depositphotos.com
- 23 ақп. 2026 17:00
- 27
Қазақстанға -40 градусқа дейін аяз келе жатыр
Қазақстанға арктикалық суық келе жатыр. Алдағы күндері, 24, 25 және 26 ақпанда ел аумағында температура күрт төмендеп, кейбір аймақтарда -40 градусқа дейін жетуі мүмкін.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аяздың беті
«Қазгидрометтің» хабарлауынша, Қазақстанның басым бөлігіне солтүстік-батыстан суық антициклон ықпал етеді. Бұл жауын-шашынның тоқталуына және температураның күрт төмендеуіне әкеледі.
«Тек оңтүстік өңірлерде жаңбыр түрінде, кейде қатты жауын-шашын күтіледі. Сондай-ақ, жел күшейіп, көктайғақ пен тұман байқалады», - деп мәлімдеді синоптиктер.
Түнгі уақытта еліміздің батыс облыстарында ауа температурасы 15-25 градус аязды құраса, солтүстік пен орталықта 28-37 градус аязға дейін, шығыста 32-40 градус аязға дейін, ал оңтүстікте 0-10 градус аяз болады деп болжануда.
Ақпанның тосын сыйлары
Бұған дейін синоптиктер ақпан айында Қазақстанда ауа райы әдеттегіден жылырақ болатынын, жауын-шашын мөлшері қалыпты болатынын хабарлаған еді. Еліміздің көп бөлігінде орташа температура климаттық нормадан 1-2 градусқа жоғары болады деп күтілген болатын.