Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қазыбек және қалмақ ханы (VІ нұсқа)

Абылай ханның заманында калмақтың Қоңтажы деген ханы қалың қолмен келіп, бейбіт жатқан қазақ елінің бір шетін шауып алып кетіпті. Қоралы қой, үйірлі, қосты жылқы, «кұл» қылам деп ұл, «күң» қылам деп қыз әкетеді. Сол уақытта қазақ жиылып, Абылай ханға келіп ақылдасыпты.

Абылай хан айтты:

— Шабыспақ оңай, табыспақ қиын. Елші жіберіп, алдынан өтейік. Бітімге келсе, оны көрейік. Ант өзіне ауар. «Ант аумай, ат жүгірмейді» деген, еліміздің ісі әділ екеніне басқа халықтардың көзі жетсін. Ісі әділ елдің туы жығылып, сағы сынбайды. Жолы өлсе де, сөз бермейтін шешенімізбен, жол бермейтін көсемімізбен «қол бастаған батырмын, мың кісіге татырмын» деген, айтқаныма көнбегенді, күшпен жөнге салып жатырмын» деп кеудесін қағатын Қоңтажы емес пе?!

Ол Қоңтажымен жауласқан елдің адамдары алдына барса, теп-тегіс өлтіреді де, аттарын жылқысына қостыра салады екен. Сол Қоңтажыға «мен барамын!» деген адамдардан білегі жуан батырлар мен сөз білетін шешендерден бір жүз кісі елші жиналып барғалы жатады екен.

Ол кезде Қазыбек тайға мініп жүретін он бес жасар бала екен. Тайын «тай бәйгесіне қосып болдым ғой, енді ат бәйгесіне де бір қосып көрейін деп едім, — деп, — Абылайға айтайын, — деп, тайына мініп келген екен. Сонда Қазыбек бала айтқан екен Абылай ханға:

— Хан тақсыр, мына тайыммен тай бәйгесінде болдым, енді ат бәйгесіне де бір қосылып, көргім келіп тұр, — деп, —  осы елшілермен бірге мен де [ба-райыншы!] — депті.

Абылай хан балаға назарын салып, біраз қарап, тоқтап тұрды да:

— Талабың да жақсы екен, тайың да жақсы екен! Меселің қайтпасын, барсаң бар, балам, жолың болсын! — депті.

Бозқырау түскен күзгі мезгіл екен. Сонау Тарбағатай тауының таң жағы да, Алтай тауының оң жағы қоңтажының еліне қазақтан тайға мінген елші болып баруға бала да жүз кісінің бірі болып жүріп кетіп барады. Көп аттың дүбіріне де делебесі қозған Телқоңыр тай ортекедей ойнап, әлсін-әлсін дамылсыз аспанға қарғып шаптығады. Абылай хан көңіл көзін аударып, балаға қарап, тайға мінген баланы қызық көрді ме, әлде баланың шалымын байқайын деді ме, Абылай хан баланы өз қатарына шақырып алып:

— Бала, атшы болғың келе ме, басшы болғың келе ме? —  деп сұрапты. Сонда бала көп ойланбай-ақ:

— Жол көрген ағаларым тұрғанда, қайдан басшы боламын? Атшы болсам да, жарайды ғой! — деп, қысқартып тоқтады.

Сонда Абылай хан күліп:

— Дұрыс, балам, дұрыс-ақ! — деген, — Алғашқы жүрісің атшылықтан басталсын! — деген екен.

Бір күндік жерге дейін елшілерді шығарып салып, бір дөңнің басына келгенде, Абылай хан жұрттың бәрін тоқтатып, аттан түсіп отырып былай депті:

— Мен бір-екі ауыз сөз айтайын. Естеріңде болсын, батыр болып қол бастау, көсем болып ел бастау оңай жұмыс емес. Осының бәрінен ел тағдырын шешетін сөз қиынырақ. «Жауластырмақ жаушыдан, елдестірмек елшіден» деген. «Ел тағдырын қылыштың жүзімен де, шешеннің сөзімен де шешетін кез болады» деген. «Айтылған сөз атылған оқпен тең» деген. Оны қайтып ала алмайтын уақыттар болады, байқап сөйлеңдер, — деп айтып, — Жауды өлтіруге де болады. Қоңтажыға құлақ кесті құл емес екенімізді естен де шығармаңдар. Жау алдында жасық елдің адамына ұқсамаңдар. «Таудағы түлкіні табындағы тазы алар, тозғындаған аққуды шалғындаған қаз алар». Бірліктерің берік болсын, үлкендеріңді сыйлаңдар, орынды жерде кішінің де сөзін тындаңдар. Басшыларың Тайкелтір би болсын, атшыларың мына тайлы бала болсын! — депті. — Атшыдан бастап басшыңа дейін ел намысы есте болсын. Намыс үшін бара жатқан елші екендіктерің естеріңде болсын.
Қоңтажы икемге келетін болса, асықпаңдар. Егер де икемге келмесе, қар суы кеппей, келетін болындар. Ал, жолдарың болсын, барыңдар! — деп Абылай хан дөң басында тұрып қалыпты.

Елшілер «Қоңтажының елі, қайдасың?» деп жүріп кете барды. Жолаушылар бірнеше күн жол жүріп, боранды күндерді бастарынан өткізіп, аязды күндерде аттарына қар тепкізіп, асу белдерден, суы ащы көлдерден өтіп, бір күндерде қалмақтың елінің шетіне де жетті. «Сұрай-сұрай Меккеге барады» дегендей қалмақтың [еліне] келіпті.

Келген елшілерді қонақ үйіне түсірмей, қойшыларының үйлеріне бөліп-бөліп қондыра салады. Тайлы бала тайынан түспей, аттарды күзетіп, далада қонады. Оны ханның ханымы көріп тұрыпты. Қоңтажы хан түнде өзінің уәзірлерін жиып алып ақылдасады:

— Тайына мінгізіп бала жібергені — Абылайдың мені мазақ еткені ғой! — деп, — осылармен көп сөйлеспей, әуре болғанша, түгел қырып тастап, тыйыш отырсам қайтеді? — депті. уәзірлері:

— Мақұл, мақұл, — депті. Сонда ханның ханымы отырып:

— Тақсыр хан, бір ауыз сөз берсеңші, — депті.

— Айтыңыз, — дегенде, ханымның айтқаны:

— Тай дегеніңіз тұлпар болып жүрмесін, бала дегеніңіз сұңқар болып жүрмесін! Қазақ деген қабырғалы, қалың ел, жүз кісіні өлтіріп, жайлана алмассыз, жүз атты жылқыға пайдалана алмассыз. Алдыңызға бір елдің елшісі келіп отырғанда, хандық қалпыңызды сақтаңыз. Елшіні бұрынғы-соңғы заманнан өлтіруге жол жоқ, — деген.

Хан біраз ойланып:

— Олай болса, осы жүз кісінің ішінде өзіме өзі, сөзіме сөзі лайық келетін адам болса сөйлесермін. Болмаса аман-есен еліне қайтарып жіберермін, — депті, — ертең елшілерді алдыма келтіріңдер, бет-аузын көрейін, көріп отырып, сыбағаларын берейін, — депті.

Ертеңінде елшілер ханның ордасына келді. Елшілер отырар-отырмастан хан көлбеп жатқан аяғын жимастан:

— Уа, неге келдіңдер? — деп сұрапты.

Тайкелтір би майдалап сөйлейтін бақпа адам екен. «Е дегеннен ақтарылмай, ханның көмейін байқайын» деп мынаны айтқан екен:

— Ұгізді өлеңге байлап, өрлікті төменге байлап, алдыңызға келіп отырмыз, алдияр хан! — деп, сөзді ханға тастайды.

Тайкелтірдің кішірейе сөйлеуі: «Ханның мерейін өсіре сөйлейін, әйтпесе хан шамдана түсуіне де жол ашар» [деген ойдан туған]. Өзінен әлсізді аузына қалып салып жаман үйренген әдетпен тәкаппар шіркін жантайып жатқан қалпында мынаны айтқан:

— Кешке дейін бір жауабын берермін. Жауап бермесем, ат-көліктерің аманында елдеріңе қайта беріңдер! — деп қолын есікке қарай бір сілтеді де, сөзді келтесінен қиып тастады.

Кесіліп қалған сөзді іле жалғай алмай, Тайкелтір би сәл едірейіп қалғандай болады. Сол кезде босағада отырған бала орнынан атып түрегеліп мынаны айтқан:

— Ел ебелек емес, ер көбелек емес, дат! — депті. Хан көзінің астымен сүзе қарап:

— Кім едің? — дегенде, бала кідірместен:

— Мен өзім халқым — қазақ, руым — қаракесек, әкем аты — Келдібек, өзім атым — Қазыбек. Елде жүргенде балалардың басшысы едім, қазір ағаларымның атшысымын. Тай бәйгесінен шығып, ат бәйгесіне бірінші рет қосылып тұрмын, — депті.

— Уа, датыңды айт! — депті, хан сұқ қолымен өзінің алдына нұсқапты. Бала адымдап басып ханның алдына барады да, ханның көзінен көзін айырмай мынаны айтқан екен:

— Қазақ деген мал баққан, Сарыарқада қаздай қалқып, үйректей жүзіп, теңіздей көлдерді, ұзын, ұзақ өзенді, көк майса көкорай шалғында, сахара салқынында ел жайлап, шалқып жатқан елміз. Елімізден қашпасын деп, жерімізді жау шаппасын деп найзамызға үкі таққан елміз. Жау аяғына басылмаған ел боламыз. Досымызды сақтай білген, дәм-тұзын ақтай білген ел боламыз. Ұл туса, атадан құл болам деп тумайды. Анадан қыз туса, күң болам деп тумайды. Ұл менен қыз сенің тұтқыныңда отырса, оларды азат етпей тынбайды.

Қатты болсаң, темір шығарсың.
Сен темір болсаң, мен — көмір,
Еріткелі келгенмін.
Екі елдің арасын
Теліткелі келгенмін!
Сен көктегі құс болсаң,
Мен іліп тастар сұңқармын.
Сен жердегі аңның жүйрігі құлан болсаң,
Мен қуып жетіп соғар тұлпармын!

Бала сөйлеген сайын ханның көзі бажырайып, қарай береді.

— Сен қабылан болсаң, мен жолбарыс,
Алысқалы келгенмін!
«Жау тілегенге жасыл туса еді» деген,
Ел болып шабысқалы келгенмін!
Елімнің шетіне ойран салған өзің,
Бітім беретін болсаң,
Айыбыңды мойындап, бітім бер!
Болмаса, тұрысатын жеріңді айт,
Шабысқалы келгенмін! — депті.

Хан бажырайған бойымен отырыпты да қалыпты. Баланың сөзі біткеннен есін жиғандай болып, тамсанып:

— Япыр-ай, дауысың қаздың дауысындай екен! Қазақ деген елдің дауысы қаз дауысты екен, — деп, — сенің атың «қаз дауысты Қазыбек» болсын, менің қасыма келіп отыршы, —  деп хан қағыла түсіп, орын беріпті.

Сонда Қазыбек:

— Біздің елімізде кіші үлкенін сыйлайды. Ағаларым төрде отырса, менікінің уақасы жоқ! — деп жалт бұрылып, орнына қайта келіп отырыпты.

Әбжыланмен арбасып отырғандай, елшілердің көңілі бір сонда ғана көтеріліп, дұшпан алдында мерейі үстем бола беріпті. Әлгіде ғана айбат шегіп отырған ызбарлы хан қалбаң қағып, орнынан ұшып тұрыпты да, уәзірлеріне:

— Мына елшілерді қонақ үйге апарыңдаршы! Жол жүріп, ат соғып, шаршап келді ғой, тынықсын! — депті.

Сөйтіп ісі әділ елдің елшілерінің қадірлі сөздері қылышынан қан тамған ханды қалбаң қақтырыпты. Қоңтажы хан қанша бойлауық, керауыз болғанмен, лажсыз көніпті. Тұтқындағыларды босатып, тартып әкеткен мал-мүліктерін айып-анжысымен қайтармақ болып, жегенін қайта құсып, ханға оңай болып па, шауып алып кеткен мал-мүліктерді түгелдеп, жиып болғанша, көктем де келіп қалыпты. Елшілерді еліне қайтарысуға ыңғайланады. Елшілерді құрметтеп аттандырып салуға көп халық жиналады. Екі елдің адамдары қош айтысып, айрылайын деп тұрғанда, қазақтың тұтқынға [түскен] бір жас жігіті келіп, көпке арыз айтады:

— Мен елдің жылқышысымын. Жылқы бағып жүргенімде Қоңтажының қолы келіп, басып алды да, мені тұтқын етіп алып кетті. Осында келген соң бір уәзірі үстімдегі тонымды тартып алды. Еркіммен бермеп едім, ұрып тісімді сындырды. Жаныма балаған атымды тартып алды. Мына қайтып бара жатқан жылқының ішінде көрінбейді. Күрек тісім сынып, көңілім бұзылды. Киімнен айрылып, көркім бұзылды. Атымнан айрылып, ұйқым бұзылды. Мінеки, жиылған хан, қара, көпшілік, осыған не айтасыздар? — дегенде, хан мен елшілер бетпе-бет қарсы тұр екен.

«Бұған не айтар екен?» деп жиылған көп халық қоршады. Ойда жоқта айтылған сөз хан мен елшілерді таразыға тағы бір тартыпты. Сонда Қоңтажы хан алтын сапты болат семсерін беліне байлап, жанат ішігін үстіне киіп, қара қасқа тұлпарын мінгелі тұр екен. Хан айтады:

— Ат деген сырты — түк, іші — боқ бір тай шығар. Тон дегенің бір қойдың терісі шығар. Оны несін сөз қылып айтып тұрсың? [Іс] біткеннен кейін «қол сынса, жең ішінде, тіс сынса, ауыз ішінде» кете бермек. Қайта сөз қозғаудың не орны бар? — деп хан теріс айналыпты.

— Ханның сөзі жөн ғой, — дейді өз халқы. Елшілер тағы бір тұйыққа тірелгенде[й] болып, аңырая қалыпты. Сонда тайына мініп тұрған Қазыбек бала тайын тебініп, ілгері шығып айтыпты:

— Қалайша «тіс сынса, ауыз ішінде, қол сынса, жең ішінде» кете бермек? Біз жаманымызды жасырмайтын, жақсымызды асырмайтын елміз! Астындағы мінген аты қанат емей немене, қой терісі күн өтпейтін жанат емей немене, ауыздағы отыз тіс болат емей немене? Қанатынан қайрылуы, болатынан майрылуы, жанатынан айрылуы оңай емес. Хан, табысқаның рас болса, еліміздің адамын қанатынан қайырмай табыс, болатынан майырмай табыс, жанатынан айырмай табыс! Жаяу, жалаңаш жүре беретін ол сенің құлың емес. Еліміздің ерікті ұлы көрікті болуға тиіс! —  дегенде, олақ ойлы, шолақ тілді хан көп алдында Қазыбектен оңбастай болып тағы да бір жығылды.

Хан енді:

— Жанатыңа жанатым, — деп үстіндегі жанат ішігін шешеді де тастайды, — қанатыңа қанатым, — деп мінейін деп тұрған қара тұлпарын жігіттің алдына көлденең тартады, — болатыңа болатым, — деп беліндегі семсерін береді.

Жабырқап [қалған] жігіт жанатын үстіне киіп, болатын асынып, қара тұлпарға қарғып мініп, елшілерге:

— Шу! — деп жүріп кеткенде, хан тұрған орнында сілейіп қатып, тұрып қалыпты.

Сөйтіп, Қазыбектің халық намысымен, қадірлі сөздерімен қылышынан қан тамған Қоңтажы ханды дегеніне көнді ріпті. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген, «қадірлі сөз қамал бұзар» деген қадірлі қариялардан қалған сөз» деседі.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама