- 21 там. 2015 00:00
- 282
Құмырсқа
Бір құмырсқа өз илеуінде тобынан бөлініп, сол маңдағы ара, қоңыз секілді жәндіктермен дос болыпты.
Жем іздеп шыққан құмырсқа жол үстінен бір дән тауып алыпты. Жалғыз өзі әрі-бері әуреленіп, дәнді орнынан қозғалта алмапты. Сонан соң көмек сұрау үшін әлгі қанатты достарын іздейді.
Бір уақытта гүлден-гүлге қонып, шырын жинап жүрген араға жолығады
– Досым, бір дән тауып алып едім, жалғыз өзім көтере алмағаным. Маған көмектесіп жіберші, – деп өтінеді.
– Көрмей тұрсың ба, мен де жұмыс істеп жатырмын ғой, – деп, ара көнбей қойыпты. Солайы солай ғой, мейлі деп, құмырсқа әрі жүріп кетіпті. Ол енді қоңызды тауып алады.
Ол мән-жайды айтып, көмек сұрапты.
– Сен үшін өз еңбегімді еш қыла алмаймын, – деп, қоңыз ызыңдап ұшып кете барады.
Достарынан күдер үзген құмырсқа мұңайып қайтып келе жатады. Жолда өзінің илеулестерімен ұшырасып қалады. Олар мұның түрін көріп:
– Не істеп жүрсің? – деп, жөнін сұрайды.
Жалғыз құмырсқа өзінің басынан кешкенін айтып береді:
– Жалғыздық деген сол, – деп, илеулестері жұбатады да құмырсқаның дәнін көтерісіп, әрі алып кетеді. Құмырсқа үйіріне қайта қосылады.
«Жаңа достың қадірі ескі досқа жетпейді» деген екен сонда бір кәрі құмырсқа.