Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Құлмақ

Құлмақ (хмель, Humulus) — қос үйлі, көп жылдық, шөп тектес өсімдік. Сабақтары төрт қырлы, шырматылып жерге төселе өседі, іші куыс, қармақ сықылды тікенектері бар, ұзындығы 7 метрге дейін барады. Жапырақтары қарама-қарсы орналасқан, жүрек сықылды, 3-5 салалы, шеттері бүтін, сағақтары ұзын, үстінгі жағы кедір-бұдырлы, астыңғы жағы тегіс. Гүлдері жасыл, майда, бір жынысты, шоғырланып тұрады. Гүл шоғы бір-топ жасыл жапырақшалардан құралған. Аналық гүл шоғыры жапырақшаларының іш жағында бездері бар, ал аталық гүл шоғырының жапырақшалары жасыл сары, қабыршақты гүл серігінен және 5 жіпшелерден тұрады. Аналық гүл шоғыры жапырақшаларындағы бездерден лупулин деген ұнтақ зат бөлініп шығады. Шілде айынан тамыз айына дейін гүлдейді.

Құлмақ орманды жерлерде, өзен жағаларында, сайларда, бұталардың арасында өседі. Дәрі жасау үшін оның аналық гүл шоғырын толық ашылып тұрғанда жинап алады. Құрамында лупулин, гумулен, валериан қышқылдары, холин, триметиламин, эфир майлары, смола, каротин бар. Өсімдік — улы. Оның тұнбаларының несеп айдайтын, қабынуға қарсы әсер ететін, жүйкені тыныштандыратын қасиеттері бар.

Халық медицинасында құлмақты тамаққа тәбетті арттыру үшін, асқазанның қабынуын, іш өткенді емдеу үшін пайдаланады. Сонымен қатар қуық пен шонданай нервісі қабынғанда, нерв жұйесі қажығанда қолданылады. Құлмақты бауыр және талақ ауруларын, буйректің, өт қабының қабынуын, шеменді, сары ауруды емдеу үшін де пайдаланады. Ішек құрттарын түсіру үшін де осы өсімдіктің тұнбасын дәрі ретінде ішеді. Ұйқы қашқанда жастықтың ішіне құлмақтың аналық гүл шоғырларын толтырып алып жастанады. Бұл өсімдіктің шаш түсе бастағанда да шипалық қасиеттері мол. Қейбір ғалымдар құлмақты гипертония, атеросклероз ауруларын емдеу үшін бұлау жасап пайдаланады.

Қолдану тәсілі

Өсімдіктің аналық гүл шоғырының 10 грамын қайнап тұрған 1 стакан суға салып 30 минут тұндырады да, күніне 1 ас қасықтан 3 рет ішеді. Спиртті тұнба: 25 грамм гүл шоғырын 100 мл спиртке салып 10 күн тұндырады да, күніне 40 тамшыдан 3 рет ішеді. Өсімдік улы болғандыктан одан жасалған дәрілерді дәрігердің бақылауымен пайдалану керек.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама