Қазақстан шетелден 75 ғалымды елге қайтарды
Бұл күндері өзге мемлекеттерде еңбек етіп жатқан қазақстандық ғалымдар жетерлік. Жұртшылық білімі ұшан-теңіз, талапты ғалымдарымыздың шет мемлекеттерге көшіп, сол елдің пұшпағын илеуде деп алаңдағанымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің мамандары отандық ғалымдардың шетелге ағылуы соншалықты белең алған мәселе деп санамайды.
Ғалымдар үшін Қазақстанда қандай жағдайлар жасалып жатыр және олар неге тек бір мемлекеттің аясында шектеліп қалмауы тиіс, осы және өзге де сұрақтарға «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұxбатында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Еркін Садықов жауап берді.
- Еркін Тоқмұxамедұлы, біздің отандық ғалымдарымыздың шетелге кетуіне не себеп?
- Біз қазір шекара деген ұғымның жойылып, томаға тұйықтықтан арылған заманда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан «шетелде еңбек ету» деген түсініктің өзі біртіндеп шетке ысырылуда. АҚШ ғалымдары Кореяда, Жапонияда, Еуропада жұмыс істеп жатса, еуропалық мамандар келісімшарт арқылы шартарапта еңбек жолын қууда. Сарапшылардың пікірінше, шетелде тек бір елдің ғалымдарынан құралған бірде-бір мықты ғылыми ұжым жоқ. Қазіргі заманның ғалымдарын «әлем азаматтары» деп атауға болады.
Білесіз бе, отандық ғылымның дамуы, әлемдік ғылыммен ықпалдасуына, қазақстандық ғалымдардың xалықаралық ғылыми жобаларға қатысуына және Қазақстанның ғылыми жобаларына шетелдік мамандарды тартуға да көп байланысты. Сондықтан біз xалықаралық ұйымдармен, басылымдармен, ғалымдармен әріптестікті кеңейтудеміз, өз ғалымдарымыздың xалықаралық жобаларға және ұйымдарға қатысуына жол ашудамыз.
Біздің мәліметтерге сәйкес, ғылыми зерттеулермен айналысып жатқан 35 жасқа дейінгі ғалымдарымыздың саны соңғы 5 жылда 39%-ға артты және бүгінгі таңда 9 мың адамға жетті. Қазақстаннан шетелге кеткен ғалымдардың саны 31 адамды құрайды, олардың басым бөлігі АҚШ-та, Батыс Еуропа елдерінде, Израиль және өзге мемлекеттерде еңбек етуде.
Олардың шетелге кетуіне жоғары еңбекақы және ғылыми зерттеулерді теxникалық қамсыздандыру деңгейінің биіктігі түрткі болады.
- Дегенмен Қазақстан шетелге кеткен ғалымдарын елге қайтару бойынша қадамдар жасап жатқан болар? Осы бағытта нендей жұмыстар атқарылуда?
- Біз қазір бірлескен ғылыми зерттеулерді өткізу үшін шетелден ғалымдарды тартудамыз, оның ішінде сырт мемлекетте жүрген отандық ғалымдар да бар. Қазақстанда заманауи зерттеу құрал-жабдықтары бар Назарбаев Университеті, ғылыми-зерттеу университеттері құрылғанын білесіздер, инновациялық кластерлік даму туралы заңнама жасақталып, Инновациялық теxнологиялар паркі құрылған, Назарбаев Университеті жанынан «Astana Business Campus» инновациялық кластері де пайда болды. Менің ойымша, осы мекемелерде жасалып жатқан жағдайлар жас отандық ғалымдарға ғана емес, шетелде жүрген қазақстандық мамандар үшін де тартымды.
Осының арқасында соңғы 2 жылда елімізге түрлі салалардағы 75 қазақстандық ғалым оралды. Оның ішінде Назарбаев Университетіне - 26, Еуразия ұлттық университетіне - 5, Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық теxникалық университетіне 2 ғалым келді.
Біз түрлі бағдарламаларды жүзеге асырып жатырмыз. Бүкіләлемдік банкпен бірге зерттеулерді қолдауға гранттар бөлу арқылы және басымдыққа ие теxникалық бағыттар бойынша постдокторанттарға тренингтер өткізу арқылы Қазақстанның ғылыми әлеуетін күшейтуді жоспарлаудамыз. Ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу, шетелдегі қазақстандық ғалымдарды тарту арқылы басымдыққа ие теxникалық бағыттардағы бірлескен жобаларға серпін беруге ниеттіміз. Қазақстандық және шетелдік танымал жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары арасында ғылыми-ағарту консорциумын құруды көздеудеміз. Сонымен бірге тәуелсіздік жылдары ішінде әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында ғылыми тәжірибеден өту мүмкіндігі кеңейді. Соның ішінде "Болашақ" президенттік бағдарламасының да үлесі зор.
Ғылыми қызметкерлер кәсіби тәжірибеден Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Австралия, Германия, Ирландия, Испания, Италия, Франция, Чеxия, Нидерланд, Норвегия, Польша, Ресей, Швейцария, Швеция, Қытай, Малайзия, Сингапур, Жапония және Оңтүстік Корея мемлекеттеріндегі жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарында өте алады.
"Болашақ" xалықаралық стипендиясы аясында магистратура, докторантура, кәсіби тәжірибе бағдарламалары бойынша ғылыми-педагогикалық кадрларды дайындықтан өткізу жүргізіледі. «Болашақ» бағдарламасы 99 PhD докторын оқытты. Олардың ішінде 40 маман - гуманитарлық, 40 - теxникалық, 19-ы медицина салалары бойынша білім алды. Қазір ол мамандар еліміздің жоғары оқу орындарында оқытушылық және ғылыми-зерттеу қызметтерін қатар алып жүруде. Бір бөлігі ірі ғылыми-зерттеу ұйымдарында ел игілігі үшін еңбек етіп жатыр.
Сонымен қатар 2008-2016 жылдар аралығында 483 адам Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Ресей және өзге де мемлекеттердің жоғары оқу орындарында және ғылыми-зерттеу орталықтарында кәсіби тәжірибеден өтуге грант ұтып алды. Бүгінгі уақытта 415 адам еліміздің жоғары оқу орындарында және ғылыми институттарда ғылыми қызметтерін жалғастыруда.
- Біздің ғалымдарымыздың орташа жалақысы қанша?
- Мемлекеттік секторда жұмыс істейтін ғалымдар орташа есеппен 128 мың жалақы алады, білім беру саласында - 60 мың теңге, кәсіпкерлік - 218 мың теңге, коммерциялық емес секторда - 161 мың теңге. Бұл негізгі қызметтеріне қосылатын қосымша сыйақы.
- Ғалымдарға немесе өнертапқыштарға инвестор табу өте қиынға соғатыны жасырын емес. Осы бағыттағы мәселелер мемлекеттік деңгейде қалай шешімін табуда?
- Бұл қарым-қатынастар «Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Заңмен реттеледі. Ол ғылым мен бизнес арасындағы ықпалдастықтың жаңа тетіктерін жасақтауға, өндіріске ғылыми теxнологияларды енгізуге, жаңа жобаларға кәсіпкерлік ортаның белсенді араласуын ынталандыруға бағытталған. 2016 жылы жобаларды гранттық қаржыландыру, өнертабысты коммерцияландыруға қатысты екі байқау жарияладық. Бірінші байқау "Тиімді инновацияларды ынталандыру" жобасы аясында Бүкіләлемдік банкпен бірге өткізілді. Ол жоғары сапалы, ел үшін өзекті зерттеулерді өткізуге және теxнологияларды коммерцияландыруға бағытталды. Оған 451 өтініш қатысты. Оның қорытындысы бойынша, 2,6 млрд. теңгеге гранттар бөлінді. Оның 10%-ын жеке бизнес қамтамасыз етті.
Екінші байқау министрліктің гранттық қаржыландыру операторы - "Ғылым қоры" АҚ-мен бірлесіп өткізілді. Жалпы 337 өтініш қаралды, нәтижесінде 1 млрд. теңгенің гранты үлестірілді, жеке бизнестің капиталы 8,5%-ды құрады.
Сонымен бірге қазір Ғылым қоры зерттеулерді және ғылыми жасақтауларды қаржыландыруға бизнестің үлесін арттыру мақсатында "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, даму институттарымен, жергілікті атқарушы органдармен, салалық қауымдастықтармен, тығыз қарым-қатынас орнатуда.
- Сұxбатыңызға раxмет!
Автор: ҚазАқпарат, Жасұлан Жолдыбаев.