акимат ЗКО
- 06 мам. 2026 20:01
- 30
Қазақстанның ең ірі кемесі Каспий теңізіне шығарылды
Орал қаласында «Зенит» зауытында құрастырылған Қазақстанның ең ірі кемесі суға жіберілді. Салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ел қорғанысын нығайту жолындағы жаңа жетістік
Облыс әкімі маңызды жобаның сәтті аяқталғанымен ұжымды құттықтап, бұл жұмыстың Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің тапсырысымен, Президенттің тікелей бастамасымен жүзеге асқанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту бойынша нақты міндеттер қойды. Бүгін «Зенит» зауыты ұжымының жоғары кәсібилігі мен адал еңбегінің арқасында Қазақстандағы ең үлкен кемені суға жіберіп отырмыз. Кемеге мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Экипаждың қорғаныс әлеуетін арттыру жолында аянбай қызмет ететініне сенімдімін. Сәттілік тілеймін!» — деді Нариман Төреғалиев.
Кеме туралы толық мәлімет
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл – «Зенит» зауытында жасалған 37-ші кеме. Оның су сыйымдылығы 720 тоннаны құрайды. Жүк арқалайтын орынының көлемі – 30 текше метр.
«Орал зауыты «Зенит» АҚ бас директоры Виталий Каплуновтың айтуынша, кеме сағатына 16 торапқа дейінгі жылдамдыққа ие. Оның ұзындығы – 51 метр, ені – 9,5 метр. Кеме 8 балдық дауылға төтеп бере алады. Жобаны жүзеге асыруға кәсіпорынның барлық қызметкерлері атсалысты.
Бұл көпмақсатты кеме ҚР Әскери-теңіз күштерінің кемелері мен катерлерін дизель отынымен, ауыз сумен, азық-түлікпен және басқа да материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етуге арналған.
Экипаж шамамен 30 адамнан тұрады. Жеке құрам үшін жайлы жағдайлар жасалған.
Теңізге шығар алдында кеме көпірдің астынан өтуі керек, сондықтан оның мачтасы Ақтау портында орнатылатын болады.