Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қазақтың ұлттық киімдері

«Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі», - деген ұлы адамдар. Қазақ халқының ұлттық киімдерінің түрі де, үлгісі де еш халықтан кем болған жоқ. Оның көркем үлгілері әлемнің этнографиялық мұражайлары мен көрмелерінен орын алған. Ұлт мәдениетінде бағалы киімдер сый-сыяпат, дипломатиялық қатынастарда ескерткіш, белгі ретінде жүрген. Ат, шапан сыйлау құрметтеудің көрінісі деп бағаланған.

Ертеде халық шеберлері қазақтың болмысына тән, кигенде ыңғайлы әр түрлі киім үлгілерін жасаған.

Киім – адам киетін, денесін ыстық, суықтан қорғайтын бұйым.

Тымақ – аң, мал терісінен жасалған қыстық бас киім.

Бөрік – жиегіне аң терісін салған, төбесіне үкі қадалған, сырты әшекейленген, ерлер де, қыздар мен жас келіншектер де киетін бас киім.

Бөкебай – түбіттен тоқылған әйелдердің бас киімі.

Тақия – қыздардың үкілеген, әсем зергерлік бұйымдар тағылған бас киімі.

Қасаба – қымбат матадан тігілетін қыздардың бас киімі.

Қалпақ – ер адамдардың бас киімі.

Төбетей – төбеге киетін жаздық шағын бас киім.

Құлақшын (малақай) – қыстық бас киім.

Жалбағай – малшылардың жаздық бас киімі.

Сәукеле – ұзатылатын қыздардың қымбат бас киімі.

Сәлде – молдалардың орап киетін бас киімі.

Желек – сәукеленің немесе қыздар бас киімінің желке тұсынан төгіліп тұратын жібек мата.

Жыға – мойынға су кетпеу үшін дулығаның немесе бас киімнің желке тұсынан тағылған қалың мата.

Күләпара – су немесе қар түспес үшін бас киімнің сыртынан қаптай киетін, брезеттен тігілген бас киім.

Күндік – егде әйелдер басына орай тартатын жаулықтың бір түрі.

Жаулық – тұрмыстағы әйелдердің тартатын бас киімі.

Кимешек – әжелердің тек беті ашық, басын, иығын жауып тұратын бас киімі.

Шалма – түбіттен тоқылған ерлердің мойынорағышы.

Шәлі (салы) – әйелдердің басқа тартатын шашақты, сәндік орамалы.

Жейде – іштен киетін ерлер киімі.

Көйлек – әйел киімі.

Киіт (кәде) – құдалыққа ұсынатын киім, бұйым.

Күрте – ерлердің жейде сыртынан киетін жұқа киімі.

Кеудеше – жылылық үшін кеудеге киетін жеңсіз киім.

Бешпент -  ерлердің жазда киетін сырт киімі.

Шапан – тізеден төмен түсетін қалың сырт киім. Түрлері: қаптал шапан, қималы шапан, сырмалы шапан.

Қамзол – әйелдердің көйлек сыртынан киетін киімі.

Шекпен – су өтпес үшін киетін сырт киім. Ең бағалысы түйе жүнінен тігіледі.

Жақы (құлын жақы, тай жақы) – жылқы терісін жүнін сыртына қаратып тігетін кәдлі киім.

Жадағай – түйе жүнінен тоқылған астарсыз шапан.

Тон – аң, мал, қой терілерінен тігілетін жылы киімдер. Түрлері: қырмызы тон, қамқа тон т.б.

Тұлып – қасқыр, қой терісінен тігілген, қыста тоңбас үшін киім сыртынан киетін кең киім.

Ішік – аң терілерінен тігілген, қыста киетін сәнді киім. Түрлері: қасқыр ішік, бота ішік, түлкі ішік, жанат ішік, күзен ішік, құндыз ішік, қоян ішік, қарсақ ішік, бұлғын ішік.

Күпі – ішіне жабағы жүн салып сырыған шапан түрі.

Кебенек – жауынды, боранды күні киім сыртынан киетін су өтпейтін киім.

Белдемше – үй шаруасында пайдаланатын белден байланатын алжапқыш.

Белбеу – киім сыртынан буылатын, былғарыдан, матадан жасалатын бұйым.

Шалбар – ерлердің балақты бұт киімі.

Дамбал – ұзын балақты іш киім.

Лыпа – балақсыз іш киім.

Жарғақ шалбар – тықыр теріден тігілген шалбар.

Тері шалбар – жүнін ішіне қаратып тігілген қыста киетін шалбар.

Иткөйлек – жаңа туған нәрестеге кигізетін жөрмеп тікке көйлекше.

Етік – былғарыдан тігілетін қонышы ұзын аяқ киім.

Саптама етік – байпақ салып киетін қысқы етік.

Байпақ – етік ішінен киетін киізден тігілген аяқ киім.

Жым етік – өкшесі аласа қисық табан етік.

Шоңқайма етік – еркекке де, әйелге де арналған биік өкшелі, түрлі түсті жіппен әдіптелген сәнді етік.

Ұлтарма – жұмысқа киетін оңай тігілетін етік түрі.

Кебіс – былғарыдан қонышсыз тігілетін аяқ киім.

Мәсі – кебіспен киетін қонышты, өкшесіз аяқ киім.

Шоқай етік – жұмысқа киетін аяқ киім.

Ұлтарақ – аяқ киім ішіне жылылық үшін салынатын киіз.

Шұлық – жалаң аяққа киетін жүннен тоқылатын киім.

Шәрке – жазда киетін жұқа аяқ киім.

Сандал – үсті ашық жаздық аяқ киім.

Шұлғау – етік, мәсі ішінен аяққа орайтын жұмсақ мата.

Пима – жүннен басылған жылы, қыстық аяқ киім.

Қолғап – қыста немесе жұмыс жасағанда киетін киім.

Түйме – киім өңірін қаусырынғанда бекітетін бұйым.

Құрысқақ – тымақ желкесін төбесіне іліп бекітетін ағаш тиек.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама