Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 6 күн бұрын)
Қазақ хандығы — халқымыздың ұлттық сипаттағы мемлекеті

Баймағамбетов Ерлан Русланұлы
Х. Доспанова атындағы жалпы білім беретін орта мектеп
тарих пәнінің мұғалімі

Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көктүріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп тәуелсіздікке тіреледі.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

Керей, Жәнібек, Бұрындық, Қасым, Мамаш, Тахир, Байдаш, Қожамахмуд, Тоғым, Хақназар, Шығай, Тәуекел, Есім, Жәңгір, Тәуке, Батыр... Бұл хандардың әрқайсысында да бір-біріне ұқсамайтын, өзгелерінен ерекше қасиеттері бар болғанына тарих куә.

«Су бастауы – бұлақтан, сөз бастауы – құлақтан» дегендей, тарих осыларды өз сүзгісінен өткізіп, іс әрекеттеріне қарай лайықты баға берген. Солардың ішінде Қазақ хандығының бастауы ретінде Керей мен Жәнібектің тарихтағы орындары бөлек. Бұлар ырду – дырдуд, бақталасы көп жерден жырақ шығуға батылдық жасап, ауа көшіп Шу бойына жетіп, дербес хандықтың іргетасын қалайды. Бұл – 15 ғасырдың екінші жартысының бас кезі еді. Алғашқы хан Керей болды. Қазақ хандығының негізі қаланғанымен бұған бірікпеген, өз алдына би болған хандарда жеткілікті еді. Жетісуға қоныс аударған қазақтардың өз алдына мемлекет құруы, оған халықтың ағылып баруы Әбілхайыр ханның шымбайына батып, ол шайқасқа шығудың қамын ойлай бастады. Қазақ хандығына ағылу ол құрылғаннан кейін он жыл бойы жалғасып, 200 мың адам соның қол астына барып паналады.

Ел болып біріккен, өз алдына ту тіккен жас қазақ хандығы алдында үш мақсат қоюлы. Олар: қазақ тайпалары, руларының басын біріктіріп, жер көлемін айқындау; Шығыс пен батыстың арасындағы сауда жолында орналасқан Созақ, Отырар, Ясса қалаларын қазақ хандығының құрамына енгізу; мал жайылымдарының дұрыс жүйесін құру болды.

Керейден кейін хан тағына отырған Жәнібек (1473-1480) те хандықты нығайту жолында біраз еңбектенді. Одан кейін Керейдің баласы Бұрындық (1480-1511) әке тағында 30 жылдан астам уақыт орырып, хандықтың түбегейлі халыптасып, нығаюына өз үлесін қосты. Ал мемлекеттің құқықтық негізін қалап Қасым ханның орны тіптен бөлек деп толық айтуға негіз бар. Ол халық арасында «Қасым ханың қасқа жолы» деген заңнамалық құжаттарынан белгілі. Қасым хан осыған дейін қалыптасып қалған шариғатқа негізделген дала заңын өзгертіп, халыққа бейімдегені үшін қалың бұқарадан қолдау тапқан.

Қасым ережелері 5 баптан тұрған.

Бұлар:

Мүлік заңы (мал, мүлік, жер дауын шешу, реттеу);

Қылмыс заңы (кісі өлтіру, ел шабу, тонау, ұрлық);

Әскери заң (қосын құру, аламан міндеті, ер құны, тұлпар ат);

Елшілік жоралары (майталмандық, елшілік, халықаралық қатынгастар);

Жұртшылдық заңы (тарту, ас, тоц, жасауыл, бекеуіл, тұтқауыл міндеті);

«Қасымның қасқа жолы» бір ғасырдай қолданыста болды. Содан кейін хандық билік оның баласы Хақназарға (1538-1580) ауысты. Хақназар хан тұсында елдің аумағы тұрақтанып, негізінен қалыптасып бола келді. Еділ-Жайық арасы мен айналасы да қазаққа караған. Бұл хан ел басқаруда, әскери, саяси, дипломатиялық жағынан аса қабілетті қайраткер болған. Осы кезеңде орыс патшалығы 1552 жылы Қазанды, 1556 жылы Астраханды жаулап алған. Осыған орай Ноғай хандығы да әлсіреп саяси сахнадан қала бастайды. Ал Хақназар болса осы сәтті ұтымды пайдаланып, Ноғай ордасына қараған қазақтарды өзіне тартты. 1569 жылы Ноғай ордасы ыдырағаннан кейін Сарайшық та қазақ хандығына қарайды. Қазақ мемлекеті бұл тұста нығайып, өзге елдер санасатын дәрежеге жетті. Осындай жағдайды көріп, біліп отырған орыс патшасы IV ші Иван (Қаһарлы) қазақ еліне көз алартқанымен соғыс ашып шабуыл жасауға батылы бармаған сыңайлы.

Хақназардан кейін ел билеген Шығай, Тәуекел хандар жөнінде, олардың ел басқарғаны жайлы нақты деректер толық емес. Бірақ, оларда хандықты, елдікті бекітуге өзіндік үлес қосқандары сөзсіз. Есім ханның тұсында (1598-1645ж.ж.) «Қасым ханның қасқа жолына» заман талабына сай біршама толықтырулар мен өзгерістер енгізілгені белгілі. Жаңадан қосылған заңдар тарихта «Есім ханның ескі жолы» деген атаумен енген. Олардың ішінде халыққа кеңінен таралған заң ретінде қолданылған нақыл сөздер көптеп кездеседі. Мысалы: «Батыр болсын, жорық жолы мақұл болсын», «Абыз болсын, абыз сыйлау парыз болсын»,  «Би болсын, би түсінетін үй болсын» дегендей. «Есім ханның ескі жолы» деген заңдар жиынтығы бұрынғы дәстүрлі заң-ережелерді толықтырып, мазмұндарын жаңа заманға бейімдегендей.

Тәуке хан (1680-1718)- ел басқару тәртібін жаңа деңгейге көтеруге  қомақты үлес қосқандардың бірі. Ол тек өзі билік айтып қоймай, Сасық, Қоқым, Мұхамед, Теле, Қазыбек, Әйтеке билерінің де ақыл- кеңесін тыңда, көңіліне түйген. Бұрынғы заңдарды жүйелеп, «Қасым ханның қасқа жолына», «Есім ханның ескі жолына» біршама толықтырулар мен қосымшалар енгізген.

Атап айтқанда:

- көтеріліс жасап, бүлік шығарып, елге іріткі салғандарды өлім жазасына кесу (бұл мемлекеттің бірлігін, тұтастығын қорғауға, нығайтуға бағытталған);

- халқына, отанына опасыздық жасағандар да өлім жазасына тартылған;

- жазықсыз кісі өлтіргендер де өлім жазасына кесілген;

- зинақорлық жасап, ақ некені бұзушыларға да өлім жазасы бұйырған;

- өреде тұрған немесе тұсаулы сәйгүлікті ұрлағандар да сондай жазаға тартылған;

- төбелесте мертігудің түріне қарай төмендегіше құн төлеген;

а) біреудің көзін шығарған кісі айыбына қызын берген немесе қыздың қалың    малын төлеуге тиіс болған,

            б) адам мүшелерінің біреуін мертіктірген айыбына ат беруі тиіс

- жылқы немесе басқа құнды мүлік ұрлаған адам айыбыны он есе құн төлеген.

Тәуке тұсында жер үшін дау жиі туындап, ол екі рулы ел арасында төбелеске ұласып, адам өлімі орын алған. Сол себепті жер дауы мүлік дауынан бөлек қаралған. Одан басқа құн дауы да бөлек тармақ болып өзгеріліп, жаңа заңдар жиынтығы «Тәуке ханның жеті жарғысы» деген атауға ие болды. Бұл заң орта ғасырдағы қазақ халқының өмірі, тұрмысының біршама салаларын қамтыған кең ауқымды заң, яғни Ата Заң іспетті болды деп айтуға негіз бар.

Адам бойында қасиеттер жас кезінен пайда болып, өсе келе олардың күрделілері дариды екен дейді даналар. Сондай кеменгерлік, парасаттылық, батырлық дарыған ірі тұлғалардың бірі Абылай хан (1711-1781ж) болды. Абылай ресми түрде Орта жүздің ханы болып сайланғанымен, дәстүрді бұзбай ағасы Әбілмансұрдың көзі тірісінде хан тағына отыруды жөн көрмей, биліктен бас тартқан. Бірақ, ел басына күн туған кезде «Алқакөл сұламадан» кейін ол жүздің басын біріктіріп, Жоңғар басқыншыларына ойсырата соққы берді. Абылай хан болған кезеңде қазақ елі көршілерімен терезесі тең, иық тірескен іргелі болды деп айта аламыз. Іргелес орыс мемлекеті де Абылайдың ірі қайраткерлігін мойындап, тығыз байланыс орнатты. Десек те, Абылайдың ел үшін атқарған еңбегі мен ерлігі, саясаткерлігі мен данышпандығы толық ашылып болды дей аламыз.

Ресеймен жақсы жан-жақты қарым-қатынастың пайдасын Абылай 1741 жыл қалмақтың қолына түскенде көрген. Бір ірі соғыста Абылай қалмақтың тақты батыры Шарыстың басын шауып алады. Қалмақ ханы өзінің Жалбы деген тағы бір батырына  «Абылайды қалайда маған ұстап әкел», - деп бұйрық береді. Жалбы қапысын тауып, бір ұйықтаса ұзақ ұйықтайтын Абылайды сондай қатты ұйқыда жатқан жерінде қолға түсіріп ханына алып барады. Хан оны біршама уақыт тұтқында ұстайды. Абылайдың қалмақ ханының  қолында екенін біліп, бітімгершілікке бара жатқан қазақ елшілеріне орыс үкіметі майор Неплюевті және Миллерді жібереді.

Елшілер барған соң Қалдан Церен қаған Абылайды алдыртып, елшілердің көзінше: - Мен сенің басыңды Шарыштың құны ретінде шабайын. Қандай соңғы арман, тілегің бар, тезірек айт – дейді. Сонда Абылай еш мүдірместен: - Шарышты мен қан майданда өлтірдім. Мені ұйықтап жатқан жерімде ұстап алып өлтіргің келіп тұр. Кескілескен ұрыста өлсем арманым болмас еді. Қазақ халқы әлі де болса көшпенділікке бейімдеу. Халқымды түбейгелі етсем деген арманым бар. Соңғы айтарым: Атадан  жалғызбын, өліп кетсем, не баурым, не балам жоқ соған өкінемін,- депті.

Қалдан Церен осы сөздерден кейін ойланып қалыпты. Өткені, оның өзі де жалғыз. Ұлы Әмірсаның да жалғыз екені есіне түседі. Сәлден соң ашуды ақылға жеңдіріп, Абылай мен Әмірсананы бір – біріне жақын таныстырып, елшілерге сый-сияпат көрсетіп, құрметпен шығарып салулы. Бұл қаршадайынан жетім қалып, Төле бидің түйесін бағып, көптеген қиындық көрсе де мойымай, қажырлылығымен, ақыл – парасатымен қарадан хан болып, халқының жадында қалған Абылай еді.

Абылайдың жетімдігіне дерек ретінде ол Төле бидің қолына келіп, паналағанда Төле би есімін сұрайды. Сонда Абылай: - Сіз қалай айтсаңыз есімім солай болады, - деулі.

Төле би оған дұрыстап қараса балағын шашы өскен, киімі жұпыны, жүдеу болыпты. Содан оны «Сабалақ» атап кетіпті дейді аңыз.

Бұқар жырау оны алғаш көргеннен болашағынан көп үміт күттіретінін сезеді.

Ей, Абылай,

Мен сені көргенде

Тұрымтай ұл едің,

Түркістанда жүр едің

Үйсін Төле билердің

Түйесін баққан құл едің, - дей келе жанарыңнан жалын шашып түр екен, ел үшін туған бала боларсын, - деп түйіндепті. Бөгенбай батыр оны көріп: - Шырағым, көзің отты бала екенсін, құрбыларыңнан дара екенсің, жазда қалмаққа аттанамыз, сонда керек болар жан екенсін, -  деп ақ батасын және астыңдағы қызыл атың беріп кетіпті.

Адамзат даму сатысында іші құрылымды үшке бөлуді жөн санаған сыңайлы. Мысылы, ежелгі гректер эллиндер, дорийлер, иопилерге бөлінсе, шығыс славяндар Велекоросс, малорос, белорос болып тармақталған.Шыңғыс хан империясы да Үгедей, Шағатай, Жошы ұлыстарынан тұрған. Жоңғарлар Жоңғар, Барұңғар және Моңғолдардан құралса, Қытай елі цинь, сүй, тан болып ерекшеленген. Біздің елемізде де Тәуке хан өлгеннен кейін мемлекет Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз болып үшке бөлінді. Оның түрлі себептері болғаны да шындық. Турасына келер болсақ, билікке таласу, дербестік алу, оның үстіне тапшаның «бөліп жарып, билей бер» деген қитұрқы саясаты да кері әсерін молынан тигізген. Қазақ елі Ресейге бодан болғаннан кейін хандарды сайлап қойып, ақ киізге көтеру дәстүрі  жойыла  бастайды. Енді ақ патша ханды бұйрық  беріп өзі тағайындап отырды.Павел патша 1801 жылы Кіші жүзге хан етіп Бөкейді (1801-1815ж.ж) тағайындайды. Бөкейден кейін оның ұлы  Жәңгір  кәмелетке толғанша уақытша Шығай сұлтан билікке келді. Шығай атақты күйші Дәлеткерейдің әкесі.

Қазақ хандығының соңғы тағына отыру Жәңгірге бұйырады. Бірақ, хандық  билік те замана ағымына қарай түр – сипатын өзгертеді. Билікке, төрелікке  бұрынғыдай би, шешен, батырлар көп араласпай, халық  арасында реніш  болғаны да шындық.Халыққа  бұған дейін  хандықта болмаған  от ауыз, тұяқ  ақы, қызыл, киіз үй, құшар, пітір, хан соғымы  деген түрлі салықтар салынады. Осындай  озбырлықтар  ақыры Исатай – Махамбет көтерілісіне әкелді.

Сонымен, патша үкіметінің  жарлығымен  хандық құрылым 1822 жылы жойылғанмен, ол кіші жүзде Жәңгір  қайтыс болғанға  дейін сақталды. Қазақ халқы 33 ханның билігін  көрді. Керейден Жәңгірге  дейін  хандардың  ішінде тарихи  парағына қай – қайсысы  да өз  қолтаңбасын қалдырды. Хандық  кезеңдер елдің ел, халықтың  батыл да батыр  болуына, мемлекеттіліктің  қалыптасуына үлес қосқаны  талас тудырмаса  керек. 260 жыл (1731 – 1991 ж.ж.)орыс бодандығында  болған қазақ халқына, жұртына «ататын таң, жарық күн» де келіп, Тәуелсіздік туы желбірегеніне де 23 жылдан астам уақыт өтуде. Ендеше тұғырымыз берік болып, ынтымағымыз жарассың, Алла жар болып, қазаққа қарассын. Егемен еліміздің көк байрағы көк аспанда мәңі желбіреп, мәртебеміз асып, мейманамыз таси бергей. Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде Көкбөрі ұрпақтары өсіп, өркендей берсін демекпін.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Серпер газеті №12 2015 жыл.

2. «Егемен Қазақстан» газеті

3. Қазақстан тарихының 2 том

4. «Аңыз адам» журналы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама