Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қыран торғай

1

— Уһ, жаным-ай! Бұл қайғыны көргенше келмесем еді майданнан. Жалғызымнан айрылсам, көрмесем еді бұл үйді.

Айтар сөзі де, ойлар ойы да осы ғана болып кереуеттің үстінде түнере дөңбекшіп, қою қара қасы бар қабағы тастай түйілген қапсағай денелі қара сұр жігіт жатыр.

Бұл — бес жыл бойы жар төсегін жадында ғана сақтаған, бес жыл бойы жер орнына туған жерін сүйіп, бала орнына майдан топырағын батыстан да, шығыстан да құшқан, бес жыл бойы алысқан жауды жермен жексен етіп, үйіне бүгін ғана оралған Мұрат дейтін жігіт.

Оған өзі жоқта салынған осы екі бөлмелі кірпіш үй алғаш кіріп келгенде алтын сарайдай көрініп, бұл үйдің түтіні де балдай сезілген еді. Енді сол алтын сарайдай көрінген үй іңірден бері көрдей көрінуде. Өйткені ол бес жыл бойы көрмеген жалғыз ұлы Алданды бір көрместен жоғалтып отыр. Ол қайда? Күндіз жұмыс істейтін шахтасында жоқ, кешкі оқу оқитын мектебінде де жоқ. Оны іздеп кеткен Жәмештен де хабар жоқ. Оны ешкім білмейді. Мұраттың көңіліндегі қаяу сол.

Көзі қабырғадағы сағатта. Сағаттың тілі ілгері жылжыған сайын жүрегіндегі үміті де жылжып, бірте-бірте алыстап бара жатқан сияқты. Ah ұра аласұрып, ауық-ауық алысқа құлақ тігеді. Бураша бұрқылдап, терезені сабалаған дүлей боранның долы гүрсілінен басқа тырс еткен дыбыс жоқ. Аспаннан қараңғы түн салбырап, жердей ақ боран көтерілген кездегі даланын суық сұрқын көз алдына келтіріп, сол боранның ішінде адасып бара жатқан баласын елестеді де, жаны түршігіп, не істерін білмей аласұрады. Кейде өзінің жүріп кете алмағанына ызаланып, аяғын жаралаған самурайларға сансыз лағнет айтады. Кейде жанындай көретін Жәмешке де кейиді.

Ол осындай арпалысқан асау ойда жатты, үйге кірген әйелі Жәмешті сезген жоқ. Ана байғұс баласы үшін ажалға да қарсы барады ғой, Арқаның аты-шулы ақ бораны қаһарын қанша төксе де, балапанынан айрылған қызғыштай зыр қағып жүрген Жәмештің бетін қайтара алған жоқ. Ол іңірден бері қаладағы өзі білетін таныс үйлердің бәрін де сүзіп шықты. Ешқайда Алдан жоқ, енді қайда?..

«Қайда?» — деген бір сұрау жүр оның аузында. Кәрі мылқау тұншықтырғандай «бар» деп айтар бір жан жоқ. Шахтаға барайын десе, боран түтеп тұр, әрі екі арасы недәуір жер, адасып кетуі мүмкін.

Алданның жұмыс істейтін шахтасы ашық шахта болатын. Сол ашық шахтаны қар басып қалды ма екен, әлде шахтаға түнеп қалды ма екен деген ой айдап, өмірінде есігін ашып көрмеген Степанның үйіне де барды.

Степан дегеніміз — осы шахтадағы партия ұйымының секретарь! болатын. Ол Жәмештің әкелген жайсыз хабарын ести сала шахтаға телефон соғын еді, ондағылардың берген хабары Жәмешті ғана емес, Степанды да шошытып жіберді. Өйткені, боранның қаттылығынан жұмыс істей алмай күзетшілерден басқа шахтада жан қалмапты. Олардың айтысына қарағанда, Алдан қайтқан жұмысшылардың ең соңынан жалғыз кетіпті. Бұл и і. хабар еді. Дәл смена бітер кезде учаске бастығы Куликов келді де:

— Алдан, сен балалықпен босқа қорқасын. Сенің мына қимылың саркідір машинистерден кем емес. Қорықпа, ертеңнен бастап осы машинаны өзің жүргіз, — деді.

Бұл сөзді жалғыз Куликов емес, комсомол ұйымының секретары Төлеу де күндіз айтып кеткен-ді. Бірақ, ол:

— Сен қашанғы көмекші болып жүре бересің, — де Алдан:

— Ағай-ау, көмекші болып істегеніме он-ақ күн болды ғой. Әлі де үйрене түсейін де, — деген еді. Айтқанынан қайтпайтын Куликов келіп әлгі сөзді айтқаннан кейін онымен дауласа алған жоқ. Бірақ учаске бастығының «қайтыңдар!» деген бұйрығын орындаған жоқ. Оңаша өзін байқап көргісі келіп ел қайтқан кезде ол эксковатордың қасында жалғыз қалып қойды.

Оның жұмыс істейтін жері төбесі ашық шахта болғанмен жан-жағы биік шың терең құздың іші секілді еді. Сондықтан, ол жұмыс кезінде боранның анық қандай екенін сезбей сыртқа шыққан соң ғана сезді. Терістіктен найзадай қадалған жел күн бата ауыр күрсіл, долы екпінін күшейтіп таң атқалы жауған ұлпа қардың сарынын шығарып тұр еді. Мұны көргенде машинаны жүргізуге қабілеті мол келетініме көзін жеткізіп лепіріп шыққан Алданның көңілі басылып қалды. Бірақ, ол адасамын деген жоқ қаһарлы долыға қасқая түсіп, жалғыз өзі тартып кетті. Сол кеткеннен Алдан жоқ.

Өзі жалғыз, өзі жап-жас бала, күн болса мынау, кейде ат құлағы көрінбей тұрған. Енді не істеу керек?

Аз ойланудан кейін Степанның шешкен түйіні — Алданды іздеу, өзі іздеу. Ол осы оймен үйінде телефоны барлардың бәрін өре тұрғызды да, комсомол ұйымының секретары Төлеуге барлық комсомолдарымен жарты сағаттың ішінде әзір болуды тапсырды.

Алдан жалғыз сіздің емес, бәріміздің де Алданымыз, алаңдамай үйіңізге қайта беріңіз, біз қайтсек те оны тауып әкелеміз, — деді Жәмешті сендіре сөйлеп.

Ол бұл сөздерді өзіне сеніп айтқан еді, ол сенімі далаға кетті. Секретарь айтса сүрін үріп тұрған сұрапылдың да үні өшетіндей көретін Жәмеш бұл сөзді естігеннен кейін үйіне үлкен үмітпен қайтқан еді, ол үміті де әлсірей бастады.

Ар ада талай уақыт өтті. Алдан әлі жоқ. Алданды іздеп кеткен Степандар да жоқ. Олардың қайтып оралатын уақыты өткен сайын Мұрат пен Жәмештің тағаты таусыла түсті.

— Құлыным-ай, нендей күйге ұшырадың? — деп жылап қоя берді.

Мұрат оның келгенін сонда ғана сезіп басын сәл көтерді де, Жәмешке оқты көзімен қарап:

— «Нендей күйге ұшырады?» дегенше, «нендей күйге ұшыраттым» десеңші, — деді зілді дауыспен. Оның майданнан келгелі зілденгені де, жанындай көретін Жәмешіне ашулы көзімен түңғыш қарағаны да осы.

— Ер жетіп қалған балаға мен не істей аламын?

— «Не істей аламын!» Әлі қабырғасы да қатпаған баланы жұмысқа неге салдың? Әрі оқу оқып, әрі жұмыс істеудің жас балаға ауыр екенін білмедің бе? Егер мен. кешегі соғыста немістің не самурайдың оғынан өліп кетсем, сенің оған көрсетер өмірің тек осы көмір ғана екен ғой. Етегіңнен тартып отырған балаң жоқ, тепсең темір үзетін шағың, сол бір баланы өзің-ақ асырай алатын едің ғой.

Өмірінде Мұраттан мұндай ащы сөзді естімеген Жәмеш жасқа булығып сөйлей алмай қалды. Оның айтайын дегені ең алдымен осы үй еді. Бұл үйді Мурат майданға кеткеннен кейін бір жағынан жұмыс істеп жүріп өзі салған-ды. Тіпті Мұраттың өзіне мұндай үй өмірде бітіп көрген емес. Еңбекті сүйсем осыны істер ме едім, дегісі келді, айта алмады. Екіншіден, Мұрат айтқан бұл сөзді Алданға Жәмеш айтқан жоқ па еді? Айтты. Бірақ, әкесінің жараланғанын естіген күні «мен көкемнің кегін жауға жібермеймін, ол үшін мен оқып жүріп Отанға көмір беремін» деп, Алдан шешесінің айтқанына көнген жоқ-ты. Жәмеш осыны айтқысы келді, айта алмады.

Мұрат қанша қаһарлы болса да, қайтымы тез, қайрымы мол адам болатын. Ол әлгінде ащы сөзді ашумен айтып салса да, Жәмештің соғыс кезінде істеген істерін есіне түсіріп, қаһарынан тез қайтты. Тіпті жақсы көрген кезінде Жәмешті «Жәмке» дейтін әдетімен:

— Жәмке! — деді ақырын ғана.

Бірақ, оның сөзін Жәмеш тыңдаған жоқ. Сырттан келе жатқан біреудің тықырын естіп орнынан тұра беріп еді, Степан мен Телеуден басқа ешкімді көре алмаған соң төбесінен жай түскендей сылқ етіп қайтадан отыра кетті.

Степан мен Төлеу үйге кірерін кірсе де, төрге беттей алған жоқ. Өздеріне сұрау қоя қадалған Мұрат пен Жәміштің көзіне де тура қарай алған жоқ. Не айтарларын да білмей сәл кідіріп қалған еді, Мұрат терлеп жатып мұздай қалған денесін тез жиып алды да:

— Е, жігіттер, неге тұрсыңдар, төрге шығындар! — деді қинала күшпен сөйлеп.

Оның даусында ауыр қиналу, қатты өксудің суық толқыны барын Степан сезе алмай қалды да:

— Алдан әлі келген жоқ па? — деді.

— Тауып па едіңдер?

— Жоқ.

— Енді не сұрап тұрғаның?

Мұраттың сөзі тым қатты шықты да, мұнан кейін екі жақ та уақыт үнсіз отырып қалды. Степан не дерін білмегендей Төлеуге қарап еді, Төлеу жерге қарады. Ол жерге қарап отырса да Мұраттың өзіне қадалып отырғанын сезіп, «неге келдім осында!» деген күйге түсті. Егер, пеш түбінде отырған Жәмеш аңырап қоя бермегенде көпке дейін бұлардың аузына сөз түспеуі мүмкін еді. Ананың сөздеріне толық түсінбесе де, зарын ұғып отты жүрегі елжіреп, Степан Жәмештің қасына жетіп барды.

— Жыламаңыз, сабыр — деді ол өз орамалымен Жәмештің көзін сүртіп. — Біздің қарамаған жеріміз жоқ жүз қаралы кісі қатар тізіліп жолдың екі жағын да сүзіп шықтық. Алдан ешқайда емес, осындағы бір үйде, таң атқанша сабыр етіңіздер.

Ол осыны айтарын айтса да, өз сөзіне өзі риза болмай:

«Осы менің айтып отырғаным сөз емес-ау», — деді ішінен. Ол тағы бірдемелер айтқысы келіп еді, Жәмештің қайта-қайта басын шайқап:

— Жоқ, ол тірі емес, тірі болса ешқайда түнемейді, — деген сөзін естігеннен кейін үнсіз отырып қалды.

Алданның кезбе емес екенін Степанның өзі де білетін. Әсіресе мынандай бораны қатты, күдігі күшті түнде оның басқа үйге түнеуі мүмкін емес. Енді қайда?

Осы сұраудың жауабын таба алмай, олар ауыр ойда отыр еді, сыртта келе жатқан біреудің тықырын естіді де, есік жаққа қарай тура ұмтылды. Ол есікке жеткенше болған жоқ, екі бетінің қаны тамған, қаршадай бір бала жайдай жалт етіп кіріп келді.

— Ә, құдай ақсарыбас, — деп, шешесі тұра ұмтылып еді, қуанғаннан не дерін білмей.

— Ұршы өзін, — деп, әкесі де басын көтеріп алды. ;

Төлеу мейлінше қорыққан болу керек, енді қуанғаннан ашуланып Алданға сұрлана қарап тұр. Степан жерге бір түкіріп:

— Тіфу, сайтан, — деді де, қайтадан отыра кетті.

Алдан мұның ешқайсысына да қараған жоқ, төсек үстінде отырған әкесін барып құшақтай алды. Баланын суық денесі ыстық құшағына келіп кіргенде Мұраттың болат денесі балқып, ет жүрегі елжіреп сала берді, «Алдашым, жарығым» дегеннен басқа сөз айта алған жоқ. Тек Алданның былғары пальтосына жауған көз жасының тырсылының ғана дыбысы естілді.

Шіркін, бала-ай. Жана ғана кемпірдей құнысып отырған Жәмеш, енді жас келіншектей гүл жайнап шыға келді. Мұрат баласының маңдайынан ұзақ, иіскеп, қатты бір сүйді де:

— Енді он жылға дейін шахтаның маңынан жүруші болмайсың. Бар, мына кісілер мана амандасуға келсе де, дәмге қарамай кеткен еді, қонақ етіп жібер. Жәмке, тез дом дайындап жібер!

— Біз үшін әуре болмаңыз, — деген Степанның сөзін елеген жоқ.

— Жоқ, жолдас парторг, енді оныңыз болмайды, — деп, Жәмеш шыға жөнелді.

Алдан әкесінің құшағынан босанғаннан кейін сағатқа қарап жаурынын бір қиқаң еткізді де:

— Шынында мен тәуір-ақ сайрандаған екенмін-ау, — деді күлімсіреп.

— Иә, жігіт болғаныңды бүгін-ақ көрсеттің. Тез үйлендірмесек, сен бір күні мүлдем жоғаларсың.

Степанның бұл сөзіне ештеңе дей алмай ұялып теріс айнала беріп еді, Төлеу оның бетін өзіне қарай бұрып алды.

— Елді осынша сабылтып, қай үйден келдің өзін?

— Боранның үйінен келдім.

Степанға бұл жауап ұнап кетті ме, қалай, сүйсіне қарап, басын шайқады да:

— Тоңған екенсің, жылына ғой, сонсоң сөйлесерміз, — деді.

Төлеу Мұраттың қасына барып, Алданның соңғы кездегі істерін айта бастап еді, Мұрат қолын сермеп:

— Оған мен қуана қоймаспын, аузыңды ауыртпа, — деді.

Алдан пештің ыстық жеріне арқасын төсей тұрып, бұлар қайтер екен, оқудан қалып қойғаныма ұрсар ма екен? — деген оймен терде отырған екі секретарьға көз тастап еді, екеуінің де көздері күлімдеп тұр екен. Олардың ешқайсысында зіл жоғын сезді де, ішінен қуанып кетті. Сондықтан ол:

— Ал, батырым, сөйлеші, осы уақытқа дейін қайда жүрсің, қайдан келдің? — деген Степанның сұрауынан қысылған жоқ.

— Боранда жүрдім, бораннан келдім, — деді күліп.

— Жалғыз ба?

— Жалғыз.

Ол нахақ болса да Степанның:

— Өзің комсомолсың, өзің өтірік айтасың, ә! — деген әзіліне қатты қысылып қалды. Оның үстіне Телеу де бір жағынан қағыта бастады.

— Мүмкін жалғыз болған соң боран мұны аяған болар, — деді ол.

— Иә, боранның ақылсызы да, ақылдысы да болады. Тобымызбен жүрген бізді адастыра жаздаған манағы боран ақылсыз, ал, Алданның бораны ақылды екен. Солай ма Алдан?

Алдан тез жауабын бермесе, бұл екеуінің әзіл қақбақылына түсетінін сезді де:

— Боранның ақылды ақылсызын айыратын сіздердей үлкен емеспін ғой мен, — деді.

Степан үнсіз қадалып қалды да, Төлеу бұл сөздің байыбына барған жоқ. Ол әлденені білгісі келгендей манадан бері Алданның өткір қара көзінен көзін алған жоқ еді, қанша бақса да ештеңе сезе алмаған болу керек:

— Біз сенен адасқан кісінің түрін көре алмай отырмыз-ау, — деді жасырмастан.

— Нанбасаңыз Темірқазықтан сұраңыз.

Степан мырс етіп күліп жіберді.

— Дұрыс, секретарыңды жақын жерге жұмсадың. Бұл сенің аспанға шығып кеткеніңді білмей, жерден іздеп жүр.

Бұл сөзге Төлеу мен Мұрат қосыла күлген еді:

— Күле беріңіздер, — деді Алдан жай езу тартып, — мен аспанға шықпасам да, шыққандаймын.

Әңгімеге шындап кірісерде екі тізесін алақанымен сарт еткізу Степанның әдеті еді, Сол әдетін істеді де, ол:

— Жо, әзілдесуіміз жеткен болар. Сен шыныңды айт, біз үйге қайтайық, — деді.

— Сенбейсіздер, сенбесеңіздер де айтайын, — деп Алдан көйлекшеңденіп, беті-қолын жуынып келді де: — аспан ашық болмағанда, мен Темірқазықты көре алмайтын едім, Темірқазықты көре алмасам, үйді таба алмай өлетін едім. Бүгінгі боран маған көп нәрсені үйретті, көп нәрсені көрсетті. Адамның жауы да, досы да көп екен, ең алдымен соны көрсетті. Осыған сенесіздер ме? — деді, екеуіне кезек көз тастап.

— Иә, сенеміз.

— Егерде сенсеңіздер, мақтаншақтық деген — үлкен жау екен. Сол жау бүгін мені қапылыста жеңіп кете жаздады. Өйткені, мен ертең елге мақтану үшін машинаның күйіне әбден түсіп алғым келді де, жолдастарымнан жасырынып қалып қойдым. Жолдастардан қалғаннан кейін жалғыз қайтпай шахтаның ішіне жата кетуім керек еді, әкемді тез көргім келді де, боранды елемедім. Қауыпты елемеу де естілік емес екен, елең құрлы көрінбеген боран біраздан кейін есімнен адастырды. Қайдан, қалай барғанымды да білмеймін, бір кезде бақшаның ішінде жүргенімді бір-ақ білдім.

— Қайдағы бақшаның?

— Сонау қаланың сыртындағы бақшаның. Өмірдің қадыры — елім елестегенде, жолдастың қадыры — жалғыз жүргенде білінеді екен. Бұған көзім бүгін жетті. Боранның ішінде жүріп бітірген бірінші мектебім осылар. Осыған сенесіздер ме?

— Сенеміз. Сол жерден жалғыз келсең шын жігіт екенсің, — деген Төлеудің сөзін:

— Өзін бала болсаң да, ойын. жігіт болып қалған екен, — деп Степан қуаттай түсті.

— Оған сенесіздер, желге, жел секілді ұйытқыған ойға сенбеңіздер. Мен шахтадан шыққан кезде күн алай-түлей боран еді, Жел қала жақтан екен, сол жерде желдей ұйытқыған бір жынды ойлар кеп мені әр қияға бір сүйрелеп, «қайтпа, адасасың» десе біреуі, енді біреулері «қайт, сені іздеймін деп шешен адасады, желге қарсы жүре берсең үйінді табасың» деп, мазамды алды. Әрі осы соңғы ой билеп, әрі ертең машинист болатынымды айтып, әке, шешеме мақтанғым келді де жүріп кеттім.

Қала жақтан соғып тұрған желдің қай мезгілде, қай жерде өзгеріп кеткенін де білмеймін, алғашқы беттен өзгеріп басқа жаққа шығып кетіпті. Мен маңдайымды желге беріп жүрген едім, желдің өзгергеніне қарай бетім де өзгеріп кетіпті. Оны мен бақшаға барғанда бір-ақ біліп, енді өлдім ғой деп едім, майданда өлген бір немере ағайдың мұнан үш жыл бұрын айтқан бір сезінің есіме түсе кеткені. Қандай қатер төнсе де сабырлы болу керек екен. Сабырсыздықтың жау екенін, сабырлылықтың дос екенін сонда білдім. Бұл менің екінші мектебім. Бұған сенесіздер ме?

Баланың нағыз әділ сыншысы әке ғой. Баласының әрбір сөзін іштей салмақтап Мұрат әлі үн шығарған жоқ. Тек ауық-ауық Степан мен Төлеуге көз қырын тастайды да олардың әңгімені құмарлана тыңдап отырғанын көріп баласына масаттана түседі. Шынында, Степан мен Төлеу Алданның не сөзінен, не кескінінен балалықтың ешқандай нышанын көре алмай таңдануда еді. Сол сырын ашық көңілді Степан жасыра алған жоқ, Алдан: «сенесіздер ме?» дегенде ол:

— Оныңа сенеміз. Бірақ, сенің анық өзіміздің Алдан екеніңе сене алмай отырмын. Алдымен соны айтшы, сен қай Алдансың деп айтып салды.

— Анық өз Алданыңызбын. Сол үшін бірге отырып дәм ішейік. Апа, дәміңіз әзір болды ма? — деп, ас үйде жүрген шешесіне қарай беттей беріп еді:

— Тоқтай тұр, — деді Степан қарамаймыз. Сен соғыстың бір тәжірибесін айта бастадың да, тастадың ғой.

— Ә, ұмытшақ деген де дос емес. Ол мынау еді! Сол майданда өлген ағай ең соңғы жазған хатында өздерінің жау жеріне бір жорығының жайын жазыпты. Ол барлаушы болатын. Жау жерінде жүргенде адамның басына кездесетін жаулық та, достық та көп көрінеді ғой. Тек айырмасы ондай жерде адамды достық іздемей, жаулық іздейді екен де, достықты адамның өзі іздейді екен. Іздей білген кісі өзіне керек достықты жер түгіл аспанда да табатын секілді. Солай ма, көке?

— Айта бер, күнім, — деп Мұрат иегін көтерді. Сол ағайдың жау жерінде, жан қысылған кезде ажалдан құтқарған досы — сол аспандағы темірқазық екен. Қабақ қақтырмас қараңғы түнде адастырмай, құтылар жолды тауып берген сол темірқазық көрінеді. Марқұмның сол хаты келгеннен бері күн сайын сол жұлдызға қараушы ем, оған қараған сайын оның өзі де еске түсуші еді. Бүгіп адасып жүргенде сол ағаң есіме түсті де, күн бір толастаған кезде оның жұлдызын тауып алдым.

Адасқан жолыма сол жұлдызды шырақ етіп үйді де' оңай таптым. Менің бүгінгі бораннан көргенім де, үйренгенім де осылар. Енді сенбесеңіздер де төргі үйге жүріңіздер. Апа, адасқаннан кейінгі бір қиын нәрсе ашыққандық көрінеді, тездетіңіз! — деді.

— Қазір, күнім, қазір. Өзіңе сақтаған етті апарып қойдым. Әзірше соны жей тұрыңдар. Қонақтардың сыбағасы қазір даяр болады.

— Жеңгей, біз үшін әуре болмаңыз. Таңның өзі таяу қалды.

— Таң атса ата берсін, күн шықса шыға берсін, қазір піседі, — деп, Жәмең кете беріп еді:

— Апа, Степан Семеновичке арнап қазы салдыңыз ба? — деді Алдан күліп.

— Салдым, күнім. Жылқы етін жейтін шығар, ә?

— Айтқанға болмасаңыз аса беріңіз, жемесек қалар, — деген Степанның әзіліне үйдің ішіндегілер ду күліп жіберді.

— Бар, тездет! — деді де, Мұрат балдағына сүйеніп, — қонақтар, мұнда, бері жүріңіздер, — деді төргі үйге беттеп.

Степан Алдан туралы ойын әлі қорытып болған жоқ-ты. Тоқсан түрлі ойды толғай келіп, тобықтай ғып бір түйді де:

— Бұл бала күштің ғана емес, ақылдың да иесі болып қалған екен. Жап-жас бала, ә!.. Өнерлі елдің тасы да өрге домаласа, өнерсіз елдің басы да ойға домалар. Бір кезде басы ойға домалаған қазақ халқының бұл күнде тасы да өрге домалап түр. Бұл соның бір айғағы ғой, — деді ішінен.

Бірақ оның күтіп отырған бір қаупі бар. Ол — осы Мұрат. Жанағы бір сөзіне қарағанда Мұрат ертеңнен бастап Алданды жұмысқа жібермеуі мүмкін. Степан осы ойын Төлеуге сыбырлап еді, ол:

— Мен де соны ойлап отырмын. Онда біздің қолымызды кескені, — деді.

II

Мұрат қонақтарын етпен де, ниетпен де сыйлап қоя берді.

Алдан жайындағы ойын Степанға қазір-ақ айтып қалмақшы болып бір отырды да:

— Қой, өз үйімде айтқаным ұят болар, — деді ішінен. Ертең кеңсесінде отырғанда барып айтайын. Жалғыз інім болса майданда өлді. Ендігі қалған жалғызымнан айрылып қала жаздадым. Осыны өзіме қиыңдар, өлсе оқудың соңында өлсін дейін.

Алдан қонақтарын шығарып салып келгенде әкесі Алданның кроватына жантайып осындай ойда отыр еді. Оны Алдан көрген жоқ. Бұрыштағы жазу үстеліне отыра қалып, көк қалқанды шамын жақты да, әлденені жаза бастады.

— Ботам-ау, демалсаңшы. Бүйте берсең зорығасың ғой, — деп әкесі қасына келді де, — мұның не? — деді.

— Бұл — күнделік.

— Күнделік? Ол немене?

— Ол — өзімнің азамат болғаннан бергі өмірбаяным.

— Азамат болғаннан бергі. Қане, көрсетші маған.

Алдан қалың көк дәптерді әкесінің алдына жайып еді, бірінші беттің ең басында «хош келдіңіз, жаңа дәуірдің жаңа жылы», онан төменірек жерде «46 жыл, 1 январь деген жазулар тұр екен. Әкесі соларды оқып шықты да онан төмен жазылған ұсақ жазуларды еркін оқи алмай:

— Оқышы, естиін, — деді.

Алдан өз жазғанын өзі кісі алдында бұрын оқып көрген емес еді, өзімен-өзі қысылып біраз тұрды да ақырын оқи бастады.

— «1946 жыл 1 январь. Бүгін мен Ленин комсомолының мүшесі болдым. Жиылыста Төлеу, Саша, Жәния, Вера, Меруерт — бесеуі сөйледі. Бесеуі де мені жер-көкке сыйғызбай мақтады. Meн қатты ұялдым. Ұяла отырып өлсем осылармен бірге өлуге ішімнен серт еттім. Осы күні мен эксковаторды бірнеше рет өз бетіммен жүргізіп көрдім. Өзімнен он есе биік машинаның үстіне шығып жүргізе бастағанымда бүкіл Қарағанды аяғымның астында жатқандай масаттандым. Кешінде апам менің он алты жасқа толғанымды тойлады. Бұл тойға мен ең алдымен бүгінгі жиылыста өзімді мақтаған жолдастарды шақырдым. Орыс жолдастарым маған әр түрлі сый әкеліп тартты, ал, қазақ жолдастарым еліміздің салтына жоғын сылтау етіп ештеңе әкелген жоқ. Солай дей тура олардың қайсыбіреуі қатты ұялды. Әсіресе, Меруерттің ұялғанын-ай. Мен оның ұялғанын көргенде аяп кеттім...»

Мұнан кейінгі жазылған екі-үш жол сөзді Алданның оқығысы келмей күмілжіп еді, әкесі:

— Оқы, оқы, — деп ентелей түсті. Бірақ ол баласының үш-төрт жолды аттап барып оқығанын аңғарған жоқ.

— Вера маған Фадеевтің «Жас гвардияшылар» атты романы мен өзінің он алты жасқа толған күні түскен суретін әкеліп сыйлады. Нағашым әкеліп сыйлаған сағаттан гөрі осы екеуі құнды көрінді.

Ойын-сауық ұзаққа созылды. Той тарқағаннан кейін «Жас гвардияшыларды» оқып жатып үлкен ойға кеттім. Роман әлі оқылып біткен жоқ...»

«1946 жыл, 2 январь.

Түнде кеш жатсам да бүгін ерте тұрдым . Неліктен екенін білмеймін, денем кешегіден кесек, бойым кешегіден биік сияқты. Мүмкін, ол түндегі тойшылардың «азамат» деген сөзді құлағыма көбірек құйғандығынан болар. Жұмыс уақытына дейін біраз оқып тастайын деп, романды қолыма алып диванға жантайып ем, түнде көрген түсім есіме түсті де тоқтап қалдым.

Түсімде мен Дон бойында, сол жас гвардияшылармен бірге жүр екенмін. Мүмкін романнан алған әсерімнен болар. Түсімде мынандай тамаша өмірді көрдім...»

— Тоқта! Түсті түнде айтпас болар, ертең айтарсың. Жаз мына ашық жерге, — деп, әкесі жаңа басталған әңгімені айттырмастан үзіп жіберді.

— Нені жазамын?

Алданның гүлдеп жайнап тұрған жүзі әкесінің мына сөзін естігенде сұрланып кетті.

— Әкем Мұраттың әмірі бойынша, — деді Мұрат нығыздай сөйлен, — 1946 жыл, январь айының үшінен бастап жұмысты тастадым деп жаз!

— Неге?

— Неге екенін көріп тұрған жоқсың ба? Әкең келді, енді оқуыңды оқы.

— Қайдағы оқу?

— Өзіңнің оқып жүрген оқуын, ше?

— Оны оқып жүрмін ғой.

— Бүгін қашан оқыдың? Адасып-адасып жаңа келген жоқсың ба?

— Бір күн қалғаным ештеңе етпес.

— Жоқ шырағым, мектеп деген поезд емес, бүгін қалсаң ертең мініп жүре беретін. Бір күн қалсаң өмірден бір саты кейін қалғаның. Оныңа мен көне алмаймын. Ертеңнен бастап жұмысқа бармайсың, сөзді қой да жаз!

Бұл сөз Алданға өз үкімін өзіне жаздырғаннан кем тиген жоқ. Қарындашы қолынан түсіп кетіп еді, оны да қайтып алған жоқ. Әкесіне қадала қараған күйі үнсіз отырып қалды. Ол қатал мінезді әкесінің өз айтқанынан сезіп, не істерін білмей отыр. Әке тілін алайын десе, бүгін өзіне таудай даңқ әперген енбек майданын қимайды. Жұрттың бәрі оны «батыр бала» атады, енді оны қалай тастап кетпек? Әкенің бұлай қатал әмір етуі оқудан бүгін қалғаны үшін бе? Жоқ, әлде ол соғыс бітті, енді әркім өз қара басының пайдасын, өз келешегін ғана ойлау керек дей ме екен? Жоқ, ондай шолақ ойдың адамы Мұрат емес, Отанның келешегін ойламайынша, өзінде келешек жоғын ол жақсы біледі, Өйткені ол кешегі сұрапыл соғысты көзімен көрді, сол соғыстан көрген ел қайғысы оның есінен әлі кеткен жоқ. Сол соғыстан талқандалған дүниені ол көзінің алдынан әлі кетірген жоқ. Сол соғыс салған жарасы жазылып, жер жыртығы жамалғанша ол өзін де, Алданды да, Жәмешті де тиыш жатқызбақшы емес-ті. Жәмеш соғыс кезінде шинель мен гимнастерканы қандай көп тіксе, енді олармен бірге пальто, костюмдер де сондай көп тігілуі керек. Алдан соғыс кезінде қандай жақсы оқыса, енді онан да жақсы оқуым керек. Ал өзі майданда қандай ерлік көрсетсе, енді еңбекте де сондай ерлік көрсетуі керек. Әкесінде осындай үлкен ой барын Алдан да сезетін. Өйткені әкесі бұл жайында госпитальда жатып жазған хаттарында:

— Аяқ та жазылар, бір машинаның басына мен де мінермін, — дейтін. Алдан осыларды ойлап отыр. Ол әкесінің:

— Жазасың ба, жоқ па? — дегеніне де үн қатқан жоқ. — Осыдан ертең шахтаға қарай аяғыңды басып бар деп, әкесі ызбарланған сапын ол түнере түсті.

Түс айтылған жоқ. Күнделік жазылған жоқ. Әзірше әке баласын, бала әкесін көндіре алған жоқ.

Алдан дәптерін алды да, төсегіне барып құлай кетті.

ІІІ

Мұрат ояна сала үйдің ішіне көз жүгіртіп еді, қырауының қалыңдығы бір елі әйнектің жиегінен шашырай түскен күн сәулесі төр алдына жақындап қалған екен.

Үйдің іші жым-жырт. Тек пеш үстіндегі үлкен жез шәугімнің ызылдағаны ғана естіледі. Аздан соң қабырғадағы көне сағат он бірді соғып жана ғана бұрқ-сарқ етіп қақпағын селкілдете бастаған жез шәугімнің үніне үн қосты.

Жәмеш жұмысқа кетерде Мұрат жатқан үйдің пешіне көмірді сықай салып, қақпағын бекіткен еді де, су толтырылған жез шәугімді пештің үстіне қойып кеткен еді. Бірақ, жез шәугімнің бұл үйге келіп бұрқылдауынан Жәмештің жұмысқа кеткенін ұқса да, ұға алмаған тағы бір жайы бар Мұраттың.

— Бұл қалай? Әлде менің түндегі айтқанымды тыңдамай Алдан жұмысқа кетіп қалды ма екен? Ол үйде болса шайды бұл үйге қайнатпас еді ғой.

Осы ой оның ұйқысын шайдай ашып жіберді. Қайнап тұрған шәугімді пештен алуды да ойлаған жоқ, тез киіне салып Алдан жататын төргі бөлмеге балдағымен екі-ақ аттап жеткен еді, есік көзінде тұрып қалды.

Ол баласының, тіл алмай кеткеніне қорлана ызаланып тұр. Сондықтан, оған бұл бөлмедегі нәрселер де күле қарап тұрғандай сезілді.

Бұл үйдің терезесінің қырауы біраз ерігендіктен күн сәулесі Алданның кереуетінің үстіне молырақ түсіп тұр екен. Бұл кроваттың үстіне ақ кіреуке жабылып, тұсына қызыл жібек кілем құрылған болатын. Кілемнен жоғарырақ жерде Алданның күлімсірей түскен үлкен суреті тұр. Ақ кіреукеге түскен күн сәулесі, ол сәуледен кілемге шашыраған шапақ бұл бөлмені гүл-гүл жайнатып жіберіпті. Бірақ, Мұратқа осы әдемі көріністердің бәрі Алданмен бірге сықақтап тұрғандай сезілді де:

— Тұра тұр, көргенсізім, сен мен жоқ болған соң бетіңмен кеткен екенсің. Әке тілін алмайтын сендей б«ланы үйретермін мен. Мен сен түгілі немістер мен самурайларды да үйреткенмін, — деді Алданның суретіне қадала қарап.

Ол ішінен соны айтты да асығыс киіне бастады. Майданда жүрген кезінде болмаса, жайшылықта мұндай ызаланбаған болар. Сол ызамен пеш үстіндегі жез шәугімді жерге тастап жіберді. Бірақ, ол үйден қанша ашулы шыққанымен табиғаттың дәл қазіргі сұлу көркіне көз тоқтатпай кете алмады.

Көгінде мұнар жоқ, жерінде көлеңке жоқ, ақ мамықты айқара жамылған кең дала керіле түскендей, көк аспан кеудесін көтере түскендей дала мен қаланың бірдей күліп тұрған кезі еді.

Кешегі боранда кеткен есесін күн өткізбей, түн түнетпей қаңтарғысы келген қала халқы тасыған теңіз сияқты. Қиқу салып ерсілі-қарсылы жүйткіп жүрген автобустар мен паровоздарда тыным жоқ. Қала мен даланың жүрегі біреу-ақ, сол жүрек қазір әлді соғып тұрған сияқты.

Алыста — көкжиектен көтерілген ақша бұлттай Байдәулет оның қатарында шөккен нардай Сораң таулары көрінеді. Мұрат қала тіршілігінің қызығына қадалған көзін енді сол алыста тұрған тауларға жібере беріп еді, пар атты шананың үстінде кетіп бара жатқан Степанды көріп қалды.

Әй, достым, сен кішкене тоқтай тұршы осы.

Степан атшыға аттың басын тартқызып, өзіне қарай жатқан Мұратқа көз тастап еді, оның өңі тым суық екен. Осы суық түстен-ақ Степан оның ішкі ойын тани кетті де, жылы шыраймен қарсы алды.

— Мені шахтаға жеткізіп таста, — деді Мұрат амандасқаннан кейін.

Степан оның шахтаға не үшін баратынын сезсе де, ештеңе деген жоқ.

— Мақұл, отыра қойыңыз, — деді күлімсіреп. Шанадағы қос күрең жол бойы кездескен күртік қарды кесіп өтіп, зәулім үйлердің ара-арасымен оңтүстікке тартып келеді. Мұраттың екі көзі жан-жағындағы үйлерде. Ол майданға кеткенде осы маңда он шақты үйдің іргесі ғана қаланып жатқан болатын. Қазір сол он шақты үй етек-жеңін кен жайып, үлкен қалаға айналыпты. Осыларға таңдана қарап, таңдайын қаға түсіп келе жатыр еді:

Біздің шахтаны бұрын көріп пе едіңіз? — деді Степан.

— Жоқ.

— Әне, көрмесеңіз.

Бұл кезде бұлар қаланың шетіне шыққан еді. Мұраттың көзі қарсы алдындағы жазық далада тұрған қарлы аудара түсті.

— Бұл не ғажап? Мына таулар қайдан келген?

Оның бұлай таңдануының жөні бар. Біріншіден: ол майданға кеткен кезде бұл жер мидай жазық дала болатын. Тек «осы даланың көмірі мол екен, шахта ашылатын болыпты» деген хабарды естігені болмаса, ашылған шахтаны көрген жоқ-ты. Екіншіден: бұрын талай шахтаны көрсе де дәл мынандай тауға айналып кеткен шахтаны көрген де емес, естіген де емес.

Степан оны шахтаға ел баратын жолмен апармай, батысқа қарай созылып жатқан ақ тұмсықтан айналдырып әкетті. Бұл ақ тұмсықтың аржағында осындай тағы бір сала бар екен. Сол екі саланың арасымен, омбы қарды еспелей өрлеп барып, екі саланың түйіскен қайқаң жеріне жақындай бере шананы тоқтатты да:

— Ғапу етесіз, мұның жолы осындай қиын. Көмір шығып жатқан жолмен сіз жаяу жете алмайсыз. Онан да осы жолсыз жермен барайық, — деп, Мұратты сүйемелдеп шанадан түсіре бастады.

Тұрған жерлері жап-жазық. Жазық жермен жүріп келіп жазық жерге тоқтады. Бірақ екі жағында екі тау тұр. Алдыңғы жағы қайқаң, қайқаңнан әрі алыста мұнан да биік жақпар-жақпар таулар көрінді. Бұл не ғажап?

Өмірінде ашық шахтаны көрмеген Мурат бұл сұраудың жауабын қанша ойласа да таба алған жоқ.

Манадан бергі көрінгендерінің бәрі де ештеңе емес екен. Ең тамашаны Мұрат қайқаңға шыққан соң көрді. Жүріп келіп тоқтаған жері тақтайдай жазық еді, енді аяғының асты терең құзға айналып кетті.

— Міне ғажап? — деді ол құздың түбіндегі еңбек думанына көз жіберіп.

Айналасы ақ адыр таулармен қоршалған терең құздың іші дауыл күнгі теңіздей сапырылысқан адам, бірнеше шақырым жерге екі қатар созылған темір жол. Сол темір жолдың үстінде тырнадай тізіліп ерсілі-қарсылы зымырап жүрген вагонеткелерді, сол вагонеткелермен тасып жатқан көмір тасқыны күйініп келген Мұраттың көңілін судай тасытып жіберді. Бұлардың тұрған жері дәл көмір алып жатқан забойдың желкесіндегі жақпартастай биік жардың үсті болатын. Сол жардың түбінде осы құздың ішіндегі барлық адаммен барлық техниканы бір өзіне бағындырып, бір алын машина тұр. Алақанына жүз отыз пұт көмір жайма-жай сыятын бір керемет. Құздың ішін тасыған көмір арнасына айналдырып тұрған бір ғана соның күші екенін көргеннен кейін Мұраттың есі шығып кетті. Бірақ, сол кереметті көрсетіп тұрған өзінің Алданы екенін әлі сезген жоқ.

Алып машина айдындана қимылдап тұр. Ол еңкейген сайын жүз отыз пұт көмірді бірақ салып, вогонеткелердің бірінен соң бірін жөнелтіп жатыр.

— Достым-ау, мынауың таудың да талқанын шығаратын ғой.

— Қалай, ұнап тұр ма сізге?

— Бұл ұнамаса, маған түк те ұнамас.

— Ұнатпағандықтан келіп тұрған жоқсыз ба?

— Қалайша?

— Сол алыпты алақанында ойнатып отырған кім екен, анықтап қараңызшы.

Мұрат әлі сенген жоқ. Сенбесе де жүрегінен әлденендей бір қуаныштың оты жарқ етті де, көзі барып машинаның кеудесінде отырған Алданға байланып қалды.

Машина үлкен төбедей, оның үстінде отырған Алданы басына қонақтап отырған торғайдай боп көрінді. Енді ол осында не үшін келгенін де білген жоқ. Баласын барып құшақтай алғысы келді ме, қалай, қарсы алдындағы биік құзға қарамастан ақырын жылжи беріп еді, Степан ұстай алды.

— Тоқтаңыз, алдыңыз жар.

Бұларды Алдан да көріп отыр екен. Әкесінің бері ұмтылып, оны Степанның ұстай алғанын ол басқаға жорыды да:

— Көке, сізге не болды? — деп, айғай салды.

— Айналайын торғайым, айналдым сенен.

Алдан бұл сөзді әкесінен дәл қазір күтпеген еді, қуанғаннан машинаның қимылын бұрынғысынан да күшейтіп жіберді.

Жалғыз Алдан ғана емес, оның маңында тұрған жолдастары да Мұраттың келісі Алданды әкететін келіс деп тұр екен! Мұраттың әлгі сөзін естігеннен кейін:

— Торғайыңыз қыран, нағыз қыран... Той жасаңыз, той, — деп, шулап қоя берді.

Мұраттың екі кезі бір көтергенде жүз отыз пұт көмірді көтеріп тұрған Алданда. Бұрын елу бір пұт жүкті көтерген Балуан Шолаққа еш қазақтың баласын теңгермеуші еді, енді өз баласына теңгеретін қазақты бүкіл Қарағандыдан таба алмай тұр.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама