Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 52 минут бұрын)
Қазақстаннан Ресейге 500 миллион теңгеге жуық майнинг құрылғыларын шығару әрекеті тоқтатылды

Қазақстаннан Ресейге 500 миллион теңгеден асатын майнинг құрылғыларын шығару әрекеті жасалған. Бұл туралы Қостанай облыстық прокуратурасы хабарлады.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға 2025 жылдың 18 қазанында Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданындағы «Аят» автомобиль өткізу бекетінде болған. Салмағы 8 тоннадан асатын майнинг серверлерін Ресейге заңсыз өткізбек болған.

Арнайы тауарларға экспорттық бақылау қажет

Прокуратура мәліметінше, бұл құрылғылар экспорттық бақылауға және лицензиялауға жататын арнайы тауарлар санатына кіреді. Алайда, компанияда тиісті рұқсат құжаттары болмаған.

Бұл факті бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданды. Бірінші сатыдағы сот ЖШС-ні кінәлі деп танып, 98 300 теңге айыппұл салды. Алайда, құқық бұзушылық жасалған затты – майнинг жабдықтарын мемлекет кірісіне тәркілеу туралы қосымша шараны қолданбады.

Прокуратураның араласуы

Облыстық прокуратура соттың бұл шешімімен келіспей, тәркілеу міндетін қолдану туралы апелляциялық өтінішхат енгізді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 45-бабы мен Жоғарғы Соттың түсіндірмесіне сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылықтың заты мемлекет меншігіне өтеусіз айналдырылуға тиіс.

Апелляциялық қарау нәтижесінде сот майнинг құрылғыларын тәркіледі. Облыстық соттың қаулысы заңды күшіне енді. Жабдықтар мемлекет кірісіне айналдырылады.

Жаңалықтар

Жарнама