- 23 ақп. 2017 00:00
- 282
Қазақстанда геологиялық барлау саласы артта қалып отыр - Тимур Құлыбаев
Бізде геологиялық барлау саласы артта қалып отыр, деді «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Тау-кен және металлургия өнеркәсібі комитетінің төрағасымен өткен жұмыс кездесуі барысында.
«Геологиялық барлау Қазақстанда 20 мың адамды біріктірген кәсіби әрі бәсекеге қабілетті сала болғаны анық. Қазір, әрине, терең сараптама жасау әдістері, геологиялық зерттеулерді үлгілеуді қолданатын технологиялар дамып кетті. Бізде геологиялық барлау артта қалып отыр. Бұл - мені алаңдатып отырған жағдай. Өйткені, жұмысты кім істейді? Тағы шетелдік компанияларды шақырамыз ба? Өкінішке қарай, біз мамандарымызды жоғалттық, тәжірибеміз азайды. Бәрін қалпына келтіруіміз керек. Өйткені, геология - Қазақстан үшін үлкен бизнес», - деді Тимур Құлыбаев.
«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасының Тау-кен және металлургия өнеркәсібі комитетінің төрағасы Николай Радостовец энергетикалық нарықта анық стратегиясыз экономика салаларын ары қарай дамыту мүмкін емес екенін айтты.
«Кен игеру секторының негізгі проблемалары: салық заңнамасына өзгертулер енгізу, темір жол тасымалы мен газ тасымалдау қызметтері бағасының өсуіне әсер ететін шығындарды төмендету, жаңартылатын энергия көздері саласындағы заңнаманы жетілдіру», - деді ол.
«Атамекен» ҰКП басшысы атап өткендей, тарифтің құрылуы қосымша қуаттардың қосылуына, энерготиімділікті жоғарылатуға тікелей байланысты.
«Алдағы он жылдықта саланың қажеттілігі мен энергоқуат көлемін анықтау қажет. Елімізде энерготиімділік мәселелері әлі қолға алынған жоқ. Негізі, бұл жерде үлкен қор бар. Біз өндірісіміздің электроэнергияны тұтынуын және энерготиімділігін жақсартып аламыз. Оның арқасында артық қуат болады», - деді Тимур Құлыбаев.