Photo: Christina Morillo (https://www.pexels.com/@divinetechygirl) / Pexels
- 14 ақп. 2026 19:01
- 22
Қазақстандық оқушы әлемдегі ең беделді колледждердің біріне қабылданды
Астанадағы Spectrum International School мектебінің түлегі Николай Цой әлемдегі ең беделді білім ошақтарының бірі – Tetr College of Business-ке қабылданды. Бұл колледжге түсу көрсеткіші 1%-дан аз, яғни 90 мыңнан астам өтініштен небары 110 студент қабылданады екен.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кәсіпкерлікке деген құлшыныс
Николайдың өзі мойындағанындай, ол мектепте үздік оқушы болмаған. Оның айтуынша, Tetr College-ге түсудегі басты фактор – оның кәсіпкерлікке деген қызығушылығы мен стартаптар құруға деген ұмтылысы болған.
«Мен ешқашан оқуға бейім болған емеспін. Менің басты проблемам – жалқаулық еді», – дейді Николай. Ол өзінің ойлау қабілеті мен идеяларды жүзеге асыруға деген құлшынысы арқасында оқуға түскенін атап өтті.
Іріктеу процесі және стипендия
Колледжге қабылдау процесі екі айдан астам уақытқа созылды. Ол бірнеше кезеңнен тұрды: өтініш толтыру, Tetr Trial сынағынан өту және бизнес саласындағы өкілмен сұхбаттасу. Нәтижесінде, Николай тек қабылданған жоқ, сонымен қатар 85 мың долларлық стипендияға да ие болды.
Әлемдік деңгейдегі білім
Tetr College of Business – бұл төрт жыл ішінде жеті түрлі елде білім алуға мүмкіндік беретін, болашақ кәсіпкерлерге, көшбасшыларға арналған бірегей бағдарлама ұсынады. Колледждің қабылдау көрсеткіші өте төмен, кей жылдары 0,12% - 2,6% аралығында болған.
Николай өз тәжірибесі арқылы басқа оқушыларға үлгі болғысы келеді. Ол академиялық көрсеткіштер маңызды болғанымен, ойлау қабілеті, кәсіпкерлікке дайындық сияқты басқа да факторлардың рөлі зор екенін айтады.
Болашақта Николай қоғамға пайда келтіретін, әлемнің өзекті мәселелерін шешуге атсалысатын кәсіпкер болуды армандайды.