Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Қазақтардың мәдениеті мен діні

Қазақтардың мәдениеті мен діні көшпелі экономиканың зор ықпалында болды. Олардың қауымы томаға-тұйық еді, қазақтар осы аймақта өткен ғасырда өмір сүрген түркі тайпаларының мәдени тамырларын сақтады, ішінара аймақтық және тайпалық айырмашылықтары болғанымен, жаңа ұрпақтары өткеннің мәдениетін қабылдағандықтан, даладағы негізгі мәдени ортақтық сақталып қалды. Осы аймақта қалып, жергілікті түркі мәдениеті белгілерін бойларына сіңірген моңғол тайпалары да моңғолдың саяси мәдениеті мен заң жасаушы жүйесінен өз кезегінде бірдеңелер кіргізгенін жоққа шығаруға болмайды.

Сірә, қазақ-түрік мәдениетінің тұрақ тылығына ең тәуір дәлел діни-ғұрыптар 18 ғасырдың аяғы 19 ғасырдың басына дейін исламның терең өзгерістерге ұшырауынан шығар. Ислам Оңтүстік Қазақстан қалаларына 8 ғасырда арабтар жаулап алғаннан кейін енгізіле бастады, қазақ даласын жайлаған көшпелі тайпалар 1043 жылы ислам қабылдаған. Қалада тұратын қазақтар (негізінен саудагерлер) мұсылман дінін қабылдап, ұстана бастағанымен, дала көшпелілерінің (негізгі қазақ бұқарасы және қазақ ақсүйектерінің негізгі бөлігі) мұсылман діні мен әдет-ғұрыптары саласындағы білгендері тым үстірт болатын.

Мұндай тұрақтылық себептерінің бірі қазақ қоғамының тәуелсіздігі еді. Қазақ тайпалары ислам медреселері мен мешіттерінен алыста болды. Сұлтандар мен хандар, молдалар мен медресе шәкірттері дінге біртабан жақынды. Қазақ ақсүйектері мұсылман дініне құрметпен қарады және Сырдария қалаларының оңтүстігіне ойысқан сайын олар мұсылман дін иелерін көкке көтеріп, дәріптеді. Мұндай қарым-қатынастар ислам діні жөніндегі білімдерін нығайтып, 17 ғасырдың аяғында ауыз әдебиетінде Аллаһ тағала мен Мұхаммедті марапаттаған дастандар пайда болды. Тәуке хан Жарғысы қазақтардың шариғатты 17 ғасырдың ақырына қарай қабылдағанына куәлік етеді.

Ислам қазақ сұлтандары мен хандарының көпшілігі үшін Аллаһ тағаланың құдіретін мойындаумен ғана шектелген сияқты. 18 ғасыр зерттеушілері далада мешіттер мен медреселердің мүлдем жоқтығын, ал Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда болғандардың өздері моңғолдар қиратып кеткеннен соң қайта қалпына келтірілмегендігін атап өтеді. Қазақтар, шамасы, арабша да түсінбеген, әрі Құранды да жете білмеген сияқты. Даланың оңтүстіктегі қалаларында ислам тамырын терең жібергенімен, Қазақстан далаларының көп бөлігіне сауда жолдарының бұзылып, тоқырауға ұшырауына байланысты мүлде беймағұлым болған тәрізді. Тәуелсіз дала көшпелілерінің солтүстік-батыстағы татар немесе оңтүстіктегі шағатай мұсылман орталықтарымен ешқандай байланыстары болмаған.

Осындай бөлініп қалушылыққа байланысты қазақтар ежелгі шаманизм, анамизм және аруақты құрметтеу сияқты діни дәстүрлерін сақтаған. 19 ғасырдың 50 жылдары қазақтың ұлы этнографы әрі зерттеушісі Шоқан Уәлиханов қазақтың халықтық діні Темір заманынан бері өзгерген жоқ, қазақтар өлгендердің жаны күнді, айды, жерді мекендеп және басқа да сан алуан жануарларға дариды, бұл рухтармен байланыс жасасуға болады, олар түрлі кеселдерден қорғайды деп сенді. Қазақтар жақсылық пен жамандық арасындағы күреске иланды, ислам толық қабылданып болған соң, осы шеңберге біріктірілді де, Мұхаммед пен оның ілімі жақсылық шарапаты ретінде танылды. Қазақтар өлген адамның рухын қадір тұтса, ардақтаса, жақсылық шарапаты тиеді деп есептегендіктен, қазақтардың тірі кісіден гөрі елі аруаққа деген құрметтері, қызметтері ерекше болды. Құрбандыққа шалынған малдың майын отқа құйып, бақсылық ғұрыптар жасағанда өлі рухпен байланыс орнайтындығына қазақтар имандай сенетін.

Қазақтар жекелеген рухтардың жер-ана, су-ана, от-ана — жер бетін жайлайтындығына, ал оларды Шопан-ата, Зеңгі-баба, Қамбар-ата, Ойсыл-қара сияқты пірлері бар жануарлардың қоршап жүретіндігіне де кәміл сенген. Сондай-ақ қыста, ақтүтек борандарда жер-анаға, құрғақшылық кездерінде су-анаға сиынған, мал табынына ауру-сырқау жабысқан кездерде әртүрлі жануарлар рухына да жалбарынған.

Мал өсіру қазақтардың өмірінің негізгі мәнін құрап, тұрмысын белгіленген. Және, әрине, бар тірлігі табиғатқа тәуелді болатын. Егер қазақтардың мал-жаны аман болып, құйқалы жайылымы, мөлдір суы болса, ол өзін аруақ жебеп жүр деп есептеген. Сондықтан, жануарларға сиыну, дұрысында, ата-бабаларымыздың бірінің рухы малдың денесіне дарыған деген сенім көкіректеріне берік ұялап қалғандығынан болар.

Қазақтардың үй жануарларымен айналысуы олардың тілдеріне де әсер етті. 19 ғасырда қазақтардың тілінде түйе өсіруге байланысты 112 термин, түйенің жеке басына ғана байланысты қырықтан аса термині болды. Қазақтардың дәстүрлі амандасуының өзі; «Мал-жаның аман-бадан» басталады. Даладағы көптеген жерлер малдардың аттарымен аталынып, мал-жан тақырыбы қазақ қолөнерінде де басым көрініс тапқан.

Қазақтардың экономикасы әдеби дәстүрлердің дамуына да күшті ықпал етті. Басқа да көшпелі халықтар тәрізді, қазақ эпикалық хикаялары, дастандары, әндері көшіп-қону тұрмыс салтын және өз өмір жолдарында кездескен табиғаттың қауіп-қатері мен қиындықтарын тілге тиек етеді. Көптеген қазақ аңыздарының кейіпкерлері елі мен малын жаудан қорғаған батыр немесе жауынгер және оның ер қанаты - аты болып келеді. Қазақ ауыз әдебиетінде поэзия мен қарасөз қабат өріліп отырады. Мұндай аңыздар бүкіл дала төсінде ауыздан-ауызға тарап, қазақ әдеби дәстүрінің негізін салды. Мұнда Қобыланды батыр (15-16 ғасырларда), Ер Сайын (16 ғасыр), Ер Тарғын (16 ғасыр) сияқты батырлар жыры, сондай-ақ «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» (14 ғасыр болар бәлкім), «Айман — Шолпан» сияқты лирикалық дастандар және махаббатты жыр ететін атақты «Қыз Жібек» бар. Сталин өмірінің соңғы кездерінде болмаса, қалған уақыттарда аталмыш эпикалық шығармаларды ұзақ уақыттар бойы кеңес өкіметі де мойындаған. Себебі, олар ислам ықпалының алдында дүниеге келгендіктен, кейінгі қазақ әдебиетіне қарағанда, кеңестік көзқарасқа бөтен элементтер тым аз болатын.

Сондай-ақ хандық дәуір тұсында өмір сүрген белгілі қазақ ақындарының дастандары мен жырлары сақталып қалған. Бұл шығармалар және олардың авторлары туралы есте қалғандар қашан қазақ зиялылары қағазға түсіргенше 19 ғасырдың 70 жылдарына дейін ауызша сақталып келді. Солай бола тұрғанмен, біздің ғасырдың 60 жылдарына дейін бұл жазбаларға тыйым салынды. Қазақ ақындық дәстүрінің стиліне негіз салған бұл ақындар қазақ ақсүйектер тобымен кірігіп, хан нөкері тобымен көшіп-қонып жүрді. Олардың поэзиясы ислам ой-пікірімен тығыз қабысты. Мұндай ақындар жырау аталып, олар өз шығармаларын ауылдан-ауыл кезіп жүріп орындады. Жыраулар рудың ішіндегі ең құрметті мүшелері ретінде бағаланды. Ақындардан бір өзгешелігі, әлгі жыраулар қазақ даласынан тыс жерлермен де байланыс жасады. Солардың бірі Доспанбет жырау (1490-1523 жылдар) Ыстамбұлға саяхаттап барып қайтқан. Жыраулар сол кезеңдегі басқа да мұсылман әдебиеттерінен мағлуматтары болған. Мұны Жалғас жыраудың (1465-1560) дастанындағы үзіндіден байқау қиын емес.

Осындай ақындардың өмірі мен шығармашылығы қазақтардың өмір-тұрмысынан, хандық биліктен кеңінен мағлұмат береді. Ежелгі ақындардың аса дарындыларының бірінен саналатын Асан қайғы (1361 немесе 1370-1465 жылдар). Шоқан Уәлиханов оны «қазақтардың көшпелі философиясы» атаған. Ол бұрынғы Алтын Орда ханы Ұлы Мұхаммед сарайын тастап, қазақ даласында біріккен түркі мемлекетін құруға Керей мен Жәнібекке қол ұшын беруге кетеді.

Хандық биліктің дәурені жүріп тұрған кездегі қазақ дәстүрлері жөнінде біз әдебиеттен біліп жүрміз. Әсіресе, бай жанр ауызша эпикалық шығармашылық болып саналады. Қыз Жібек туралы аңыз — Қыз Жібек есімді айттырылған қыз бен Кіші Жүздің жігіті Төлеген жайында. Төлеген бақталасының қолынан қаза табады. Сегіз жыл өткен соң, ағасы Төлегеннің қазасып естіген Сансызбай Қыз Жібекті іздеп тауып, алып кетуге келеді. Сөйтсе, Жібекке қалмақ ханы үйленбекші болып жатыр екен. Сансызбай Қыз Жібекті өзімен бірге қашуға көндірді, арттарынан қуа шыққан қалмақ ханы қаза табады. Сансызбай мен Жібек үйленеді. Эпикалық дастанда сол кезеңдегі құда түсу мен үйлену тамаша суреттелген.

Үйлену қазақтар өміріндегі ерекше оқиға болды. Қазақ қыздары әдетте тұрмысқа 13-14 жасында шығатын, ал жігіттер 15-16 жастарында үйленетін. Үйленудің жасау-жабдығы ондаған жылдар бұрын даярлана бастайтын. Алдымен қыздың ата-анасына қалың төленетін. Дәулетті тұқымдар қалың есебінде жүздеген, кейде мыңдаған мал алды, дегенмен, әдетте, қалың мал саны жүзден төмен болатын. Қазақтың көпшілігі бір ғана әйел алды, кейде екі немесе одан да көп әйелі барлар да кездесіп қалатын. Қазақ заңына сәйкес әрбір әйелдің өз отауы болуы, соны күтіп ұстауы тиіс болғандықтан, бай адамдардың бірнеше әйел алуға мүмкіндіктері бар еді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама