Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Құлагер (поэмасы толық нұсқа) - ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ

Поэманың толық нұсқасы және Ілияс Жансүгіров "Құлагер" поэмасы қысқаша мазмұны

Ильяс Жансүгіров, көрнекті қазақ ақыны, өзінің "Құлагер" поэмасы арқылы қазақ әдебиетінде төлтума бір шығарма қалдырды. Бұл поэма Жансүгіровтің шығармашылық күшінің шарықтау шегі болып табылады және оның ең танымал туындыларының біріне айналды.

"Құлагер" поэмасы қазақ халқының батыр балуаны және оның сүйікті тұлпары Құлагердің арасындағы байланысты бейнелейді. Осы арқылы ақын қазақ халқының рухын, мәдениетін және дәстүрлерін өрнектейді. Поэмада адам мен жануар арасындағы терең сезім, достық пен садақат тақырыптары қозғалады.

Шығарма өзінің көркемдік бейнелерімен, әсерлі сюжетімен және күшті эмоционалдық қуатымен ерекшеленеді. Жансүгіров батырдың бейнесін арқылы қазақ халқының ерлік пен батылдық идеалдарын көрсетеді, ал Құлагер тұлпарының образы арқылы сұлулық пен өнердің символы ретінде көрінеді.

Поэманың әдеби маңызы зор, ол қазақ әдебиетінің классикалық көркем шығармаларының қатарына кіреді және қазақ мәдениетінің бір белгісі болып табылады. "Құлагер" Жансүгіровтің шығармашылығындағы ең маңызды және есте қаларлық жетістігі болып саналады.

 

Толғану

 

   Тасқында, тау суындай, көңіл жыры,

   Қазақтың сусындасын ойы – қыры.

   Бұрқырат бұлағыңды кең далаңа,

   Бастырмай шөпке – шарға тоқтап құры.

 

   Далаңның той болғанда бүгін күні,

   Жүйріктей бабындағы жүгір, міні;

   Орай шап алдын, артын жиын жұрттың,

   Жыр қыла бүгінгіні, бұрынғыны.

 

   Шарықта шартарапқа қиял құсы,

   Көңілдің кеп тұрғанда күнді алғысы.

   Халқыңның қуанышын қанат қып қақ,

   Қашан да қала берер ұяң кісі.

 

   Қашаннан қазақ көшкен тарих көші,

   Таланып жаудан, жұрттан жеткен осы,

   Көсемі көш алдында басшы болып,

   Бақыттың жайлауына қонған тұсы.

 

   Шат көңіл, шадыман жұрт ақынысың;

   Жүйріктің жұрт қуантқан жақынысың;

   Баласың бақытты елге, түс майданға,

   Халқыңның қайратысың, ақылысың.

 

   Тілісің, теңіз көңіл, батылысың,

   Өткір ой, сезгір сезім батырысың;

   Желіндей қуаныштың жеделдей соқ,

   Өлеңнің өзені бір сапырылсын.

 

   Күйіндей домбыраның құлдырасын,

   Суындай Алатаудың сылдырасын;

   Сөздердің асыл, көркем тасын қала,

   Ұйқасы өлеңімнің сыңғырасын.

 

   Тегінде кәр құлақсың, сұңғыласың,

   Сондықтан сұлу сөзді жыр қыласың.

   Соғайын сөзімнен бір сұлу сарай,

   Я көрсін, я көрмесін тұрғыласым.

 

   Ұзаққа жүгіретін өрен жүйрік,

   Секілді тыз етпеге қақпай күйбік,

   Көсіліп өресі ұзақ поэмаға,

   Жай тастап, кең құлаштап желдей жүйткіп.

 

   Десе де «Бұл ақынның сөзін сүйдік»,

   Десе де «Ақынымыз кетті жидіп»;

   Тастай бер ортасына өз сөзіңді,

   Ұлы ұрпақ, осы күні көпте билік.

 

   Халқымның қуанышты бұлбұлымын,

   Жұртымның жүйрігінің дүлдүлімін.

   Көтеріп көптің көңілін күнде шауып,

   Жүлде алар жұма сайын туды күнім,

 

   Шат елдің шешенімін, даңғылымын,

   Шыным сол, правом бұл, заңды мұным.

   Астанам Алатаудан саңқылдасам,

   Жетпей ме жер жүзіне жаңғырығым?

 

   Бақ туын тұрғанда ұстап бүгін қазақ,

   Көңілі судай тасып, оттай маздап.      .

   Ескі күн елім көрген енді ойласам,

   Көрінер кейде қорлық, кейде мазақ.

 

   Соларды әдетім еді айту аздап,

   Ескіге ендігі елдің кегін қозғап;

   Ескі күн – елдің жылап өткен күні,

   Ескі ән, күй сондықтан қалған боздап.

 

   Ежелден ескеруші ем елдің сөзін,

   Бұлақтың тазалауға тінтіп көзін.

   Бар ма деп ашпаған сыр, айтпаған жыр

   Құлақты қырға түріп жүрген кезім.

 

   Ақтарып асыл сөздің алтын, жезін.

   Салатын дүкеніме бар мінезім.

   Ақтарған Арқа астын инженермін,

   Ал, жұртым, керегіңе тұрса сөзім.

 

   Өзгеге ұғындырмас өзі бұзбай,

   Сыншыдан сақта құдай сортаң тұздай.

   Шатасқан шалдуардан жиіркенем,

   Елімнің ескісінен сөз айтқызбай.

 

   Сапырған сырлы сөзді сар қымыздай,    .

   Заманның отырғам жоқ салтын бұзбай;

   Асылын арамынан аршып алдым,

   Қашаннан қазынаға халқымыз бай.

 

Туған жер

   Мен өзім тауда туып, тасында өстім,

   Жасымнан мұз төсеніп, қарды кештім;

   Асқарда Аршалыға қозы жайып,

   Бұлттың аспандағы қасында өстім.

 

   Жөңкенің жоғары ала басында өстім,

   Ақ гауһар Ақ тастының тасында өстім.

   Аспанда ақиығы шаңқылдаған

   Құздардың құламалы астында өстім.

 

   Сондықтан бір қазақпын тауды сүйген,

   Тасы жоқ, таусыз жерді жерсінбеген.

   Алматым Алатаудың бауырында

   Аңқылдап жел соққандай ән мен күйден.

 

   Жасымнан жырлап едім тауды талай,

   Гималай, Кавказ, Жөңке, Алтай, Алай.

   Ордасы ой, көңілімнің ала асқарлар

   Жырлатпай жүрегімнен жатсын қалай?

 

   Таудағы тасқындаған ағын судай,

   Өлеңім басталады таудан ұдай.

   Өсімін әңгіменің көп таратқан

   Айтылмай қалған екен тау мынадай:

 

   Көк орман, көркем тоғай маужыраған,

   Сұлудың көзіндей көл жаудыраған.

   Малта тас, маржан, ақық, меруерт тас

   Төгіліп көл жиекке саудыраған.

 

   Көк кілем, балаусасы балбыраған,

   Көк жібек жапырағы жалбыраған.

   Ақ қант аспандағы сонда жауып,

   Бал бұлақ таудан, тастан ор құлаған.

 

   Бұл тауды іздеймін бе біздер шеттен,

   Талайы осы таудың бізге біткен.

   Мақтауға, мақтануға тұратын жер

   Айтамын Көкшетауды даңқы кеткен;

 

   Оқжетпес оқшырайып өрлеп кеткен,

   Кеудесін керіп көкке сермеп кеткен.

   Қия құз, жақпар сарай, бура тастар

   Тәртіппен көлді айнала сәндеп шөккен

 

   Кавказдай таласпайды аспан – көкпен,

   Қаһарлы Хантәңірі емес қар бекіткен;

   Алтайдай асу бермес асқар емес,

   Жөң,жолсыз емес құж – құж біткен.

 

   Көкшетау жер жаннаты жеке біткен,

   Бұл сұлу кең далада бойын күткен.

   Жомарт тау дастарқанды, момақан тау,

   Шипа тау тазартатын барлық дерттен.

 

   Көкшетау көп жердің бір көркем жері,

   Қыз орман, Бурабайдың мөлдірлері.

   Жамылып жасыл барқыт, асыл құндыз

   Түрленген тоты құстай тау көркемі.

 

   Сайраған бұлбұлындай әншілері,

   Зулаған дүлдүліндей жүйріктері.

   «Хан тұрып қазағыңа, ханды ант ұрған»,

   Қонысы Абылайдың бір күндегі.

 

   Қазақтың әсем жері Арқасында.

   Арқаға жетер Арал, Балқашың ба?

   Сырымбет, Зеренді, Иман, Айыртаулар

   Арқаның тізілгендей алқасына.

 

   Арқаның алқа қонған даласына,

   Ауылдай таулар отыр жарасымда.

   Алапқа бетегедей киіз төсеп,

   Оранған орманды тау ағашына.

 

   Бұлақтың тәттісі де, тазасы да,

   Көлдердің кең, мөлдірі тап осында.

   Айдыны ала шұбар, құс қиқулар,

   Ауыл, мал, масаты көл жағасында.

 

   «Ауылы Сырымбеттің саласында,

   Ақ сұңқар ғашық болып баласына».

   Құмар боп жерден жүйрік, көктен құсқа,

   Тұр таулар ән шырқалған арасында.

 

   «Ол күнде осы тауда жалғыз жан жүр,

   Дүниеден аулақтанған дабыр – дүбір,  .,

   Қара шал қайыңды отыр көлеңкелеп,         

   Бір қу бас шал үстінде ілулі тұр.

 

   Не еткен жан, әлде даңғыл, әлде мұңғыл?

   Бұл өзі ән күңірентіп айтады жыр». –

   Осылай ертегі қып кетуінде

   Елдің де ескі аузында жоқ па екен сыр?

 

   Салғанда шалқып, шырқап әр түрлі әнге,

   Осы шал ұқтырғандай көп әңгіме.

   Жетісу, Ертіс, Арқа жүген жаттап,

   Байбайлап салған әнін «Құлагерге».

 

   Кетсе де шалдың өзі көптен көрге,   

   Жайылған әні, сөзі жалпақ елге.

   Елімнің есігінен иттер қуған

   Сорлының сүйреген ел басын төрге.

 

   Жақсының жақсылығын жан айтады,

   Сондықтан «Құлагерді» бәрі айтады.

   Егіліп әндеріне, сөзін тыңдап,

   Еріңді ел қиялы дардайтады.

 

   Қазақта Құлагерді көп айтады,

   «Серінің серігі еді» деп айтады.

   «Ат сыры иесіне мәлім» деп жұрт,

   Тегінде мал көрмесе, неге айтады.

 

   Заманда сонау сарсаң Ақан тұрған,

   Ол заман – ерге тұсау, зорға думан.

   Жалмап жеп айналасын аш кенедей,

   Семірген жұрт қанына нелер жуан.

 

   Хан қабан – халық құлағын бұрап тұрған,

   Бүйі би – билеп–төстеп сұрап тұрған.

   Қор қылып ақ алмасты отқа көсеп,         .

   Жүз –жүз жар теңін таппай жылап тұрған.

 

   Барымта – ел шулатып жылқы қуған,

   Әупілдек батыр шыққан әр рудан.       .

   Ел құнға жұма сайын бір жығылып,

   Қара нар, қалы кілем бітім қылған.

 

   Қанды кек ел арасын ушықтырған,

   Қорқауды қол табылмай тұмсыққа ұрған.

   Асыл ер, арманда жар опық жеген,

   Албасты әлсіз жанды тұншықтырған.

 

   Қырдағы қара сойыл бақандаған,

   Қалада қара жүрек қаһарланған.

   Тұсында сері болсын, пері болсын,

   Ұнайды өмірімен Ақан маған.

 

   Ол күнде қазақ мұндай жасармаған,

   Құл мен күң қожасынан аса алмаған.         

   Жарлыға, жалғызға да дес берді ме,

   Жыландай ысқырынған зәһар заман.              .

 

   Керексіз кісі болған ол заманға,

   Қайткенмен бір жұмбақ сыр бар Ақанда.

   Ез болмай, елге сыймай кім тұра алған,

   Жалғыз боп жанаса алмай барлық жанға.             .

 

   Түскен жан сондай күйге сұм жалғанда

   Ескеріп енді ойлансақ тегін жан ба?

   Қыңыр жан қырық кісімен қырықпышақ боп,

   Ел таппай өте берген неге арманда?

 

   Ішінде өрті жанып басылмастай,                                .

   Шемендеп дерті кеткен ашылмастай.

   Тентіреп тауда, таста неге жүрді,

   Тасталып танылмаған асыл тастай?

 

   Бай басып, батыр әлде жасқаған ба,

   Би тауып, шерін шындап ашпаған ба?

   Сұңқар құс сүймеген бір жұмыртқасын

   Ұядан садағалап тастаған ба?

 

   Таба алмай тыныштықты туған елде,

   Кете алмай біржолата бөтен жерге,

   Тартқанда.тан жаны қорлық,       .

   Төсеген талай ерлер оққа кеуде.

 

   Жақсы боп елден өлім талай ерге,

   Аз ба екен оққа ұшқандар дуэльдерде?

   Өлімді жан қорлықтан жақсы көрген

   Не дейміз Лермонтов пен Пушкиндерге?

 

   Өмірде бастырмастан көңілін өрге,                   .

   Кім еді ел талантын тыққан жерге?

   Қыз емес, қара күш пен қаңқу сөздер

   Ертерек ер жүрегін көмген көрге!

 

   Өмірде солардайын қорлық тартқан,

   Сұм заман өткір жанды қор қып баққан.      

   Жаралап ер жүрегін жау қанжары,

   Ысқырып жылан өмір жанын шаққан.

 

   Лермонтов бомағанмен біздің Ақан,

   Кісі ме ед ақындықтан құр алақан?

   Ортасын олқы көрген бұл да дара,

   Имеген иттерге бас сері, дарқан.

 

   Еріксіз ерте туған ел еркесі,

   Жетпестен қиылатын ер желкесі.

   Лермонтов, Пушкин көктен атылған құс,

    Түскен бе Көкшетауға көлеңкесі?

 

   Қайт болып қара күштен меселдесі.

   Халықтың ,да өткен нешен досы.

   Жаныштап жұрттың жанын жерге тыққан

   Қара күш, қаңқу сөздер- кесел де осы.

 

   Тегінде тегін бе екен Ақан сері,

   Бұл да бір емес пе екен елдің ері?

   Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,

   Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді?

 

   Туғаны Арқадағы Арғын елі,

   Өскені Көкшетаудың шалғын жері;

   Ащы тіл, асау мінез қлығынан

   Атанып кетпеді ме «азғын», «пері»?

 

   Лақабы -әлде әулие, әлде пері,

   Арқаның атақтысы Ақан сері.

   Көкшеде сұлу сүйіп, өлең айтқан,

   Бұлаңдап тақымында Құлагері.

 

   Көкшеге жаз көк жидек жапқандайын,

   Көкшеге қыс ақ күміс шашқандайын.

   Көкше қыз күзде киіп қырау ішік,

   Көк айна- көлі қыста қатқандайын.

 

   Жамылған қыста ақ үзік ақ қардайын,

   Төселген жазда кілем мақпалдайын,

   Қырдағы ел « Құлагердің» әнін тыңдап,

   Былайша әңгімелер Ақан жайын:

 

Ақан

 

 

  Бурабай бір таза жер «пері» жүрген ...

   Онда жоқ жын мен сайтан өріп жүрген.

    Ағашқа атын байлап көлеңкелеп,

   Ақан ғой анда-санда келіп жүрген.

 

   Ақандай осы тауда сері жүрген,

   Су ішіп, тауда шие теріп жүрген.

   Қайыңдай мінсіз, таудай таза жігіт,

   Көң –қоңыр, былапыттан жеріп жүрген.

 

   Жасынан иеленген баласындай,

   Талпынып Көкшетауға анасындай.

   Көліне бетін жуып, ат суарған

   Арқаның бір сиқырлы айнасындай

 

   Сұрша тал –сұлу қолдың саласындай,

    Қып-қызыл қайың-қыздың баласындай.

   Жамылған жанат ішік, мөлдір сұлу,

   Көзінің Көкше көлі шарасындай.

 

   Кісі емес Ақан төрде билік айтқан,

   Ұры емес, ауыл торып, ел шулатқан.

   Молда емес, мешіт салып, зекет алып,

   Нәжісін дүниенің бойға жаққан,

 

   Ол емес және өзінің малын баққан,

   Жалшы емес және байдың отын жаққан.      

   Кісіні ит етінен жек көретін                                 .

   Дау қуып, арыз айтып, биге шаққан.

 

   Төренің тұсындағы қасына ерген,

   Өзін ел құрмет қылған көрген жерден.

   Жерлерді тоқты сойған топыр қылып,

   Сал сүрей, саңлақ мініп, сұлу сүйген.

 

   Жүйрік ат, сонар саят, қыз-қырқынмен

   Өмірді өткізген жан өз ырқымен.

   Өмірдің ащы емес, тұщысында

   Қызықтап жігіт ойын, қыз күлкімен.

 

   Саңлақ ед шыққан мыңнан, озған жүзден,

   Көп сұлу көзін сүзген күнді өткізген.

   Қызықтың айдынына құлаш ұрып,

   Армансыз қаздай қалқып, қудай жүзген.

 

   Солардың келе-келе жаны безген,                      .

   Өмірде әлсіздігін әбден сезген.

   Сезгір жан, нәзік көңілін азап алып,               .

   Жабырқап жапан түзді жалғыз кезген.          

 

   Кісі емес көп қатынды үйірлеген,

   Болған жоқ бір пендеге тию деген.

   Текті құс тазалықты қолына ұстап,

   Арманы-ақ сұлулықты сүю деген.

 

   Адамнан, айналадан, күйіркеден,

   Бой тартып ел ішінен жиіркеген,

   Безінген біржолата тағы болып,

   Аулақтап әсем тауда жүруменен.

 

   Сұлулық жерден өніп, көктем жауған,

   Тапқан ол тыныштықты таза таудан.

   Шомылып мөлдір көлге, орманда ұйықтап,

   Жақсы жер жұмбақ жанын аялаған.

 

   Қарағай, қайың, талдар-қалың орман,

   Тау мен тас жеке жанға болған қорған.

   Қиқулап өлең айтып, күйлер тартып,

   Сері үшін құс, көбелек қылған думан.

 

   Таза тас сияқтанған күміс кесек.

   Жапырақ секілденген таза төсек.

   Жүрегін жуықтаса жаралаған:

   Кір өмір, тікен тұрмыс, улы өсек.

 

   Ақанды сол күндегі сопы десек,

   Әсем тау оған құбыла, Мекеге есеп.

   Ән- азан, әдемі сөз-намаз болып,

   Кітап боп көңілін ашқан гүл – бәйшешек.

 

   Бұл өзі ауылында аз оқыған,

   Алғыр ой, ақын, әнші-көп тоқыған.

   Елді улап, өлім тілеп жалмаң қаққан

   Бұл ем,ес бөлек еді көп сопыдан.

 

   Көрмеген ілімді артық көп тоқтыдан,

   Не тапсын білгенімен көп соқырдан.

    Тәңірісі табынатын табиғат боп,

    Мешіт қып мекен алған көк шоқыдан.

 

   Жасынан туып,өсіп мекен қылған

   Жерінен патша қуған, қала отырған,

   Ел інін суға алдырған суырдай боп,

   Жойқын жұт- сұрапылда малын қырған.

 

   Арманды ел ақ патшаға арыз қылған,

   Арыздан борыш басып, қарыз қуған.

    Жер мұның, елдің шерін өлең қылып,

   Ақан да  жанның бірі жаны ауырған.

 

   Және де жақынынан жарды сүйген,

   Сол үшін ауыл-аймақ, безген үйден.

   «Алам» деп Ақмарқаны алас ұрып,

   Ала алмай ақырында жаны күйген.

   Сол үшін тау пәлені басына үйген,

   Тартқан ол тауқыметті болыс, биден.

   Соқпадым онысына осы арада,

   Бар ма деп жолдастарын жазып жүрген...

 

   Күйдіріп осындайлар жанын жеген,

   Кеңесіп келісе алмай қалың елмен.

   Тілімен жырды жаттап, жерді жоқтап,

   Ол өзін жазалаған алдменен...

 

   Сұрама оның бәрін бүгін менен,

   Тіршілік болса тағы айтып берем.

   Ақанның ең аяулы әңгімесі-

   Тек бүгін тарқасалық «Құлагермен».

 

   Арқада Ақанды айтқан әңгіме көп,

   Қылады оны әулие әлде не деп.

   Әулие болмаса да безеген жан,

   Неліктен? Тарихшылар табар себеп.

 

    Мен өзім сері Ақанды көргенім жоқ,

   Сөздерін, әнін жаттап, тергенім жоқ,

   Ақанның өзін көрген, сөзін терген

   Адамдар айтпас мұны өтірік деп.

 

   Серінің сүйген жары-Ақмарқасы,

   Көліндей Көкшетаудың жан қалқасы,

   Сол ма екен елден айдап ән салдырған,

   Жүрегін күнде шауып қыз балтасы.

 

   Асыққан азап болып қызға айқасы,

   ,мен өртеді ме қыз-қалқасы?

   Жұрттан ба, жарынан ба жанын қинап,

   Серіні сыйғызбаған ел ортасы?

 

   Әйтеуір Құлагерді мініп баптап,

   Жалғыз жан жапан-түзге кеткен ақтап.            

   Ақ көңіл, асқар жанын алып қашқан

   Арамнан, айналадан кірден сақтап.

 

   Сондықтан ән шырқаған жырды мақтап,

   «Асылым, Ақмарқам» деп атын жаттап.

   «Сендерге сүйгеніммен келмедім» деп,

   Орманға, құсқа, тасқа қызды мақтап.

 

   Жете алмай арманына болып қапы,

   Күңірентіп әніменен кең аймақты;

   Түлкі үшін тасқа түскен қыран құстай

   Болған соң кетті ме екен жаны запы?

 

   Жатталып Ақмарқаның аузында аты,

   Телміріп таста отырып жазған хаты.

   Жары да, жолдасы да тек біреу-ақ-

   Онысы астындағы жалғыз аты.

 

   Меншіктеп таза бұлақ, таудың тасн,

   Мекендеп жүрген дейді көлдің қасын,

   Айтады ослайша айтушылар,

   Кім білсін, әлде өтірік, әлде расын...

 

   Тамсантқан әніменен кәрі, жасын,

   Демейміз елге Ақанды сөз қылмасын.

   әңгіме Ақан емес, Құлагер ғой,

   осынан бастамақшы ек сөздің басын.

 

   Ендеше көлденең сөз былай қалсын,

   Қызықсыз қысыр сөзге кім айналсын.

   Көңілін көркем таудың жайлауына

   Шығарып, сері салтаң кете барсын.

 

   Асық боп Ақан жоқтап Ақмарқасын,

   Деп біраз жалын шығып, шер тарқасын.

   Жаңғыртып Сырымбеттің күллі алабын,

   Серіңіз серпіп көкке ән шырқасын.

 

   Бұлбұлдап көмейлерін бүлкілдетсін,

   Көделер ақ үкісін үлпілдетсін.

   Суырып көк жібектің сыртпағын,

   Құлагер көк шалғынды күртілдетсін.

 

   Суықта паналасын ну тоғайға,

   Ыстықта көлеңкелеп сая жайға.

   Жауында үңгір тасқа ықтап, ұйқтап,

   Шомылып жүре берсін Бурабайға.

 

   Бата қып батқан күнге, туған айға,

   Бейшара жүре берсін Бурабайда.

   Серіні «пері» деген қалың қауым

   Не ғылсын, бір мақсымды қудалай ма?

 

Ас

 

   Басталды әңгіменің былай басы,

   Болды оған жетпіс, сексен жыл шамасы.

   Арқада Ерейменді мекен еткен

   Керейде Сағынайдың болыпты асы.

 

   Қаудырап аппақ қудай сақал, шашы,

   Қалтырап жынданғандай қолы, басы.

   Сағынай саптыаяққа сиіп өлді,

   Тоқпақтай тоқсан төртке жетіп жасы.

 

   Білмеймін кім екенін Сағынайдың,

   Кім білсін, қай жыл өтті,өлді қай күн?

   Малы мол, малайы көп, қатыны көп,

   Әйтеуір болуы анық, бірі байдың.

 

  Жоқ болмас, бірі ғана құры байдың,

   Өзі-нән болса керек, руы- айдын.      

   Осы астың біз айтпай-ақ өзі айтады

   Болғанын әлдеқандай сұмырайдың.

 

   Іріңдеп, сығырайып екі көзі,

   Болыпты Керейдің бір бұлдысы өзі.

   Алдынан дау, аузынан сөз кетпепті,

   Айтқанда керейлерше «Дәудің өзі».

 

   Оларша –жердің белі, таудың құзы,

   Ата ұлы, арыстандай кер ауызды.

   Біздерше- хат білмейтін бір қатты шал

   Жуан ит сүйек бермес, жалмауызы. 

 

   Қар кетті, көк жетілді, ағаш мүлги,

   Жетіпті Сағынайдың жылы жылжи.

   Қар жұқа, қысы жақсы, жер соны боп,

   Сол жылы Арқа елінде болып ед күй.

 

   Қатарлап қаладайын үйлерді ылғи.

   Көше боп көк майсаға тігілген үй.

   Айтылған қыстай сауын, ұлы дүбір,

   Хат алған неше дуан, болыс пен би.

 

   Әр елдер тұрғы- тұрғы, алыс, жақын

   Жаратып келіп жатқан дәмелі атын.

   Бас қосқан неше дуан ақтарылды ас,

   Жалпақ жұрт түгел естіп жатты даңқын.

 

   Әйтеуір әудім жерге шаба алатын

   Бұла астан қалдырған қазақ атын.

   Қалмастан қаладағы биржевойлар,

   Саудагер қалыдған жоқ тағалы атын.

 

   Керейдің ас болған соң осы шалы

   Ағылды алуан жүйрік қосылғалы.

   Қаптасты құмырсқадай қырға қазақ, .

   Ас емес, шегірткенің жосылғаны.

 

   Қараөткел келіп жатыр, Қарқаралы,

   Кереку, Баян, Семей, Торғай-бәрі.

   Жетісу осында кеп құйып жатыр,

   Арқаға аунап шөкті Қаратауы.

 

   Әр жақтың қошқарлары, марқалары,

   Әр жерде ауыр қотан, алқалады.

   Жиылды Сағынайдың сорпасына,

   Асын жеп, атын шауп тарқағалы.

 

   Әр елдің бұқалары, өгіздері,

   Қызыл көз, саба құрсақ-семіздері,

   Жерлерден жарты ай жүріп келгендер бар,

   Келіпті бәленше де дегізгелі.

 

   Дейміз бе осларды нені іздеді?

   Жын қуды астын етін жегізгелі.

   Арқаға аударылды ас дегенге

   Лақылдап Балқаш, Арал теңіздері.

 

   Жан-жақтан ағытылды сабаны артып,

   Түсіріп, дүрілдеп жүр табақ тартып.

   Кісіге шыпылдады ақ ордалар,

   Қалың ат ер-тұрманы етіп жалт-жалт.

 

   Байланған қыс бордақы домалантып,

   Сойылды талай мертік, талай шартық

   Соларға бір сұғынды сұрпақбайлар,

   Мал сойып, табақ тартып, сорпа қалқып.

 

   Арқанынң жазы жібек, жері сая;

   Қоңыр жаз самал соққан күн жылмая.

   Қазақты асқа келген Арқа күтті,

   Су беріп бал бұлақтан, кілем жая.

 

   Тәтті жал, қазы, қарта мая-мая,

   Дамылсыз дастарқанды жүрген жая

   Жігіттер танымы жоқ, табақ тасып,

   Болғансып терлеп-тепшіп, бая-шая.

 

   Шалдарға былш-былш қақырынған

   Сар қымыз салқын үйде сапырылған.

   Қалың топ, қара құрық, қамыс кісі

   Толықсып, желді күндей жапырылған.

 

   Әр елдің дәріптеген батырынан,

   Ақсақал ат әкелген ата ұлынан.

   Біреуді білмесе де нән деседі-

   Шіреніп насыбайды атуынан.

 

   Бір үйде тұздықтаған тәтті табақ,

   Бір үйде ет тартылмай қаққан жалақ.

   Бір үйде табақ теуіп етке өкпелеп,

   Боқтасып бір үй жатыр жерді сабап.

 

   «Шорманның Оқасы!» деп шапты анталап,

   Бір үйді қырғыз алды-Шабдан манап:

   Оязы Қараөткелдің Измайлов

   Бір үйде ләйліп отыр ішіп арақ.

 

   Жиынға ояз мінген бір арғымақ

   Тыншымай мамағашта тұр қарғылап.

   Тұқымы тобылғыдай тор қасқаның,

   Алынған француздан англо-арап.

 

   Бүгіліп бауырынан, жүйрік жарап,

   Жан-жақтан келіп жатыр не желді аяқ.

   Көл асқан қыр қазағы құстай қаптап,

   Топырлап қонып жатыр үйге тарап.

 

   Бір үйде бәйбішелер бауырсақтай,

   Ауызы еттен, майдан дамыл таппай;

   Сүртініп сорпан терін жеңіменен,

   Ұзын күн істеп отыр қарнын қаптай.

 

   Келіншек-жас жауқазын, сарымсақтай,

   Қыздар да пісіп отыр қауыншақтай;

   Ақ тамақ, алма бетті арулар жүр

   Қыдыртқан бақалшылар сабыншықтай.

 

   Бір үйде қобыз даусы шымыраған,

   Күңіреніп кейде, бірде ыңылдаған;

   Бір кезде бебеу қағып, күшіктей боп

   Қыңсылап, сыңсығандай күй жылаған.

 

   Бір үйде домбыра да ыңыранған,

   Қыр күйі құлдыраған, бұлдыраған;

   Қос ішек « Қосбасарды» сылқылдатып,

   Жүректі жұлып жеуге күй жынданған.

 

   Ет асып, пышақ қайрап, малды қырған,

   Кедейге сонда ырза емес бай антұрған.

   Жалғыз-ақ бұл жиында малшылар жоқ,   

   Аңсаған ас етіне қойшы қырдан.

 

   Албасты Арқадағы абы жылан-

   Молда отыр ысқырынып  оқып құран;

   Атты арбап, атан жұтып жатыр молда,

   Құранмен жем түсіріп жуан-жуан.

 

   Түлкісін санап қыстай пұшпақтаған,

   Бір үйде бір дарақы құс мақтаған.

   Саудагер мата сатқан сөз қатып тұр

   Қылжақтап бір тоқалға тұштақтаған.

 

   Бір үйде өлеңші отыр жұрт мақтаған,

   Сөз сатып, тиын тілеп елді ақтаған.

   Толтырып сүйек-саяқ дорбасына                          

   Бір қора қайыршылар жүр қаптаған.

 

   Кәрі ақын кіжінеді өңмен қағып,

   Бала ақын сар масадай жатыр шағып;

   Екі жақ ереуілдеп керісіп тұр,

   Даттасып бірін-бірі атып, қағып.

 

   Қолына я бөрік, я тұмақты алып,

   Ақтаған ат үстінен сияқтанып,

   Жаршылар жағы семей жар қағып жүр,

   Жұрт жатыр әр хабарды құлақтанып.

 

   Таң атса шаң бермейді астың үйін,

   Күн батса жан бермейдітіреп иін.

   Сылтауы ас, Сарыарқаны қазақ басты,    

   Қыл сақал, қымыз сасып, қолпаң киім.

 

   Осындай болып жатты ұлы жиын,

   Жиынның мыңнан бірін айту қиын.

   Еті тау, қымызы көл деуге болар

   Айтқанда тартыңқырап астың сыйын.

 

   Жүз-жүзден жүрген жігіт даяшыға,

   Ақ көбік мінген аттың жаясында.

   Екі айдай Ерейменді ет сасытпай,

   Жұрт малын жылулаған аясын ба.

 

   Сан сойыс Сағынайдың бұл асына

   Мал қайдан жетіп жатыр, расында?

   Жан-жақтан топ-тобамен төгілген мал,

   Көтерген малын Керей үй басына.

 

   Мал айдап жан-жақтан жұрт оннан, бестен;

   Көп саба келіп жатыр елдей көшкен.

   «Жоғалған тоқтым бар» деп бай жүгінсе,

   Қойшыға билер отыр кесік кескен.

 

   Шығынның, шаңырақ ақың мұнша дескен

   Бір үйде, старшындар құлақ кескен.

   Жасауыл анау жерде ат аударып,

   Мынау жер жесір дауы дүрілдескен.

 

   Жиылған көп күшіген әрбір тұстан,

   Қалмастан қарға, құзғын түгел ұшқан.

   Тояттап қазы, қарта, түйе кекірік,

   Қып-қызыл билер жатыр қымыз құсқан.

 

   Қап қарын үйелмендер тісі шыққан,

   Ішіне ет пен майды істеп тыққан.

   Желпініп алды-артынан жел соқтырып,

   Тер сасып, қарнын қасып, битін сыққан.

 

   Сопылар тәспі тартып, құман ап жүр,

   Әр үйге «Аллай хақ» деп дуана жүр.  

   Кемпірі Сағынайдың опыраңдап,

   «Кет-кет!» деп дуананы қуалап жүр.

 

   Қарғалар қызыл көрген анталап жүр.

   Май шайнап жамбастарды жаңқалап жүр.

   Итініп ет үйлерге ит пен жетім

   «Қай жерден қағамыз» деп байқап-ақ жүр.

 

   Мырзалар күміс тұрман шалқалап жүр.

   Кедейлер отын шауып арқалап жүр.

   Күңірентіп Сағынайдың кәр моласын,

   Осындай ас боп жатты Арқада бір.

 

 

                                      Құлагер

Қайырып қыстай баптап Құлагерді,

Осы астың  дақпыртына Ақан келді.

Мінгізіп бәйге бала жайтаңдатып,

Аулына ас бергеннің   тақау келді.

 

Араға алты қонып, алыс жерді

Алып ед жайлап жүріп Ақан сері.

Хабары  Құлагердің осы жаққа

Келуші  ед еміс-еміс көптен бері.

 

Көз тігіп, тұрған күтіп Көкшетауға

Даяшы шапты алдынан қарсылауға.

«Қош келдің, сері!» деген сәлемменен

Түсірді Ақанды  әкеп ақ отауға.

 

Дегендей; шешен – дауға, батыр –жауға,

Жүйрікті-бәйгеге деп бағалауда.

 «дүлдүлі Көкшетаудың келді-десті,-

Топ жарған талай елге салған сауға»-

 

Кермеге қойды байлап Құлагерді,

«Маңайдан жан жүрмесін» деді сері.

Көзінен неге таса қылсын Ақан,

Іргені ат жақтағы түргіздірді.

 

Дегене «Көкшетаудан Құла келді»,

Көруге ынтызар боп ел жүгірді.

«Біреудің тіл мен көзі тимесін»-деп

Дұға оқып, Ақан жерге түкірінді.

 

Дабысы бұрын жеткен Керқұланың,

Дегенде «Келді» түрді ел құлағын.

Ас тегіс алды, артына қалды үймелеп,

Көруге Көкшетаудың Кер пырағын.

 

Жиылған Арғын, Керей жан-жағына,

Кермеде қалғып тұрды арда Құла

Не сыншы, не қырағы-жиылған жан

Көздерің қалды сүзіп саңлағына.

 

Салбырап тұр Құлагер байлауында,

Қарасып Құланың бас, аяғына:

-Осы ма, Құлагерің?-деседі жұрт,

-Жүйрігі жануардың қай жағында?

-Салпы ерін, сала сүйек, салбыр тірсек.

-Қатыбас, қаншыр мойын, ит өндіршек.

-Бітімі ойқы-шойқы, орда шорқы,

-Пішкендей жануарды олақ өлшеп.

 

-Алмайды мынау бәйге жылқы көрсек,

Көк еті кедір-бұдыр, бөлшек-бөлшек.

-Көкшетау шолағын да мақтайтын ел,

Осыған ит болайық бәйге берсек.

 

-Құлаға мініп қоян атар едім.

-Мен мұны жүргіншіге сатар едім.

-Болғанша асқа күлкі « ат қостым» деп,

Үйімде тыныш қана жатар едім.

 

-Қойшыға мен мінгізіп қояр едім.

-Семіртіп мен соғымға сояр едім.

-Кемпірдің азасына әкеп салып,

Бата оқып, ет, қымызға тояр едім.

 

-Сүйегі-сиыр сүйек, қиқы-жиқы,

Сал бөксе, жазық бауыр, ұзын тұрқы...

-Осы ма даңқы шыққан Құлагер?-деп,

Ас тегіс Ақан атын қылды күлкі.

 

Сыншының келіп көрді отыз-қырқы,

Күреңбай көріп деді: «Жаман сұрқы,

Алдынан ұмтылғанда аң құтылмас,

Артынан жөнелгенде жетпес жылқы!»

 

Сөзіне Күреңбайдың жұрт таң қалды,

Не сыншы, не сұңғыла ортаға алды.

Жылқының қырағысы, шежіресі-

Күреңбай көзін сүзіп тұрып қалды.

 

Күреңбай көзі тұнып көп қадалды,

Айналып алды-артына көзін салды.

Естуге Күреңбайдың байлау сөзін

Тарқамай көптің тобы тұрып қалды.

 

Күреңбай көріп тұрып артын, алдын:

«Жануар жүйрігі екен жылқы малдың,

Жері ұзақ, күші алдында өрен жүйрік,

Бітімі өзі айтып тұр жануардың.

 

Келіскен кескін мынау, омыраудың

Өзі айтар: қаратам,-деп-қазақ қаумын.

Сом аяқ, быртық бақай, болат тұяқ

Тасындай шұбар ала Көкшетаудың.

 

Тәует бас, қамыс құлақ, қуарған жақ,

Құлан жал, бұлан мойын, қой жұтқыншақ,

Қоян жон, жазық жая, жауырынды,

Құс топшы, қос шынтағы қалқыңқырақ.

 

Сіңірлі, жер соғарлы, аяғы тік,

Түлкі төс, тазы тізе, ит жіліншік,

Шашақты, шақпақ етті, аласа ұршық;

Құндыздық қалай біткен құйрыққа дүп?

 

Қоқанның жібегіндей жеңіл құйрық,

Не қою, не болмаса емес сұйық!

Бұтының арасынан ел көшкендей,

Жамбастың басы делдек, қуыс қолтық.

 

Шүйделі, шоқтығы өргек, шідерлігі,

Серке сан, желмаядай тілерсегі;

Тау желін тартса жұтқан талыс танау,

Тынысты кеңде жатыр кеңірдегі.

 

Жүрсе де жаздай құры болмайды тоқ,

Кез жарым кесер баста кесім ет жоқ.

Қақпан бел, қалбаңайлы, үңгір сағақ,

Шапса жел, мінсе жайсаң, тұрса селсоқ.

 

Қанында шығысың мен батысың жоқ,

Ағылшын арғымақтың шатысы жоқ.

Қашаннан қазағымның қолтумасы,

Араптың дүлдүлінің қатысы жоқ.

 

Маңғұлдың мес аты емес тұқырынған,

Бұл таза швед, шотлан тұқымынан.

Жануар шепса жүйрік, мінсе берік,

Озбайды жүгіргенде жылқы мұнан.

 

Сүйегі жануардың жылқыдан жат,

Бұл емес текежаумыт, не қазанат.

Күйкиіп көзге қораш көрінсе де,

Шапқанда шалдырмастай бітер қанат.

 

Екпіні үй соққындай пысқырғанда,

Шалдырмас көктен құсқа, жерден аңға.

Жықпаса жалғыз қазық жануарды,

Бұл әзір жеткізбей тұр жылқы малға.

 

Бұл тұлпар келіп тұрған әбден бабы,

Салбырап тұрғанына деме «жабы».

Маңдайы жарқырап тұр жануардың,

Ашылып тұр осы аста мұның бағы.

 

Көзімнің көбеймесе бүгін ағы,

Есімнен жаңылтпаса сайтан тағы.

Егер де шын жылқыны  мен танысам,

Хақ мұның қырып-жойып бәйге алмағы!»

 

-Пәлі! Ат таныдың!

-Таптың, сөз-ақ!-

Деп оны өзге қазақ етті мазақ.

-Көмбеде көрісерміз, асықпаңдар!

Сол күні Құлагердің сөйлер өзі-ақ!

 

Сол күні Құлагердің айтар өзі-ақ,

Қайтейін онан бері сөзді қозғап.

Қазақы қолдың жүйрік жылқысы осы,

Сау емес танымаған мұны –көзі ақ.

 

Соны айтып кете барды сол Күреңбай.

Ақанды ортаға алып би менен бай:

-Жарқыным, жалғызбысың?

-Елің қайда?-

Деп жатыр жабырласып жөнін сұрай.

 

- Еліңе сауын айттық біздер ұдай,

Тоймадық келісіңе сенің мұндай.

Жетелеп жалғыз атты жеке кепсің,

Ешкімді Қарауылдан жолдас қылмай,

 

«Елі емес, Көкшетаудың аты келді,

Не керек онан басқа?-деді Сері.

Құлагер қосатыным, атым –Ақан,

Таратсын, жаршы қайда, шақыр бері!»

 

Ақанның айтуымен жаршы келді,

Ол да бір зар қақсаған арсыз еді;

Атының жайын Ақан айтып беріп,

«Осыны жұртқа хабар салшы!»-деді.

 

Көктұйғын тыйған жүйрік осы жақты,

Берместен бес жыл бәйге келе жатты.

Жиында неше дуан жүйрік жиған

«Шаппай бер, бәйгемді!»-деп талай айтты.

 

Жар салып шауып жүріп шартарапты,

Құлагер келгендігін жар таратты.

Құлағы Құлагерге қанық шіркін-

Иесі Көктұйғынның ішін тартты.

 

Алтайда ұрпағы бар Бегайдардың,

Бұлар да бір биігі біткен нардың.

Баласы Бегайдардың Батыраш бар-

Өр көңіл, жуан кеуде, бірі аусардың.

 

Атты айттық жоғарыда бір Көктұйғын.

Әкелген асқа Батыраш сол жүйрігін.

Қағатын қанаттыны өрен жүйрік,

Қоймаған қырдан жылқы бұл бір қырғын.

 

Берместен келе жатқан жанға бәйге,

Бәйге алған кейде жетім, кейде түйе.

Сілтідей Сарыарқаны тиған тұлпар,

Бәйгені бұл аста да берем-дей ме?

 

Иесі Батыраш бір кеппе кеуде,

Ұр-көппе, томырық мінез, намыс берме;

Осы аста сағы сынып, бағы тайса

Ол өзін дап-дайын тұр «өлдім» деуге.

 

Шулатқан арғын елін, Арқа халқын,

Естіген Батыраш та Құла даңқын.

Сатылап сұрап еді кісі салып

Қолына түсіруге Ақан атын.

 

Жамбыға, жесір, малға шағып нарқын;

«Болам-деп-құда, тамыр көңіл жақын»

Қызығып Құлагерге неше жылдай

Жіберіп Жексенбайды қолқалайтын.

 

Жүрегі жаралған ер жүйрікпенен,

Сері Ақан сұрауына илікпеген.

Сонан соң кегін сақтап кеткен Батыраш,

Үкілеп Көктұйғынын «жүйрік» деген,

 

Көк, Құла-екі арыс та жүйрік деген,

Дәл мұндай өзге жерде килікпеген.

«Келіпті Құлагер ат» дегенінде,

Мәні сол Батыраштың күйбіктеген.

 

Өлгенде Сағынай шал ел шулатқан,

Көктұйғын сонан бері ішін тартқан.

Сұлы жеп, сүт сіміріп мәпеленіп,

Белдеуде осы Көк ат қыстай қатқан.

 

Көктұйғын күңірентіп талай шапқан,

Бәйге алып шапқан сайын алғыстатқан;

Осы аста бас бәйгені оймен алып,

Батыраш көптен бері үйде жатқан.

 

Ниетпен дәл осындай Көк ат келген,

Қашаннан «қап»!- деп азу басып жүрген.

Құлагер Көкшетаудан кеп қалған соң

Қызғанып Батыраштың іші өртенген.

 

Елі шет, руы жат, жалғыз елден

Асқа Ақан ат қосып тұр алыс жерден-

Барлығы Батырашқа болды толғақ,

Қауіп илеп ажалындай Құлагерден.

 

Егес

 

Көлеңке үй, күрпілдетіп саба піскен,

Ас қандай әңгімешіл қымыз ішкен.

Әнші Ақан әсем әнін аяған жоқ

Жиылған дауысын сұрап мәжілістен,

 

Ақ отау топырлады Ақан түскен,

Қалың жұрт кетті керіп сырттан, іштен.

Шығады Ақан даусы әнге талып,

Безелген ғашық жармен, қыран құспен.

 

«Ой қалқа, біздің көңіл қейда жатыр,

Толқыған он төртінші айда жатыр.

Ат тұрса, атаң тұрса көз салмаймын,

Арғымақ, асыл тұқым тайда жатыр.

 

Хош исі жадыратып көңіл ашқан,

Ақ құйрық, мәмілелі шайда жатыр.

Гүл шашақ. Жасыл жібек жайлауында,

Көңілім ел қонбаған сайда жатыр....»

 

Ән тәтті Ақан салған Арқадағы:

«Үш тоты», «Ақ саусақ», «Марқалары».

Салғанда «Сырымбеттей» сүйікті әнін

Қасына жиылған жұрт тарқамады.

 

Арқаның жүйрігіндей ән салады,

Өрге айдап, барып-барып жалтарады.

Түйіліп түлкі көрген қырандайын,

Қылмаңдап қос қанатын қомданады;

 

«Жайықтың ақ түлкісі аралдағы,

Алдымнан сен бір шыққан марал-дағы;

Пормыңа төңкеріліп, жайдым қанат,

Шарықтап ақиықтай Оралдағы.

 

Ертістің құба талы секілденіп,

Алдымнан шық майысып, бұрал дағы.

Қызыл гүл сен болғанда гүлбақшада,

Біз бұлбұл күйін шерткен Ирандағы.

 

Қияның қиынында тұрсаң дағы

Қиғаштап қанатымды қонам дағы....»

 

Асырған айғай әнін алты қырдан

Әкесі асқақ әннің әнші Біржан

Ақандай майда көмей, нәзік емес,

Құлақты Біржан ащы әнмен қырған.

 

«Үш тоты», «Көкшетауым», «Ахау, арман»

«Жайдарман», «Жайма қоңыр», «Кер қашаған»,

«Ой, ерке», «Мейлің-мейлің»-дегендердің

Бәрі де Ақан баптап салатын ән.

 

Бақырмай домбыраны көкке бұлғап,

Аққудай әсем дауыс-үн сыңғырлап;

Қышуын жаныңыздың майда қасып,

Тербетер жан көңілін биязы ырғақ.

 

Көкшеден құйылғандай бір бал бұлақ,

Тәтті әнге халық қанды, ел сусындап.

Соққандай жаздың желі Арқа жақта,

Елжіреп жүрек әнге, жусап құлақ.

 

Әндермен әсем-әсем Ақан серің,

Қаратты ауызына астың елін;

Өлеңге сұлулықты қосты талай;

«Ақмарқа», «Ардагерім», Тастүлегім.

 

Деп;»әнші тым тәтті екен төменгі елдің»

Ұмытты өзге әншілер өз әндерін.

Машықтан Ақан әнге қосып отыр

Өзінің айтып жүрген өлеңдерін;

 

«Торыны талға байлап мінген қандай

Үкілеп, әсемдетіп жүрген қандай?

Тұсынан қызды ауылдың ән шырқатып,

Қалқаңа құрып жүрген сүлдер қандай?

 

Сөз салып қалқа жанға жеңгесінен,

Құрбыңмен сыпайы, ойнап күлген қандай?

Ишарат, әзілменен сөз қатысып,

Қыз сырын жеңгесінен білген қандай?

 

Сыланып сал торыны мінген қандай?

Сай құлдап, жарды күтіп жүрген қандай?

Бір сайға торышаны байлап тастап,

Артына ақбоз үйдің келген қандай?

 

Алаңдап, алабұртып тұрғаныңда

Алдыңнан қарсы шықса ақша маңдай....

Қалқашың қосылғанда атқан таңдай,

Көңілің шалықтаған шаттанғандай!...

 

Жамылып екеу-ара бір көрпені,

Бастасып тар төсекте жатқан қандай?

Сол жерде айтылмаған сыр қалар ма,

Мысалы абдыра ашып ақтарғандай.

 

Ақырын үйден шығып таң алдында,

Байлаулы тор құнанды тапқан қандай?

Шалбырын сал торының қызға ұстатып,

Шақшаны ерге қағып атқан қандай!

 

Ойласаң бұл дүниеле не қызық бар,

Қасынан қалқа жанның аттанғандай!

Аулыңа өлеңдетіп сен айтасың,

Бәйгеден атың келіп мақтанғандай...»

 

«Ақ шашақ», «Жайма шуақ», «Кербез керім»- 

Ақанның асты ұйытты осы әндері.

Әсем тау, ат қызығы, ашық оты,

Ән болып қыран құстың қу ілгені.

 

Соққандай Сырымбеттің салқын желі,

Отырды думан қылып, шалқып Сері.

Жат елдің жаңа әніне соңырқасып,

Отырды «Ой, пәле-айлап» астың елі.

 

Қызықтап Ақан салып әр түрлі әнге,

Мәжіліс боп отырды, елге әңгіме.

Ән тоқтап, Ақан сөзге айналғанда,

Ауысты жұрт аңызы Құлагерге;

 

-Қуанып қалдық сіздің ат келгенге,

Құланы даңқы шыққан ап келгенге.

 -Атыңыз бұрын кездеспеген шығар

Алтайда алғыр тұйғын Көкпенен де?

 

-Көктұйғын көптің алдын бермей ақ тұр,

Өзге мал онан озып келмей ақ тұр.

Шаптырмай жиын сайын бәйге сұрап,

Бақ-талай Батырашта, өрлеп ақ тұр.

 

Ырысы жануардың таймай ақ тұр,

Батыраш аруақты өрге айдап ақ тұр.

Алдына әлі күнге жылқы салмай,

Бақытын бар жүйріктің байлап ақ тұр.

 

Ат шапса ішімізде, сыртымызда

Көктұйғын жеткізбей тұр жылқымызға,

«Бас бәйге Батыраштың сыбағасы»-

Деп тегіс қойды ұйғарып жұртымыз да...

 

Алып жүр аруақсыз да, құдайсыз да,

Құланың бақытын сіз де сынайсыз да...

Естуші ек Құланың да көптен даңқын.
         Құдайдан Көк озбауын сұрайсыз да.......

 

-Естігем бұрын даңқын Көк неменің,

«Алтайдың жұйрігі онан жоқ» дегенін.    

Жолықпай иесіне жүрген болса,

Осы жол Көк шолақты бөктеремін!

 

Ақанның осылай деп өктегенін,

«Құламнан озаржылқы жоқ» дегенін.

Жеткізді Батырашқа бір қу ауыз,

«Құлаға бөктерілер Көк» дегенін.

 

Есітіп Батыраш боп бұлан талқан,

Көкжалды қысып кетті ашу, сайтан.

Тепсініп ақ отауға келді кіріп,

Жиған жоқ аяғын да жатқан Ақан.

 

Қылған жоқ қырқауыңнан қауіп, қайқан

Дауысы Батыраштың шықты қатаң.

Қамшысын бүктеп, шарта жүгініп шал

Ақанға сөзі мынау сондағы айтқан;

 

-Қаңғырып Қарауылдан асқа кепсің,

"Осы аста абиырым басқа", -депсің.

Өзіңе өз аузыңмен бәйге беріп,

"Атыңды өзгелерің қоспа", - депсің.                              

 

Атаң аз Алтайымнан қалай көпсің?

Алдымен бәйгеңді алып көрген жоқсың.

Сорпасы Сағынайдың бу болды ма,

«Алтайдан озамын!»-деп боқты жепсің.

 

Алтайда мен ақиық ұшқан қонбай,

Қарамды көре алмайтын сендей торғай.

«Бөктерем Батыраштың Көк атын!» деп,

Оттапсың ауызыңа ие болмай.

 

Қарауыл қайрат қашан бітті мұндай?

Басуым көңіліңді тіпті оңай!

Төренің атын ерттеп өскен ел ең,

Өзіңе ат бітіпті-ау, байғұсым-ай!

 

Ақанға батып кетіп шалдың сөзі,

Аңырап алғашқыда қалда да өзі;

У тілмен алды шалды шағып-шағып,

Лап-берме, оның дағы от мінезі;

 

-Әңгүдік, әкірең қаққан, албыт сөзді,

Көтіндей көк ешкінің жыртық көзді,

Алтайдың кәр жынындай бақылдаған,            

Көк сақал, азбансыған, бұл кім өзі?

 

Ат біткен Құлагердей Ақанына,

Ол дайын Көкті жерге тақауына.

Бәйгеден басы көзін су қып озбай,

Ат сенің қарай ма екен сақалыңа?!

 

Би болсаң, би шығарсың Алтайыңа,

Тілімді терезем тең , тартайын ба?!

Көгіңді бөктермесем атым сенікі,

Шапса да әкең мініп байталына!                   

 

Тұтқыштай өңі күйіп қап қара боп,

Батыраш басқа сөзді баптаған жоқ.

«Батырып Батырашқа жіберді-ау» деп,

Тым тырыс үндемеді тыңдаған топ.

 

Жайраңдап Жайсаң Ақан қаймыққан жоқ,

Жүрегін жолбарыстан айнытқан жоқ.

«Жат елде жалғыз жүрмін» деп именіп,

Болар деп түбін қалай ой қортқан жоқ.

 

Жұрт сөзді онан әрі жаңғыртқан жоқ,

Қаңқулап, қаңажулап қағытқан жоқ.

Насырға шабатынын біліп жиын,

Шаппаған бәйге басын ауыртқан жоқ.

 

Көгеріп Батыраш шал басы қалтақ-

Қалтақтап жан жағына етіп жалтақ;

Біле алмай не қыларын үйден шықты,

Халық та кетіп жатты үйден тарқап.

 

Жүйріктей жиын жарған қағып жайтақ,

Таңғалтып ән, атымен елді байтақ;

«Ауылым қонған Сырымбет даласына!»

Деп Ақан ән сап жатты басты шайқап.

 Көмбе

Тауысып көл қымызды, таудай етті,

Неше күн Ереймен тау етке бөкті.

Күтіліп келген мейман тойынған соң,

Ат шауып, бәйге үлесер мезгіл жетті.

 

Шаң басып қопарылған жер мен көкті,

Арқаның елі тегіс ат ертетті.

Қарақшы қалай қарай тартатынын

Хабар қып жаршылар да шауып кетті;

 

 «Ай, әлеумет, жараңдар,              

Асқа жиын адамдар!                  

Жарға құлақ салыңыз,

Бірің қалмай, бәріңіз

Айтқанымдм біліңіз,

Атка тегіс мініңіз!

Тарап кетті табақшы,

Тауға тартты қарақшы.

Солай қарай жүріңіз!

«Көмбе қайда» десеңіз,

Көзді салып көрсеңіз.

Өркеш-өркеш көрінген,

Орғылап су төгілген.

Балдырғаны білектей,

Балаусасы жібектей.

Бүлдіргені көнектей,

Ерейменнің тауында,

Егізқызыл бауырында.

Жоламанның қасында,

Жыландының басында,

Көк жайдақтың шенінде.

Боз ойнақтың белінде,

Қайыңдының дөңінде

Қарақусақ көлінде,

Сонда бәйге төбеге

Жиыласыз көмбеге!

Халқым, солай жүресіз,

Қарақшыға ересіз,

Тоғыз дуан тоғысқан

Сегіз дуан бас қосқан

Сердебені көресіз!

 

Жаршылар осылайша кетті сарнап,

Бәйгенің болар жерін жұртқа жарлап.

Қара жер қайысқандай қалың жиын,

Қыбырлап құмырсқадай жүрді қаулап.

 

Лек-лек топ, ағытылды адам аңдап,

Теңіздей толқын жанға толды жан-жақ.

Тұяқтан түтін болып жер мен көк,

Бауырын Ерейменнің басты шаңдақ.

 

Ұқсаған ен тоғайдын ағашына,

Мол жиын таудың сайы, саласында.

Түлкілер тұйықталып қолға түсті,

Кісінің қалды қоян арасында.

 

Адамның көз жеткісіз қарасына,

Дегендей исі қазақ бәрі осында.

Жауғандай Ерейменге жаңбыр кісі,

Қусақтың тартты тура жағасына.

 

Әр түсті ат, алуан кісі мінуі де,

Халықтың жазғы шөптей киімі де.

Бейне бір шегірткенің қонуындай,

Қусақтың жұрт жиылды биігіне.

 

Әркім-ақ әлем байлап жүйрігіне,

Құйрығын сайгүліктің түйді, міне.

Жапсар ел жақын көңіл, тілектес боп,

«Бәйгелі болсын!»-деп жүр бір-біріне.

 

Шықты шаң, басты тұман Жыланды жақ,

Сол шаңнан шығып жатыр ат қылмаңдап.

Тұмарлап, үкілеген өңшең жүйрік,      

Жиылды жұрт алдына сүмбе саңлақ.

 

Жүргендер жұрттан озып, топтан таңдап,

Жараған жыл өмірге осы асқа арнап,

Алдырып жеті сайын желіктерін,

Қатқандар бірі-қамшы, бірі-қармақ.

 

Сақа аттар, сар кідірлер, сары тісті,     

Дәмелі дөнен де бар, жүйрік бесті.

Құсындай қырдың өңшең ап-ала боп,

Жүйріктер жұртты үңілтіп көзге түсті.

 

Ат саны барған сайын бірден өсті,

Атқа еріп тамашалап халық көшті.

Аттарды жазып-сызып керешілер

Санақшы санын бір мың үш жүз десті,

 

«Осы асты көптен күтіп деген шапсақ,

Пәленше, түгеншеден озып бақсақ;

Жүргенше жеке-жеке жүйрік болып,

Арыстың асында бір бақ сынатсақ...»

 

Деген ой бәрінде де болып мақсат,

Жиылды қазақтағы өңшең жақсы ат;

Қашаннан қарлығаштай жаршы міскін,

Қызғыштай қалың топқа жүрді қақсап:

 

«Көр әлеумет, жарандар!

Көмбедегі адамдар,

Маған құлақ тігіңдер,

Келген атты біліңдер,

Айтайын қайсы біріңді,

Жиылды жүйрік, жиылды!

Ойың менен қырыңды

Жиған асқа бүгінгі

Кімдер келмей қалысқан,

Аяқ жетпес алысқан,

Құлақ жетпес дабыстан

Жиылды осы көмбеге,

Шапқалы тұр бәйгеге

Бөкен санды бурылдар,

Шапса мыңнан суырылар

Жылқы малдың жүйрігі,

Серке санды Құла бар,

Қозыбайдың дүлдүлі

Келген атты біліңдер!

Серпінді Көк бұ да бар,

Қайсы бірін айтайын;

Шапса желдей зулатқан,

Шудың бойын шулатқан,

Меруерт жолдас Ақсұр бар.

Сырдың бойын сілтідей

Тыйып жүрген Қызқара,

Осы жолы бақ сынар.

Қайсы бірін айтайын:

Бәйге бермес ұдайы

Ұлытаудың Құбайы.

Қашағанның құдайы

Қаратаудың Құмайы,

Қыпшақтың Ақбақайы,

Қырғыздың Көктопайы,

Ақшатаудың Аласы,

Көкшетаудың Құласы,

Ертістен Елік-құбақан,

Есілдің Қасқабұласы,

Айтайын қайсы біріңді;

Жиылды жұрт, жиылды.

Аралдың Алаүйрегі,

Жарылқаптың Жирені,

Балқаштың бейпіл Бөртесі,

Семейдің Сұрсеркесі,

Төстен түлкі қоймаған

Тобықтының тұйғыны-

Жамбылторы осында,

Жауғашардың жүйрігі,

Қайсы бірін айтайын;

Алатаудың басынан

Ақ қанат Кер келіп тұр

Аузымен құс тістеген;

Жалғыз озбайтын құспенен.

Шапса екпіні дауылдай,

Ала көйлек арудай

Сыпыра басып, сылаңдап,

Көкала жүр бұлаңдап.

Қайсы бірін айтайын;

Алуан-алуан күліктің,

Асқан-асқан жүйріктің.

Қосылап тұр отыз боз,

Жиырма жирен, қырық қара,

Кердің өзі екі жүз.

Тағы, тағы, тағы да,

Таласып тұр бағына:

Тоқсан торы, жетпіс көк,

Ала, құла саны жоқ...»

 

Осындай хабарымен топқа соғып,

Жаршы жүр жағы тынбай бәйек болып.

Жиын жұрт жүйріктерді тамашалап,

Аттардың алды-артына кетті толып.

 

Әр жақтың саңлақтарын сұрап көріп,

Дүрілдеп ұмытылып жүр соңына еріп.

Кеңесіп, керілдесіп, кеулеседі-

Қой, қозы жамырасқан секілденіп.   

 

Ат айдау

 

   Ақан да алып шықты Құлагерін,

   Салпитып сапты аяқтай төменгі ернін.

   Жай тастап төрт аяғын келді тұлпар,

   Оңаша жұрттан аулақ тұрды Серің.

 

   Талтайып жимай тастап тілерсегін,

   Салпитып тұрды Құла үлпіршегін.

   Күреңбай Ақанға кеп сөз айтады:

   -Аласың астың алдын, Ақан серім!

 

   Құлаң бір дүлдүл екен жануар-ай!

   Жүрікке қолы жеткен жарығандай,

   Саған да ішім ырза, жолың болсын,

   Жылқыны жігітімсің танығандай.

 

   -Күткен бір атым еді күнінен тай,

   Жолдасым осы ат менің неше жылдай!

   -Ендеше бас бәйгені алып тұрсың!

   -Айтқаның келсін, сыншым, аузыңа май!

 

   Батыраш танушы еді бұл да малды.

   Құлагер Көк атқа ажал сықылданды.

   Алғаш-ақ Құлагерді көрген күні

   Ауырып, ұйқы көрмей ыңқылдады.

 

   Көмбеде Құлагерге тағы барды,

   Шықты да алды-артына көзін салды:

   «Арқаның албастысы бұл шығар»-деп

   Ішінен Құлагерден қауіптенді.

 

   Батыраш балта жастан атқа құмар,

   Айқайшыл ат әперген баққа құмар,

   Арам ой, ата намыс ұр-шоқпары,

   Кір көңіл, сарайының батпағы бар.        ,

 

   «Осы ма даңқы шыққан Құла тұлпар?

   Сүйегі бөлек екен, сұмдық шығар!

   Арқаның алдын алған Көктұйғынның

   Алатын әзірейілі осы шығар.

 

   Жануар, бітісің де ерек екен!

   Сүйегің алқа-салқа бөлек екен!

   Көргем жоқ көріп жүріп мұндай атты,

   Жүгірсе шаба ма екен, желе ме екен?

 

   Бұл кәпір жылқы ма екен, немене екен?

   Осы аста алдымен-ақ келе ме екен?

   Алдында ат салмаған Көктұйғынға

   Бәр пәле Көкшетаудан келген екен!

 

   Жылқыдай селт етпейд, не мінезі?

   Жай, салаң, мінезі ме - бой күйезі?

   Естуші ем, сұмырайдың сырттан даңқын,

   Жайлы емес, не қылса да келген кезі.

 

   Отты екен жануардың екі көзі!

   Перінің пырағы ма мұның өзі?»

   Түтігіп, қап-қара боп тұрды Батыраш,

   Жалғыз-ақ «Қап! Қап!» болып айтқан сөзі.

 

   Осылай айтпағанмен ішінен сыр,

   Томсарып Батыраш кеп толғатып жүр.

   Кек қайнап, ыза кернеп, жауққандай,

   Қалып тұр, қаны қашып, сүлдесі құр.

 

   Шетсіз көп шегіртке жан қыбыр-қыбыр,

   У да шу, айқай-сүрең, ыбыр-жыбыр.

   Аттырып Ақан атын оқты көзге

   Тұрғанын білсін қайдан ажал құрғыр.

 

   Не қылсын, Ақан оған қарасын ба?

   Жау, мейлі, жүре берер жар астында.

   Тұмарын Құлагердің шешіп алып,

   Сипап тұр аясы мен жаясын да.

 

   Қызыл шыт тартып беріп баласына,

   Көп аттың қоя берді арасына:

   «Алдыңа бір-екі-ақ ат алып отыр,

   Келгенше сонау жердің шамасына.

 

   Бұл айдау-қырғын жорық, байқап отыр,      ,

   Барғанша бұлаң құйрық, шайқап отыр;

   Жел жақта шаң қаптырма, ұрма, қалқам!

   Тек қана тізгін қағып жайқа да отыр.

 

   Қайтарда тізгініңді тежеп отыр,

   Тақымды қамшы салмай безеп отыр.

   Бол да отыр бірдің соңы, ызаң озба,

   Тек қана бір мөлшерде көзде де отыр.

 

   Көрдің бе сонау жатқан көк өзекті?

   Өткенді сол өзектен салшы тепкі;

   Қоя бер басын сонда, қарғатайым!

   Өзі алар онан кейін қалған бетті.

 

   Ал күнім, сен де жөнел, аттар кетті,

   Шаң басты, жел жаққа тарт, жер мен көкті;

   Ажырап мен сендерден қалдым жалғыз,

   Алла, өзің аман келтір екі ермекті!»

 

   Қалың ат, көп баланың арасында,

   Құшақтап Ақан сүйді баласын да.

   «Қош, аман келгеніңше күтемін»-деп,

   Мойнынан құшақтады Құласын да.

 

   Алуан ат-торы осында, қара осында,

   Не саңлақ, сәйгүліктің бәрі осында.

   Күңірентіп, кең даланы дүбірлетіп,

   Төгілді ат Ерейменнің саласына.

 

   Екі атты айдаушы мінген жайлап,

   Аттарды дүркіретіп жөнелді айдап.

   «Дау-дамай ат келгенле айрылсын»-деп,

   Көреші келер жолға қойды сайлап.

 

   Сүзілген құйрық, жалы өңшең жайдақ,

   Балалар бәйшешектей шыттар байлап;

   Бәйгеде бәсекемен бақ сынасқан

   Қалың ат көлді айнала кетті қайнап.

 

   Атқа еріп ел төгіліп алыс кетті;

    «Қайт!», «Қайттап» елге әңгірлеп шабар жетті.

   Көруге матқа айтқанша өзге ойыңды

   Теңіз топ толқып, қалқып, бұрды бетті.

 

   Шулатып, маңыратып қойдай көпті,

   Қасына қарақшының айдап жетті.

   «Ел түссін, енді балуан болады»-деп,

   Кәрі ояз тор қасқал арс-ұрс етті.

 

Балуан бәйге

 

   Құжындап құмырсқадай сала-сала,

   Мұнда жоқ қатын-қалаш, бала-шаға.

   Ояздың тәртібімен иірілді жұрт,

   Бодан ел, «Тақсырлаған», жақ аша ма?

 

   Шытырлап ат байланды қалмақшаға,

   Жөңкіліп жаяу халық келді ортаға.

   Балуанды түсетұғын тағы жарлап,

   Жаршылар жағы сенбей жүр қақсауда.

 

   Алапқа алқа қотан отырды жан,

   Жері жоқ ине шаншар, адам тұрған.

   Жаяулап тай шаптырдым жерге келді,

   Алыста аттар қалды байласырған.

 

   Ояздың тәртіп қылып айтуынан.

   Басқарып кісі ықты ата ұлынан.

   Көк дөңде дүрбі салып ояз отыр,

   Басына көлеңкелеп шатыр құрған.

 

   Кең жазық, майса көгал ортасында,

   Жиылды жұрт Қусақтың жотасына.

   Күреске кең ашықты сайлады жұрт,

   Арналған алыптарға айқасуға.

 

   Ұқсаған жазғы күнгі жауқазынға,

   Тізілді ел Ерейменнің алқасына;

   Алысып Арғын, Найман күш сынасып,

   Атты айдап, азаматпен шайқасуға.

 

   Даурығып қарсы жақта қобырасты,

   Балуанның шешіндіріп, дабырасты.

   «Тез шығар балуаныңды!» -деген дауыс

   Атойлап, қыр көрсетіп, жамырасты.

 

   Ауылды едіреңдеген қымыз масты,

   Сескентіп мына думан көңілін басты.

   Кей балуан кісі өлгендей жер шұқылап,

   Жүрегі жігіттердің үрке қашты.

 

   Балуаны шешінген жақ дікең қақты,

   «Кісіңді шығар! Шығар» -деп-ақ бақты.

   Шыдамай шешінуге нелер балуан,

   Самай тер шекелерден шып-шып ақты.

 

   Аттатып, атандайын алшаңдатып,

   Ақситып бір балуанды арсаңдатып,

   Аруақтап жетелеген бір қараның

   Ноқтасын сыпырды әкеп, талтаңдатып.

 

   Көрмеген мұны халық қалды қатып

   «Мынаған шыға алмас-деп-ешкім батып!»

   Қораға түскен жалғыз жолбарыстай,

   Ол тұрды, көрген көзді таңырқатып.

 

   Бұл асқан алып еді, мықты қара.

   Талқандап таудай дәуді жықты қара.

   Шошытып бар жігітке мысық болып,

   Тышқан қып інен-інге тықты қара.

   Бурасан, бұқа мойын, түкті қара,

   Күмбездей көрінеді күпті қара,

   Борбаңдап жолбарыстай жонын беріп,

   Майданға бір тізелеп шөкті қара.

 

   Алдырмас тірі жанға алып, берік,

   Шошынды бұл қарадан халық көріп.

   Біледі алуан түрлі әдісті де,

   Өткізген талай күрес, талай цирк.

 

   Бос шулақ мінген жаршы және келіп,

   Балуанды баяндады сөзге теріп.

   Тыңдасты астың халқы құлақ қойып,

   Бір-бірін басып, жаншып, ентеленіп:

 

   -Мынау, мынау, мынау ер!         

   Піл сүйекті, бұлаң ер,

   Арыстандай айбынды ер,

   Жолбарыстай жуан ер.

   Ертістің бойын сіліккен ер,

   Еділдің бойы үріккен ер.

   Ірбіт, Алтай, Мекерже,

   Жәрмеңкеде шыққан ер.

   Алатаудың алыбын

   Алып жерге соққан ер.

   Қара таудың алыбын

   Қағып жерге тыққан ер.

   Аюбайдың асына,

   Онда он алты жасында,

   Атан жыққан алыпты

   Ап жыландай жұтқан ер .

   Бұқа мойын, бурасан,

   Бұғалық бермес шу асау,

   Талайлар қорқып бұққан ер.

   Не нәндерді бөріктей

   Қағып, сілкіп циркті,

   Қалаларды құртқан ер.

   Алды-артына бірдей ер,

   Алысқанға дүрдей ер.

   Адамзатқа сырттан ер,

   Қолы құрыш қорғасын,

   Алысқаның оңбайсын.

   Алып жерге тыққан ер.

   Алысқанның көк етін

   Сықпа құрттай сыққан ер.

   Айқасқанның терісін

   Шаранадай жыртқан ер.

   Әзіреті әлінің

   Әдісін күшін тұтқан ер.

 

   Жаршының бұл айтқаны бекер де емес,

   Осылай етіп отыр көп те кеңес.

   Адамның бурасына адам батып

   Батылдық күресуге етер де емес.

 

   Жаршының жырлағаны жалған да емес,

   Шыны сол өтіріктен зарлау да емес.

   Кеңкек төс, кең жаурын, үңгір қара-

   Өзге жан бұл тұрғанда балуан да емес.

 

   Келіп еді осы қара әлдеқайдан,

   Күрсеті қуғын жігіт кішкентайдан

   Қаланы жығып, қырды аралаған

   Бір асқан алып еді, заты Найман.

 

   Ас беріп алты арысқа даңқын жайған,

   Тауып ед бауырды бұл Сағынайдан.

   Жатыр ед күшін әдей көрсеткелі,

   Керейде қонақ болып бір-екі айдан.

 

   Шығатын зор қараға бір жан болмай,

   Жігіттер қоян болды, жүрек қалмай.

   Сібірдің цирктерін сілкіп шыққан

   Осынды алып отыр ояз қолдай.

 

   Қаратау көрген емес зорды мұндай,

   Жетісу кісі таппай болды жұмдай.

   Балық боп Арал, Балқаш аузын ашты,

   Қауып қып қорғалады Семей, Торғай.

 

   Қарсы жақ кісі таппай болды жүдеу,

   Көк темір болды жасып алмас егеу.

   Салбырап бет моншағы балуандардың

   Теп-тегіс төмен қарап, болды күйеу.

 

   Бітік көз, үрпек сары, дембел шелеу

   Шешіліп қарсы жақтан шықты біреу

   Қораштау көрер көзге, балуан дерге,

   Аруақтап Оқас жағы қылды тілеу.

 

   Атағы бұл сарының балуан Жақып,

   Шыңырудан түйе тартып алған Жақып.

   Әдісқой, алысқанда дөңгеленіп,

   Топтарды талай жығып, жарған Жақып.

 

   Асына Абақ Керей барған Жақып,

   Онда да бас бәйгені алған Жақып.

   Мойнын қашағанның үзген талай,

   Дейтұғын Баянауыл Таутан Жақып.

 

   Бұл Жақып әлде жалшы, әлде малшы,

   Болмаса Оқасқа ерген бір ит аршы.

   Жүректі, кім болса да күшті жігіт,

   Сияқты би қолында жезді қамшы

 

   Жеп-жеңіл, қаршығадай сары шаршы,

   Үйелмен, үлкен дәуге жүрді қарсы.

   Айнала көптің алдын қыдырыстап,

   Безектеп, таныстырды тағы жаршы:

 

   - Мынау, мынау, мынауым,

   Сексеуілден бұрауым.

   Алысқанда шақ келмес

   Алыбың мен дырауың.

   Түсті арғынның тобынан,

   Құтылу жоқ қолынан.

   Албастысы алыптың,

   Әзәзілі әдістің.

   Шоршыған да, ыршыған,

   Шегіртке сары, оқ жылан.

   Бөденелер бөріктей

   Қаққанынан соғылған.

   Азулысы алыптың

   Ашуланса тістеген;

   Айласына көз жетпес,

   Астына жанның түспеген.

   Салған жерден сырттаған,

   Еш пендеден ықпаған.

   Тиген жерден тіктеген,

   Бұғалықтап толғаса,

   Қашағанды бүктеген.

   Ығына келіп қалғанда

   Ықты жарды күтпеген.

   Шалуға адам сайтаны,

   Шапшыған да шоршыған

   Шалқар көлдің шортаны;

   Сең соққандай сілкінді.

   Балуанға түскенде

   Балықтайын бұлқынды;

   Ұстау қиын шіркінді.

   Басым күшті, ер жүрек,

   Балуандардың әкесі,

   Таудың тарғыл текесі –

   Секірсе сексен қадамға,

   Ұстатпайтын адамға.

   Қарсы алдына келгенде

   Қақпандайын серперлі;

   Жан жыққан жоқ өрт ерді.

   Алыптарды аударды,

   Еңгезерді еңсерді.

   Келсап-келсап білектің

   Талайын- талай төңкерді;   

   Алысса бура шөккені.

   Адуын алып көк бөрі,

   Арыста талай бәйге алып,

   Айқасты талай көп көрді.

   Айқайда талай түсе қап,

   Асқынғанды бөктерді.

   Аптықты талай басқындап,

   Алыста талай бөксерді.

   Айтып- айтпай немене,

   Аңсағанға сусаған,

   Алысуға дөп келді.

 

Күрес

Құз қара тұра келді алас ұрып,

Сарыны қораш сынып,баласынып.

Тап берді қара қабан сары мысыққа,

Байғұсқа болды тым-ақ жан ашырлық.

 

Ышқынтып сыбызғыны, дабылды ұрып,

Екеуін қоя берді шабындырып;

Алысты арс-ұрс етіп екі арыстан

Таласты, бірін-бірі алып, жұлып.

 

Сарыны өшіктіре, жауықтыра,

Арсаңдап омыраулады алып қара;

Түспеді ол допша қарғып, мысықша арғып,

Дегендей «Күшің болса алып қара!»

 

Ол дағы өз әлінше алып қана,

Әркімді жығып жүрген шалып қана.

Бұлтылдап жыққан жерде жаппай тұғын,

Басқаға бастырмайтын  балық бала.

 

Желкілдеп қара сақал шудадайын,

Бұлқынды алып қара бурадайын.

Шабынды қаңтардағы күйі түсіп,

Дегендей «Алып соғып, жұлмалайын».

 

Бұлқынды шайнастырған бурадайын,

Жұлқынды жұтпақшы боп суда жайын.

Тасындай тиерменнің тастасып жүр,

Қарысып құшақтары барған сайын.

 

Сияқты бірі жуан бірі жұқа,

Өкіріп сүзісіп жүр екі бұқа.

Таласты ел алдында екі арыстан,

Алысып, арс-ұрс етіп сілке, жұлқа.

 

Сарыны сол жағына алып қымқа,

Қайқайтып қара балуан шалды қырқа.

Жатама, серке сары кетті шошып,

Жерді шаң, өзін қан қып, етін жырта.

 

Жейдедей жалаңаш ет жыртылуда,

Сөйтсе де ол, ойланып жүр ұмтылуға.

Сіресіп оң жағына қырындайды,

Арқалап, қырына алып, жерге ұруға.

 

Жақыптың жатыр күші оң жағында,

Оңбайды түскен адам ол жағына .

Иыққа «Ап!» дегенде алып қалды,

Сықырлап азар алды қол, қабырға.

 

Айласын балуан Жақып қылып қалды,

Өңкейіп өгіз қара мініп қалды.

Дөңгелек айналдырып сиреңдетіп,

Жерге алып ноқталыны ұрып қалды.

 

Ду етіп Арғын жағы күліп алды,

Аңырап Найман жағы тұрып қалды.

Аруақтап, әулекілер айғай салып,

Қорқақтар қояндайын бұғып қалды.

 

Күрс етіп жүнді қара жерге түсті,

Үстіне балуан сары міне түсті.

Бастырмай тізесімен қақты қара,

Алып қой, бөрі басар ол да күшті.

 

Екі айғыр бір-біріне салды тісті,

Қараның көрінеді алды күшті.

Таласты тамашаға қос құтырған,

Мәз қылып қырдағы үлкен мәжілісті.

 

Аударып және Жақып, және басты,

Допша атып бірін-бірі домаласты.

Лақтырып бірін-бірі бөрікше атып,

Екеуі жығыса алмай, қайта ұстасты.

 

Ұсатты аяқтары басқан тасты,

Көк қырқа жұлмаланып, шаңдақ басты.

Құпақтап отыра алмай қойдай шулап,

Екі жақ «А, құдайлап», аруақтасты.

 

Сарыны қара көкпар лақ қылды,

Ұршықтай үйіргенде ылақтырды.

Екеуі өлерменге жеткен кезде,

«Айыр!» деп, халыққа ояз жұбап қылды.

 

Арғын жақ «Жығылды!» деп, шулап тұрды,

Найман жақ «Жыққан жоқ!» деп, жан-жал қылды.

Сірескен шайна сумен екі арланды,

Кереші кісілер кеп екі айырды.

 

Баян жақ «Бәйге бер!» деп келді оязға;

«Бәйгесін, кім жыққанын жаз қағазға!».

Керей жақ бергізбестен кетті кернеп:

«Итжығыс! Мынаның да жыққаны аз ба?».

 

Тимеді сөйтіп бәйге Оқас тазға,

Оларға күш қыларлық қайда оязға!

Болмады ояздікі елге бітім,

Мұндай да әңгірлейтін әулекі аз ба?

 

«Жықты- деп желіккен жақ – біздің қара!»

Болмады омыраулап жан-жал қыла.

Бәйгені біздікі деп тұрып алды,

«Түсті, - деп, -алғаш жерге сары бала!»

 

Қоймады «Күресем» деп жүнді қара,

Аусарлау әугіп, даңғой жынды қара

«Дәл жықпай даулы бәйгені алмаймын» деп

Байлауды бітпес дауға қылды қара.

 

Жақыптың жағы жатыр «Күреспе!» деп,

«Жетеді осы абыйыр, тіреспе!» деп.

«О да олжа бас бәйгені бөліп берсе ,

Бұл қара асқан алып, сыр десте»- деп

 

«Екеуін тағы, тақсыр, күрестір »- деп,

Ояздан Оқас, Шабдан қылды тілек.

«Өздерің білесіңдер!»- деп ояз отыр,

Болды жұрт екуін күрестірмек.

 

Екі ұдай болып тұрды елдің жағы,

«Шық!, Шық!»- деп жүнді қара шабынады.

«Шықпалап» Баян жағы бәйек боп жүр, -

«Абиыр осы жолы қағылады».

 

«Шық» деген ер қорлыққа намыстанды,

Шешінді шеге сары алысқалы;

Жаманат қорықты деген, қорлық, сірә,

Күреспей қайда қояр жабысқанды?!

 

«Шығамын нар тәуекел, тағы барам,

Жықсам алам, жықпасам тағы қалам.

Болмастан өкіректеп ол тұрғанда,

Сесімді көрсетейін менде бәлем.

 

Мен де  адам, расында ол дағы адам,

Бір-бір қой шешемізді қалжалаған.

«Шығар!» деп дәу қараның дікектеуі

Тимейді тіпті жеңіл ол да маған...»

 

Халқыңның сырын өзің білесің де,

Ісіне күйесі де, күлесің де;

Қаласың кейде кейіп, кейде мәз боп,

Әйтеуір сол халықты сүйесің де.

 

Созылған сөз құйылды жүйесіне,

Байланды тағы қайта күресуге.

«Ананы еркек болса алып кел!» деп,

Отырды жүнді қара жүресінде.

 

Тап берді теріс азу бір-біріне,

Бұқадай сүзгіледі жүнді, міне;

Сарт етіп шеге сары іштен шалып,

Қаршыға қазды қағып ілді, міне.

 

Сарының қаршығадай ілуіне,

Әруықтап Баян жақтың күлуіне,

Қараны қайыстырып бұрағанда,

Күрт етті... бір гәп болды жілігіне...

 

Сылқ етіп жүнді қара жерге түсті,

Үстіне тұйғын сары міне түсті;

Шегіртке атып кеттті бастан ыршып,

Жүндіге жан жабырлап жүгірісті.

 

Осыған екідай боп елеуресті,

Үйткені етке тойып, қымыз ішті.

Құтыртып қораз-дайын қырқыстырып,

Дағдырын қос аусардың сүйтіп шешті.

 

Ыңыранып жүнді жатыр өкпе соғып,

Сермеліп екі қолы, жанын қорып.

Бұралып қалған екен сол аяғы,

Сыныпты жіліншігі күл-күл болып.

 

Оқас тұр шоқтығы асып, жеңген болып,

Ояз тұр үңірейіп шылым сорып;

Сөйлейді біреу аяп, біреу қажап,

Жаралы жіліншікке шаншу болып.

 

Көгеріп жатыр балуын қаны қашып,

Көргеннің бәрі аясты, жаны ашып.

Балуаны жыққан Арғын шуылдап жүр,

«Аруақ қолдады» деп, көңілі тасып.

 

Оязға Оқас кеп тұр маң-маң басып,

«Беріңіз бәйгемді!» деп баяндасып.

Тоғызды түйе басты үлесті жұрт,

Таласып суыртпаққа жанжалдасып.

 

Бір тайды бара жатыр біреу алып,

Бір қойды кетіп қалды біреу қағып.

Жұлысып бір шаршыға екі сақал,

Бір-екеу ырылдасты ит сықылданып.

 

Жақын жоқ, жанашыр жоқ, жалғыз қалып,

Құз қара зарлап жатыр, дір-дір қағып.

Бәйгені ас етіндей жұлқылап жүр,

Біреудің жіліншігін малға шағып.

 

Осындай не дейсіңдер әлеуметті,

Ас беріп алыстырған сол әдетті?

Сөксеңіз, соқсаңыз да болды солай,

Мен өзім осындайдан көрдім көпті.

 

Сонымен балуанның бәйгесі өтті,

Оташы мертіккенді бебеулетті.

Бұл да бір ел қыдырған есер екен,

Сорлыны атқа өбектеп алып кетті.

 

 

                                      Ат қайтқанда

Жасымнан жылқы деме менің жаным,

Атырдым жылқы ішінде өмір таңын.

Жапанда жел жылқының үстінде өскем,

Мекендеп өміріме аттың жалын.

 

Мал сырлас, аттың сыры маған мәлім,

Жырым- жылқы, жүйрік ат- салған әнім.

Аспан асты, жер жүзі- кең сақара                          ,

Күн көріп атам қазақ келген мәлім.

 

Қазақтың жылқы аңсатқан жарлы, байын,

Жарлыны жалғыз атсыз алды уайым.

Сүйген жар, сенген достан жақын жылқы,  

Білген жан бекер демес аттың жайын.

 

Бірге өскен бала күннен құлын, тайым,

Тор құнан көшке мінген күн-күн сайын.

Автода ағарса да сақал, шашым,

Атымды не бетіммен ұмытайын!

 

Бұл күнде автом да бар, атым да бар,

Бәйге алу самолетпен салтымда бар.

Бізде жоқ Сағынайдың сасық асы,

Тойына Октябрьдің атым шабар.

 

Сауықты, салты қызық халқым да бар,

Жылқымда асылданды қолтумалар;

Түрленді қазағымның қалың малы

Аттарым асыл тұқым жарқыл қағар!

 

Қызығы қырдың үлкен бәйге шапқан,

Күңірентіп көк жайлауды атты тартқан,

«Бала деп әрі пысық, әрі жеңіл»

Иесі талай аттың мені тапқан.

 

Мен дағы мұндай кезде жылмаң қаққам,

Мінгенмін не саңлаққа сумаң қаққан,

Көп атты талай-талай тастап кейін,

Қыр құсын тақымымда қылмаңдатқам.

 

Сәйгүлік мыңнан озған, өңкей саңлақ,

Қырғындап қайтар жерге жетті шаңдап.

Айдаушы тырна қатар тегіс тізіп,

Қайтуға ыңғайланды айдалған ат.

 

Қаз-қатар, мың үш жүз ат жайды қанат,

Балалар бір-біріне: «Алақ! Алақ!»

«Ал қайт!» деп қашан қолын сілтейді деп,

Бар бала айдаушыға тұрды қарап.

 

Шығар деп қашан даусы «Қайт! Қайт!» таған,

Өзім де талай-талай жалтақтағам.

Болар ма ат үстінен қырда қызық,

Жалғанда арман бар ма ат қайтқаннан!

 

Ат қайтты әлде неше он шақырымнан,

Көп атты қайырмады жақын бұдан.

Жөнелді түтіндеп мың үш жүз ат,

Шаң кетті көкке шапшып сапырылған.

 

Арыста ағалаған нелер саңлақ,

Қашаннан қатып-сенген бәйгеге арнап.

Ұрандап бәйге шапқан бала халқы,

Күңірентіп жердің жүзін кетті шаңдап.

 

Шаңы-бұлт, екпіні-жел, аттар-қаңбақ;

Балалар ұран салып, безді зарлап.

Шапқан ат, салған ұран-күңіренді Арқа,

У да, шу, ұлан-азар болды жан-жақ.

 

Күңірентті ойды, қырды өңшең күлік.

Арқаны дүбірлетті дүбір қылып.

Көшіріп жерді, көкті келеді аттар,

Керілген кең даланы бүліндіріп.

 

Жер бетін қағып ұшқан құстай шүйгіп,

Адақтап барған сайын шықты жүйрік.

Төртеудің мың үш жүзден мойны озып,

Құлагер келе жатты тістеп құйрық.

 

Артында төртеуінің мың ат қалды,

Балалар барған сайын шулап қалды.

Жер шіркін барған сайын бауырын жазып,

Шаң шіркін барған сайын будақталды.

 

Шаң көкке өртенгендей шумақталды,

Ат терге шомылғандай суды ақтарды.

Күн шілгер, адам, айуан судан кеуіп,

Түтігіп талай аттар құлап қалды.

 

Құдықтан, жерошақтан қазық қазған

Жұлдыздай жалт етеді жүйрік жазған.

Шынайы жел жүйріктер қырға біткен,

Деген сөз былшыл біздің жылқыны «азған».

 

Төрт тұлпар соқты желдей мыңнан озған,

«Жетсең ал!» деген есеп мұнша созған.

«Армансыз болсын аттар» деп әңгірлеп,

Қазақтар қоюшы ма еді құрты қозған?!

 

Жарысты өңшең тұяқ жолды сойып,

Төрт кетпен келе жатыр дабылды ойып.

Төрт тұлпар шаңын бөліп, ұзай салды,

Жолшыбай аттың бәрін қырып-жойып.

 

Өссем де атқа шауып, бала болып,

Айтуға жетпейді әлім мұны толық.

Бір сөзбен бүктеп айтып, байлағанда,

Осы айдау бопты қатты қырғын жорық.

 

Үстінде Құлагердің қандай бала?

Тастап ек баяндамай оны шала.

Ақанның елден келген бір жолдасы,

Кетелік оны да айта осы арада:

 

Бұл өзі елдегі бір жетім бала,

Ақанға бауыр басқан өкіл бала.

Көзіндей Құлагердің күтеді Ақан,

Бейбаққа Ақан сері секілді ана.

 

Ол кезде жетімдер көп қақтығатын,

Мынаны Ақан сүйіп, жақтыратын,

Асырап аш, жалаңаш қалдырмастан,

Біреуге еліндегі бақтыратын.

 

Бәйгеге қосар болса Ақан атын,

Мінгізіп бұл баланы апаратын,

Тақымы жетімектің құтты болып,

Құлагер қосқан сайын бәйге алатын.

 

Құланың біліп алған бала сырын,

Серінің келтірмейтін және ашуын.

Қалың ел, аспан, жердің арасында,

Ақан деп білетін ол жанашырын.

 

Ақан да әкесіндей баласының,

Жоқтығын жоқтатпаған анасының

Қорғайтын ол өмірде үш-ақ затты:

Құласын, баласын, көз қарашығын.

 

Онымен Ерейменге төрт ат кетті,

Төрт бала барған сайын ұзап кетті.

Қара үзіп қала берді өзге бала,

Қалғанды қорлық теуіп, ыза ап кетті.

 

Жүйріктер жүндей сабап жолды түтсін,

Ат солай бара берсін, бұл сөз бітсін.

Келейік көмбедегі көпке тағы,

Сарылып кеткен атты қанша күтсін.

 

Айғай, шаң аттын шыққан көкке кетсін,

Екпіні жел соққандай дүрілдетсін.

Жел жүйрік Сарыарқаны домбыра қып,

Төрт тұлпар тұяғымен жерді шертсін.

 

 

Ат шаңы

Айнадай мөлдіреген Құсақ көлі,

Осы еді Ерейменде жердің сөлі.

Ел жайлап, мал жайылып, думан болған,

Жайдырған жасыл кілем жұмақ жері.

 

Төбесі осы көлдің биік жері,

Қусақтың мөлдірі еді Көкше көлі.

Бәйгесі балуанның тарқағанда,

Асықты атты тосып астың еді.

 

Айдалған астың аты алыс жерге,

Болар ма Қызқашқанды жақын дерге.

Шықты шаң көз ұшында ақ шүйке боп,

Құлдырап ат ойысты Қусақ көлге.

 

Кім жетсін тау бауырынан соққан желге,

Дәл сондай аңқыды аттар жазық жерде.

Тау төсіп дүсірлетіп, дүбірлетіп,

Таласты осы төрт ат Ерейменге.

 

Жанына еліміздің жылқы жаққан,

Жылқыға жетпеген көз жаутаң қаққан.

Мінсең ат, ішсең қымыз, жесең қазы;

Қашаннан қазақ халқы жылқы баққан.

 

Атты артық көрген елміз мінген тақтан,

Қызық – ақ біздің бәйге қырда шапқан!

Шыдар ма қазақ жаны ұшып кетпей,

Аттарға шаң шығарып келе жатқан.

 

Ұзақ жол, талай қырқа, талай қабат

Тауысып шыққан жоқ па келе жатқан ат!

Қайта ма Қызқашқаннан шауып жылқы,

Жетпесе, тегі бұған ұшып қанат!

 

Қадалып шыққан шаңға үнілді көз,

Өзара дуылдасқан басылды сөз.

«Кім де кім атқа мінсе жазалы!» - деп,

Жарлықты және берді үңірек ояз.

 

Жарқырап жатыр Қусақ көлі сайран,

Жас қайың жағасында желмен ойнап.

Шаң қылаң көз ұшында берген кезде,

Қобырай бастады жұрт көзі жайнап.

 

Тыйды ояз «Тыныштал!» - деп қатты айғайлап,

Қазақты қауызға айдап, жіпсіз байлап.

Қусақтың кер жол асқан кезеңіне

Қылт етіп келе жатқан ат шықты қайнап.

 

Бұрқ етті кезең асып шұбаған шаң,

Қобалжып қозды құрты астағы жан.

Ойысты үш – төрт қара үздік – создық,

Алдыңғы ат бірі – қылаң, бірі – бараң.

 

Көргенде көз ұшында келе жатқан

Қараны қоя ма көз күн – түн баққан?

Жасаурап екі көзі тұра алмады,

Құласын құлдыраған танып Ақан.

 

Созылды осы төрт ат көл айнала,

Алдына екі ат шықты жеке дара.

Өтетін ат қылт етіп Жыланды өзек,

Суы жоқ, бұтасы көп – жырақана.

 

Күткен көп қайтқан аттан көрсе қара,

Жынданбай жанды қазақ тұра ала ма?

Деп тұрып: «Тоқта! Тоқта! », «Шаппа! Шаппа!»

Топалаң болмаушы ма еді тұра – бара?

 

Сорғалап сол өзекке ат құлап,

Жоғалды жұрт көзінен келе жатқан ат.

Өзектен үздік – түйдек үш ат шықты,

Алдында қылт еткендей болды бір ат.

 

Елде жоқ осы кезде ұшар қанат,

Қайтсын – ау қазақ, көңіл құмарланад.

Ақанның не болғанын білгеміз жоқ,

Алдыңғы ат баранданбай қыланданад...

 

Жұрт көрді  ат үшеу – ақ, бірі қалды;

«Баран жоқ бағанағы!» - деп шулады.

Тырмысқан төске таман үш желді аяқ,

Дегенше әні – міне келіп қалды.

 

Көктұйғын келе жатқан екен алды,

Жануар, қанат қағып өрге салды;

Талассыз керешіден кемел өтіп,

Қайқайып қарақшыға кете барды.

 

Алтайдың қосқан аты асып аруақ,

Көк аты Батыраштың келді заулап.

Дауысы баласының азар шығып,

Шырылдап өте шықты «Бегайдарлап!»

 

Аяғы бұраң қағып, бота маймақ,

Айтпақтың күреңі өтті: «Төлебайлап».

«Шормандап» кәр, шор аяқ бурыл өтті;

Лап ұрып, қозып кетті, жұрт айқайлап.

 

Ел шіркін бұл аттарды қанша күтті,

Ат қайтты алып бар қызық, бар үмітті...

Жүгірді аттарына қаптап жаяу,

Енді ұстау осыларды қылмыс тіпті...

 

Ұрандап мың үш жүзден үшеу өтті,

Қара жоқ өзгесінен, қайда кетті?

Аспан шу, жердің бетін шаңыт борап,

Біреуді біреу тіпті  білмей кетті.

 

Қысылған бағанадан қысталаң боп,

Тәртібің ояздың ел ұстаған жоқ.

Алуға атын әркім жолдан іздеп,

Жарысып ат алдынан ұшпаған жоқ.

 

Тек Құла астың алдын шайқаған жоқ,

Бәйге алып, жиын жарып, жайқаған жоқ.

Айырылып Ақаннан да қалдық, міне,

Кеткенін қалай қарай байқағам жоқ.

 

Жалғыз қазық

Біз енді айналмаймыз астағы елге,

Аты кеп, әңгір қағып жүргендерге.

Би Оқас, кәрі оязға түкіреміз,

Жатқанда сері түсіп сергелдеңге.

 

Шапқан ел жетті қаптап Қусақ көлге,

Әлгі өзек, ат көрінбей кеткен жерге;

Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болып,

Айталық не болғанын Құлагарге.

 

Ызғытып келе жатты ат көл айнала,

Ат күткен көмбедегі көрді қара,

Жібермей Құлагерді тізгін тежеп,

Кезеңнен ойысқанша келді бала.

 

Сырдесте Сері атына шапқан бала,

Бәйгені шапқан сайын қаққан бала.

Құланың құлағында ойнап өскен,

Серіге сенімді боп жаққан бала.

 

Шаң қауып, желді жұтып, шөліркеген,

Қаңсытып, құрғап таңдай, күн де жеген;

Қалжырап келе жатты үні бітіп,

Ат қағып, шөл меңдетіп, шабу жеңген.

 

Көргенде көп кісіні Ерейменнен,

Орғытып айналғанда Қусақ көлден;

Қалықытап  қобылардан құстай ұшып,

Асқанда бұлдырықтай безіп белден.

 

Құлагер жеткізсін бе жекпе – жекке,

Келеді басын тартып, қорқып текке.

Көк атты қағып, соғып омыраумен,

Ағындап келіп түсті Көкөзекке.

 

Қара жоқ, мыңдаған ат қалды артта,

Өзге аттар әлдеқайда бұл мезетте;

Құланның басын қоя бермек еді,

Кезікті бір тосқауыл осы өзекте.

 

Қусақтың осы қылта мойынында,

Аттардың шауып өтер жолы мұнда;

Кек кернеп, жасырынып тұрды біреу,

Бір жаман осы өзекте ой қылуға.

 

Айбалта ырғай сапты қойынында,

Сол еді мылтығы да, сойылы да.

Алтайдың ақылынан ашуы көп,

Арғынның ес болмайды дойырынды.

 

Ақ мылтық – ұшқыр боз ат бар астында,

Жау тұрды жасырынып жар астында.

Жол үсті тасқа біткен қарағаңның

Әлгі тұр атты күтіп дәл астында.

 

Мінгені боз, кигені қара үстінде,

Құлагер тізгіндеген бала үстінде.

Мылтықтың ауызына ұшқан құстай,

Ағызып жетті жаудың дәл үстіне.

 

Көрінді ат, келе жатыр Көк ат алда,

Қамшылап шырылдайды бала зорға.

Төбелеп басқа, көзге Тұйғын келед,

Шайқалып, шарқ аяқтап, түсті жарға.

 

Сияқты Көкті соғып, Құла аларға,

Тосқауыл мұны көрген тұра алар ма?

Көмбеге көрінім жер қалғаң кезде,

Құла алса қорлық қатты мұнан бар ма?

 

Кетіпті тер шүмектеп Көкті жауып,

Құлагер құйысқандас, қылды қауіп.

Терлемей қабағы да Құлагердің,

Келеді іркіп бала, еркін шауып.

 

Көк атты омыраулайды Құла қуып,

Жендетті ыза ап кетті, ашу буып.

Қанталап екі көзі көрмей кетті,

Қан мұздап сала берді, бойы суып.         

 

Осы өзек – Ақан айтқан мөлшерлі өзек,

Кел деген осы араға тізгін тежеп.

Қайқайып осы өзектен өткеннен соң,

Ұрандап қоя бермек бала безеп.

 

Қамшылап екі жаққа алма – кезек,

Баласы Көктұйғынның қақты безек.

Көк атты  осы арада артқа тастап,

Жөнелер Құлагерге осы кез ед.

 

Нән, жуан, мен – мен кеуде, намыс ері,

Суық қол Батыраштың жібергені.

Жалт етті жайдың оты жүрегінен,

Кек қайнап, мұз құйылып жүре берді.

 

Жаудырды көңіліне аспан селді,

Көк дауыл соқты шайқап Қусақ көлді.

Мергеннің бір маралға көзі түсіп,

Секірген бір киікті қасқыр көрді.

 

Басынан Ерейменнің соқты боран,

Түйілді қара бұлттай қара қыран.

От болып екі көзі көрмей кетті,

Жауды сел – қар ма, қан ба қабағынан.

 

Қылуға қауіп – қатер бала мұнан,

Аман ғой ақ көңілдің арамынан.

Бөріні бөрік астынан білмей қалды,

Ойнақтап өте берді жау алдынан.

 

Суық қол, оқтан ұшқыр, тастан қатты,

Ол өткір аспаһанның көк болаты.

Қызғаншақ, қиқар кесел, ұрыншақ, өр,

Қаскүнем қара көңіл жаман таты.

 

Тұрғаны тығырықтау жердің шаты,

Ақ мылтық – астындағы ақбоз аты.

Ұрымтал жерден оқтай ұмтылғанда,

Бала да білмей қалып, болды қапы.

 

- А, құдай-ай! Бере көр! – деп ұмтылды,

Ұйтқып кеп соқты өкпеден жел сықылды.

Қыспақ жол, Жыландының жырасында

Қақтығып бір – біріне ат тығылды.

 

Сап етіп бердең,кеп ұрынды,

- Бере бер, балам, бері шылбырыңды!

Жанасып Құлагерге қалғанында,

Сақ етіп айбалтасы Құланы ұрды...

 

Шапшып қан шекесінен шыр айналды,

Сылқ етіп Құлагер ат құлап қалды.

Білген жоқ не болғанын, ес қалған жоқ,

Тек бала жерге доптай домаланды.

 

Құлагер шапшытқанда көкке қанды,

Тек бала шыр – шыр етіп аттан салды.                   

Жоқ болды ақбоз атты, қара киім,

Тұйғынкөк шыға шауып кете барды.

 

«Бай – бай, Құлагерім!...»

Қорқырап Құлагер ат жатыр құлап,

Шүмектеп шекесінен қан бұрқырап.

Шіреніп төрт аяқты, танау қағып,

Ыңқылдап өліп барад ат қорқырап.

 

«Аттандап» өткен жанға қолын бұлғап,

Баласы Құлагердің жүр шырқырап.

Қалың шаң қаптай шапқан қара – құрық,

Балаға бұрылмайды ешкім бірақ.

 

Десеңдер қайда Ақандай қыран құсты,

Ол тастап аста тұрған жиылысты;

Болғанын бір сұмдықтың ішщі сезіп,

Қылаң ат қылт еткенде – ақ бермен ұшты.

 

Көргенде ол мынадай сұмдық істі,

Үстіне Құлагердің құлап түсті.

Білмеді не болғаның, айрылды естен,

Аймалап Құлагердің басын құшты.

 

Келер деп үміт қылып алдыменен,

Аты бұл алып келген алыс жерден.

Жат елде жалғыз өзі, сүйген аты,

Серінің санасалық халіменен...

 

Құлагер қорқырайды қаныменен,

Ақан да шырқырайды жаныменен...

Егіліп, төгіледі Ақан сері,

Зарлаған Құлагердің әніменен:

 

«Не болды- ай, бай – бай, саған Құлагерім?!

Суалдың, сорлы иеңнің бұлағы едің...

Тірегі көңілімнің, бәйтерегім,

Бұл жерге қалайынша құлап едің?!

 

                                                    Бай – бай – ай,

      Бай – бай – ай – ай,

      Бай – бай – ай – ай,

                                                    Ба – а- й – ай,

                                                    Бай – ай – ай…

 Бай – бай – а – й,

 Бай – бай – а – й

                                                    Құлагерім...

 

 

Шыныңмен кеткенің бе, Құлагерім!

Қасымда қасынысып тұрар едің.

Баспа бас қызға бермес жануарым!

Басылар өлгенімше қайтып шерің?!

 

Құлагер, айналайын, арғымағым!

Осы еді өлмегенде шабар шағың.

Құтсыз көл, Жыландының жырасында     

Құшақтап қанды басың зар жыладым.

 

Құлагер, жаз жайладым, қыс жайладым,

Артына қызды ауылдың көп байладым.

Жеріңе қамшы тимес, пышақ тиіп,

Құшақтап қу басыңды ойбайладым…

 

Құлагер, айналайын жүлде алғаным,

Басындай Арқарлының күн шалғаным!

Барғанда ақыретке пырағым бол,

Қызығын көре алмадым бұл жалғанның.

 

Құлагер, құлыңнан маған біттің,

Төрт бөліп түн ұйқымды баптап күттім;

Жылқыны қыл құйрықты елде көргір!

Қандай жан шекесінен қағып өттің?

 

Құлагер, қолда өсірген құлыным – ай!

Ішінде омыртқамның жұлыным – ай!

Жын ба екен, сайтан ба екен қаза болғыр,

Қанды қол қастықпенен ұруын – ай!

 

Құлагер, құлыныңнан керім едің,

Нағашым сұрағанда беріп едің.

Аттарды Ерейменнен айдағанда

Оқты көз, у құйылғыр, көріп едің.»

 

Осылай Ақан зарлап жылап жатты,

Қайтсін ол, жыламасқа, жанға батты.

Күйінді ол, күңіреніп Құлагерге,

Айырылды ол, аттан – жақсы, достан – тәтті.

 

Аспанда күн күйігіп, күйді қатты,

Өкіріп жел мен жер де жылап жатты.

Ереймен бұлақтары көлге жылап,

Серіге көл күрсініп көңіл атты.

 

Жарлының жалғызы өлсе жанын ұрар,

Дәл сондай жақсы атына Ақан жылар.

Жел жылап, көл күрсініп жатқаны не

Таудағы «Ой, бауырым» дар неге сулар?

 

Ой мен қыр, орман, тоғай неге шулар?

Аң мен құс күйініп жүр, не үшін бұлар?

Арқаның аяулы аты өлгеніне

Аспан, жер аза тартып тұрған шығар!

 

Жалпылдап жапырағымен сергелдеңде

Селкілдеп қайыңдар да тұрды желде.

Егіліп қара тастар қайыршақ боп,

Жылаған бұлақтарымен кетті көлге.

 

Не берсін жат жалғызға, аз кедейге, ,

Тіксе де оларға емес, асқа бәйге;

Жұмсарды Құлагер мен Ақанды аяп,

Дұспанның бауырынан тас та кейде.

 

Қояндар ,рысты кеуегінде,

Көбелек күйіп ұшты бірден – бірге.

Қуанды түлкі, қарсақ, қырда қасқыр

Жылқы жоқ соғатын деп бұдан өңге.

 

Жолыққан аяулы атқа, ардақты ерге

Неткен жан шыдай алар мұндай шерге.

Қашаннан қаяу көңіл сері Ақанға,

Қайырған сияқтанды көк пен жер де.

 

Деген сөз әшейін сөз – жан жылады,

Аяса адам неге қан қылады?

Осыған жылау түгіл, қуанған бар,

Көретін оңай олжа өлген малды.

 

Қарғалар қарқылдасып хабар салды,

Күшіген қызыл көрген аспанды алды.

«Білмеген ер ,сын, сұмырай!» деп,

Қаршыға қуып жүрді сауысқанды.

 

Жүйріктің жосылғанда қызыл қаны,

Жүрегі жер мен көктің тызылдады.

Қуанып қан  көргенде қара шыбын,

Асындай Сағынайдың быжылдады.

 

Күңіреңтіп дауысымен көк пен жерді,

Емірентіп, жылаумен Ерейменді;

Еңіретіп ыңқылымен Арқа желің,

Толқытып көз жасынан Қусақ көлді;

 

Қандатып қарсы алдында Құлагерді,

Қоймастан Ақан атқа жылай берді...

Жыласын, сөйлеп қалсын соңғы сөзін,

Қылалық біз әңгіме былайғы елді.

 

 

Қара күш

Аттары келіп болып астағы елдің,

У – шуы басылды әбден Ерейменнің.

Төгілді ас Жыландының жырасына,

«Ақанның атыпты, - деп, - Құлагерін!»

 

Жиылды жұрт басына Құлагердің

Тұлпардың топыр басты жатқан жерін.

Жат жаудың жаны ашымас, бауыры тас

Ішінде уанбады жылап Серің.                            

 

Ақанға ешкім «қой!» деп, айта алмады.

Ер көңілін еңіреген қайтармады.

Жазықты сияқтанып жанның бәрі,

Жанына жақындауға бата алмады.

 

Дұспаны тұрды ішінде, ұялмады,

Досы да бірге жылап, қия алмады;

Үстіне жұрт жиылып тұрғанында,

Күңренген дауысын Ақан тыя алмады:

 

«Құлагер, Ақаныңды , басты,

,сы барған сайын арылмас – ты.

Сан жүйрік, сан тұлпарды мінсем – дағы,

Құлагер енді маған табылмас – ты!

Бай – бай – бай…

 

Құлагер, атаң тұлпар, анаң сұңқар,

Соғып ем семізінде сегіз арқар.

Серігім, жанымдағы жақсы көрген,

Күйгің, қайран атым, қайтсем тарқар!

 

Құлагер, атаң тұлпар, анаң сұңқар,

Соғып ем семізінде сегіз арқар.

Сен едің жан атым да, қанатым да,

Табылмас енді маған сендей тұлпар!

 

Құлагер, жас күніңнен тайым едің,

Солқылдақ тауға біткен қайың едің.

Бәйгеге Құлагерді қосқанымда,

Бір тайпа ел бәйгесіне байып едің!

 

Құлагер, жас күніңнен құнаным – ай,

Сүйегің, еті таза бұланым – ай!

Қасыңнан бөлек жерге жатпаушы едім,

Айырылып Ақан сенен, қуардым – ай!

 

Әкесі Құлагердің жастан соқыр,

Бай – байлап басыңда ұстап Ақан отыр.

Қуанған Құлагердің өлгеніне

Молдасы сауысқанның құран оқыр!

 

Қарағым, шабушы едің, Құлагерім!

Салбырап саптыаяқтай төмеңгі ернің;

Атығай, Қарауылға бәйге әперген,

Айырылдым сенен не ғып, ардагерім?!

 

Құлагер бәйге шапсаң бала мінген,

Астына ат көрпесін сала мінген.

Асына Ақылбайдың қосқанымда,

Алып ем бәйгесіне қаймалы інген.

 

Құлагер шапсаң бауырың жазылатын,

Жерошақ тұяғыңмен қазылатын.

Құшақтап қу далада қалдым жылап,                

Жазым боп жау қолынан жалғыз атым!

 

Құлагер, қуанышпен қосып едім,

Алдыңнан  үмітпенен тосып едім;

Жиылып Арғын, Найман қарағанда,

Тіл мен көз тиер ме деп, шошып едім...

 

Құлагер, қуанышпен қосып тұрдым,

Қоссам да қауіптеніп шошып тұрдым;

Қылмаған көзден таса, Құлагер – ай!

Қайтермін, бір қарақшы тосып ұрдың...

 

Құлагер құлынынан досым еді,

Баспанам – тауға тіккен қосым еді.

Қандай сор Ерейменге айдап келген?!

Қазаңның жеткен жері осы ма еді?!

 

Қыстауым Сырымбеттің жел бетінде,

Мың қарғыс, сені өлтірген жендетіңе!

«Алыс жер, апарма!» - деп қақсап еді,

Қарармын енді қалай ел бетіне... »

 

Ас елі, арыс ұлы «қой-қойлады»,

Қойсын ба Ақан оңай, ойбайлады...

Жылатып жиын жұрттың қақ жартысын,

Зарында Құлагердің бай-байлады.

 

Жатқанда отқа күйіп Ақан жаны,             

Керек пе Құлагердің не болғаны?

Ұрған кім Құлагерді, ұры қайда?

Өлер ат өлді, ұрыдан не шығады?

 

Ақанды қандай адам қойдырады?

Бала да көзі іскенше көп жылады.

Сол жерде жиылған жұрт анталасып,

Тексеріп төрт баладан сөз сұрады.

 

Түрілді, анталап жұрт, ел құлағы,

Ортаға төрт баланы алды-дағы.

Ішінде сол топырдың дұспан да бар,

Деп тұрған: »Ат жығылып өлді дағы!»

 

Құлагер құлаған жоқ, жау қас қылмай,

Ұрған жау тұрған шығар, албастыдай.

Қанды қол жасырынып жүрген шығар,

Қорадан қойды жарған кәр қасқырдай.

 

Қарлықты Ақан даусы жылай-жылай,

Түптеді, топырлап жұрт сұрай-сұрай.

Балалар өз көргенін айтып шықты,

Халық ашты қанды қолды күмән қылмай.

 

Тек бала ат,киімін танып қалды,

Жұрт оны ойға алып анықтады.

Ақбоз ат, қара киім, Көктұйғын ат...

Барша жан Батыраштан қауіптанды.

 

Болды деп Батыраштан жұрт ұйғарды,

Берместен Көкке бәйге көпке салды.

«Ұрыңды ұстап тұрған алып кел!» деп,

Бопсалап, Батыраштар шала таңды.

 

Батыраш селкілдетті көк сақалды:

«Бір жылқы жығылды да, өлді ажалды,

Осыған ұры бізді қыласың!» деп,

Күш айтып, Керейлерге зікір салды.

 

Қарғады мұны халық, азарлады,

Әркім-ақ тұс-тұстан бажаңдады:

«Кесілсін ердің құны Құлагерге!»

«Тартатын тоғыз айып сазаң бар-ды!»

 

Осындай сөздермен ел киіп кетті,

Қалың жұрт қадала айтып кәрін төкті.

Қазақтың елі-жұрты күңіреніп.

Үстіне қанды қолдың бұлттай шөкті.

 

Жұрт мұнда тыңдаған жоқ биді, бекті.

Теңіз кеп тасығандай толқын кетті.

Ақырып тұс-тұсынан долданды жұрт,

Ызалы басу қиын болды көпті.

 

Қылмысқа, қиянатқа мұндай айқын

Күңіренді ел Ақанды танымайтын.

Не шалдар шіміркеніп селкіл қақты,

Жігіттің даусы шықты жарқын-жарқын.

 

Ашу, кек,күңкіл басты елдің артын,

Ел шулап, қыр күйініп, қарғап қатын.

Тітіркеп жұрттың жаны күйіп кетті,

Атқызып отыра алмай аяулы атын.

 

Арғынның Алтайынан болса-дағы,

Жауызды ел қорғамады, қоршамады.

«Құран соқ, Құлагерді соқпағанға!» -

Деп халық Батырашты қоршалады.

 

Шаң болды Қусақ көлдің көк жайдағы,

Шу болды Жыландының боз ойнағы.

«Қорладың сүйегімді!»- деп сіресті,

«Асымды бүлдірдің!»- деп Керей жағы.

 

Күйінді бұл қорлыққа Керей жағы,

Кіжінді Керейдің де ,жағы.

Ашынды ашу қысып азаматтар,

Күңіренді Ерейменде ел аймағы.

 

«Ақанды білмесе де, халық бармыз,

Қайтуға ол ырзалықпен ынтызармыз.

Шапқанда  бізді келіп мұңын елі,

Біз сонда бұл қылмысқа не қыламыз?

 

Жылатқан жолаушыны жүрген жалғыз,

Біз қазақ шыдамаймыз бұл қорлыққа».

Ұрыға азу басып іздеді жұрт:

«Қолға бер, Құлагердей  қызылдаймыз!»...

 

Үлкен шу бітпес, жанжал болды бұл іс,

Демей тұр батырашты қазақ дұрыс.

Күңірентіп кең даланы кешкі кеңес,

Болмады сөз байланып қырда тыныш.

 

Кеулесіп Керей, Арғын- сендей сүріс,

Болуға айналып тұр үлкен ұрыс.

Алмады Алтай жағы мойнына,

Айңақсыз әлсіреп тұр айқын қылмы.

 

Болмайтын Батыраш бір көк айыл шал,

Оның да жігітіне жер қайысар.

Тентек өр, тұқымынан теріс азу,

Алтайда аю пішінді адам шығар.

 

Жатқанда Ақан атқа күңіреніп зар,

Бұқара шулағанда болып ұлар;

Оқастың оязбенен қасынан кеп,

Тепсінді тұрған көпке Батыраш шал:

 

«Е, Керей! Азған Арғын, Уақ, Найман! 

Сендерде ненің буы қоқырайған?

Өлді деп қарауылдың бір жылқысы,

Ұраны қанды мойын таптың қайдан?

 

Аулақ тарт, атың басын Алтайымнан,

Келмейтін Керей-серей бақайымнан.

Жала қып, барымтаға бәйгемді ұстап,

Жеріңді көріп тұрмын бата айырған!

 

Мойныма ат өлімін болсаң қойған;

Бір жылқым Қарауылдан тартып сойған!

Кесіп ал күшің болса кұлағымды,

Әйтпесе болғаның не сонша ойран?

 

Күшіңді көрем бәйге бермей қойған,

Тартылар өз табағың астан, тойдан.

Шыдап көр қонысында тыныш отырып,

Есемді ел шапсам да алмай қойман!»

 

Осыны айтып көк шал селкілдеді,

Керейлер жым боп қалып, желпіндеді.

Батыраш осыны айтып шіренгенде,

Жұрт тарқап бара жатқан секілденді.

 

Бытырап, ырың-жырың көптін көңілі,

Басылды Қусақ көлдің көпіргені.

Құшақтап Құлагердің әлі басын,

Ақанның басылған жоқ өкіргені.

 

Желпінтіп жетелеген Тұйғын көкті,

Алтайлар топтан бөлеқ тұрған шеткі,

«Бәйгемді барымта ұстап отыршы!»-деп,

Керейге кіжінген шал жүріп кетті.

 

Онымен Оқас тағы бірге кетті,

Шабдан да Алатауға бұрды бетті.

Ойран ел, өлген атпен жұмысы жоқ,

Ояз да ылаулаған атын жекті.

 

Сонымен сол кеткеннен бұрылмады

Қайтқан жан құмырысқадай қыбырлады.

Өзара өлген атты аңыз қылып,

Таралды алды-артына рулары.

 

Тек қана қалған бір топ дуылдады,

Қарғадай жемтіктегі шуылдады.

Шырқырап Ақан отыр ат басында,

Шығарып шерлі даусын құлындағы.

 

Ат шіркін, елге дәулет, ерге санат,

Ат шіркін, елге қайрат, ерге қанат.

Жарлының жалғыз аты жазым болса,

Қалмай ма жарымжан боп, жерге қарап?

 

                                         Аттың азала әні

Күн батты, көлеңке алды Арқа жерін,

Кешкі жел жыбырлатты Қусақ көлін.

Қоштасып Құлагерге күңіренді Ақан,

,ртып қасындағы қалған елін.

 

«Қош, енді  қалдың кейін, Құлагерім!

Тұрмадың, жығылғаннан жылап едім.

Жалғанда саяқ жүріп таяқ жедім,

Көретін күнім шығар бұ да менің...

                                    Бай-бай, бай-ай,

                                    Бай-бай, бай-ай...

 

Құлагер, қоштасқаным ел алдында,

Жемтігің қалды сенің Жыландыда.

Айырылып жанындағы жалғыз сенен,

Қайтты иең, тұрмаған соң жылады да.

 

Құлагер, жаннуарым, пырағым-ай,

Қалдың-ау Ерейменде шырағым-ай!

Сенікі, менікі емес, қарға, құзғын!

Оқи бер Құлагерге құранынды-ай...

 

Көзіңнен айналайын тостағандай,

Қияр ем сені не ғып тастағанға-ай;

Басынды итке неге иіскетейін,

Ерте-кеш құшақтамай жас баламдай!

 

Құлагер, қош-қош атым, жолдасым-ай!

Мен білдім түнесем де тұрмасыңды-ай.

Тигізбей топыраққа жоғары іліп

Сақтармын өле-өлгенше қу басыңды-ай».

 

Соны айтып Құлагердің басын кесті,

Көрген жан: «Қайтсын шіркін,асыл!»-десті.

Достары: «Қайран ер-ай, обал-ай»лап

Қастары: «Сол сыйымен барсын»-десті.

 

Алда бас, арт жағына ұл мінгесті,

Бәйгені өзге қалған жан үлесті.

Бір салып атты бұтқа Ақан сері,

Жамылып жүріп берді қоңыр кешті.

 

Жеделдеп жетім ұлмен жүріп кетті,

Ұйқысыз ұзақ таңға бүлкілдетті.

Ұзын жол, жұлдыз жарық, жазғы түңді,

«Құлагер» деген әнімен күңіреңті

 

Әнімен шығаруға ішкі дертті,

Шырқатып ашы  үнімен шерін шертті.

Болады салған әні су сепкендей,

Сөндіре алмаса да жанған өртті.

 

Ащы зар, ауыр шері айғайлатты,

«Құлагер» айтқан сайын , ойлатты.

Ұйқышыл, керең қырға маза бермей,

Күрсінтіп соқыр түңді бай-байлатты.

 

Шер дауысы ен далада шықты қатты,

Түң, дала, ел төсекте тыңдап жатты.

Құлақ сап қырда қоян, қорада қой,

Жылқылар жайылысты ішін тартты.

 

Бесікте бала оянып, ұйып қапты,

Кемпір, шал жамбасына зарлы үн батты.

Қыз, келін қой күзеткен айтақтамай,

Түңгі ауыл зарлы әнді тыңдап жатты.

 

Зарлатты, аңыратты, жорғалатты,

Күйік ән көкке серпіп, сорғалатты.

Азалы, ащы дауыс зарлағанда,

Жұрт бірге жоқтап жатты өлген атты.

 

Бай-байлап «Құлагер» ән бебеу қақты,

Талда құс, белдеулерде бедеу қатты.

Зарлы әнін «Құлагердің» жылқышылар

Сүйеніп құрығына тыңдап қапты.

 

Жолшыбай жол көп елді аралатты,

Бұрылмай бас өңгерген баран атты,

Керең түң кең даланы күңіреңтіп,

Бай-байлап «Құлагерге» бара жатты.

 

Көргенде Көкшетауды дерті қатты,

Жүрген жер Құлагермен жанға батты.

Кетер түң Құлагердің жатқан жерін

Құшақтап, жер бауырлап, жылап жатты.

 

Тау мен тас жоқтағандай Кер құла атты,

Бар бұлақ көлге суын бауырымдатты.

Кірсіз жер, кінәсіз жел жылы ұшырап,             

Құланның қазасына көңіл айтты.

 

Ардақтап ат байлаған бір ағашын,

Қастерлеп Құлагердің ілді басың;

Аңырап ағыл-тегіл боп отырды,

Көзінің омырауына құйып жасын.

 

Көкшенің күіндіріп тауын, тасын,

Күңірентіп сай-саласын, көлдің басын;

Ат жанды, аяулы аттың иесі Ақан,

Жоқтады жуанбастан кер Құласын.

 

Кей-кейде жауын болып, жылап ақты,   

Кей-кейде дауыл болып соқты қатты;

Кей-кейде күңіреніп, көлдей толқып,

Кей-кейде қу ағаштай құлап жатты.

 

Кей-кейде әнге шырқап өлең айтты,

Кей-кейде томсырайып тастай қатты.

Қылғандай қайыңды қос, тасты төсек,

Аһылап, ағаштағы бастай қатты.

 

Жаз өтіп, жапырақ солып, күз де бопты,

Қуартып жасыл жерді, қазан соқты.

Күйкиіп Көкшетаулар күпі киіп,

Жайлауда тышқан аңдып, түлкі жортты.

 

Күзгі ауыл сары от іздеп қуды қоқты,  

Қозы, лақ өсіп бопты шыбыш, тоқты.

Жиналып желі, ноқта, саба сорғып,

Ызғырақ естіртеді ойда жоқты.

 

Ақанның көңілі осы күздей болып,        

Қазасы Құлагердің өткен соғып,

Көңілінің Көкшетауы қуаң тартып,             

Қызығын орағы кеткен орып.

 

Құланың ,сынан қатып,сеніп,

Қурай боп екі-үш айда қалған шөгіп.

Құлауға құйың соқса оп-оңай тұр,

Құрт жеген құба сөңкел секілденіп.

 

Ақанда қызық та жоқ, сауық та жоқ;

Оларды іздеп, жұртпен жауықпақ жоқ.

Қапыда қатты тиген сол соққыдан

Қираған жан қанаты сауықпақ жоқ.                

 

Жар да жоқ, жалын да жоқ, жақсы ат та жоқ,

Оларды енді көксер мақсат та жоқ.

Күңіренген күні-түңі «Құлагерге»,

Асқақ ән, әсем үнді заржақ та жоқ.

 

Кеткенде қызық тарқап, қаны суып,               

Айдаған ай далаға жаны қуып.

Жап-жалғыз тауды, тасты мекендеген,

Жанына жолатқызбай жанды жуық.

 

Өмірден жиіркеніп көңілі суып,

Қалғандай айналадан өзге туып.

Жатады жанды көрмей жапан түзде,

Көліне Бурабайдың кірін жуып.

 

Бауырында Оқжетпестің бір шоқ қайың,

Жүреді сонда Сері келіп дайым.

Ілулі сол қайыңда тұрған қу бас,

Қобыздай ызылдар жел соққан сайын.

 

Басында айтамыз деп бастың жайын,

Әнгіме қылдық, білем, астын жайың.

Мынау бас – Құлагердің қу басы еді,

Мынау шал- Ақан жалғыз, қашқындайын.

 

Қайыңның қасына кеп жүрген Сері,

Байлаулы Құлагердің тұрған жері.

Сол жерді тауап қылып оқта-текте,

Кетпейді осы арадан сонан бері.

 

Ән болып Көкшетаудың күңіренгені,

Сөз болып жат мінезі, шеркен шері;

Кетіпті елдің аузы әуезе қып:

«Жын құшып, жалғыз жүрген Ақан-пері».

 

Өтті күн.Қалды ағашта бас қуарып,                  ,

Қартайды Сері, сақал –шаш қуарып.

Серіксіз, елсіз, малсыз, иесіз тауда

Өткізді өмірін ол, басқа уанып.

 

Теңтіреп тауда удайы, таста қаңғып,

Оты өшкен, бойында жоқ жас құмарлық.          ,

Басар жер, барар тауы – Бурабай боп,

Бейшара бағып өткен басты мал ғып.

 

Шүйке шал, аузы ұрадай опырылған,

Су мұрын, қу мұрт,ұрты шұқырайған;

Боз бура бір күндегі тасқа шөгіп,                           ,

Шал отыр қу қайыңда мықырайған.

 

Келісаптай тұзды түйген бас ағарған,

Түздегі қу бастайын жақ қуарған;

Бетіне ел көшкендей сүрлеу түсіп,  ,

Шөлдегі шыңыраудай көз суалған. ,

 

Жігіттің бір күндегі Көкшетауы,

Күрсінткен көп сұлудың «Көкем-ауы»;

Жаңғыртқан жақсы жерді, жалпақ елді,

Әсем үн, аспанға өрлеп салған әні.

 

Бір күнде болған жігіт жан жайлауы,

Қайда оның күлкі, ойын мен жайнаңдауы?

Құлазып күзді күнгі Көкшетаудай,

Қызықтың көшіп кеткен-сар жайлауы.       ,

 

Көңіліне Құлагерден құйылып мұз,          ,

Күйкиіп отыр таста Ақан байғыз.             ,

Жан тынышын елден емес, жерден тапқан,    ,

Сондай бір адам бопты жаны жалғыз.

 

Сорлы Ақан «Құлагер» деп жылап, күйген,

Елдің ол құлағына жылы тиген,

Болса да мейлі сері, мейлі пері,

Ақанның аты мен жұрт әнін сүйген.

 

Қайтқанда басты өңгеріп, сонау түннен,

Ән алған қалың қазақ ,лы үннен.

Қағып ап қыз, келіншек күзеттегі,

Жылқышы жылқы ішінде салып жүрген.

 

Ат шапқан Арқадағы аруаққа,

Ел малын қоңырсытқан жерошақта-   ,

Асына Сағынайдың атын сойып,

Сорлы Ақан күңіреніп қайтқан шақта;

 

Құйылған «Құлагердей» ән құлаққа,

Күңіреніп Ерейменде өлген атқа.

Алатау, кең даланың Қыр, Сырында,

Ән тарап жатты осындай Арқа жақта.

 

Аты өліп, астан Ақан шаршап қайтты,

Ауылға оның әнін малшы ап қайтты.

Ел-елден Ерейменге жиылған жан,

Еліне «Құлагер» деп ән сап қайтты.

 

Жұрт жоқтап қапыда өлген қайран атты,

Әр жақта ел бұлбұлы сайрап жатты.

Ішегі домбыраның сыңсвып жылап,

Әншілер «Құлагерге» бай-байлатты.

 

Құланы мақтады жұрт «мал басы»деп,

Тыңдады Ақан әнін «зарласын» деп;

«Қазақтың бір аяулы атын атқан

Барша жұрт Батырашты қарғасын»-деп

 

Ақанды айтпаса да «қолбасы»деп,

Аяды «Құлагердің жолдасы»деп:

Лағынет оқыды әнмен өткен күнге,

«Сол сұмдық қырда болмасын!»-деп.

Поэманың толық нұсқасын дайындап ұсынған Ерлан Қасенов

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама