Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қыс туралы өлеңдер
Ақ пен қара өмірдің қос жолағын
Аппақ түске боямақшы боламын.
Ішімдегі сыймаған соң зор ағын
Қарға айналып қара жерге қонамын.
Танысалық, мен аппақ қар боламын.
Ренжітпеңдер ертегі елі қонағын.
Рас, талай жүректерді тонадым…
Ызғарымнан кейде өзім де тоңамын.
 
Елестеткен сіріңкенің қорабын
Тар кеңседе тереземнен қарадым.
Тыңдайсың ба, айтып берем қар әнін
Қалауымды тапсаң мен де жанамын.
Менен таза бола алады ар ғана,
Қардан асып туар, бәлкім, қар ғана.
Жанарыңды көлегейлеп қорғама
Кірпігіңде кідірте гөр сәл ғана.
Қолшатырлар шықты міне шеруге.
Шықты, бәлкім, қыс келгенін көруге.
Рұқсат берші ерніңе кеп еруге,
Рұқсат берші шыққа айналып өлуге,
Ақ қармын мен деген...
 

* * *

Алғашқы қардан бір үзік (Ерлан Сыдық)

Ұйқысыз түнді өзіңсіз өткен,
Ақ таңға жалғап ілемін.
Ақ ұлпа сезім құлайды көктен,
Сағынды сені, білемін.

Өзіңсіз бәрі қалады жетім,
Сыңғырлы үнің құлақта.
Ақ қардай орап даланың бетін,
Сені ойлап тұрмын қыратта.

Сағынышымды аспанға қадап,
Ақ қар боп көктен үзілсем.
Күрсініп жүріп ақ қарға қарап,
Мені ойлайсың ба бүгін сен?

..Бұлақтан тұнық махаббат тұнған,
Жүрек іздеп бағынышын.
Мен ғой ол мен қапалап тұрған,
Ақ бұрқасын сағынышым.

Жетелей жүріп жатқандай жолмен,
Баурап алды ма еркіңді ?..
Мамықтай нәзік ақ қар ғой, ол мен
Аймалап тұрған бетіңді.

Сағыныш деген апаратын ой,
Айналып келдім ақ қарға.
Ақ қардай таза махаббатым ғой,
Аяла… жерге таптама.

* * *

Аппақ қар ақ төсек қой дақ түспеген,
Аппақ қар ақ көйлек қой киілмеген.
Аппақ қар қап-қара шаш ақ түспеген,
Аппақ қар ақ орамал түйілмеген.
Аппақ қар менің анам ақ ниетті,
Аппақ қар менің әкем адал кісі.
Аппақ қар киелі жер, қасиетті,
Аппақ қар жаңа шыққан бала тісі.
Аппақ қар жалғыз аққу айдындағы,
Аппақ қар жаңа көрген ғашығыңыз.
Аппақ қар ақ сөз Алла алдындағы.
Аппақ қар алшы түскен асығыңыз. (Жандос Бәйділда)


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама