tengrinews.kz
- 19 нау. 2026 00:01
- 19
Қазақстандық әйел күйеуінің шоттарын тексермек болды: Конституциялық сот не шешті?
Бұрынғы ерлі-зайыптылардың бірінің банк шоттарына қол жеткізу мәселесін Қазақстан Республикасының Конституциялық соты қарады. Бұл жағдайға әйел азаматшаның өтініші себеп болды.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Банктік құпия және азаматтық құқықтар
Конституциялық сотқа «Банктер және банк қызметі туралы» заңның 50-бабының 4-тармағының конституциялылығын тексеру туралы өтініш түскен. Аталған нормаға сәйкес, банк шоттары мен салымдары туралы мәліметтер тек клиенттің өзіне немесе оның жазбаша келісімімен ғана үшінші тұлғаларға беріледі.
Арыз беруші әйел азаматша ажырасқаннан кейін бұрынғы күйеуінің банк шоттары мен ондағы ақша қозғалысы туралы ақпаратты екінші деңгейлі банктерден ала алмаған. Банктер бұл мәліметтерді беруден бас тартқан, себебі бұл банк құпиясы режиміне жатады.
Соттың шешімі
Конституциялық сот әрбір адамның жеке өмірінің құпиялылығына, ана мен баланың қорғалуына, сондай-ақ жеке салымдар мен жинақтардың құпиялылығына конституциялық құқығы кепілдендірілгенін атап өтті. Банктік салымдардың құпиялылығына құқық отбасылық жағдайына қарамастан, әрбір адамға қолданылатын дербес конституциялық құқық болып табылады.
Соттың шешімі бойынша, ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтары тең болғанымен, бұл әрбір тұлғаның жеке автономиясын, жеке өмірінің құпиялылығын жоймайды. Алайда, заңнамада банк құпиясын қорғау мен ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтарын іске асыру арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін тетіктер қарастырылған. Атап айтқанда, соттар өндірісіндегі істер бойынша банк құпиясын құрайтын мәліметтерді сұратуға құқылы.
Қорытындылай келе, Конституциялық сот заңның аталған тармағының Конституцияға сәйкес келетінін анықтады.