш формалы төрт не алты сайлан құралады. Алдымен оларды тігісін ішіне қаратып құрайды да, одан соң сайлардың етегін тақияның етегіне қондырады. Тақия мыжылмай өз формасын сақтап тұру үшін оның астары мен қос астарын беттестіріп жиі етіп сыриды. Одан кейін тысын жауып, шетін басқа түсті матамен әдіптен көмкереді. Сайлардың және тақияның төбесі мен етегінің қоспа тігістері білінбеу үшін сол тігістерді бастыра жібек жіппен әдемілен шалып тігеді. Қазіргі кезде жергілікті кәсіпорындар әр түрлі тақия жасап шығарады.
Айыр қалпақ - ерлердің киізден тігілген жеңіл бас киімі. Айыр қалпақ жұқа етіп басылған ақ киізден тігіледі. Ол негізгі екі бөліктен құралады. Олар — қалпақтық төбесі және етегі (кейде қайырмалы деп те айтады). Қалпақтың төбесі төрт сайдан (бөліктен) тұрады. Шебер пішілген төрт қиынды киізді арасына қара барқыттан сыздық салып, қайып тігеді. Сонда қалпақтың төбесі күмбез тәріздес болып шығады. Қалпақтың етегі жалпақтығы төрт елідей етіп, дөңгелектеп қиып алынған ақ киізден жасалады да, оны жоғарғы бөліктің (төбе) етегіне сыздық салып қондырады. Сәнді болу үшін, қалпақтың қайырмасының астыңғы жағы кейде қара барқытпен көмкеріледі. Қалпақтың төбесіне қара не басқа түсті шашақ тағын, төбесінің төрт сайы әр түрлі жібек жіптермен кестеленеді. Ақ киізден тігілген айырқалпақ әрі жеңіл, әрі салқын, әрі сәнді болып келеді. Соңғы кезде жергілікті өнеркәсіп орындары айыр - қалпақты әр түсті киізден жасап шығарып жүр
Сәукеле - әйелдің бас киімдерінің ішіндегі ең әшекейлісі. Сәукелені ұзатылатын қыздар және сол қызға еріп жүріп сыңсу айтатын нөкерлері киген. Қалыңдық күйеудің еліне барғанда да сәукелесімен барған. Келіншек оны той өткенше киіп отырып, той өткен соң сәукелені іліп қойып, оның орнына бергекті желек киетін. Сәукеленің негізі оның төбесі. Төбе не талдырма етіп қозы жүнінен арнайы басқан ақ киізден, не арасына қыл салып сырығын асыл матадан істеледі. Сәукеле төбесінің биіктігі екі сүйем, кейде одан да биік болады. Төбенің өн бойын алтын, күміс, меруерт, маржанмен, асыл тастармен өрнектеп, алтын жіппен әшекейлейді. Сәукеленің екі жақ самай тұсынан бетке жеткізе шолпы тәрізді ендіріп бірнеше қатар маржан тізілген салпыншақтарды бетмоншақ немесе сәукеленің бетмоншағы деп атайды. Сәукеленің ең сыртынан жауып қойған шашақты әшекейлі жібек мата бар, ол көйлектің етегі құсап, жерге сүйретіліп жүреді. Кейде батырлар да осындай, сәукеле тәрізді мол әшекейлі дулыға киетін.
Кимешек — қазақ әйелдерінің киелі бас киімі. Әдетте кимешек ақ матадан немесе ақ жібектен молдау пішіліп, адамның басын, иығын, кеудесі мен жаурынын жауып тұрады. Кимешекке қарап әйелдердің шырайын, жас мөлшерін, тұрмыс - жайын, тіпті жүріс - тұрысына дейін анық ажыратып алуға болады екен. Апаларымыздың ұқыптылығы мен салақтығы да кимешегінен көрінетін. Кимешектің түрі мен тарихи тұрпаты сан - алуан. Олар көбіне рулық - тайпалық өмір ерекшеліктеріне байланысты.
Кимешек әшекейсіз болмайды. Әшекей орнына алтын, күміс, ағыл, ақық, шырымтал, меруерт секілді металл және қымбат бағалы тастар қолданылған. Әрине, олар да әйелдің жас мөлшеріне, алеуметтік орнына орай тағылған. Кимешек пен оның алдыңғы өңірі ою - орнексіз болмаған. Кимешектің егде және қартаң тартқан әйелдер киетін қарапайым түрлерін шылауыш, күндік деп атайды. Аса қарт бәйбішелер шалма да киетін.
Әйелдердің ақ матадан жасаған бас киімінің жалпы атауы — ақ жаулық. Ақ жаулық апаларымыздың ақ ниетінің, иманжүзділігінің, кіршіксіз, адам табынарлық мөлдір мінезінің де белгісі еді.
Саптама етік - қонышы тізені жауып тұратындай ұзын, табаны қалың сіріден оң - солы жоқ, түзу болып тігілетін аяқ киім. Оны киіз байпақпен киеді. Қысқы күнгі аязда ат үстінде жүргенге жылы, әрі қолайлы.
Мәсі - аяқ киімнің бір түрі, оны былғарыдан, шегіреннен, құрамнан тігеді. Мәсінің сыртынан кебіснеластық (галош) киіледі. Көбінесе мәсінің қойыпты астарланып, көмкеріледі. Ал ұлт айы жалаңқабат болады. Ол тарамыспен ішкі жағынан жөрмеп немесе жара шаншыл өбістіре тігу арқылы ұлтарылады. Етікші мәсі тіккенде ең алдымен мәсінің басын, қонышын жұқа былғарыдан, ұлтанын қалың былғарыдан пішіп алады. Одан соң тігісін ішіне қаратыл, басын қондырады. Осыдан кейін мәсінің қонышын тігеді. Мәсінің қонышын қусырғанда тігістің арасына жіңішке сыздық салады. Мәсі — әрі жеңіл, әрі жұмсақ аяқ киім. Ол әсіресе тазалық үшін аса қолайлы. Соңғы жылдары жергілікті кәсіпорындар мәсіні көптеп шығаратын болды. Аяқ киімнің бұл түріне деген сұраныс жылдан - жылға көбейе түсуде.
Ендігі кезекте ою - өрнектерге тоқталайық. Ою - өрнек – халықтық қолөнердің бір түрі. Белгілі тәртіптегі элементтерден құралған өрнек. Ою - өрнек арқылы ата – бабамыз өз ойларын жеткізе білген. Ою - өрнектер мән – мағынасына қарай мына топтарға жіктелген:
1. Өсімдік тектес
2. Жануар тектес
3. Ғарыш әлеміне байланысты
4. Геометриялық
Ою - өрнектегі элементтердің үнемі ырғақты қайталанып, симметриялы орналасқан көркем өрісі мен құрылымы ерекше әсер береді

IV. Сарамандық жұмыс:
Маталарды қию арқылы берілген суретті ұлттық киімдермен киіндіру
V. Сабақты қорытындылау
1. Ұлттық баскиім түрлерін ата?
2. Сәукелені кімдер киген?
3. Қамзол дегеніміз не?
4. Кимешек дегеніміз не?

VI. Оқушыларды бағалау
VII. Үйге тапсырма
Оқу, берілген тапсырманы аяқтап келу

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама