Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қыдыр, бақ және ақыл

Бұрынғы заманда қыдыр, бақ, ақыл үшеуі кездесіп қалып, ерегісе кетеді. Үшеуі ерегесіп отырып әрқайсысы өз күшін көрсетпекші болады.

         Қыдыр, бақ пен ақылды ертіп алып, бір жер айдап жатқан жынды адамға барып дариды. Сонда жындының айдаған жерінен төңкерілген кесектердің бәрі алтын болып кетіпті. Жынды біраздан кейін шөлдепті. Анадай жерде бір топ керуен түсіп жатыр екен, солардан су ішіп келуге барады. Барарда: «Керуеннің иті қауып алар», – деп, қолына бір кесек алтын ала барыпты. Керуеншілерге барып, су сұрапты. Керуеншілер су беріпті. Суды ішіп алып, анадай жерде өзіне қарап үріп жатқан итке қолындағы бір кесегін атып жіберіпті.

         Керуеншілер: «Алтынды лақтырып жіберуі қалай?» – деп ойлайды. Бір керуенші:

         — Бұл жынды адам, алтын екенін білмес, – деп, жындының қолындағы алтынды сұрапты.

         Жынды:

         — Мә, керек болса! Тағы алтын керек болса, бәрің жүріңдер, мен сендерге қанша керек болса, сонша берейін, – депті. Керуеншілер еріп барып қараса, жындының айдаған жерінің бәрі алтын екен. Керуеншілер барлық жүгін далаға тастап, түйелеріне алтынды тиеп алыпты. Бәрі жындыны: «Бұл қасиетті адам шығар!» – деп өздерімен бірге елдеріне ала келіпті.

         Бұл хабар елден елге тарап, ханға да барып жетіпті. Алтынды естіген соң хан қарап отырсын ба? Қасына көп жолдас-жора, нөкерлерін ертіп алтынды әкелуге шықпақшы болады. Хан алтынға баруға жиналып жатқанда «Ел шетіне жау келді!» – деген суық хабар естіледі. Хан жалма-жан жасауылдарын жіберіп:

         — Шаһарда неше адам болса да бірі қалмастан, қолдарына қару алып атқа мінсін! Қаланың бір шетінен жау тиді, соған аттансын! – деп бұйырыпты.

         Әрине, ханның әмірі екі болмайды. Жұрттың бәрі де бір-бір атқа мініп, қолдарына қару алып, жауға аттанады. Бұлармен бірге баяғы жынды да шығады. Бәрі бірдей жауға қарап ат қояды. Сонда жынды келе жатқан жаудан қорқып, алдында бір үлкен терек бар екен, соған тығылып қалып қойғысы келіп, жабыса бергенде, жындыға бақ қонған екен, терек түбімен қопарылып, оның қолына келеді. Бірнеше мың пұт теректі көтеріп келе жатқан мұны көрген жаудың зәресі ұшады. Жан-жаққа қашып кетеді. Жау кеткен соң жұрттың бәрі үйді-үйіне қайтады. Хан жұрттан:

         — Жауды кім жеңді? – деп сұрайды.

         Сонда бір адам: «Керуеннен бір адам келіп еді, сол жеңді», – дейді.

         Хан жындыны шақыртып алып қырық күн той, отыз күн ойын жасап, қызын жындыға береді. Кешке жеңгелері ханның қызын жындының жанына алып келеді. Жынды ханның қызына жоламайды. Ханның қызы ол күні үндемей кетеді. Ертеңіне жынды тағы жоламайды. Ханның қызы ашуланып: «Бұл мені менсінбей жүр», – деп жеңгелеріне айтады.

         Жеңгелері:

         — Неге менсінбесін? Өзің жоламайтын шығарсың? – дейді. Ол күні күйеуінің қасына қыз тағы келеді. Жынды етігін шешейін деп жатқанда, ханның қызы барып, жындының етігін шешпекші болып, отыра берген екен, жынды ханның қызын бір теуіп, тісін сындырады. Ханның қызы жылап, әкесіне барады. Хан қызын көріп, ашуланып:

         — Жындыны дарға тартындар! – деп, жендеттеріне бұйрық береді.

Жендеттер жындыны дарға апар-ған кезде, қыдыр мен бақтың бұған шамасы келмейтінін сезген ақыл, жындының басына кіреді. Жынды ақыл кірген соң, о жақ, бұ жағына қараса, өзін жендеттердің дарға тартайын деп тұрғанын біледі.

         — Ау, бұларың қалай? – деп, жендеттерден сұрайды.

         — Ханымыз сені дарға асып өлтіруге бұйырды. Біз сені дарға тартамыз, – дейді жендеттер.

         Сонда жынды тұрып:

         — Мені ханға алып барыңдар, – дейді. Жендеттер жындының сөзін тың-дап, оны қайтадан ханның алдына апарады. Сонда хан:

         — Не арызың бар? – деп, жындыдан сұрайды.

         Жынды:

         — Мен сіздің қызыңыздың қасына жоламағанымның себебі: қызыңыз сіздің даңқыңызбен өскен соң: «Арам еті кетсін», – деп жүрдім. Тісін сындырғаным – ханым шомылмай, бойын таза тұтпай жүріп емізген екен, ол сол уақытта шыққан тіс екен, – дейді. Хан жындының ақылына риза болып оны өлімнен босатып, қызын қайтадан қосады.

         Сөйтіп, қыдыр мен бақтан ақылдың күші басым болып шығады. Жындыға ақыл еніп, ол мұрат-мақсатына жетеді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама