Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 8 сағат бұрын)
Қобай қарттың әңгімесі

Қобай қарт өмірінің соңғы күндеріне дейін Қарағанды қаласында тұрды. Еңбегімен көзге көріне білген қадірлі шахтердің бірі еді. Соғыс жылдарында небір қиыншылықты мойындамаған, белді бекем буып, маңдайынан терді тамшылатып, қайланы құлаштап сермеген, «күйресін жау, құрысын фашистер!» деп, Отан қоймасына көмірді жоспардан тыс аттандырған, суретін шахтанын ауласындағы көрнекті жерге талай рет ілдірген, қажымайтын, қайтпайтын нағыз қайсар адамнын өзі еді.

Саясаттан да хабары бар, ойына тоқығандары да көп, әңгімені де майын тамызып қызықтырып айтатын әңгімеқор кісі еді. Ол кісінің жарқын өмірі, бір тілім нанды қасындағы адаммен әрқашанда бөлісіп жеуге әзір тұратын ақкөңіл мінезі әлі күнге көз алдымызда елестеп тұрады. Сексеннің ішіне ілігіп барып дүние салып кетті.

Қарағанды қаласына қызмет бабымен командировкаға келген бір сапарымызда екі жігіт қоналқаға Қобай қарттың үйіне келдік. Қобайдың онша үлкен де емес, онша қусырайған кіші де емес үш бөлмелі, сәулетті үйі бар-ды. Әлі күнге Костенко паркінің түбінде қалқиып тұр. Оқта-текте бір барғанымызда көре қалсақ, көзімізге жылы ұшырап қоя береді.

Есікті ашып кірісімен үйдің ішін нұрға толтырған электр шамдарының жарығы көздерімді ұялтып, плитаның ішінде қып-қызыл болып лаулап жанып жатқан көмірдің иісі мұрынымызды шалды. Орталық бөлмеде бәйбішесімен мәжілістесіп шай ішіп отырған Қобай қарт:

— О, балалар, келіп қалдыңдар ма? Жоғары шығыңдар. Төрлетіңдер, — деп орнынан тұрып бізді қуана қарсы алды.

Үйіне өз балалары келгендей көріп, қошеметтеді.

— Бәйбіше, балалар шөлдеп келген болар. Шайыңды қайтадан ысытып, тез қамда. Қазаныңды ыңғайла, — деп шешейді де жұмсап үлгерді.

Біз төрге шығып отырысымен, Рыстыбике шешей столдың үстіндегі дәмдерді жаңартып, шайын жасап та үлгерді. Анығында да шөлдеп келген едік. Қобай қартпен әңгімелесіп отырып, терлеп-тепшіп қызыл күрең шайды біраз сімірдік. Шөліміз қанып, бойымыз аздап кеңіген кезде Қобай қартқа ел арасындағы гулеген әңгімелердің біразын айтып та үлгердік. Әңгіменің біразына сұрақтар қойып, Қобай қарттың өзі де жетекшілік етті.

Рахметімізді айтып, столдан шегінген кезімізде:

— Балалар, енді нені ермек етеміз? Әлде дойбы ойнаймыз ба? — деп, Қобай қарт қасында жатқан дойбының жәшігің қолына алды. Біз ойланып қалдық.

— Қаба, біз сіздің әңгіменізді сағынып қалдық. Бізге көңілді бір әңгіме айтсаңыз, жақсы болар еді, — деп тілек білдірдім мен.

Қобай қарт дойбының жәшігін қайтадан орнына қойып, насыбайды асықпай атты да:

— Қандай әңгіме айт дейсіңдер? Естігенімді айтайын ба, көргенімді айтайын ба? Жоқ әлде, өз басымнан кешкен шаруанын бірін айтайын ба? — деді ауыр денесін әзер қозғап, бір жамбасына қарай қырын бұрылып отырып:

— Өз басыңыздан кешкен әңгіменің бірін айтсаңыз дұрыс болар еді, — деді қасымда құлағын түріп, сабырлы тындап отырған жолдасым.

Қобай қарт түкіргішін иегіне жақындатып, шырт еткізіп түкіріп, жанында отырған Рыстыбике шешейге көзінің қиығын салып бір қарап алды да:

— Мен қазір жетпістің алтауына келдім. Он төрт жасымда әкем мен шешем иіс тиіп, бір-ақ күнде дүние салып кетті. Мен тым жас кезімде жетім қалдым, — деп бастасын әңгімесін, — ол күні мен бір жолдасымнын үйінде қонып қалған едім. Таңертең шай жасалып жатқан кезде ауылдың кемпір-шалдары, еркек-әйелдері түгел жылап келіп, менімен бас салып көрісіп, маған әкем мен шешемнің бірдей қайтыс болғанын естіртті. Мен не дерімді, не істерімді білмей есеңгіріп, отырып қалдым.

Әкем Игісін бір атадан қалған жалғыз адам болатын-ды. Жаны ашитын, жақын туыстары жоқ еді. Шешем Нағима Ереймен тауының бауырын жайлаған Қанжығалы елінің қызы еді. Әкем Қараөткелге сауда-саттықпен барып жүргенінде танысып, үйленіпті. Жасырақ кезімде шешем төркініне барып қайтқанда, нағашымды бір көргенім бар. Нұрмағамбет деген нағашы атамның аты сол кезден бастап жадымда сақталып қалған-ды. Нағашыларым жайында да осыдан басқа ешбір мағлұматым жоқ.

Игісіннен мен де жалғыз қалдым. Шешем менен бұрын да, менен кейін де бала көтерген кісі емес. Өзім тым жаспын, оның үстіне ойда-жоқта әкем мен шешемнен бірдей айырылдым. Басымда қасіреттің қара бұлты төне түсті. Жан ашитын қамқоршым жоқ. Бақытсыз, жетім балалардың санына іліктім. «Маған енді оң қабағын кім береді? Жылы сөзді кім айтады?» деп жасып, жабырқап әркімге бір жалтақ қараймын. Әке-шешесі бар балаларды көрсем, жамандай күйінемін.

Ауылдың қарттары мен кемпірлері мені көрсе болды:

— Ой, бейшара, соры қайнаған, сор маңдай бала! — деп көздерінің жасын сығымдап, қасымнан күрсініп өте шығады. Ол қайғылы сөздерді естігенімде тұлабойым мұздап, жүйке тамырларымның бәрі шымырлап, өз-өзімнен қорланып, жерге кіріп кете жаздаймын. Өзімнің бақытсыз халімді сезгендей боламын. Кемпір-шалдардан бойымның аза болғаны сонша — оларды көрсем сырт бұрылып, қаша жөнелетін болдым.

Әке-шешемді жерлеп қайтқан соң ауылдың ақсақалдары жиылып, менің келешек өмірім туралы сөйлесе бастады.

— Бұл балаға енді кім ие болады? — деп өзара ақылдасты.

Ауылда Рақымбай деген атақты бай болатын. Қаба сақал, шойын қабақ, шот маңдай, дөңгелек беті төңкерілген жуан кісі еді. Төрде отырған-ды. Бір мезгілде әлгі кісі өз-өзінен ашуланып, гүр ете түсті.

— Бұл баланың әкесі Игісін марқұм бәріңнен гөрі маған аталас туыс екенін сендер қалай ұмытып отырсыңдар? Бұл балаға енді мен ие болмағанда, кім болады? — деп басқа адамдардан мені қызғанып, таусыла сөйледі.

Отырған адамдар ауыздарына құм құйылғандай төмен қарап, тұнжырады да қалды. Соңынан Рақымбайға қарсы шығып, сөз көтеруге ешқайсысының батылы жетпей, келісетіндерін білдірді.

Әкемнен қалған аз ғана шаруашылық пен мен Рақымбай байдың қарауына бардым. Рақымбайдың Жақыпжан деген азамат ұлы бар-ды. Менен бес жас үлкен еді.

Бір күні бай екеуімізді қасына шақырып алды.

— Екеуің бұдан былай жақын туыссыңдар. Бірің аға, бірің іні бола біліңдер. Менің байлығым екеуіңе де жетеді. Соңғы айтарым, Жақыпжан, сен үлкен қалаларға барып, оқуыңды оқы. Үлкен ұлықтардың қатарына ілігіп, сыртқа ие болуға тырыс. Қобай, сен малға қара. Үйдегі шаруашылыққа ие болуға тырыс. Сөйтсеңдер, екеуіңде ешкімнен кем болмайсыңдар. Біріңді-бірің қолдап, біріңе-бірің көмекші бола білсеңдер, ел ішінде абырой, дәрежелерің арта түседі. Белді адамдардың қатарына жетесіңдер, — деп, ақыл айтты бізге.

Жақыпжан көп кешікпей, оқуға кетті. Мен өзімді «байдың баласымын» деп есептеп, ауылда жарты жыл шамасында танауымды көтерумен жүрдім.

Көктем келді. Қой қоздап, ешкі лақтап, ел мәре-сәре бола бастады. Байдың он шақты мың қой-ешкісі, мың жарым жылқысы, тағы біраз қора сиырлары бар еді. Бір күні бай мені қасына шақырып алып:

— Қарағым, біреудің жаны біреуге ашымайды ғой. Оны өзің жақсы білесің. Қой қоздап жатқан ауылдарға барып қайттым. Малда шығын көп көрінеді. Көпшілігі қарамағандақтан, күтімсіздіктен өліп жатыр. Жақын жердегі саулық қойлар тұрған жердің біріне барып, малға бас-көз болсаң қайтеді? — деді менімен ақылдасып.

— Жарайды, — дедім мен келісімімді беріп.

Мал ауылына келген күннің ертеңіне малшылар бір атты ерттеп берді де, мені қойдың соңына салды. Менің байдың малына ие болу дәрежем осы кезден басталды.

Күннің ызғары тарай қоймаған шақ. Үстіме киген киімдерім де онша жылы емес, жұқалау. Шұлғаумен киген көне етіктің қонышы даладай. Бұтымда жұқа шалбар. Терістіктен ызыңдап соққан аңызақ жел өте ызғарлы. Қос өкпемнен өтіп, тісімді тісіме жолатпай қалш-қалш еткізеді. Ит-құс көп. Малды иесіз тастап кете алмаймын. Жылынып шығуға да мүмкіндігім жоқ. Мал төлдеп болғанша әзер шыдадым.

Күн жылына бастаған кезде қойшылар мені қозы бағуға шығарды. Енді біраздан соң ауылға қайтатын шығармын деп дәмеленемін. Рақымбай бірақ келген сайын малының жайын бақылайды да, үн-түн жоқ қайтады. Маған ешқандай емеурін сездірмейді.

Қойшының жер иісі аңқыған ауасы тар жер үйінде сонымен тағы біраз жаттым. Астымда жөнді төсеніш те жоқ. Күнкөрісім сақылдаған көк құрт пен жас ірімшік. Таба нанды көзім анда-санда ғана бір көреді. Егер бірлі-жарым қой ауырып өлмесе, ет деген түсімізге де кірмейді. Бола қалса оның өзі қанша тұз салсаң да, дәмі кірмейтін көкжасық болады.

Ауылда Жөкебай деген бір қарт бар-ды. Ол кісі де малшының бірі болатын. Бір күні қамысқа кіріп-шығып жүрген иттердің ізімен аңдып барып, сазға жығылып өлген бір марқа қозыны үйдің жанына сүйреп әкелді. «Құланның атуына қасынуы» дегендей сол кезде үйдің жанына Рақымбай бай да келе қалды. Өлген қозыны көріп Рақымбайдың қабағы түсіп, өңі бұзылып сала берді.

— Мен ойымда түк жоқ алаңсыз тұрғанмын. Қолындағы білеудей қамшысымен жон арқамнан тартып-тартып жіберді. Мен есім шығып далаға қарай қаша жөнелдім. Ол мені аттың бауырына алып қуалап жүріп сойды. Қамшы бір ретте сарт ете қалғанда көзімнің оты жарық ете түсті. Мен есімнен танып, мұрттай ұшып құлап түсіппін. Жөкебай қарт мені арашалауға батылы жетіп, беттей алмапты. Әлгі жерде қанша жатқанымды білмеймін. Есімді жиып, басымды көтеріп едім, күн қоңырқайланып қалған екен. Қасымда маңдайымның жылжып аққан қанын сүртіп Жөкебай қарт отыр екен. Жөкебай дың бауырына тығылып, өксіп көп жыладым. Әкем мен шешем көз алдыма елестеді. Олар да маған қосылып жылап отырғандай болып сезілді көңіліме.

Жөкебай әлден уақытта:

— Балам, басыңды көтер. Бай ашуланып ауылына қайтып кетті. Күн батып барады. Бейуақытта далада жатуға болмайды. Үйге барайық. Шайыңды іш, — деді.

— Үйге бармаймын. Шай ішпеймін, — деп бұлқындым мен. Жөкебай ақыл айтып мені біраз айналдырып көрді де, көнбейтінімді біліп еркіме қоймай алдына өңгеріп көтеріп алды. Үйіне алып келді. Жөкебайдың бәйбішесі бір бүйірге төсек салып қойыпты. Мені жылы орап, сол төсекке жатқызды. Мен ұйықтап кеттім.

Қараңғы түннің бір кезінде сүйек-сүйегімнің бәрі ауырып, шыдай алмай бебеу қағып, шошып ояндым. Менің күрсінген дыбысымнан Жөкебай да, бәйбішесі де оянды. Шынысыз жағылатын білтелі шамы бар-ды. Сол шамды жақты. Қабақтарым, ернім бәрі күп болып ісіп кетсе керек. Сығырайып шамның жарығын әзер көремін.

Бетімнің, арқамның іскен жерлеріне ерітіп май жағып, өзіме шалаптап сусын ішкізіп, екеуі мені алдап-сулап төсегіме қайта жатқызды. Содан бастап ауылға Рақымбай келе жатса, қамқоршым емес, нағыз қас жауым келе жатқандай көріп ызыланатын болдым. Оған қарамды көрсетпей, үйді айналып қашып кетемін.

Мен Рақымбайдың ауылынан кеткім келіп, қобалжи бастадым. Оңаша қалған кездерімде не түрлі қиялдарға барамын. Көп жерлерді көз алдыма елестетіп, танымайтын елдерге кетуді ойланамын. Соңынан барлық ойлаған ойымды қорытамын да, «қайда барамын» деп аңырып тұрып қаламын.

Бір күні ойымды Жөкебай қартқа айтып көріп едім:

— Ой, балам, сен әлі бұғанаң қатпаған жас баласың. Өз бетіңмен жалға тұрып мал бағу қолыңнан келмейді. Ел саған сеніп малын бермейді. Мына түріңмен қайда барасың? Әзірге саған Рақымбайдың малынан қолайлы жер жоқ. «Үйренген тозағын қимайды» деген сөз бар. Орынсыз ойдың шылауына еріп, босқа әуре болма. Оны есің кіріп, бұғанаң қатып, ержеткен соң көрерсің, — деп шал менің сөзімді ұнатпады.

Сонымен, сол ауылда қой бағып, тағы да үш жыл жүрдім. Талай төбелердің бастарына обаларды орнаттым. Бір әйел босаныпты десе соған арнап оба қоямын. Біреу үйленіпті десе соған арнап оба қоямын. Ол жақтағы төбелердегі мен қойған обаларда сан жоқ.

Жасым он сегізге ілікті. Рақымбай мені қойдан алып, жылқыға жіберді. Жылқы бағуға іліккен кезде өзімді сейілге шыққандай сезіндім. Жүрдек тәуір атқа мінемін. Еріксем ер-тоқымымды жазып, далада біраз шауып аламын. Бұрынғыдай емес, ет мол. Өзім күйленіп қалдым.

Ессіз далада жылқы бағып жүріп, тағы да ойға шомылып, кеткім келіп намыстана бастадым. Есіме нағашымды іздеу мәселесі жиі түсе бастады. Ақыры осы ойыма тас бекіндім.

Кездескен түсі жылы адамдарға «Ереймен тауының жолы қай жақта? Қалай баруға болады?» деп сұрастыра жүрдім. Айтушылар:

— Қарқаралыдан әрі Қоянды жәрмеңкесіне қарай жүресің. Одан Баянға барасың, Баяннан Ерейменге қарай өтетін жолды сұрап аласың, — деп түсіндірді маған. Қоянды жәрмеңкесіне байдың малын айдасып, бір рет барғанмын. Жолын шамалап білемін.

Рақымбайдың Жақыпжаны үйге келгенде мінеді деп үстінен құс ұшыртпай күттіріп жүрген, жүзіктің көзінен өткендей әдемі ақбоз аты болатын. Жылқыда бос жүретін. Кешке жылқыға келгенде сол атты ұстап алып, бір тал қылмен оттамау үшін тілін байлап қоямын. Жылқыны таңертең ауылға айдарда қылды шешіп алып атты қоя беремін. Бір ай шамасында ат оқтаудай болып жарап алды.

Бай жәрмеңкеге кеткен еді. Қайтып келіп қалар деп асығып Жақыпжанның күмістеген әдемі ертоқым-сайманын, сәндеп тіккен көрнекті киімдерін ұрлап даладағы шидің ішіне апарып тықтым. Тамақ пісіретін үйге ұрланып кіріп, біраз май, бауырсақ, піскен еттерді алып қоржынның екі басын теңдеп алдым. Сөйттім де, бір күні іңірде ақбоз атқа мініп, әке-шешемнің қабірінің басына келіп қош айтысып, «Қоянды жәрмеңкесі қайдасың» деп тартып бердім.

Ақбоз ат тебініп қалсам, ауыздығымен алысады. Жел қайықша еседі. Іләз болмай, Қарқаралыдан өтіп кеттім. Түннің бір кезінде алдымнан шоқ-шоқ болып жанған көп от көрінді. Сөйтсем, жәрмеңкенің маңында мал бағып жатқан малшылардың оты екен.

Жақынырақ келіп, бір адамнан Баянға қарай жүретін жолды сұрап алдым. Рақымбайға кездесіп қалармын деп қауіптеніп, ол жерге де тоқтамай алға қарай жүріп кеттім. Түнімен жүріп, таң бозарып ата бастаған кезде, торғайлар шырылдап көкке көтерілген шақта, бір өлкедегі шіліктің ішіне келіп кіріп, атымды қаңтарып байлап, өзім жатып ұйықтап дем алдым.

Жолдағы ауылдарға соғып жол сұрап, жола қонақтап екі күн жүрдім. Үшінші күні кешке ымырт жабылған кезде тағы да бір ауылдың іргесінде тұрған қалың шілікке жетіп қондым. Бір үйлерге барып түсуге өзімді тергеп жүрер деп ойлап, қорқамын. Ат соғып, қатты қалжырап қалған екенмін. Іңірде қисайған ұйқыдан ертеңіне түске қарай әрең ояндым. Тұрып жуынып, аздап ауқаттанып алдым. Қасымдағы ауылға барып қымыз ішкім келді. Үсті-басымды жөндеп тәртіпке келтіріп, ауылға қарай бет алдым. Ауылдың төргі жағында тұрған үлкен ақбоз үйге конаққа келген адамдай сәлем беріп, кіріп келдім. Үйде күзен ішік жамылған бір бәйбіше ғана отыр екен. Төрге шығып бір тізерлей отырдым да:

— Апа, жолаушы едім. Мүмкін болса, сусын ішейін деп келдім, — дедім жайымды айтып. Әлгі кісі кең қолтық, мейман жүзді адам тәрізді болып көрінді көзіме.

— Рыстыбике, қонақ балаға сусын құйып берші, қарағым, — деп дыбыстады да, өзі таяғына сүйеніп орнына әрең тұрып, далаға қарай бет алды. Сөйтсем, Рыстыбике шидің ішінде жүр екен.

Рыстыбике шешей жымиып күле бастады.

— Бір шар аяқ қымызды маған әкеліп ұсынды. Өзі көзі оттай жайнаған, үріп ауызға салғандай әдемі қыз көрінді. Екі бетінің ұшы мені көргенде от болып жанып, дуылдап шыға келді. Одан кейін ұялып мен де төмен қарадым.

Бәріміз күлісіп алдық.

— Қыз маған шараяқ қымызды ұсынып жатқан кезде қол-тығынан тұмарша бүктелген үшбұрышты бір кішкене қағаз шырт етіп ұшып жерге түсті. Оны қыз байқаған жоқ. Мен табаныммен баса қалдым. Қыз бұрылып шидің ішіне кірген кезде, іліп алып, қонышыма тыға салдым.

Қымызына рақмет айтып, қайтадан шіліктің ішіне атыма келдім. Бұрын әкем аздап арабша оқытқан еді. Қағазды алып оқысам: «кешке ауылдың сыртындағы терекке ат жетектеп келіп тұрамын. Сол жерге кел» деп жазыпты. Ойласам, бұл қыз сол күні түнде қашпақ ойда екен.

Әр түрлі қиялдарға кеттім. «Әйел алу, үй болу деген қандай жақсы еді» деп армандадым. Сол жерде ойланып, есеңгіреп біраз отырдым. Отырған сайын қымыз маужыратып ұйқымды келтіре бастады. «Осы мен неге асығамын? Осыларға күйеу жолдас болып неге ермеймін? Сөйтсем нағашымды тез таппаймын ба?» деген қиялға берілдім. Кешті тосып қайтадан ұйықтауға кірістім.

Бойым мұздап өзім тоңазып қалған екенмін. Боз аттың пысқырынған дыбысымен шошып ояндым. Ай сүттей жарық. Аспан ашық. Жұлдыздар сайрап тұр. Тездетіп қимылдап, атыма міндім. Шіліктен шықпай сығалап қарап едім, әлгі айтылған теректің түбінде біреудің қарайып тұрғанын байқағандай болдым. Қасына барып сөйлескім келіп шіліктің бір ұрымтал жерінен шыға келіп едім, әлгі қараңдаған адам мені көрді де қасындағы атты жетелеп қаша жөнелді. «Тоқта, мен саған жау емеспін» деп атымды тақымдап жақындай беріп едім, жігіт жетегіндегі атын тастай қашты. Қайсысын қуарымды білмей, мен аңырап тұрып қалдым. Содан кейін босап кеткен атты қудым. Аса алысқа жібергенім жоқ. Ұстап алдым. Атты жетелеп, қайтадан жігітті қудым. Ол кезде жігіт бір төбені асып үлгерген еді. Сол төбеге мен де шығып едім, жігіт суға батқандай маған қарасын да көрсетпеді. Біржола жоғалды. «Бір пәлеге қалдым-ау!» деп өкініп біраз тұрдым. Бұрылып әлгі теректің түбіне қайта келдім. «Жолды мүмкін қыздың өзі табар» деген үмітте болдым.

Көзімді тігіп қарап тұр едім, қолында сүйреткен қоржыны бар, асыға басып қыз келе жатыр екен. «Атты көлденең тарта бер» деді маған ымдап. Мен жетектегі атты көлденең тарта бердім. Қолындағы қоржынды ердің артқы қасына бөктеріп салып, қыз асығыстанып атқа отырды. «Жөнелейік» деп ым қақты маған. Мен жігіт кеткен жаққа қарай шаба жөнелдім. Қыз да атқа мықты отырады екен. Менен қалысқан жоқ Сонымда құйғытып шауып келеді. Екеуміз бір сағаттай шамасында шабыспен отырдық. Бір жерге келгенде жол екі айрылды. Мен қайсысына түсерімді білмей тұрып қалдым. Қыз жақындаған кезде:

— Құрбым, айыпқа бұйырма. Мына жолдың қайсысына түсеміз, — дедім бұрылып.

— Сіз кімсіз? Қасымбек қайда? — деп ашулы сұрады қыз менен.

— Құрбым, ашуланба. Мен күндіз үйіңізден сусын ішкен жолаушымын. Қасымбек жетектегі атын тастап қашып кетті. Өзім де адасып қалдым, — дедім барлық жайды түсіндіріп қызға. Қыз екі бетін басып, аттың жалын құшып етбетінен құлады. Солқылдап жылай бастады.

— Жыламаңыз. Есіңізді жиыңыз. Жолды көрсетіңіз. Мен алып барамын. Бәрі де орнына келеді, — деп басу айтып уата бас тадым қызды.

— Мен енді ешқайда да бармаймын. Қазір аттан құлап өлемін, — деп қыз жерге қарай еңкейе берді. Мен атының тізгінін жылдам қолыма іліктіріп, аттан ырғып түсіп, қызды құшақтап алдым. Көмектесіп жерге түсірдім. Қыз етбетімен түсіп, жер бауырлап жатып жылады. «Ағаттық жасаған болсам, маған кешіріңіз» деп қастарына еріп күйеу жолдас болып тойларына бірге баруды ойлағанымды түсіндіріп, қыздың жанында жалынып көп отырдым.

— Баратын ауылыңыздың жолын сілтеңіз. Алып барайын. Барған соң болған жағдайды түсіндіріп түгел айтамын. Бәрі де орнына келеді. Онда барғыңыз келмесе, қайтадан ауылыңызға апарып салайын, — дедім қызға ақыл беріп.

Әлден уақытты қыз басын көтерді де:

— Әйеліңіз бар ма? — деп сұрады менен.

— Әйелім жоқ, құрбым. Әйел алатын жасқа жаңа ғана жеткен тәріздімін, — дедім мен жымиып.

Қыз бадырайып бетіме қарады да:

— Сіз маған үлкен обал жасадыңыз. Енді мен сізден айрылмаймын. Қайда барсаңыз, сонда барамын, — деді көзінің жасын көл қылып төгіп солқылдап жылап.

Ішім жылып, өзім қуанып кеттім. Қызды қалай уатарымды білмей қатты қысылып отырғаным-ды.

— Жарайды, құрбым. Бұл тілегіңе де әзірмін, — дедім қызды қапсыра құшақтап кеудеме қарай тартып. Шашынан иіскелей бастадым.

— Сіз мені алдамайсыз ба? Адал жолдас болуға уәдеңізді бересіз бе? — деп қыз бетіме аянышты түрмен қарады.

— Алдамаймын, сәулем. Өтірік айтсам, осы түннен шықпайын, — деп ант бердім оған.

Екеуміз әлгі жерде иіскелесіп, біраз отырдық та қайтадан атқа қондық.

— Не біздің, не Қасымбектің ауылынан қуғыншы шығып қалуы мүмкін. Мына жолға түсіп, Ерейменге қарай жөнелейік, — деді Рыстыбике маған.

Қыздың Ерейменге қарай деген сөзін естіген кезде мен тағы да қуанып кеттім. Ереймен тауының қай жақта екенін білетіндігін аңғардым. Соңынан «бұл байқұс неге Ерейменге жөнелейік деді. Әлде, ол елде тұратын жақындары бар ма екен?» деген күдікті ойға келдім. Сөйтсем, Рыстыбикенің де нағашылары сол елде тұрады екен.

Түн қараңғысын жамылып екеуіміз де үстірт жүріп келеміз. Елден шыққанда Рақымбайдан қашып едім. Енді Рыстыбике екеуміз Қасымбектен қашып келеміз. «Келін түсіреміз» деп дайындалып отырған ауылдың адамдары Қасымбектің сымпиып жалғыз өзінің келгенін көргенде намыстанып, көтеріле атқа қонулары, екі ауылды бірдей дүрліктіріп шулатуы, соңынан бізді қуулары мүмкін ғой» деп ойлаймын ішімнен. Жапан дүзде ешкімді танымайтын елде қашып құтыла алмай қолдарына түсіп қалсақ, халіміздің мүшкіл болатынын да сезіп, қорқып келемін. Сақтық жасап, көпке дейін шабумен отырдық.

Әредік-әредік шақтарда тоқтала қалып, құлағымызды тосып тыңдаймыз. Түнде тықылдаған дыбыс адамға үрей шақырып тұрады ғой. Жүректеріміздің жылдамдап соққан дүрсілі кейде құлағымызға шауып келе жатқан аттардың тұяқтарының дүрсілі тәрізденіп естіледі. Ол кезде біз сасып қаламыз. Әбден абайлап тыңдап, соңымызды келе жатқан ешбір қимыл, қарайған нәрсе көрінбеген соң барып аздап толастап, тыным аламыз. Көп тұруға тағаттай алмай, тағы да алға қарай кетеміз. Дамыл көрмей түнімен жүрдік. Шыққан ауылдан көп алыстап кеттік. Бойымыздағы қорқынышымыз аздап тарап, көңіліміз орныға бастады. Таң бозарып ата бастаған шақта бір сайға кіріп, бұлақтың басындағы үйілген шошақ шөптерге келдік. Аттардың ауыздығын алып, суғарып шөпке қойдық. Өзіміз аздап тынығып алуды ойладық. Мен қоржынды шешіп әкеліп, ауылдан алып шыққан тағамдардың бәрін Рыстыбикенің алдына қаз-қатар қойдым.

— Өзіңіз қажыға баруға дайындалып шыққаннан амансыз ба? — деп Рыстыбике сол жерде маған алғаш рет әзілмен сөйлеп, сықылдап күлді. Екеуміз бір-бірімізге көңіл аударысып алғаш рет махаббат лебізімен жүздестік. Алғашқы рет ғашықтарша қауышып, аймаласып, құшақтасып, ұзақ отырдық. Сұлу табиғат, меңіреу дала, шырылдап ұшқан бозторғай, мүлгіген орман-тоғай, сылдырап аққан бұлақтар айналаны қоршаған тау төбелер, бізге күлімдеп қарап, куәлік жасап тұрғандай болып сезілді. Біздің некемізді киып, той жасап жатқандай масайрайды бәрі. Біз де мәзбіз. Олар да мәз!

Рыстыбике менен қайдан келе жатқанымды, қайда бара жатқанымды сұрады. Мен жасырмай басымнан кешкен жайды түгел айттым. Нағашымды іздеп келе жатқанымды да түсіндірдім оған. Аз ойланып отырды да, Рыстыбике нұрлы жүзімен маған көзінің қиығын салып, жымиып күлді.

— Болар іс болды. Өкінерлік енді бізде жай қалған жоқ, жігітім. Бүгіннен бастап мен сенің Құдай қосқан қосағыңмын. Еркімді бердім қолыңа, — деп мені қайтадан мейірленіп құшақтады. Менің жүрегім еріген сары майдай толқып, елжірей түсті.

— Уақытты өткізіп босқа отырмайық. Атқа қонайық. Нағашыңның ауылын мен табамын, — деді Рыстыбике мені қуантып. Мен қуанғанның үстіне қуана түстім.

Екеуміз атқа отырып тағы да алға қарай жүрдік. Бір биік кезеңді өрлеп үстіне көтеріліп едік, етектегі шілік жағалауында ақбоз киіздерді жамылған, қаз-қатар қонған көлемді көп ауыл отыр екен. Айналасы кең жазық дала. Толқыған көгілдір өңір. Емін-еркін бытырап жайылған мал. Әлгі жер құт-береке орнаған жер тәрізденіп көрінді маған. Осы ауыл қанжығалы елінің ауылы. Бұл ауылдың арғы жағында тақау жерде менің нағашыларым тұрады.

— Мен ауылдың маңындағы өнебір тұмсықтың тасасында қалайын. Сен ауылдың іргесінде жайылып жүрген малдың ішінде отырған әнебір адамнан барып жол сұра. Бәлкім, нағашыңды сол кісі біліп қалар, — деді Рыстыбике маған ақыл беріп.

Етекке түскен соң Рыстыбике келісілген тұмсықтың қайырылысында қалды. Мен аяңдап, малдың ішінде отырған адамға жолығуға келдім. Жасы елудің шамасындағы шоқша сақал, аласа бойлы, қараторы ашаңдау кісі екен. Сәлем беріп едім, бетіме танырқай қарап солғындау амандасты менімен.

— Нұрмағанбет деген нағашымды іздеп келемін, ата. Сіз ондай атты кісіні білмейсіз бе? — деп сұрадым шалдан, — Қарқаралылықпын. Игісін деген кісінің... дей беріп едім.

— Ойбай-ау, Қобайжанбысың? Қарындасымнан қалған жалғыз тұяқпысың? О, тоба, о, құлыным, жалғызым! Түс аттан, тез! — деп шал құшағын жайып маған қарай ұмтылды. Өз-өзінен қуанып, мәре-сәре болды да қалды. Мен де қуанып кеттім.

Аттан домалап құладым білем шалдың алдына. Шал мені төсіне қысып еміреніп ұзақ иіскеді.

— Өлгенімді тірілткен, жүрегімді қуантқан, ботам! — деп көзінің жасын көл қылып төгіп, кемсеңдеп жылады. Менің де көңілім толқып, денем босап кетті. Көзімнің жасы шалдың омырауына тамшылап төгіле бастады. Іздеп келе жатқан жақын адамды тапқан соң әке-шешем қайта тірілгендей қуанып, өкпе-бауырым, жүрегім бүкіл тұлабойым босап дірілдеп қоя берді. Ішімдегі қуанышымда шек жоқ. Оны өзім ғана сезудемін.

Бізді көрген ауыл адамдарының бәрі аң-таң. Бізге көздерін алмай тамсанып қарап тұр. Шал мені кұшағынан босатты да.

— Уай, балалар, біздің үйдегі кемпірге Қарқаралыдағы жиен келді. Қобайжан келді деп хабар беріңдер, тез! — деп даурыға сөйлеп, бүкіл даланы басына көтерді. Хабарды естіген ауылдың еркек-әйелдері қуанғандарынан естері шығып, ерсілі-қарсылы жүгіріп, абырда-сабыр болды да қалды. Біразы бізге қарай жүгірді.

— Ата, мен жалғыз емеспін. Ана тұмсықтың қайырылысында келініңіз сіздерге келіп көрінуге бата алмай ұялып тұр, — дедім Рыстыбикені есіме алып мен.

— Не дейсің ботам-ау? Қасыңда келін бар ма?! Мақзура, Бәтима, қайдасыңдар? Бір шымылдықты алып, тез жүгіріңдер. Ана тұмсықтың қайырылысында келін келе алмай ұялып тұрған көрінеді. Жылдам барып алып келіңдер! — деп әмір берді шал келіндеріне.

— Ауылдың жас әйелдері бір шымылдықты шұбатып қолдарына ұстап, сондарынан ит пен балаларды шулатып ертіп, тасада жасырынып тұрған Рыстыбикеге қарай жүгіре жөнелді.

Ауылда қалған әйелдер:

— Ойбай-ау, шашу қайда? Құрт қайда? — деп бірімен-бірі сөйлесіп, бір үйден бір үйге жүгіріп, дабырласты да қалды. Нағашы жеңгем келіп менімен құшақтасып көрісті. Сөйтсем, нағашы атам Нұрмағанбет бір жыл бұрын қайтыс болыпты. Менің жолыққан адамым нағашымның ең үлкен ұлы Қален екен. Менің әке-шешемнің өлгенін кейінірек естіпті. Мені іздеп бармақ болыпты. Нағашы атамның жылын беруге қарап бөгеліп отыр екен.

Нағашым той жасап, бізді қуанышпен қарсы алды. Рыстыбикенің нағашаларын да арнаулы адамдар жіберіп, жол-жобасын жасап шақырып алды. Екі айдан соң дайындалып, Рыстыбикенің әке-шешесіне аяққа жығылуға барып қайттық. Сол жолы бажам Қасымбекті де көрдім. Сұңғақ денелі, шикіл сары жігіт екен. Елдің қолына су құйып, ауылдағы қол балалардың қатарында жүгіріп жүрді. Оны маған Рыстыбикенің
өзі тұспалдап көрсетті. Көрші ауылдың жылқышысы болып істейді екен.

Көп кешікпей кеңес үкіметі орнады. Нағашым да артельге мүше болып кіріп, қолындағы барлық малын ортаға өткізді. Біз нағашымның жанында біраз тұрдық та, бір мың тоғыз жүз отыз екінші жылы рұқсат алып, Қарағанды қаласына көшіп келдік. Мен екінші шахтаға көмір қазушы болып, жұмысқа орналастым. Сол ұстаған қайламды жасым алпыстан асқанша қолымнан түсіргенім жоқ. Өкімет еңбегімді бағалап, үй берді. Ленин орденімен, Еңбек Қызыл ту орденімен наградтады. Өміріміз өте қызықты жағдайда өтті. Жас шағымызда көрген ауыр бейнетті, кедейлікті түгел ұмытып кеттік.

Бар арманымыз Рыстыбике осы босағаға келгеннен бері бес құрсақ көтерді. Содан қазір бір бала да қалған жоқ. Үшеуі соғыстан қайтпады. Екеуі ертерек кезде өз ажалдарынан өлді. Қазіргі кезде Рыстыбике екеуміз мынау үш бөлмелі үйде Қыз Жібек пен Төлеген кұсап бір-бірімізге күле қарап, күңкілдесіп шай ішіп, өмірімізді бірлесіп өткізіп келе жатырмыз — деді Қобай қарт әңгімесін аяқтап...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама