Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
"Бала тәрбиесі - баршаға ортақ"
«Бала тәрбиесі – баршаға ортақ»
Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата - ана алдында нәзік те қиын үлкен қоғамдық міндет тұрады. Ол - бала тәрбиесі. Мектеп пен отбасы қоғамның әлеуметтік институты ретінде баланың дамуы мен қалыптасуының маңызды бір бағыты болып табылады. Сондықтан да ата - анамен жұмысты ұйымдастырудың белсенді әдістерін іздестіру және оны тиімді қолдану мектептің міндеті. Ол тәрбие процесінде жүзеге асады. Тәрбие процесіне қатысушылардың іс - әрекеті мен қарым - қатынасы педагогикалық ықпал ету арқылы жүзеге асады. Тәрбие мазмұны отбасынан бастау алады. Бүгінгі тәрбие үрдісінде дәстүрлі әдістердің орнын креативті ойлауға түрткі болатын жаңа педагогикалық әдістер мен озық ақпараттық технологиялар алмастырды. Бұл бір жағынан мұғалім мен ата - ананың ынтымақтастығын арттырса, екінші жағынан тәжірибені өмірде қолдана білу мүмкіндігін қалыптастырады. Мектептің педагогикалық үрдісі күрделі жүйеден тұрады. Мұғалім, оқушы және ата - ана сол процестің субъектілері болып табылады. Тәлім - тәрбиедегі жарасымдылық - бірлесіп, ынтымақтасып жұмыс істеген жағдайда ғана үйлесімділік табады.
Бұзақылықтың басы бос жүруден басталады. Кейде сабақтан жие қалдыруға әр түрлі сылтауларды үлкендердің өзі үйретіп отырғанын аңғармай да қалуы мүмкін. Жас шыбықты қалай ексең, солай өседі ғой. Иә, «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің», демекші ата - ана тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдырады. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау - ата - ананың басты тәрбиесінде алғашқы ұстаз - ата - ана. Жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді.«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер»дейді халық даналығы. Бала кішкентай кезінен - ақ әр нәрсеге әуестеніп үлкендерге көмектескісі келеді. Бұған кейбір әке - шеше«жұмысымды бөгейсің, істеп жатқан ісімді бүлдіресің» деп ұрысып жіберуі мүмкін. Бұл қате түсінік. Керісінше, өзің жұмыс істеп жүргенде баланың қолынан келетін ісіне жағдай туғызып, оның үйренуіне көмектескен орынды. Тіпті балаға берген тапсырмаңыздың аяғына дейін орындалуына төзімділікпен бақылау керектігін де ұмытпаған жөн. Өстіп баланың бірте - бірте еңбекке деген болашағына жол ашылады. Әрі істеген ісінің ұқыпты да тындырымды орындалуына бағыт бересіз. Баланың жақсы ісін мадақтап, терісін оң етіп түсіндіріп отырса, ол да ересектерді сыйлап, кез келген тапсырмасын орындауға қарсылық білдірмейді. Орынсыз ұрысу, зеку, сұрақтарына дөрекі, келте жауап беру немесе әділ талап қоя алмау ата - ананың беделін түсіреді. Ата - ана - бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез - құлқындағы ерекшеліктері жетік білгені жөн.
Қорытындылай келе, тәрбие үрдісінің бір тарауы aта - аналармен жұмыс десек, отбасынан басталатын тәрбие мектеп өмірінен жалғасын табады. Бүгінгі мақсат - әрбір балаға түбегейлі біліммен мәдениеттің негіздерін білу және олардың жан – жақты дамуына ата - ана, мектептің жағдай жасауы болып табылады. Ата - аналар мектеппен тығыз байланыста болу керек. Баланы оқыту мен тәрбиелеудің әдіс - тәсілдері және түрлері ата - аналармен мұғалімдерге пайдасы тиер деген ойдамын. Бала, ата – ана және мектеп осы үш одақ бірлесе жұмыс атқарғанда ғана табысты нәтижеге қол жеткізе аламыз. Назарларыңызға рахмет!

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама