Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Ақылды әйел

Бұрынғы өткен заманда Қожанай деген бай болыпты. Оның жалғыз ұлы бар екен, өзі қылжақбас, мылжың екен. Бай осы баласы туғанда бір молданы әкеліп атын қойдырыпты. Молдасы құрғыр жақсырақ ат таппаған ба, яки бай орамалды жақсы бермесіне көзі жеткен бе, әйтеуір баланың атын Тесікбай дей салыпты. Тесікбай ер жетіпті, өсіпті. Айтқанды ұқпайтын ақпа құлақ болыпты. Ел аузына қақпақ қойған бар ма: «Баласының басы тесік болғандықтан, миы да ағып түсіп қалған-ау», – дейтін болыпты.

         Қожанай мұны естіп намыстанады, осының басын түзейтін ақылды келін іздеп табуды ойлайды.

         Осымен күндерден күн өте береді. Тесікбай хандардың, байлардың, мырзалардың арасында сауық құрып жүреді. Бір отырған сауықта Бекеханның баласы Тесікбайды балағаттайды.

         — Әкең Қожанайдың аты әлемге жайылды. Байлығы жұрттан асты, сөйте тұра сені әлі үйлендірген жоқ. Өзің де езсің, сұлу таңдап сүюді білмейсің, – деп жазғырды.

         Бұған ызаланған Тесікбай күнде әкесінің мазасын кетіре беріпті, кетіре беріпті. Сондағы айтары бір сөз-ақ: «Сұлу қатын алып бер» дейді екен. Қожанай ханның да, молданың да қызын көреді. Баласына бас-көз болар ақылды қызды таба алмайды. Енді өз елінен табылмаған соң, Темірхан ханның елінде жақсы қыз көп дегенді естіп, солай қарай аттанады. Атағы жұрттан асқан бай келді дегенді естіп, Темірхан Қожанайды үйіне шақырады, қызын да көрсетеді.

         Ал, сөйтіп, басы ханның қызы болып, бұл елден де ақылды қызды көре алмайды, кері жүріп еліне қайтады. Неше күн жол жүріп, үлкен өзеннің бойына келеді. Күн кеш болады, байға қонарға орын табылмайды. Өңкей ғана қара лашықта тұратын балықшыдан басқа онда кім болсын.

         Байдың өз дүниесі өзіне жетеді ғой, неше нарға жүк артып келе жатқанда, далаға болса да түнеуге  ұйғарады. Жігіттеріне жайлы орынға жүкті түсір дегенше, екі жолдың айырығында бір он төрт жасар қыз кез келе кетеді. Қожанай бай қызға: «Кімнің баласысың?» – деді.

 

Қамысты жарып қала еткен,

Балықты жарып бал еткен,

Табылғанын нар еткен,

Осында талай жан өткен.

Төсеніп құрақ зар еткен,

Кеңімей дүние тар еткен,

Панасы қамыс әкем бар,

Мен осындай ер жеткем,дейді қыз тайынбастан.

         Қожанай ойланыпты да қыздың өзін балықшының баласы екенін түсіндіргеніне сүйсініпті. — Балам, үйіңе   баста,   қамыс  күркеңнен дән таталық, – депті бай.

         Қыз тағы да іркілмей:

         — Қоныңыз, ата, – дейді де үйіне ертіп барады. Расында, қамыстан қалаған үйі бар, құрақтан тоқыған көрпесі бар шал әкесі күркеде отыр екен. Бай амандық айтысып, қарап отырады. Жүгіріп еңбек еткен жас қыз бір табақ шортанның сорпасын келтіріп:

         — Мынау, ата, шортан сорпасын ұрттауға өзім де қорқам, – дейді. Екінші табақты көрсетіп:

         — Мынау, ата, сазан, осы үшін әбден кетті мазам. Мынау, ата, бекіре, жайын балық, жей бересіз кекіре, – дейді.

         Қожанай қызда зеректік барын байқап, баласына айттыру жайын сөйлесіпті. Балықшы шал тез көніпті. Бай малды аямай беріпті де, қызды Тесікбайға алып беріпті. Ел: «Малын көзіне сүрткен Қожанай қу кедей балықшының қызын баласына әперді», – дейді. Қожекең, амал не, балам тең болмады-ау деп, арман етеді екен. Тесікбай болса, балықшының қызы Сақыпжамалға: «Күркеден шыққан кедей қызы», – дей беріпті. Сақыпжамал да есесін жібермепті. «Қамыс тесігінің саңылауы бар, сенің басыңның саңылауы жоқ», – деп, әзілдейді екен. Не керек, осымен күндер өтіп жүре береді. Келін қылығынан ғой, Сақыпжамал атасына жаға беріпті.

         Қожанай сырт хандардың еліне көп барып, саяхат ететін, мал айырбастайтын, сонымен байлығын жұрттан асырған бай екен. Сол әдеті бойынша бай сыртқа шыға беріпті. Бар қазынасын келініне сеніп тапсыратын болыпты.

         Бай бір рет Пак патшасының еліне барып, онан сансыз алтын, күміс, асыл тастар, асыл бұйымдар алып еліне қайтыпты. Ұлы керуенімен келе жатса, ортадағы үлкен тауда қашаннан бекініп жататын қырық қарақшы бар екен, байдың керуені осыған келіп кездесіпті. Қарақшылар барлық асыл мүлікті талап алады. Аты шыққан Қожанайды таниды,   мұны тірі жіберсек, бізді қоймай табады, онан да өлтірелік деп кеңеседі. Оны Қожанай да біледі.      Қарақшының бастығын шақырып алады.

         — Қарақтарым, сендер осы тау да мал іздеп жүрсіңдер ғой. Менің малым жетеді. Бәрін алыңдар, мені жіберіңдер! – дейді. Оған тонаушылар көнбейді.

         — Ендеше, мұның үстіне үйімде екі алтын терегім бар, бірін алыңдар. Мына малдарымның бағасынан он есе артық келеді. Бір қамбада толған алтыным бар, оның жартысын алыңдар да мені жіберіңдер! – дейді.

         Қарақшылар оны алудың жолын сұрайды. — Мен хат жазып, мөр басып берем, кісі жіберіңдер, балам береді, – дейді.

         Қарақшы ойланыпты да «Жаз хатыңды, көрейік» – депті. Қожанай баласына мынадай хат жазыпты:

         «Балам Тесікбай!.. Мен Пак патшасына есік алдындағы екі алтын теректің бірін тартуға тарттым. Сол үшін бірін қалдырып, бірін бер. Мұнда қырык нарға артатын асыл бұйым барды, ала кету үшін қамбадағы алтынның жартысын бер. Алтын ақ бас, бура бас нарларға тартылсын – барған адам өзімнің мал басыларым. Жұмыс тез бітсін. Әкең Қожанай!» – деп мөрін басады.

         Қарақшы оқып көреді де: «Осыны әкеліп алып, онан кейін байдың жазасын берермін», – дейді де мықты екі қарақшысын хатпен жібереді. Айтуы бойынша екі қарақшы Тесікбайға хатты әкеліп тапсырады. Ол хатты оқи сала дүңк етіп:

         — Қайдағы алтын терек, алтыны несі, тіпті бізде ақ бас бура бар ма? – дейді.

         — Бар, міне, алжыпты бастайды. Бұл дүңкілді үйде отырған Сақыпжамал естиді де жүгіре шығып:

         — Немене, атамнан хат бар ма? – дейді.

         — Бар, міне, алжыпты атаң! – дейді баласы. Сақыпжамал хатты оқып, мазмұнына түсінеді де:

         — Өзі жинаған дүниесін өзінен аяймыз ба, береміз, бәрі де бар, қонақтар үйге кіріңдер! – дейді. Сөйтіп, екі қарақшыны ішкі үйге ендіріп, есікті сыртынан мықтап бекітеді. Тесікбайды хатпен ханға жібереді. Хан хатты оқып, түк те түсінбейді. Сақыпжамалды шақыртады. Сақыпжамалдан хан хаттың мазмұнын сұрайды.

         Сонда Сақып хатты мынандай деп шешкен екен:

         — Атам хатты жұмбақтай жазған, есік алдындағы екі алтын терек дегені — Тесікбай мен мені айтқаны. Қазір жау қолында қиналудамын, жаным үшін сендердің біріңді беруге дейін даярмын дегені. Екеуінің бірін қалдырып, бірін бер деуі – екі қарақшы кетті, бірін тірі қалдырып, бастатып келіп, мені құтқарыңдар дегені. Қырық нарға артатын асыл бұйым бар дегені – қарақшының саны қырық дегені, алтын ақ бас, бура басты нарларға артылсын дегені – хатымды сендер шеше алмасаңдар, ханға апар, ол шешеді, әскерін тез жібереді дегені ғой.

         Ханда қырық кісінің ақылы бар деуші еді, тақсыр, бір әйелдің ақылына жетпейсіз бе, – деп сөккен екен. Хан ашуланып сол сағатында әскерін жіберіпті. Әскерлері Қожанайды босатып, қарақшыларды ұстап әкеліпті. Осыдан соң Сақыпжамалдың даңқы тағы да арта беріпті. Осылай жүргенде Қожанай бай өледі. Әкесінің орнына Тесікбай сырт хандықтарға шыға бастайды.

         Тесікбайды әкесімен бірге жүретін қазына бастықтарына, мал бастықтарына қосып жіберіп отырады Сақыпжамал.

         Бір рет Тесікбай мәрмәрдан қаласын салдырған, гауһардан қақпасын орнатқан, қанатты ат мінген, қарымды қару асқан Оймауыт ханның еліне барып, мал айырбастайды.

         Өз елінен бірге шыққан ханның, уәзірлердің, байлардың мырзалары да бар екен. Күнде сауық, ойын тамаша. Байлыққа мас болған мырзалар жүйріктерін, тұлпарларын жарыстырады, бәйге тігеді. Бір күні сорына ма, бағына ма – кім білсін, Тесікбай мен Бүркіт мырзаның ат жарыстыруға бәстескені барша жұртқа тарайды. Екеуі екі жүйрігін алысқа айдайды. Бүркіттің жүйрігі алдымен келеді. Тесікбайдың уәдесі бойынша қолындағы бар мүлкін Бүркітбай ұтып алады. Онымен де тынбайды, Тесікбай атымның бабы келмеді деген соң, бәске аттары мен әйелдерін де тігіп, екі жүйрікті қайта жарыстырады. Соры қайнап, Тесікбай Керқұланы да, Сақыпжамалды да Бүркітке ұттырып жібереді. Сөйтіп, басқа мырзалар қайтқанда Тесікбай қайта алмай Оймауыт елінде қалады. Мастанған Бүркіт сонда тұра-тұрады. Тесікбайдың қазына бастықтары еліне келсе де Сақыпжамалға көріне алмай жүреді. Кешіккен соң бір сұмдық болғанын іші сезген Сақыпжамал сәл түсін өзгертіп, қаланы аралап жүріп, өзінің қазына басшысына кезіге кетеді. Бөгде әйел болып, Тесікбайды сұрайды. Жасырын сыр әшкере болады, күйеуінің масқарасы шыққанын естіп біледі. Ерінің ездігіне ашынған Сақыпжамал жанына баяғы мал басшысын ертіп алып, асығыс жолға шығады. Күн жүреді, түн жүреді, апта жүріп, ай жүреді. Оймауыттың еліне барады. Қаланың бір шетінен орын алады. Ерекше жасанады да Бүркіт мырзаның жайын іздеп табады. Соған жақын жерден бір үйді ұстауға бекиді де, қайта келіп, мың сандыққа тас толтырады, мың сандыққа жүн толтырады, сандықты бекітіп, сырлатады. Барлығын нарға артып, сөйлескен үйге түседі.

         Бұл да бір сылқым мырза болып, Бүркітпен жақындаса түседі. Тесікбайды іздеп келсе, ошақта от жағушы болып отыр екен. Қожайынға пұл беріп, оны сатып алады. Үйіне әкеліп, от жағушы етіп қояды. Күндердің күнінде Бүркіт мырзаны Сақыпжамал қонаққа шақырады. Бұған дейін мың сандық гауһар, алтыны бар, мың сандық асыл жібек бұйымы бар бай атанған Сақыпжамалға жақындай алмай жүрген Бүркіт шақырған бойда жетіп келіпті. Сақыпжамал Бүркіт мырзаға ас пен шарапты аямай беріпті. Мырза әбден қызыпты. Осы кезде қызша жасанып Сақыпжамал үйге кіріпті. «Мен Женісханның қызы едім, сендей жігітті іздеп таппай жүргенде, сырға көріп шүкір еттім», – депті. Бүркіт онан әрі мастаныпты.

         Қонақ үйге шешін де жат деп бұйырыпты. Қожанайдың бұрыннан дайындап қойған малға басатын таңбасын шешініп жатқан Бүркіттің санына әкеліп басыпты. Қызған темірге шыдасын ба, мырза жаланаш қашып құтылыпты. Осымен ай өтеді, апта өтеді. Бүркітті бағады да жүреді. Мырзаның жарасы жазылды дегенде, Оймауыт ханына Сақыпжамал жігіт болып, жасанып келіп арызданады.

         — Әкем Қожанай әлемге аты шыққан бай еді. Оның малын қарақшылар ала беруші еді. Ол кісі өлді. Осында ағам Тесікбай келген. Оның көзін жоғалтыпты да бар мүлкін Бүркіт деген қарақшы талап алыпты. Малымды танып ұстап, алдыңызға келдім, – дейді. Хан Бүркітті шақыртады.

         — Бүркіт, – сен де байдың мырзасының, мына кісі сізден мал даулайды, – дейді. Сонда Бүркіт:

         — Ұтып алғанмын, – дейді, сөйтіп, екі жақ хан алдында айтысады. Сонда Сақып:

         — Мұның ұры екенінін белгісі денесінде бар, көріңіз! – деп өтінеді. Санын ашып қараса, Қожанайдың айдай таңбасы шыға келеді.

         — Міне, әкемнің малын көп ұрлаған, сан рет қолға түскен. Сонда екінші ұрлама деп, әкем таңбасын басып еді. Қараңыз, әкем өлген соң ағайымды да тонап, малын алған! – дейді.

         Хан Бүркітті зынданға салады да мал-мүлкін екі есе етіп Сақыпжамалға қайырады. Іс біткен соң Сақыпжамал еліне қайтуға дайындалады да патшаға кіріп, Бүркітті сұрайды.

         — Ол қарақшы да болса, біздің ханның адамы ғой, беріңіз, сонда барып  жазасын  тартсын! – дейді.      

         Оймауыт хан мұны мақұл көріп Бүркітті береді. Сақып оны байлатады да бір түйеге артады. Түйенің басын Тесікбайға жетелетіп қояды. Алыс жүрді, көп жүрді, қанша да болса, оң жүрді. Бір кезде Бүркіт ұтса, енді Бүркіт байлауда, Тесікбай оны жетелеп келеді.

         Еліне жақын келгенде, Сақыпжамал әйелше киініп, Тесікбайды қасына шақырады. Тесікбай әйелінінің бетіне бажырайып қарапты да қалыпты. Өз көзіне өзі сенбей тұрып, тұрып, еңіреп жылап қоя беріпті. Соңынан Бүркітті шақырады. Өзінің кім екенін сонда танытады.

         — Е, мырза, сен Тесікбайды қалай алдадың, енді кімге алдандың, көр? – депті. Сонда Бүркітбай мырза:

         — Өмірі малайын болайын, енді масқара қыла көрме, – деп, жалынып жылапты. Сол жерде Сақып оны азат етіпті. Тесікбайға бұдан кейін ақыл кіріп, басы бүтін бас бола бастапты.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама