- 15 мам. 2017 00:00
- 318
Қазақстанда газетке жазылу бағасы екі есеге дейін арзандамақ
Елімізде жаңадан құрылған «Экспресс почта» ЖШС-і мерзімді басылымдарға жазылу комиссиясының құнын екі есеге дейін төмендетпекші. Компания өкілдері мұндай арзан бағаны жаңа бизнес-моделімен және почта саласының білікті мамандарынан құралған команданың жұмысымен байланыстырып отыр.
Газетке жазылудағы төменгі комиссия тек мемлекеттік қана емес, коммерциялық басылымдар үшін де қолжетімді. Ал, компания өкілдері болса оқырманға қызмет көрсетудің сапасын жаңа деңгейге шығарамыз деп уәде беріп отыр. Сондықтан «клиенттер бізге емес, біз клиенттерге өзіміз барамыз» дейді олар.
Сондай-ақ, жазылу комиссиясы құнының төмен болуы әлеуметтік топтағы тұрғындарға деген қолдауды білдіреді.
«Осылайша біз зейнеткерлерді, бюджеттік салада жұмыс істеп жүрген қызметкерлерді, тіпті шағын бизнес өкілдерін де қолдауға ниеттеніп отрмыз. Біздің ұсынып отырған бағамыз қазірдің өзінде әлеуметтік топтағы азаматтардың қызығушылығын тудырып отыр», - дейді компаниядағылар. Олар басылымды баспаханадан шыққан сәтте оқырманға жөнелтетінін айтуда.
Қазіргі таңда «Экспресс почта» ЖШС республикалық 50-ге жуық басылыммен келесімге отырып, жұмыс істеуге кірісіп кеткен. Ол басылымдардың қатарында «Казахстанская правда», «Егемен Қазақстан», «Литер», «Айқын», «Жас Алаш» сынды көпке танымал газеттер де бар. Әзірге компания еліміздің ірі үші қаласы — Астана, Алматы және Шымкентте жұмыс істемек. Ал, жақын уақытта еліміздегі барлық облыс орталықтарында «Экспресс почтаның» филиалдары ашылады.