- 24 мау. 2021 00:00
- 185
ҚазҰУ - менің болашағым
Барлығымыз бала күнде көп нәрсені армандаймыз. Сол күнгі арманымның қазіргі күнде орындалатындығын кім білген? Барлығын алаңдатқан сол бір емтиханды тапсырып, жоғарғы балл жинаған кездегі қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Өзімнің арманыма, сүйікті университетіме бір қадам жақындағандай болдым. Жалғыз менің емес талай түлектің арманы болған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – де оқу мүмкіндігі бүгінгі таңда мағанда бұйырыпты. Студенттік кезең адам өміріндегі ең бір қимас, қызығы мол күндер. Студенттік шақ деген әлдебір романнан немесе ауызекі әңгімелерден естіп жүрген қызықты да байыпты шаққа еніп, тағы бір қадамымызды жасадық. Жан-жақты білім, қызықты студенттік шақ, әр-түрлі концерт, олимпиада, студенттің білімге қызығушылығын арттыратын түрлі іс-шаралар, мұның барлығы сөзсіз студентті алға жетелейді.Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ерекше мәртебесі бар Қазақстанның жетекші классикалық университеті, жоғары кәсіби, жоғары оқу орнынан кейінгі білім мен ғылымды инновациялық дамытудың ұлттық көшбасшысы. Университет білім алушы тұлғаның жан-жақты дамуына, өзін-өзі кемелдендіруіне қажетті жағдай жасау үшін бар күш-жігерін салып, студенттік өзін-өзі басқаруға, көшбасшылық қасиеттерді тәрбиелеуге мол мүмкіндіктер тудыруда. Университет студенттерінің өмірі қызықтылығымен әрі алуандығымен ерекшеленеді. Ол тек дәрістер мен семинарларға қатысумен ғана шектелмейді. Олар шалқыған шығармашылық қуат пен жастық жалынды, балғын талантты шыңдайтын театр студиялары мен поэтикалық клубтарға, көңілді және тапқырлар сайысына белсене қатысады. Ғылыммен айналысқысы келетін студенттер үшін де дәстүрлі түрде «Ғылым әлемі» сияқты конференция, форумдар ұйымдастырылып тұрады. Инновациялық жобаларға құштар, заман ағымынан қалмауға тырысатын студенттер үшін әр факультетте бизнес-инкубаторлар, университетте технопарк қызмет етеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті – адамгершіліктің мың жылдық дәні егілген, жастық шақтың мәңгілік мекені, білімге сусындаған бақытты кезеңіміздің самал лебі есіп тұрған университет. Және де шаттығыма шаң жұқтырмай, көкірегімді оятып жүрген ҚазҰУ оқытушыларына дән ризамын. Екі жыл бұрын осындай керемет мекеннің студенті атандым. Бұрынғы кездері үлкендер «өмірдегі ең қызықты шақтар – студенттік шақтар» десе түсінбейтін едік. Нағыз өмірлік достарды осы жерден таптым. Ұмытылмас кештер мен сәттер осы университетте болды. Өмірдегі ең ыстық сезімдер мен пейілдер, сыйластық пен құрмет – барлығын осы ҚазҰУ-дан алдым. ҚазҰУ – талантты, дарынды студенттердің басын біріктіріп отырған мекен. Сыйластық пен шынайы достықтың мекені, ҚазҰУ – ғашықтардың мекені. ҚазҰУ – адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, тұлғаның жан-жақты қабілетін ашып көрсетуіне мүмкіндік беретін мекен. Сол себепті де, мен өзімнің ҚазҰУ-да жүргендігімді өмірімдегі ең үлкен сәттілік деп санаймын.
Мәдениеттану мамандығының студенті: М.М.Мұхтар
Жетекшісі: М.А.Есболова