Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 5 күн бұрын)
Құпия құты

(повесть)

Бұл сырды айта алмай бірнеше жыл жүрдім.

Оның тілегі де сол еді. «Өзіңізден басқа еш жан білмесін, құпияға беріктігіңізді содан көрейін».

Үйде сервантта тұрған ақ құтыға қарасам, осы сөздер есіме түседі. Ақ құты менің аузымның құлпысы секілді. Сонымен бірге тереңде жатқан бір сырды түрткілей де беретін сияқты.

... Аяқасты жүрек соқпасына шалдығып, курортта жүргем. Дәрігерлер тіпті зәремді ала түсті. «Сіз санаторийден 500 метрден артық ұзамаңыз, күнге қызынбаңыз, қатты кейімеңіз» деді. Ойпыр-ау, сонда не болдым? Он екіде бір гүлім ашылмай жатып жарты шақырымнан артық жүрмесем, күн көзін көрмесем не болғаны. Кейімеу үшін өмір сүрмеу керек те. Өмір бар жерде қуанышсыз, күн бар ма? Бұл — бұл ма, бұдан да жаман ойлар келеді. Балалардың жастығы, барған сайын кемелденіп, келісіп келе жатқан мынау өмір, сол өмірден өз орныңды енді-енді таптым ба деп талпынып күн-түн демей жұмыс істеген шағың. Өмірді қызықты ете түсу үшін емес пе еді оның бәрі. Бұл жүрегі бар болғырдың жеткен жері осы-ақ па. Жаратушы маған келгенде неге сонша сараңдық жасады? Отыздан бір-ақ жас асып мұндай халге душар болғаным қалай?

Курорттағылардың бәрі ауру деседі ғой. Бірақ мына менің жанымнан шұбап өтіп жатқандардың бәрінің екі езуі екі құлағында. Олардың жарты шақырым тұрғай, он, жиырма, отыз шақырымға да кете алатын түрлері бар. Бір ғана ауру — мен, қалғандары әншейін ерігіп жүрген сияқты. Қарқ-қарқ, сақ-сақ күледі. Әне бір екеуі әмпей-жәмпей әуелі, шүйіркелесіп, шүпілдесіп барады. Оларға қараған сайын жүрегім сұғып-сұғып алады. «Олар күледі, сен өлесің, жеткен жерің — осы» дейтіндей. Лоблып аузыма тығылып, тынысым тарылады. Үйде дәл осылай басталып, сан рет жеңіл жәрдем шақыртқаным бар еді. Аяғы укол салумен немесе больницаға апарумен тынатын. Талай шым-шытырық ойлар келіп, талай танды көз ілмей атырдым да. Ұйықтамадым болды, ертесіне жүрек қысылады. Ол кезде әзірейілдің тура өзі келе жатқандай көрінеді. Өзімде де, үйде де зәре-құт қалмай қорқамыз.

Дәрігерлер ғана жайбарақат. «Невроз» дейді де, бірдеңесін түртіп бере салады. Әлденеше рет қатты керісіп те қалдым.

— Сендерге керегі менің өлімім бе? Неге қарамайсыңдар? Жүрек қой бұл, жүрек. Жүректің қысқаны ойыншық па? Жүрегі ауырғанда жәрдемдеспесеңдер, кімге керек жәрдемдерің. Көпе-көрнеу өлтіретін болдыңдар-ау. Балаларым жас, ең болмаса соларды аяңдаршы.

— Сізге қатты кейюге болмайды. Екі-үш рет курортқа барыңыз. Жассыз, жазыласыз, — дейді.

Бұрын мұндай кейігіштігім жоқ еді. Ауру дендеген болу керек. Қалшылдап кетем. Ұстай алмай қалам өзімді. Артынан сазайын тартам өзім де. Уколдан, иә ауруханадан бір-ақ шығам.

«Кейімеу керек» деген сөз әбден құлағыма сіңген. Бірақ ол сөз неғұрлым сіңген сайын, солғұрлым кейігіш боп барамын. Ешкімнің не істегені, не сөйлегені жақпайды. Үйдің іші мен отырғанда кісі өлтіргендей жым-жырт. Аяқтарының ұшымен жүреді. Балалар ойнайын, не сөйлейін десе, әйелім «тиш...ш, папаларың ауырып қалады» деп тыйып тастайды. Бұл сөзден олардың қорқатыны сонша, жүздері боп-боз болып маған қарайды. Бала жыламай, бала ойнамай тұра ма, олардың ойнағанын да, жылағанын да жақтырмаймын. Жыласа, тірідей мені жоқтап отырғандай көрінеді. Бір күні ұлым үйге жалғыз қамыс алып келіпті. Жас кезімізде шешеміз үйге жалғыз қамыс алып кіргізбеуші еді, «жаман ырым, кісісі өлген үйге ғана қамыс алып кіреді» деп. Ұлым тура мені көмуге келгендей керінді. Жүрегім лоблып, қысыла бастағандай болды. Тілімнің астына дәрі салып, төсекке қарай тарттым.

Ұлым:

— Мама, мама, папам қысылып барады, — деп айқай салды.

Зәре-құты қалмай асүйден әйелім жүгіріп шықты. Екі көзі жасаурап кеткен. «А, құдай, а, құдай, сақтай гөр», — деп кемсең-кемсең етеді. Сөйтсем, байқап жүретін балам тілімнің астына дәрі салсам болды, қысылды деп ойлайды екен.

Осылайша, өзімнің де, үйдің де берекесін алып, бар сеніп келген курортымның түрі әлгі. «Қарыс аттап шықпа, қатты кейіме!» — дейді. Қожанасыр болса, «өлді — деген осы» деп құлай кетер ме еді. Мен Қожанасыр болмаған соң ілініп жүрмін әйтеуір. Құр сүлдем.

Жападан-жалғыз жүргенде небір үрейлі ойлар қамайды-ау, шіркін! Бір сәт осы курортта өліп, денемді табытқа салып, самолетпен алып бара жатқандай көрінеді. Аэрофлотпен есептесуге үй ішімнің хәлі келмей сасады екен деймін. Қол ұшын берер ағайындарды іздеймін. Алысқа барып бәрімізді әуре қылғанша жайын біледі, үйде, ауруханада болмай ма деп кейиді олар. Жалғыз жібергені несі деп әйелімді жазғырады. Әйелім тұрғай, өзіме әрең табылған жоқ па осы путевка. Өмірге емес, өлімге алынған путевкадай көрінеді енді. Үрейлі ойлар осылай қамалап, үміт сәулесіне титтей де саңылау қалдырмайды.

Жылға жуық қадам басқан сайын зілдей жаншыған ауыр ойлар әбден езіп тастаған ба, мең-зең секілдімін. Кеше айнаға қарасам, көзім шүңірейіп, ішіне кетіп бара жатқан сияқты көрінді. Өз тамырымды өзім ұстауға қорқамын. Жүрегім қазір тоқтап қалатын секілді. Күннен-күнге соғысы бәсең бе қалай?

Курорттағы алғашқы бес күн де осындай зілдей ауыр ойларды сыйға тартты. Күнде өлемін, бірақ күнде тірілемін. Сол тірліктің арқасы ғой, бүгін де сүйретіліп күндегі жүретін жеріме шықтым. Кәдімгі арқандаулы бұзаумын. Бұзаудан айырмашылығым, мен ойлаймын. Бірақ ондай ойы құрысын. Өзімді жегідей жеп бара жатқан үрейлі ойлар. Сол ойлардың қажытқаны соншама, ойламайтын бұзау болуға да даярмын. Амал не... Тап осы жерге шықсам, тарпа бас салып қамап алады.

Айнала әдемі мәуелі ағаш, көңіл қытықтайтын жұпар иісті самал, алыстан аппақ болып шағылысып жатқан Эльбурстың анау шыңы, майдың шуақты жұмсақ күні — осының бәрі менің қабылдауымда басқаша. Осының бәрі үрей атаулыны жиып-теріп маған айтақтап тұрған сияқты.

Жүрегім тағы қысылып кеткендей болды. Бұдан бір сағат бұрын алған ваннадан көрдім. Ажалыма алған ваннам ба дедім. Жаны құрғыр тәтті. Анандай жерде басын біркелкі қырыққан көкорайдың арасындағы орындыққа қарай борсаңдап тартып бердім. Отырып жүрген жерім. Көкорайдың алды ашық, жұрт жүріп жатқан жаққа қарайды. Арты бітеу, бір кісі өтерлік бір жерінде ғана кетігі бар. Жанымды бір алып қалса, сол орындық алып қалатындай. Қол созым жердегі санаторийге қараймын. Менің жағдайымды кәріп тұрған әлдебіреу жүгіріп келе қоя ма деймін. Көңілім де соны қалайтындай.

Жоқ, аса қыспады. Қалпыма келгендеймін. Еңсем сәл көтерілгендей болды.

— Сәлеметсіз бе?

Ту сыртымнан сызылған әйел даусы шықты. Амандасу орысша.

— Сәлеміңізді алдық, — деп жалт бұрылдым.

Еркек атым бар емес пе, өзімше бойымды жиып, ауру екенімді білгізбеуге тырысып жатырмын. Танысам бұйырмасын. Бұрын керген адамым емес. Аққұбаның әдемісі. Тал бойында артық біткен бір сылым ет жоқ, таң асырған жарау аттай жұп-жұмыр, жеп-жеңіл, жып-жинақы.

— Танымайсыз, сондықтан таңырқап тұрсыз, әрине.

— Оныңыз рас. Танымасақ, танысармыз. Курортта танысу қиын емес дейді ғой.

— Бәріңнің ойларың солай... — деп күрсінді де, үндемей ұзақ отырып қалды. Жанарынан ойнақылықтан гөрі ойлылықты көрдім. Тереңінде әлдебір мұңның ба немесе ауыр бір жан жарасының ба ізі бардай. Сүйкімді келген бет пішініне сәнімен қойған шашы әдемі үйлесіп тұр. Әлдебіреудің шашы қанша сәндегенімен, дарақылықтың куәсіндей айқайлап тұрмай ма. Мұнікі жинақылықтың, табиғи сұлулықтың дәлеліндей. Мен сымбатына қызығып, бас-аяғын қос жанарыммен тінткілеп кетіппін. Жаратылысында паңдық та бар секілді. Киген киімдері де әлеміш, айқай-ұйқай соңғы моданың жаршысы болып тұрған жоқ, ұстамды қарапайым ғана. Мойнына салған жұқа қара торғын орамалы аққудың тамағына айрықша кигізіп қойған сақина іспетті. Көзін төңкере бір тастады маған. Сыртыма қарап болсаңыз, сырымды ұға алдыңыз ба деген сұрақ бар мұнысында.

— Неше күннен бері тап осы арадан неге шықпайсыз және тек өзіңіз ғана жүретініңіз қалай?

— Сіз мені сыртымнан андып жүрген болдыңыз ғой.

— Иә, аңдығаным рас. Мұңласпыз ба деп аяп келіп ем. — Даусы кермектеніп шықты. Көзін жалт бұрып әкетті. Мойнындағы қара торғын орамалға тағы көзім түсті. Дірілдеп тұр екен. Жайма-шуақ ауаның толқынының өзі-ақ дірілдетіп тұр ма, жоқ әлде осынау бейтаныс адамның ішкі жан-күйі дірілдетіп тұр ма? Қарадан салғаны несі?

Сұрақты сұрақ қуып ала жөнелді. «Курортта танысу қиын емес қой», «мені андып жүрген болдыңыз ғой» деген жаңағы сөздерім тым дарақы айтылған жоқ па осы. Қалжың қайғысызға ғана жарасқан, қайғылыға айтқан қалжың жазықсыз сұққан қанжармен тең. Қарсы алдымдағы курорт желігінің жетегімен келген адам емес, шері жетектеп келген адам секілді. Неше күнгі менің сұрымды көріп, өзіне одақтас тапқандай болды ма екен? Қуаныш қана емес, адамдарды мұң да, шер де жұптастырмай ма? Сондай табысу болып жүрмесін бұл. Жаңағы бір әліме қарамай айтқан тапыраң сөздерім мына адамның жарасын жалаңаштай түскен жоқ па? Қоразданғаным басылып, бойымды салауат, байыпты ой билей бастаған секілді. Соны жүзімнен байқады ма, әлгі әйелдің өкпелі да өзгерейін деді. Не бәйек бола қалудың, не жігітсініп қоқиланған күйімді сақтаудың қисынын таппай іштей сасулымын. Мұндайда аузыңа орайлы сөз де түсе қоймайды емес пе?!

— Таныс болайық, — деп қолымды ұсындым.

— Мая Денисовна!

Сүп-сүйір жұмсақ саусақтарын тез тартып алды. Ұстай салысымен ұмтылып беретін ұрда-жық деп сескенді ме, қайдам.

— Сіз менің сұрағыма жауап бермедіңіз.

— Қандай сұрағыңызға?

— Тап осы арада неге жалғыз жүретініңізді сұрамадым ба?

Не деуім керек? Жүрегімнің сырқат екенін айтып, зарлай жөнелуім керек пе? Одан не пайда, осы адамды көргеннен ұмыт бола бастаған сол жүрегі құрғырды қозғамай-ақ қойсам қайтеді. Ойдың қалың зіліне қайта кіріп кетіп, пәле жалғап алармын. Өзге тақырып іздеп көрсем қайтеді. Өтірік айта алмайтын басым неден бастасам екен?

— Сіз сұрамай-ақ қойсаңыз, мен айтпай-ақ қойсам қайтеді соны, — дедім наздана.

— Айтуға ауыр болса, онда қинамаймын. Өзім де қиналып жүрген жанның бірімін. «Тән жарасын сұрасаң да, жан жарасын сұрама» деген бар ғой.

Тән жарасы, жан жарасы. Жаңағы жауабым жүрегімнің сырқаты ғана емес, одан да үлкен дерт бардай етіп көрсетпесе неғылсын өзімді. Екеуміз қатарласа жылжып жүріп кетіппіз. Ел шұбырып жататын терренкурға түсіп, тауға қарай бет алдық.

Ертеңіне тап сол уақытта тағы жолықтық. Мен келіңіз деп шақырған жоқпын, ол келем деп уәде еткен жоқ, Осылайша, кездесуіміз, міне, үшінші рет. Мен — тыңдаушымын, ол — айтушы. Менің әңгімесіне ықылас қойып, ұйып тыңдағаныма разы секілді. Кездескен сайын шерін ақтарып, жеңілдегісі келген адамның кейпін керем өзінен.

Балалық шағы көп замандастардың өміріне ұқсайды. Соғыс басталғанда 14-15 жастағы ойнақшып жүрген қыз екен. Жау тырнағына алғаш іліккен Украина деревняларының бірінде туып-өсіпті. Немістер лап қойған күні әкеден айырылып, шешесі екеуі қалған.

— Шешем қайратты адам еді. Деревняны басып алған жау көзіне мені түсіргісі келмеді. «Тым әдемі өсіп келесің. Өзім сұқтанам. Неміс сенің жастығыңды қайтсын. Айуан ғой олар» дейтін екі сөзінің бірінде.

Сөйтіп, анам шіркін мені бір ай бойы маяның қуысында асырап сақтады. Өз шаруасына мығым әкем жарықтық жаз жаңа басталса да, қыстық шебін жинап алған-ды. Дабырлатып, шулатып немістер күніне бір соғып кетеді. Алғаш келген күні күшігінен асыраған тік құлақ әдемі итімді үргені үшін атып кетті. Маяның астында үнімді шығармай кешке дейін жыладым. Қаңқ еткен даусы күні бүгінге дейін құлағымда. Ит екеш ит те бір үрсе де жауға қарсылығын білдіріп қалды. Адам атым бар менің жатысым мынау деп іштей өзіме-өзім назаланам. Ызаға булыққаннан ыршып шыққым да келеді. Бірақ шешемді аяймын. Немістер бір күні — сиырымызды, бір күні — торайымызды, бір күні тауық-үйректерімізді әкетті. Шешемді атып кетеді екен деп зәрем жоқ, көрген сайын өз шешем өзіме олжа секілді. Байқаймын, бір күндері түнделетіп орман жаққа баратынды шығарды. Мені «үніңді шығарма, осы жерден қозғалма, құрисың» деп таптап-таптап кетеді. Үйдегі азын-аулақ азық-түлікті таси бастады. Немістен жасырып, бір жерге тығып жүрген шығар деп ойладым. Маяның қуысында жата беру мені де жалықтырды.

Бір күні шешем:

— Жүр, кеттік. Әкеңнің қара орнымен біржола қоштас, — деді. Кішкентайымнан өскен үйдің әр бұрауы, айналаның ор бұтасы ыстық, жылап жүрмін. Түн жамылып кете бардық. Содан кейінгі мекеніміз — орман, партизандар арасы болды. Шешем қару асынып, күреске шықты. Мен партизандардың еркесі болдым. Жылы-жұмсағы менің аузымда. Мылтық сұраймын, жорыққа жібер деймін. Шешем байғұс шыр-шыр етеді. «Сен көрер тамұқты мен-ақ көрейін» дейді. Партизандардың бастығы егде тартқан еңгезердей, түксиген адам. Сақал-мұрт деген жұрттың бәрінде қауғадай боп өсіп кеткен. Бәрі менен жасырып әңгімелеседі. Бала неме, бірдеңені бүлдіріп ала ма дей ме, әйтеуір әзір сенімге не бола қойған жоқпын.

Сығандар секілді қонысты күнде ауыстырамыз. Бұрын деревняның үстінен өткен бірлі-жарым сығандар көшіне неткен өмір деп күлуші едік. Үйренген соң адам бәріне көнеді екен. Сығандар қайта думандатып, күліп-ойнап көшуші еді, біз тым-тырыс үндемей көшеміз. Күні бүгінге дейін таң қалатыным, бүкіл отряд қозғалғанда жымы білінбейді. Бәрін жұдырықтай жұмылдыратын құдіретті бір күш бар еді. Балалықпен қоштасып, мен де пысып келе жатырмын. Ал шешемнің әйел екенін жұрттың бәрі ұмытып кеткендей. Байқаймын, отряд басы ол кісіге үлкен ілтипатпен қарайды. Содан ба, маған деген ықыласы ерекше. Түсі суық болғанымен, іші жылы. Жанарында мол мейірім бар, сонымен бірге сұсты да. Сұсты етіп жіберген қу соғыс шығар. Ұдайы көшу, ұдайы қозғалыс бәрімізді де шынықтырды. Мылтық оқтау, пулемет ату маған да таң бол май қалды.

Немістердің даусын естісем зәредей қорқатын басым енді оған да үйрендім. Біздің отрядтың олармен шекісіп-шекісіп қалған кездері аз болған жоқ. Шешем қашанда қарулы топпен бірге жүреді.

Небір қауіпті тапсырмаларды орындауға барып тұрды.

— Қызығы осы жерден басталады. Ендігі әңгімені келесі жолға қалдырайық. Сіздің процедураларыңыз бар шығар, — деді Мая Денисовна.

Келесі әңгімені асыға күткендеймін. Бұрын жүректің ауруын ғана ойлап қажыған басым енді Маяның сөздерінің төңірегінде толғанатынды шығардым. Мұның өзі жанды жанышқан ойдан әлдеқайда пайдалы секілді. Көрмегені жоқ екен ғой сорлының деймін ішімнен. Әдемілігіне, әңгімесіне қызыққаныма енді аяушылық қосыла бастады. Жүректің бір шанышқанын қайғы етеміз. Сонау сұрапыл соғыс жылдары мың шанышқанын да елеуге мұрша болды ма? Пендеміз ғой. Қызықты көргенде қиындықты ұмытып болмаса қиындықты көргенде қызық қайтып келмейтіндей күйлерге түсетініміз үшін осылай десе керек. Өмір құбылыстарына салмақтап, саралап қарай бермейміз-ау. Осынау Маяның әңгімесі мені қайраттануға шақыра бастаған секілді. Ауру дегеннің өзі де әлжуаздарды иектейді. Оған да айбат шегіп, қарсы түру керек. Осындай ойлардың келгендігі ме, әлде келісті келіншек сырлы әңгімесімен кеудемді кеңітіп, қысыла беретін жүрекке кеңістік ашты ма, алып жүрген ем дару бола бастады ма, әйтеуір ширай түскендеймін. Еңсемді көтертпейтін зіл қара тас жеңілдеп бара жатқан секілді.

Әне, уәделі жерге Мая Денисовна тағы келе жатыр. Құлындай мүсіні көздің жауын алады. Күлім қағып, өзімсіне сәлем берді.

— Мамаңыз сізді тәртіпке жақсы үйретсе керек. Кешікпейсіз.

— Оныңыз рас. Шешем жарықтық «Асты күткізбе, обалына қаласың, адамды күткізбе, алғысын аласың» деп үйретуші еді. Содан сүйегіме сіңген әдет қой.

— Мына мақалда ғажап философиялық ой бар екен. Астан қадірлі, адамнан ақылды не бар? Екеуін де қадірлей алсаң, сен де жерде қала қоймассың деп тұр емес пе. Анаңыз бар ма?

— Жоқ, ажал ертерек әкетті.

Мая Денисовна бүкіл кеудесімен терең күрсінді.

— Менде де жоқ.

— Қалай, сол партизан болып жүргенде қаза боп кетті ме?

Мынадай адамның анасын өлімге қимағандығым сонша, сұрағымды аптыға, асыға қойдым.

— Қазір білесіз ол жайды. Сонымен, бір күні ұйқыдан оянсам, шешем қасымда жоқ, Апыл-ғұпыл киініп, басқа адамдарды да түгендей бастадым. Он адам орнынан табылмады. Тағы бір жауапты тапсырма болған ғой деймін ішімнен. Анамның кеткен әр сапары көз жетпес үрейлі тұңғиық, аман-есен оралуы шексіз қуаныш еді мен үшін. Түнге қарай кеткендер қайта оралды. Былқ-сылқ еткен біреуді арқалап апты. «Менің ақ шешем ғой» деп баж ете қалдым. Бір партизан аузымды баса қойды.

— Маяжан, мен мұнда, аманмын, — деп шешем мойнымнан құшақтай алды. Асынған мылтығы жыландай суық екен. Сүймеген жерін қоймадым.

— Қорқып кеттің бе? — деді мейірлене. Мен үнсіз жылап, өксігімді баса алмай тұрмын.

— Анау ұшқыш сорлыға жәрдем берейік.

Жалт қарасам, зембілде қу шүберектей болып бір жас жігіт жатыр. Кеудесінде демі бар әйтеуір. Отряд бастығы шешеме оңаша сыбырлады да, ұшқыштың планшетін алды.

Күздің суығы әміріне ене бастаған кез. Орман іші, ашық аспан пана болудан қалып барады. Жаралыларға деп жасаған бір үй бар. Шешем ыммен сонда апаруға ыңғай білдірді. Маған да жүр деді.

Біздің бала кезімізде ұшқыштар деген аңыздың аяулы кейіпкерлеріндей еді ғой. Чкалов, Байдуков, Беляковтар олардың даңқын тіпті аспанға көтерді емес пе. Қиялымда алдында сан табынған ұшқыштың бірі, міне, қимылсыз сұлқ жатыр. Ол да кәдімгі адам, аяқ-қолы, басы-көзі бар сияқты. Кірпігі сәл ғана қимылдайды. Бір кезде ерні жыбырлады. Аузына су тамыздым. Көзін аша бастағандай болды.

— Тірі, мама! Ұшқыш тірі! — деп айқайлап жібердім.

— Тірі болса, бүгіннен бастап осы ұшқышты бағу саған тапсырылады, — деді отряд бастығы гүж етіп. — Саған деген алғашқы жауынгерлік тапсырма.

— Жарайды, бағамын, — дедім жұлып алғандай.

Бір күннен соң ұшқышым есін жиды. Таңырқай күлімсіреп қарады маған. Кенет түсі суып:

— Қайдамын мен? — деді үрейлене.

— Партизандарға келдіңіз, — дедім мен.

Менің қолымды бетіне басып көзін жұмды. Сол сәтте екі тамшы жас сынаптай домалап түсті. Неге екенін қайдам, мен дір ете қалдым. Денем бір қызып, бір суынғандай болды. Өмір шіркін сонысымен қымбат қой. Соғыстың нағыз ауыр кезеңі, айнала от-жалын, ажал үрейі бір минут қасыңнан қалмайды. Алба-жұлба, әйел-әйелге, еркек-еркекке ұқсамай кеткен шақ. Соның өзінде жігіт бетіне тиген қолымды алғым келмей, аса бір күшті сезімнің бесігінде бір сәт рахаттанып ұйықтап кеткендей болдым. Әйел затынан екенімді алғаш есіме алған сол минутты сізге айтып жеткізуім қиын. Аналық — ұлылық әйелдік — әлсіздік, осы екі қасиет үшін күйрейсіңдер ғой сендер. Әлсіздіктің де әдемілігі бар. Біз өзімізден құдіреттінің алдында ғана әлсізбіз. Менің бойымды билеген алғашқы әлсіздік сол жаңағы минут еді.

Ұшқыштың күннен-күнге беті бері қарайын деді. Қан жүгірген соң өнді жігіт екенін байқадым. Қасынан шыққым келмейді. Жауынгерлік тапсырма да сондай ғой. Маған қадалады да жатады, бүкіл денесіндегі жанды мүшесі әзірге қос жанары ғана. Алғашқыда сөйлеу де ауыр болды оған. Маған айтайын деген сөзін ұмытып, үзіп алғандай болады. Сөйлесе екен деймін. Үздігіп ұзақ қарап тұрам. Ернін тістенеді де көзін жұмады. Жарасының жанына батқанын сонда ғана барып сезем.

Қайдан тапқанына таңым бар, шешем бір күні толып жатқан дәрі, ақ дәке әкелді. Қан шыққан жері жоқ. Бірақ хәлі өте ауыр. Әлі әздігінен қимылдай алмайды. Кім бұл, неғылған ұшқыш, қайдан келді, қалай шешемдерге тап болды — әзір түгін білмеймін, білгім де келіп жүрген жоқ. Есіл-дертім тезірек сауықса екен деймін. Шешем менімен бірге үш күн қасында болды. Бір кездегі деревнядағы медсестра отрядта медицинаның академигіндей. Басы ауырып, балтыры сыздағандар үшін ең үлкен қорған сол.

— Омыртқа зақымданған. Жұлын аман болса жарар еді. Неткен ерлік. Мұндай сыныққа құлындағы даусы шықпай қалай шыдап жатыр. Шын азамат екен.

Анамның мына сөзі ұшқышқа деген ықыласымды бұрынғыдан да зорайтты. Үш күн бойы дәрі ішкізді, гипске салғандай етіп белін мықтап орады. Құр тақтайдың үстінде жатады. Отряд басының күнде келетініне қарағанда бұл ұшқыштың тегін адам еместігін ішім сезгендей. Менің қолымнан келетіні сусын, тамақ беру, аузы-басын сүрту. Бірде «қарындас, атың кім?» — деп сұрады.

— Мая, — дедім.

— Жақсы ат екен. Мамаң екеуің мұнда қалай келдіңдер?

Бәрін айтып бердім. Тік құлақ итімнің де атылғанын айттым.

Тыжырынып қиналып кетті. Немістерге ыза болды ма, әлде иттің өлімін қайғырған маған ыза болды ма, жоқ жарасы жанына батты ма, әйтеуір қатты реніш білдірді. Шешемнің көп сөйлетіп шаршатып алма дегені есімде, жаудырап айыпты адамдай бетіне қарай қалсам керек. Жымиып күлді. Менің бейкүнә жүзім күлкі шақырса керек.

Отряд астан-кестен көшетін болды. Қар бір жауған. Соңғы күндері айналада атыс көбейіп, немістер әлденені сезгендей біз тұрған маңға шүйліге бастаған-ды. Дереу із тастау керек. Ең қиыны жаралыларды алып жүру. Қолы, аяғы жараланғандар өздері жүруге бекінді. Мен қазір ойласам, таң қаламын. Неткен қайрат. Ну орманның ішімен ақсақтар шоқаң-шоқаң етіп өздері ілесіп жүрді. Бірі қыңқ деген жоқ, қозғала алмайтын ұшқышты ғана көтеріп келеміз. Ол «мені атып кетіңдер, масыл қылмаңдар» деп өтінді. Дембілдің бір басында мен келемін. Жер ми батпақ, ну ағаш, жүк ауыр. Әрбір қадам мұң болып келеді. Ұмытпасам, кешке дейін жүрдік-ау деймін. Отряд бөлініп-бөлініп кешіп келеді. Анда-санда байланысшылар келіп, бағдарды айтып кетеді. Қараңғы түсе иесіз қалған орманшының үйіне келіп, тоқтадық. Үлкен бір қалаға аялдағандай қуандық. Айнала бір шақырымдай жерге тұс-тұстан күзет қойылды. Партизандық өмір үнсіз жүріп жұмыс істеуге үйретеді. Отряд басының әрбір қаққан ымы-ақ жұртты жұмылдырып жатады.

Ұшқыштың қос жанарында тулаған ішкі дүние толқыны торға түскен арыстандай зәрлі де сұсты. Онсыз да шекесі қызып жүрмеген мынау жұртқа масыл болғаны жанын жаншып жатқан секілді. Анам келіп:

— Шаршадың-ау, — деді маған.

Жігіт отты көзімен жалт қарады. Мен анама «жанды жеріне тидің-ау» дегендей үнсіз кейіс білдірдім. Жігіт алдындағы намыс және бар.

— Бейбақ анам, — деді Мая Денисовна кеңілі бұзылып. — Ол мен үшін бәйек, ал мен жігіт алдында аналық мейірімін төккені үшін оны сөгіп тұрмын.

Қойшы, айтып-айтпай немене, сол ұшқышты күткелі кәдімгідей қыз болып қалдым. Еркекше киініп жүрсем де, бойымды жинақы, сымбатты ұстағым келеді. Қозғала алмай жатса да ол соның бәрін сезеді. Менің қыз болғым келетіні оның да жігіттік намысын қайрайды білем. Соғыс қыспағының өзінде албырт жастық екеуміздің қанымызда осылайша шулайды. Мынау қара орман, айнала аузын арандай ашқан л жал, күні бойы титыққа жеткен жүріс — бәрі сондай сәттерде ұмыт та боп кетеді. Өмір шіркін сонысымен күшті, сонысымен мәңгі ғой. Сезім егесі, намыс егесі — өмірге от беріп, ілгері өрлетпей ме. Соғыс егесіндей сұрапыл, апат болып келмейді, өртеп өршімейді, тып-типыл етіп құртпайды. Бұл — ұлы егес, тіршілік егесі, тірліктің тұтқасы, мәңгіліктің кілті, өмір иегеннің өшпес, өлмес белгісі. Екеумізді де сол жігіт пен қыз арасындағы көрінбес сезім егесі баураған.

Отряд барған сайын молая түсті. Жаңа адамдар күніге қосылып жатыр. Бірі — солдат, бірі — тұрағынан безген, қашқан азамат, бірі — сау, бірі — жаралы. Жаңа киінгендердің алғашқы күндері жайсыз-ақ, сенімсіз көзқарас. Олар да өкпелемейді. Соғыс заңы солай. Жау жіберген қансыз ба деген күдікке қай-қайсы болса да ұшырайды. Сыннан, сынақтан өтеді. Байқаймын, отряд басының жұмысы түскен секілді. Оның кәзір көз тігер ноқаты бір жерде емес, осынау ну орманның бірнеше жеріне жайылған сияқты. Анамның да жұмысы басынан асып кетті. Мен оны бұрын да пір тұтушы ем, енді пайғамбар еттім десе де болғандай. Соншама қайраттың қайдан шыға беретініне таңым бар. Жасы болса елудің үстінде. Мен сүт кенжесімін. Әрине, бұл қазіргі көзқарас тұрғысынан ғой. Ол кезде бұлай ойласам, қазір кемеңгер болмаймын ба.

Мая Денисовна маған қарап жымиып күлді. Бір бетінің ұшындағы шұқыры оны тіпті сүйкімді етіп жіберді. Мен Маяның анасының жас кезін көз алдыма елестеткім келді. Дәл осы Маядай болған шығар деп ойладым.

- Сіз кімге тартқансыз, мамаңызға ма, әлде папаңызға ма?

- Суретім мамама ұқсайды. Оны неге сұрадыңыз?

Сұрағым келген соң сұрадым.

Жауабыма аса түсінбей қалды-ау деймін. Біраз үнсіз қалды.

- Иә, содан кейін?

— Қай жерге тоқтадым?

— Отряд көбейе бастады.

...Иә, отряд күннен-күнге далиып бара жатты. Мен отрядты қайтейін. Баққаным — әлгі ұшқыш, отрядтағы жалғыз ұшқыш. Бір айға қарағанда тұруға жарап, одан соң тез түзеліп кетті. Адамның мамандығына қарай мінезі де қалыптасатын болу керек. «Шіркін, майдан шебіне барсам, бөлімшемді тапсам» деп ашық күреске аңсары ауады да тұрады.

Мен одан «сіз қалай бізге келдіңіз» деп сұраған жоқпын, ол өздігінен айтқан жоқ. Екеуміз де партизан заңын сақтадық, олар майдан жайлы көп бажайлап сырласпайды. Әрекеттің ғана адамдары. Бір-екі рет бірге құпия байланысқа барғанда шешем «сақтығы жетіспей ме, қызбалау ма қалай» деп келді, ұшқыштар нар тәуекелдің адамдары ғой. Ал партизанға батылдықпен бірге аса сақтық та қажет.

— Иә, сол тәуекел ақыры түбімізге жетті. Менің емес, анамның.

Мая демін ішіне тартып күрсініп алды. Мен дегбірсізденіп, не де болса оқиғаны ақыр аяғына дейін білгім келді.

— Әдеттегідей мен штабта қалып, ұшқыш бастаған бір топ көрші деревняға аттанды. Мамам да сол топпен қоса кеткен. Алдын ала жасалған барлау шала болған соң нар тәуекел деп оқ атыпты. Неміс күткендегіден көп болып, бұларды екіге жарады. Бірінен-бірі адасып қалады. Не керек, үш адамсыз оралды: біреуі — менің анам. Ертесіне деревняға тағы барлау жіберілді. Түнгі дүмпуден қорқып, жау деревняны тастап кетіп отырыпты. Өйткені ол кезде партизан қозғалысы жер-жерден қаулап көтеріліп, тылда қалған немістер олардан зәредей қорқа бастаған. Деревняда бір де фашист жоқ дегенді естіп, өзгелермен бірге анамды іздеп мен де келдім. Түні бойғы жылаудан әбден әлсіреп қажып қалыппын. Отряд басы мен ұшқыш бір сұмдықты сезгендей түксиген қабақтарын ашпайды.

Менің кеудемде үміт оты әлі де жылт-жылт етеді. Анам қорқып кеттің бе» деп алдымнан жүгіріп шығатындай.

Несін айтасыз, шын сұмдықтың үстінен шықтық. Деревняның тап ортасында үшеуін де асып қойыпты. Анамды есім ауып құлап түсіппін. Оққа ұшып өлгенді оған дейін талай керіп жүрдік қой. Асылған адамды көргенім тұңғыш рет. Айтары жоқ сұмдық көрініс. Онда да салбырап тұрған менің анам болар ма.

Көзімді ашсам, басымды сүйеп ұшқыш отыр. Дардағыларды көрге түсіріпті. Жылауға көзімнен жас шықпайды. Түні бойы жылап тауысқанмын ба, әлде сондай сәттер бола ма, кектеніп, тісімді қайрай бердім. Жұрт менен тағы да бажылдап жылауды түтсе керек. Жоқ, мен бедірейген күйі еліктерді салған шананың артынан еріп жүре бердім. Сол деревняның шетіне бұрынғы зират қасына әкеп қойдық.

— Міне, достым, мен анадан осылай айырылдым.

Мая Денисовна көзі оттанып, маған қадала қарады. Менің ішімде де бір әлем-тапырақ дауыл соғып, Маяның соңғы сөзін естіртпеді. Эльбрустың қарлы шыңына қараған бойы қасымда адамның бар-жоғын елеместен жүре беріппін.

— Сізге ауыр әңгіме айтып алдым-ау деймін.

Ұйқыдан оянғандай селт ете қалғанда барып қасымда келіншек келе жатқаны есіме түсті.

Жаңағы сезім күні бойы мұхит толқынындай біресе Патырып, біресе шығарып, жанымды әбден жанышты. Небір ойлар көбік шашып тулап, дауыл боп соқты ішімде. Өзімнің туған анам да есіме түсіп, соғыс кезіндегі оның қимыл-әрекет, аналық асыл қасиеттерін көз алдымнан қайта өткіздім. Бала кездегі әр жерін қарап, бетін жаба салған кітапты есейген көңілмен қайта оқыдым, үңіле, үрейлене, үміттене қайта ақтардым беттерін.

Шіркін, ана атаулы бір-біріне қандай ұқсас, сонымен бірге өз алдына қайталанбас қандай бөлек.

Әлі есімде, менің анам үлкен ұлын аттандыруға 70 шақырым жерден артынып-тартынып аудан орталығына келген-ді. Біздің мектеп военкоматтың қасында, оның ауласы — жинау пункті. Күндіз-түні лек-легімен майданға жұртты жөнелтіп жатыр. Үлкен ауланың тұс-тұсынан қарғадай қаптап, қарап тұрған ата-ана, бала-шаға. Тым болмаса боздағының, жарының, әкесінің төбесін көріп қалуға ынтық. Соңғы үміттері, соңғы көрсетер құрметтері сол ғана сияқты. Көздерінде — жас, көңілдерінде — мұң, үндемей жылайды, үндемей шыдайды. Военкомның сары ала жағалы қызметкерлері дікілдеп келіп аула үстінен қуып түсіріп кетеді. Жұрт оған да көнген. Бұларды да дікілдетіп тұрған соғыс қой. Құмырсқадай қайта қаптайды, қайта ысырылады. Бір кезде үлкен қақпадан әдемі аттар жегілген арбалар әкелінеді. Олар да майдан үшін әдейі әзірленген. Сол арбаларға әскерге баратындарды әбден отырғызып болған соң, қоштасуға рұқсат етіледі. Әрең тұрған жұрт тас қамалды әкеткен тасқындай лап қояды. Күні бойғы шыдам осы жерде таусылып, көзге де, көңілге де ерік беріледі. Аула іші күңіреніп кетеді. Класты тастап-тастап біздер де, оқушылар мен мұғалімдер де шығамыз. Бәріміз де жылаймыз.

Арбаның алды қозғалып береді.

— Болды енді, қалыңдар, қалыңдар, — деген өктем үннен ешкім қаймықпайды. Жұрт та шұбырып береді. Сол шұбырынды село сыртында бірнеше километрге дейін созылып барып таусылады. Жүрегін үзіп ата-ана, асыл жар, бала-шаға қалады.

Осы жолмен біз де қырық екінші жылға қараған қыста асқар тұтып жүрген ағамызды әскерге шығарып салғанбыз. Шешем жарықтық ұлын ұзатып келіп, қамығып қайтқанмен, бәрімізді қайратқа шақырған.

— Көппен көрген ұлы той, қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі. Бақыттарың болса келеді, бақытсыз болсаңдар қалады сол жақта.

Кеңкілдей берген келініне:

— Жоқ сұмдықты бастама, тірідей жоқтама! — деп зекіп тастаған. — Жазға дейін мына балаларды оқыт. Жазда ауылға көшіріп алам, бір жерде болайық, — деген.

Балтаның сабындай қыстың қысқа күні болатын. Ертемен анам елге аттанды. Ауыл салт аттыға күндік жер. Түстен кейін оқимын. Сабаққа кеткем. Келсем, мектеп ауласының іші ығы-жығы, тағы да әскер жүргелі жатыр, тағы да күңіреніс, бала жүректі бауырдай езген зіл-батпан ауырлық.

Кешке керосин шаммен оқимыз. Аудан орталығының өзінде ол кезде электр жарығы жоқ. Екі жерден аспа шам қойылады, соның өзінде алакөлеңке. Неміс тілінің сабағы еді. Жауап беруге орнымнан тұра бердім. Ар жағын білмеймін. Бұл кешкі сағат 7-8-дің кезі.

Көзімді ашсам, айналам күндегі жатып жүрген жеріме ұқсамайды. Ылғи ақ төсек. Қасымда ақ халатты жас келіншек отыр.

— Мен қайдамын?

— Сен ауруханадасың. Кеше түнде ессіз-түссіз күйіңде әкелген.

Таң сібірлеп жаңа атып келе жатқан сияқты.

— Қарғам, құлыным! — деген бір ащы үннен селк ете қалдық. Қасымдағы аурулар да оянып кетті. Сестра далаға тұра жүгірді. Сол екі ортада терезе алдындағы ағашқа атын байлап жатқан адамды көрдім. Басындағы қалың шәлісі, сырт пішіні аумаған шешем. Аурухананы басына көшіріп, менің атымды атап айқай салды. Үсті-басы аппақ қырау, ағашқа байланған өзіміздің құла бие, ол да ақ жабуға орап қойғандай, пыр-пыр етіп пысқырынып тұр, қос танаудан шыққан демі паровоздың буындай бұрқ-бұрқ етеді.

— Тірімісің, күнім, құлыным!

Есікке көлденең тұра қалған сестраны қаға-маға, даладағы бар аязды ала-мала жолдағының бәрін көзіне ілмей анам кіріп келе жатты. Қарсы алдында айдаһар тұрса да сескенетін түрі жоқ. Анамның мұнша сұсты ширыққан шағын көрген емеспін.

Қалқиып отырған мені құшақтай келіп төсегіме құлады. Аурулар анамның ащы үнін тағы күтіп, үрпиіскендей. Жоқ, ол мені иіскеп үнсіз бір-екі рет солқ-солқ етті де, «уһ» деп төсек қасындағы сестра қойған орындыққа отыра кетті. Белін шешіп, айналасына қарады.

— Кеше ғана үлкен ұлымды майданға жөнелтіп, бүгін кіші ұлым әл үстінде жатыр дегенді естіп жеткен бетім еді, қарақтарым. Алаң-елеңдегі ащы даусым ұйқыларыңнан оятса, кешіріңдер. Сендердің де аналарың бар шығар. Кеше мен бүгінгі менің көргенімді құдай ешкімнің басына бермесін. Жол бойы жылап, ауылға енді жеттім бе дегенде алдымнан осы суық хабар шықты. Ат ауыстырып мінуге ғана шамам келді. Белімді мықтап будым да, түнделетіп бері қарай салдым.

Шешемді бәрі аяй бастаған сияқты.

— Мойнына бұршағын салып, ауылда әкесі отыр. Маңырап мал, асусыз қазан қалды. Қараң қалсын бәрі, қарғаларым аман болсын! Тәубә, тәубә, мұныңа да шүкір. Бір айналдырғанды шыр айналдырды дегендей мен мынаны тірі шығар демеп ем.

Саусағымен мен жақты нұсқап, анам мейірлене қарады. Қатқан қырау жылы үйге кірген соң аяз сорған бетінен де, қалың сеңсең ішігінің қара мақпал тысынан да жоса-жоса жол салып еріп ақты. Ә дегенде айналасындағыларды аузына қаратып алатын қасиетін бұрын да білетінмін. Мына сырқаттарды да өзіне баурап алды. Мана сұстана қарағандардың көбі әрі аяушылық білдіріп, әрі осынау бір адуын болса да ақылға да кенде емес ананың күтпеген күйін бөліскендей сыңай танытты. Айқай салып кірсе де, аяулы боп шыққалы отыр.

Күні осы уақытқа дейін мен анамның 70 шақырым жерге ақ қар, көк мұзда салт атпен екі күннің ішінде үш келген қайратына таң қалам. Кемпір тұрғай, жігіттің жігіті олай ете алар ма. Шіркін, ана жүрегі не істетпейді!

Күні осы уақытқа дейін таң қалатын жайларым көп. Соғыс кезінде өзінің екі баласы, үлкен ұлының бес баласы, қайнысының үш баласы — небәрі баладан ғана он жан шешемнің аузына қарады. Оның сыртында шалы, екі келіні және бар. Әлі есімде, осындай жағдайдың өзінде бізді оқудан қалдырмаймын деп жан ұшырды. Ауылдағы мектеп төрт-ақ кластық. Бесінші кластан бастап сыртқа сабыламыз. Онжылдық мектеп бар жердегі бір оқушының жылдық пәтер ақысы — бір центнер үн, бір қой, бір арба отын. Соғысқа дейін солай еді, соғыс кезінде де сол күйінде қалды. Мектеп бар жердегі кейбір үйлер осымен күн көруге көшті. Алғашқы екі жылы сондай пәтер ақымен анам үш баланы қатар оқытты.

Әлі есімде, жарғақ құлағы жастыққа тимей оқу жылының алдында біздер үшін пәтер іздейді. 18-20 шақырым жерге арбамен отын жеткізуді ұйымдастырады. Соғыс зілі ауырлай түсті, оқу тұрғай, тойып ішер ас мұң болды. Оның үстіне шиеттей бала-шағаға не шақ келеді. Әкем жарықтық азын аулақ жекеменшік малын шып-шырғасын шығармай бағып береді. Аққа ауыз іліккенше қиналамыз, малдың арқасында сосын жағдай ептеп түзеледі. Бірақ мыңдап түсетін соғыс салығын да осы малдың есебінен төлейміз. Жылына бір-екі қара соған кетеді. Колхозға істеген еңбектен үйге келер ештеңе жоқ. Бәрі майдан үшін, жеңіс үшін! Жұрт еңбегіне ештеңе сұрамауға көндіккен.

Осындай жағдайда әрі балаларды оқытып, әрі бүкіл үй жұмысын мойнына алған анамның қайратына қазір ғажап таңырқаймын. Құла биесіне мініп, қыстың қамын — жазда, жаздың қамын қыста ойлап тыным таппаушы еді, жарықтық. Сағы сынып, мұңайғанын көрген емен. Құдіретті бір күш еңсесін түсірмеуші еді. Қазір ойлап қарасам, рух күші деген сол болу керек.

Өз бала-шағасының ғана емес, ауылдастарының мұңын, ауыртпалығын арқаласты. Әскерлерге жүн қолғап, жылы киім әзірлеудің басында болуды колхоз басшылары менің анама тапсырушы еді. Заем түсер шақта жиналыста мұрындық сөзді анам айтатын. Ол кісі бірінші болып жазылатын. Ауылдан әскерге кеткендердің атын атап-атап, бұл солардың садақасы дейтін. Осы бір сөздің үгіттік әсерін мен енді ұққандаймын. Бұл анамның өзіндік ықпал ету құралы екен. Колхоздың өгізі не аты жетпей жатса, өзінің бұзаулы сиырын не буаз биесін соқаға, не тырмаға апарып салатын. Астық тартуға қап не арқан жетпей жатса да, олар ең алдымен біздің үйден шығатын. Осының бәрін анамның не саясат, не пейілмен істеп жүргенін қазір ғана бар мағынасында ұққандаймын.

Азаматынан қаралы қағаз келіп, аза тұтқан үйден алдымен анам табылушы еді. Жұртпен бірге жылап-жылап алатын да, жиналған топқа тоқтау айтатын.

— «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді». Кебіндеп қойған қайсысың бар? Үйіңнен кебенек киіп кетті емес пе. Ендеше, үмітсіз шайтан, ақырын күт, — дейтін. Осы сөзге тоқтайтын, тосылатын халық.

Әрекет, қимыл, сөз бәрі ол кісінің бойынан өте табиғи шығатын. Ерекше бір өрлікті көруші ем. Бірақ өзгеге ол оғаш көрінбейтін, қайта қайырымға, қайратқа, шыдамдылыққа шақырғандай болатын.

Алғашқы екі жылда әскердегі үлкен ұлын сағынып, ұрлап-ұрлап жылап жүрді. Одан кейін біздерге — балаларына, немерелеріне көз жасын да көрсетпеді. Әлде ненің жанын жанышқанын қатулы қабағынан ғана сезілуші еді. Бірақ қара дауыл болып соғып, қайғымызды ұлғайтпайтын. Екі сөзінің бірінде: ең үлкен сор — қамсыздық, қарекетсіздік дейтін.

«Қамданған қарап қалмайды». Бүгін ой жіберіп қарасам, бұл сөздерінде өзінің бүкіл өмірлік позициясы болған сияқты.

Көзінен тағы жас шыққанын көргенім мынадай жағдайда: 1944 жылдың қысы епетейсіз ауыр болды да, колхоздың малы да, жекеменшік мал да қатты жүдеді. Сол жылы көктемде біздің үйдің мал басы атанған құла биеміз құлын тастап, қораның төбесінен сорғалаған судан іші лайсаң батпаққа үйелеп қапты. Таң ата өлудің аз-ақ алдында қалған жерінде көрдік. Жануар екі көзі оттай жанып, пыр-пыр етті. Ішінен құлын түсіп, оның үстіне үйелеп қалған соң әбден әлсіреген. Биені құрғақ жерге төрт аяғынан сүйреп шығарғанда, анам жануардың басын құшақтап жылап жіберді. Шиеттей жанды асыраймын деп, қысы-жазы тыным көрмей әбден әлсіреген мынау кәрі бие мен қарт анам мұң шағысқандай болды. Жануар екі көзі жаудырап, басын алдына салып отырған анамның қолын иіскеді, қоштасқаны ма екен... Бұл күйді көргенде бәріміз де шырылдап жылап қоя бердік. Құла бие мен қара кемпір өлсе, біз үшін одан асқан ақырзаман жоқ-ты. Жас жанымыз сол үшін де езіліп тұрған сияқты. Анам бізді уатқысы келді ме:

— Қамбар бабам қолдай көр. Шу, шу, шу жануар, — деп тізгінін тартты. Бір-екі ұмтылып, жануар орнынан әрең тұрды. Қалш-қалш, дір-дір етеді. Жылы су бердік. Үйдегі бар киізбен мықтап жабуладық. Балалардың аузынан жырып, шешем бөктіріп бидай берді. Қысқасы, бар мәзірімізбен құла биені жемдедік. Сүзіліп көпке дейін түзеле алмай жүрді. Дегенмен бірте-бірте оттыға бастады. Көктем келсе де сіресіп жатып алған қарды әр-әр жерден ашып, көк от іздедік. Тоғанға құлап кетпесін деп күндіз кезек-кезек күзеттік.

Осы күні ойлап қарасам, құла биенің сол күйінен соғыс сұрапылының адамды да, малды да қалай титықтатқанын көргендей болам. Құрақ-құрақ жабуы бар, шөпті бір тістеп, екі тістеп үй жанынан өтетін үлкен тоғанның жағасында қалқиып тұрады жануар. Мал әбден жүдегенде шөп жеуге де әлі келмейді екен ғой. Мына күйін көргенде бір кезде екі қап бидайды теңдеп алып бір түнде отыз шақырым жердегі диірменге барып келетін құла бие екеніне сену қиын. Осы ауылдың қашаған аттарын бір бастырғанда құтқармайтын ұшқырдың өзі деп те айта алмайсың. Арбаға да, шанаға да бірдей жұмсақ желісті құла биенің ілбіп аяңдауға да шамасы келмей әрең тұр.

Шешем жарықтық мұның ұшқырлығын айтып тауыса алмаушы еді. Бірде мені аудан орталығына оқуға апарып тастап, (соғысқа дейін), келе жатқанда бұқпаның ар жағындағы жазықтан бір топ киік көрінеді. «Қызығып кеткенім сонша, құла биенің басын қоя бергенде садақтай зымырап киіктің қасына қалай келіп қалғанымды білмедім. Киік деген ат қуып жететін аң емес қой. Алғашқы ағынында көз деген жас парлатады жарықтық» деп отырушы еді. Сол ұшқыр құланың ендігі сиқы мынау. Шөп алып жеуге де әлі келмейді.

Бәрінен де жыл сайын беретін құлынын айтсаңшы. Бірі — байтал, бірі дөнен болып қорада тұр. Енді осы екеуін өлтіріп алмайық деп әкем оларды біресе қырманның орнына, біресе көпсіп түбі ашылған шидің шоғына апарады. Бұл екеуінен кейінгі құлындары бірде — сиырға, бірде ұсақ малға айырбасталып, жылдағы заемды көтеріп тұрған еді. Келер жылға енді құлын жоқ. Соғыс әлі бір жылға созылса, заемды немен төлейміз?

Төрт тағаны ғана қалған мынау хайуанның хәлі қаншама қайғыны қозғап тұр. Сүлдері тұрса да оқыранып қояды, тіршіліктен берген хабары. Мал екеш мал да өлгісі келмейді, оған да өмір қымбат.

— Сіз мынау суретті қалай әдемі келтірдіңіз, — деді Мая Денисовна сөзімді бөліп. — Көз алдыма тылдың ауыр хәлі елестеп кетті ғой. Оқ атылып, бомба жарылмағанмен, онда да жанды шүберекке түйіпсіздер. Сонымен... Құла бие тірі қалды ма?

— Мені толқытып жіберген сіздің анаңыздың тағдыры, Мая Денисовна. Өз анам да есіме түсіп, сол бір өткен күндерге мен бүгін мүлде басқаша тұрғыдан қарап тұрмын.

Құла бие әупірім тәңірмен тірі қалды. Шешеммен екеуі қалыпты тірліктеріне қайта кірісті. Соғыстың аты соғыс емес пе? Қаншама тыраштанғанмен, менен басқа балалар біртіндеп оқуды тастады. Оларды пәтерге қойып оқытуға хал келмеді. Жаңағы өзіңізге айтқан күнді көктемгі каникул кезінде көріп, менің де көңілім бұзылды. Мектепті тастағым келді. Үйдің іші айтары жоқ. Жүдеп-ақ қалған. Оның үстіне оқып жүрген мектебімізден де күй кеткен-ді. Қыс бойы от жағылмайды. Мұғалімнің бірі болса, бірі жоқ. Ақ қағаз, сия дегенді ұмытқанбыз. Тарыны күйдіріп, содан сия жасаймыз. Ескі кітаптардың ақ жеріне жазамыз. Қысқасы, оқудың оқу сияғы болмады. Менің пәтерақым ана шиеттей бала-шағаның аузынан жырып алынады.

Анам жарықтық менің бұл пиғылыма үзілді-кесілді қарсы болды.

— Ертең ағаң келгенде не бетімді айтам. Бар баланы оқудан қалдырып, аздырып-тоздырып жіберіпсің десе не деймін? Ең болмаса, сен оқы.

Өзі хат та танымаған адамның оқу дегендегі бұл ықыласына қайран қаласың ба, жоқ па. Сол бір кез үшін оның ерліктен не кемдігі бар! Аузына тістегендей қып алып шықты ғой сол кезеңнен. Қайран ананың қайраты десеңші. Қадірін біле береміз бе? Осындай ойлар кей-кейде қатты толқытып жібереді.

— Солай ойлағанның өзі қадірін білгендік емес пе, — деді Мая Денисовна қиыла көз тастап. — Университет бітіріпсіз. Жоғары білім алдыңыз. Жұмыс істеп жүрсіз. Оқысын дегендегі ананың асыл арманы сол болған шығар. Енді орындалып отырған жоқ па? Көрді ме, жарықтық осының бәрін?

— Жоқ, көре алған жоқ. Егер өзгеге жақсылық жасаған адам көп жасаса, менің анам көп жасауы керек еді. Олай болмады.

Соғыс та бітті. Ел есін жия бастады. Енді-енді жаңа бір тірлік, жаңа бір дәуір басталғанда — жауыздықты жаншып, жасампаздықтың кілті ашылғанда, жан жарасының да, тән жарасының жазылар шағы туды ма дегенде 57 жасында бұл дүниемен қоштасты. Атаңа нәлет, аты жиренішті қылтамақ жалмады анамды.

Онда мен университеттің үшінші курсында ғана оқып жүр едім. Анамның сырқаты бірінші курста жүргенде-ақ білінгендей болды. Соғыс бітісімен әкем өліп, отын, шөп дайындау, мал бағу да шешемнің мойнында болды. Жалғыз ғана медеу — үлкен баласының әскерден әйтеуір аман келгендігі, аудан орталығында қайтадан жұмысқа тұрғандығы. Әйелін, бала-шағасын аман-есен қолына табыс етіп, «сенің табаңа қалмадым, әйтеуір» деп қалжыңдайтын анам.

Мен оқуға түсу емтиханын тапсыруға Алматыға кеттім. Бір МТС-қа қарайтын жеті колхоздан жоғары оқу орнына ең алғаш өз баласын аттандырғандағы анамның қуанышы күні бүгін көз алдымда. Мені қимайды да, бірақ қиялындағы тәтті бір үміт ол қимастықтан да күшті секілді.

Әлі есімде, оқуға түсіп, өзімше жер баса алмай, біраз күнге ауылға келдім. Азық-түлік, ақша алып қайтпақпын. Азығымды — анам, ақшасын жалақы алатын ағам береді деп келгем. Анашым азығын да, ақшасын да өзі дайындап қойыпты.

— Ағаңды мазалап қайтесің? Өзі төрт жыл қан кешіп келді. Бала-шағасы және бар. Аудан орталығында бәрі сатулы. Азын-аулақ жалақысына енді сен жармаспай-ақ қой. Міне, ақша, деді.

— Мұны қайдан таптыңыз?

— Екі қойды базарға апарып саттым.

— Жиырма шақырым жерге қалай жеткіздіңіз?

— Бұл ғұмырымда талай қорлық көріп ем. Соғыс кезінің де шымбайға батқан жайлары аз болған жоқ еді. Бірақ осы екі қойды базарға жеткізуден артық қиналып көрмеген шығармын. Алаң-елеңде қосақтап алдым да, қорадан айдап шықтым. Айдаған жағыма қарай қадам бассашы, арам қатқырлар. Бұрылып алып үйге қашады. Қора айналып шықпайды. Сосын беліме салдым. Табандап олар кері тартады, мен ілгері сүйреймін. Таң атып, күн шығайын деді. Бір қадам ілгері, екі қадам кейін шегінеміз. Әбден зықым шықты. Шалымды, құла биені сол арада ойлап жылап та алдым. Ол екеуі тұрса, бұл азап әлдеқайда аз болар еді ғой. Бізсіз өнерін көрейік дегендей бірінің артынан бірі кетер ме? Базарға барамын десем, оқуға түстім деп алып-ұшып келгендегі сені ойлаймын. Ағаң болса ақша жинай қоятын халге әлі жеткен жоқ. Мына митыңмен базар тарқағанда барып, екі қолымды мұрныма тығып қайтуым және мүмкін. Қойшы, қан сорпаға түсіп, ауылдан әрең алып шықтым. Біраз көп-көрім жүріп еді, арам қатқырлар қайта қырсықты. Өлгенде-талғанда, базар қыза екі топалаңды сүйреп әрең жеттім-ау, әйтеуір. Шетінен кіре сұраған адамға бере салдым. Саудалап жатам ба, адыра қалғырды.

Ол кезде ақша құнсыз. Бес жүз сомнан екі қойың мың сом.

Сол анамның қолына азаппен түскен мың сом мені Алматыға алып жетті. Мың сомды емес-ау, анамның ақ ниеті мен асыл арманын қалтама сап аттанғанымды ол кезде аңғара қойдым ба екен.

Сонда-ақ ауырып жүреді екен ғой. Әлі кеткен соң аудан орталығына үлкен баласының қолына көшкен-ді. Жазғы каникулға келсем, тамақтан мүлде қалыпты. Сұйық қана ішеді. Алматыға жеткен соң қолымнан келгені базардан борсықтың майы мен сүтке пісірілген печенье сатып алып, соны жіберіп тұрдым. «Апаң жазылып келе жатыр» деп жазады, мен оған сенем...

Үшінші курс. Қысқы семестрді жақсы аяқтап, алып-ұшып ауылға тарттым. Анама арнап стипендияма алған бір көйлегім бар. Үлкен іс тындырғандай көңілім тоқ. «Асырады деген осы, адам болды деген осы, енді сендерге қудай қаратпасын, кенжемнің қолында қара шаңырақтың отын өшірмей отырам» деп аймалап жатқан анамды елестетем көз алдыма.

Станциядан мініп келген жүк машинасы Тасбекетке әкеп тастап кетті. Үйге әлі 25 шақырым жер бар. Қараңғы түсіп кеткен. Сақылдаған аяз. Сол жердегі бір таныстікіне барып, жылынғым келді.

Әлгі үйдің кемпірі шешемді білетін еді. Пештің алдында от жағып отыр екен. Мені көрді де, амандықтан соң:

— Апаң иманды болсын, қарағым, — деді. Төбемнен біреу тастай суық су құйып жібергендей болды. Мелшиіп тұрып қалыппын. Құлағын енді түрейін деп жатқан малақайым қолымнан түсіп кетті. Бұл түрімді көрген шалы кемпірін жерден алып, жерге салды.

— Төбеңнен ұрғыр, баланы төбесінен жай түсіргендей қылдың-ау! Байқамайсың ба, сүйінші сұрағандай болғаның не? Алжығансың сен, алжығансың.

— Қайдан білейін. Үйіне барып келе жатыр екен деп қалдым. Сендердің алдарында кеткен анаңның арманы жоқ. Болған іске болаттай берік бол.

Кемпірдің бір сөзін естіп, бір сөзін естімеймін. Жүрегім аузыма тығылып, демімді әрең алып тұрмын. Үйден ата қашқым келді. Қайда барам? Дала тастай қараңғы. Тамағым кермектеніп, бойым дірілдей бастады. Өзімді өзім ұстай алар түрім жоқ.

Шал бүкжеңдеп орнынан тұрды. Отыр, аялда дегенге көнбесімді көріп тұрғандай. Төңірек шыр айналып, бұл дүние қазір төңкерілуге бет алды. Тәлтіректеп орнымнан қозғалдым. Беталысым есік.

— Қарағым, қарағым, сабыр ет! Жер қашық, күн аяз. Бірдеңеге ұшырап кетесің. Балалық жасама!

Шал менен қорқайын деді ме, соңымнан бүкшеңдеп қалмай келеді. Мен село орталығындағы почтаның жанынан ауылға қарай бет алған көлікке ілесіп кетуге бел будым. Күннің суықтығы, түннің қараңғылығы — бәрін басып-жаншып, ысырып-илеп, бір өрт сезім дедектетіп айдап келеді. Бір жарым тонналық жаман жүк машинасы жүргелі тұр екен. Шофері «далада қалам, машина сынық, күн суық» деп баж-баж етеді. Бастық болу керек, түксиген мұртты адам:

— Бар деген соң барасың. Өлсең, жауабын мен берем, — деп дік-дік етеді.

Сол машинаның үстіне ыршып бір-ақ шыққанымды білем. Ар жағында екі көзіме ие бола алмадым. Машинаның өнімсіз жүрісі өзегімді өртеген қайғыны қалыңдата түскендей. Шофер қасақана шабан айдап келе жатқандай көрінді. Кузовтың төбесін төпелеп, төбелес шығарғым келді. Тиісерге қара таппай, қасымдағының бәрін жау көріп келемін. Мынау үңірейген қараңғылық осы қапас күйінде тұрып қалатын сияқты.

Түннің бір уағында өлдік-талдық дегенде ауылдың шамдары көрінді. Енді көп қалмаған секілді, машинаны бір ат-шаналы тоқтатты. Оның қасында тағы бір салт атты тұр. Шанадағылар өз туыстарым болып шықты. Түн ішінде күңірене көрістік. Машина өз бетімен кетіп отырды. Салт аттың үстіндегі ағаның ортаншы баласын жұлып алыппын. Тастай қараңғы, зиратқа қарай тасырлатып шаба жөнелдім. Ойыма не келгенін қайдам. Бәрі күйіктің салдары болу керек, жайшылықта бейіттің қасынан түнде өтуге қорқатын басым жынды кісіше солай қарай зырғытып келемін. Астымдағы атта ала алмай жүрген өшім бардай үсті-үстіне қамшылаймын. Әлден уақытта аттың тұяғы тақтайға тигендей тасырлай бастады. Селоны қақ жарып өтетін өзеннің үстінде көпір бар-ды. Соған жеткенімді сездім.

Зират енді қашық емес, шыға беріс тұмсықта. Көз үйренгеннен бе, айнала жарық бола түскен сияқты. Шағын қалашық сияқты зираттың үстінен шыға келдім. Бірдеңе ағараң ете түскендей болды. Жас кезімізде өлінің аруағы жайлы үрейлі әңгімені көп еститінбіз. Түнде бейітке барсаң пері соғып кетеді дейтін. Оның бірін елейтін түрім жоқ. Аласұрып анамды іздеп жүрмін. Бетін қар басып үлгермеген екі-үш жас қабір жатыр екен. Ат үстінде «апалап» солардың төңірегінде шырқ үйірілдім. Анамның қабірін анық білсем құлап түсіп құшақтағым-ақ келіп тұр. Сол кезде шаналылар да қуып жетті.

— Түн ішінде зират басын күңірентпес болар, — деді ағайым.

Мені зорлап шанаға әкеп салды. Ішім өртеніп барады. Бойымды билей алмай ағыл-тегіл жыладым. Үйге келдік, отыратын орны, қол жуатын құманы, қабырғада ілулі тұрған кәзекейі, төсегінің қасындағы кебісі — бәрі-бәрі мен құсап құлазып, мен секілді сорлап қалған сияқты.

Жыладың не, сықтадың не, ғұмыр бойы бірге жасайтындай, өлмейтіндей көрінетін анамның орнын сөйтіп сипадым да қалдым. Алдымнан шыққаны Тасбекеттен телефон соғып, кеткенімді хабарлаған екен. Каникулдан қайтқанша елегізіп, анам үйге әне-міне кіріп келетін сияқты болды да тұрды. Мұның бәрі қимас көңілдің алдамшы елесі екенін артынан барып білдім. Қайтыс болар кезде хабар бермегенін көпке дейін ағама үлкен өкпе қылып жүрдім.

— Апаңның өсиеті. Шақыртпа. Ол келгенмен мен тірі қалмаймын. Оқуын бұзбасын. Көрмей-ақ қойсын өлер шағымдағы күйімді деді.

Апыр-ау, екі дүниенің ортасында жатып, тірінің қамын ойлаған неткен бұл қайрат. Анадан ғана табылатын қайрат болса керек. Ұрпағының жүрегінен орын тепкен асыл бейнесіне өлім атты сұрқия салар суретті көрмей-ақ қойсын дегені ғой. Рух дегенің өлім алдында да осылай қайыспайды екен, ә! Қасиетінен айналайын, рухы күшті аналардың!

— Сіздің де анаңыз соғыстың құрбаны, — деді Мая Денисовна жұлып алғандай.

Аңырып қарап қалыппын.

— Иә, иә. Менен бір-ақ артықшылығыңыз болған. Дарға асылып, қылғынып тұрғанын көрген жоқсыз. Бірақ сіздің анаңызды да нәр сыздырмай, ашықтырып, аздырып өлтірген соғыстың зардабы. Соғыстың қыл тұзағы тылдағылардың да мойнына солай түскен. Менің ұғымымда соғыс әлі біткен жоқ...

Бұл сөзге мен ойланып қалдым.

— Мая Денисовна! Шығыстың әйгілі «Мың бір түн» атты хикаясын естуіңіз бар шығар. Сол мың бір түнге созылған оқиғаны баяндаудың формасы ғажап. Әр таң атқанда ең қызық, ертең не болар екен деп ең ынтығатын жеріне әкеп тоқтайды. Сол секілді сіз де мені ынтықтырып, әңгімеңізді үзіп тастадыңыз. Әлгі ұшқыш не болды, одан әрі іс немен тынды?

— Біздер, әйелдер ынтықтыру үшін жаралған емеспіз бе. Ынтықтыра алсам, онда жаман болмағаным.

Мақтап ала жөнелгім кеп еді, кілт өзімді-өзім тоқтата қойдым. Олай еткім келгені әншейін көлгірсу емес-ті, шын пейілім болатын. Көңілімнің түпкірінде бұл келіншек жайлы небір асқақ пікірлер қайнап-ақ тұр. Оның бәрін қазір лақ еткізіп айта салмайын дедім. Кейін де керек жері болар.

— Әңгімені жақсы айтасыз. Сөздің шылбырын солай тастадым. Әлгі ұшқыш байғұсты аяп тұрғаным. Ол ақыры не болды?

Мая Денисовна қабағын керіп, маған бұрылды. Әлгінде ғана өзіне жарасып тұрған ойнақылықтан ойлы кейіпке көшкендей.

... Ол байғұс шешемді өз қолымен дарға асқандай мені аяғандығынан ба, әлде осылай етсем көңілі көтеріледі деді ме, бар шынын айтып, сырын ақтарды. Партизан отрядтарын жасақтап, жау тылында күрес ашу керектігі жөнінде бұйрық алып ұшыпты. Ол әкелген пакетте біздің құрамдай құрамдардың қай-қай жерде болатыны жөнінде жасырын дерек те бар екен. Майдан шебінен аман-есен өттім ғой дегенде аспанды барлайтын жарыққа тап болып, зениттің оғына ұшырайды. Самолеті зақымданады. Бірақ жеткен жеріне дейін ұша беруге бел байлайды. Ақыры тастай қараңғы түнде парашютпен қарғиды. Ағашқа соғылып мертігіп, ессіз қалған жерінде біздің адамдарға тап болады. Әрине, олар да шыққаны жайлы хабардар болады. Самолеттен сенім кеткен соң, қарғырдың алдында координатын айтып хабар береді. Ар жағын білмейді. Бақытына қарай, өз адамдарымызға тап болады. Ал немістердің қолына түссеші...

— Содан сен бағып-күттің, Мая. Өле-өлгенімше қарыздармын. Бірақ жорықта анаңды сақтап қала алмадым. Сол жолы ол кісіні тастап кетсекші.

Осы сөзді ол жиі айтушы еді. Отряд басының Украинадағы бұрынғы бір обком хатшысы екенін де мен сол ұшқыштан білдім. Осылай деп айтуын айтып қойса да, өзі сасып қалды. Маған үлкен бір құпияны абайсызда ашып салғаны үшін қорықты білем.

Бір күні «мен мұнда енді көп болмаймын» деді. Қолымды сипап, отты көздерін жанарыма қадады. Бірдеңе айтқысы келгендей. Қыздың іші қу болмай ма, бәрін сезем, бірақ ештеңе білмегенсимін. Үйреніп қалғандікі ме, кеткенін ішім қаламайды. Оның үстіне анамның да орнын жоқтатпауды мойнына алғандай өзі. Кететінін ойласам, көңілім біртүрлі құлазып сала береді. Ол да мені қимау халіне жеткендей. Былайша ағалы-қарындасты адам секілдіміз. Бірақ ішімізде әлдебір сезім құйыны ұйытқып-ұйытқып қояды. Ақыры бір күн түнде ұшқышым зым-зия жоқ болды.

— Мая Денисовна! Сіз өзіңіз байқадыңыз ба, маған осы ұшқыштың атын әлі айтқан жоқсыз. Әлде күні бүгінге дейін ол партизандық құпия ма?

— Дұрыс аңғарғансыз. Мен оның атын әлі атағам жоқ. Мүмкін, атау маған ауыр шығар.

Мен қысылып қалдым. Мая жымиып күлді.

— Сіздің осы мінезіңіз ұнайды маған. Жалған мінез, жалтырақ жігіттік жоқ сізде. Бар сезіміңізді табиғи қалпында ұстайсыз, табиғи күйінде жайып саласыз. Даланың кәдімгі аңқау, алаңсыз жігітсіз-ау деймін.

— Өскен жеріне адам ұқсайтын шығар. Далада бәрі ашық, бәрі көрініп тұратыны рас.

— Әдемі айттыңыз. Ну орман, қалың ағаш ішінде өскен маған ойыңыз жықпыл-жықпыл, күңгірт дегіңіз келіп тұр ма?

— Мен сіздің бойыңыздан орманның жақсы жағын — жұпар иісін, саялы көлеңкесін, талайды жаудан да сақтап қалған қайырымын көргім келетін шығар. Іздеген адамға даланың да жайсыз жақтары көп — дүлей дауылды, ысқырған бораны, аптаған ыстығы.

— Келістік. Екеуміз де бір-бірімізден ескен ортамыздың ең игі қасиеттерін іздейік, — деді Мая Денисовна әлгі жарасты қалжыңдарға ризалық білдіріп. — Бірді айтып бірге кеттік. Азды-көпті курорттың әсері шығар. Әңгімемізге қайта оралайық. Сіз ұшқыштың атын сұрадыңыз ғой? Василий Антонов бол атын. Вася!

— Иә, сонымен, Васяны сол кеткеннен көрмедіңіз бе?

— Көрдім десе де, көрмедім десе де болғандай.

Алғашқыда едәуір қоңылтақсыдым. Бірақ соғыс сенің қоңылтақсығанынды қайтсін. Оның өз заңы бар. Үрей, қауіп, қадам басқан сайын андыған ажал. «Байтал түгіл бас қайғы» демекші, бұқпа тіршіліктің уысында жүре бердік. Мен де есейдім. Соғыс кезіндегі есеюдің қандай екенін жақсы білесіз.

Арманды күн де — өз әскерлерімізге қосылған шақ та келді. Майдан шебі партизандар жүрген жерден өтіп, немістер жөңкіле қашты. Осы тұста өшімізді бір алып қалдық. Неше жылғы бұқпа өмірден құтылып, кеудемізді кере дем алдық. Тірі қалғанымызға қуаныштымыз. Мен Москвадан бір-ақ шықтым. Бұған дейін көргені жетер, жетімектің көзі ашылсын деген болу керек. Отряд басы туған қызындай қоштасып шығарып салды. Ол кезде оның аты жер жарады. Немістер де үлкен бір қолбасшыдай әбден біліп алған болатын.

— Оқы, қарағым. Болашақ сендердікі! — деді.

Қаңғалақтап консерваторияға бардым. Музыканы жақсы көруші едім. Шешем, әкем екеуі де өзіміздің деревняда жиын-тойдың көркі болатын. Пианинода ойнағандарды көрсем, аузымның суы құрып, қасынан шықпайтынмын. Мектепте жүргендегі осы бір құмарлық қайта оянды. Соғыс жүріп жатыр, жағдай айтарға ғана жақсы. Атылған оқ, жарылған бомба болмағанымен, қадам бассаң, таршылық. Тойып тамақ та іше алмайсың. Ең үлкен медеу — жеңістің жақындығы. Соғыс біте қалған күні жұмақ тұра қалатындай боп көрінеді. Бір үлкен ғалымның үй күтушісі болдым. Маған керегі үйіндегі пианиносы. Өзі де қаңғалақтаған жақсы адам, кемпірі ауру.

Сөзді ұзартпайын. Соғыс бітті. Қуаныш мұхитында шек жоқ. Бәріміз түлеп, бәріміз жасарып кеттік. Әлі есімде, Жеңіс парады болған күні — 24-июнь. Кешкі салютті көреміз деп көшеге шыққанбыз. Өз көзіме өзім сенерімді де, сенбесімді де білмедім. Қарсы алдымда Вася! Жұтып қойғандай әдемі киінген.

— Вася, — деп бар даусыммен айқай салдым. Жалт қарады. Ол да тұра ұмтылды, мен де тұра ұмтылдым. Құшағымыз жазылмай ұзақ тұрдық. Қасындағы серіктері маған қадалып қалыпты.

— Жаман қыз емес, — деді біреуі ойын бүкпестен.

Василий жолдастарынан рұқсат алып, менімен қалды. Бір-бірімізді мықтап ұстап алғанбыз. Енді ажырассақ, көру мүлде жоқ секілді. Василий әңгімесін айтып келеді. Бір түнде келіп түскені секілді бір түнде оны алып кетіп отырыпты. Ең соңғы күнге дейін майданда болған. Таңдаулы ұшқыштардың бірі есебінде Жеңіс парадына қатысуға право алған.

Сол күні Василий екеуміз қосылдық.

— Тап сол күні ме? — дедім мен тандана.

— Иә, тап сол күні. Тым тездетіп жібердік пе? Тездетпегенде қайтеміз. Соғыс шыдам атаулының бәрін тауысқан жоқ па? Керіліп-созылатын не бар.

— Е, жақсы болған екен.

Мая Денисовна рахаттана күлді.

— Жаңа ғана тым жылдам болды-ау деп тұр едіңіз. Енді құптай қалғаныңызға жөн болсын?

— Құптамағанда, осы сәтті мен күткелі қашан. Әбден шөліркетіп әрең жеткізген жоқсыз ба?

Екеуміз де рахаттанып күлдік.

...Соғыстың біткенінен бе, Василиймен қосылғандықтан ба, сол бір кезді қазір есіме алсам, шала бір мас шағым сияқтанып көрінеді. Mac болғанда дүниенің бәрін ұмыттырған, барлықты да, жоқтықты да білдірмеген шақ еді. Қол ұстасып жүргенімізге мәзбіз. Оны көрсем — мен, мені көрсе — ол төбеміз көкке тигендей болады, жағамыз жайлауда, қағанағымыз қарқ сағанамыз сарқ бір рахат күндерді бастан кешіп жаттық. Мен консерваторияны бітіргенше Москвада болдық. Ерекше бір шабыт, ерекше бір қанат бітті маған. Пианинода қолым өз-өзінен билеп, өз-өзінен ойнақтап тұратындай болды. Бұрын музыкалық мектепте оқысам бір сәрі, әйтеуір құр құмарлықпен келіп дайындығына түстім. Сосын консерваторияның өзіне іліктім. Алты жылдың ішінде бұл дүниенің сиқырына қалай ене алғаныма күні бүгінге дейін таңмын. Бір ғаламат күш менің жан сарайымды ашып жіберді.

Василийді кешікпей бір самолеттің түріне үйрете бастады. Өз ісіне берілу жөнінен одан асқан адамды көрген емеспін, ұшқыш боп туа жаралған еді. Аспан, самолет десе ішкен асын жерге қояды. Содан да болар, жаңа істі тез меңгерді. Қашан көрсем күліп жүргені. Жайдары жаратылған жан бір. Күнде көргенде мехнаты ауыр жұмыстан емес, серуеннен келгендей әсер қалдырады. Әр күн аса ынтықтырып табыстырады. Әлдеқалай кешігіп қалса, маған таңның атуы, күннің батуы мұң. Мұндай жар кездестірем деген үш ұйықтасам ойымда жоқ-ты. Тым татулығымыздан, бір-бірімізді жақсы көретіндігімізден кей-кейде шошимын да. Тіл-көзден аулақ деп түкірінем.

Әлі есімде. Менің консерватория бітірген кешім. Сол күні жаңа самолет ұшпақ екен. Жалынып-жалпайып, ең үлкен бастыққа дейін барып жүріп, бүкіл жасалып қойған программаны бұздырыпты. Барлық ұшқыш-сынақшыларды кешке алып келді. Маған оның бірін де айтқан жоқ. Кештен соң мұғалімдерді, ұшқыштарды ресторанға шақырды. Мен оның бұған дейін білмеген тағы бір қырын аңғардым. Қолға түспес тамаданың өзі екен. Үйіріп, дөңгелентіп бүкіл жұртты аузына қаратты да қойды. Менің бітіргенімді аса бір мақтанышпен айтты. Жарыңның жанып тұрғаны қандай жақсы. Ондайда адамның қалай өсіп, асқақ бір сезімнің қанатына қалай мінгендей болатынын әйелдерден ғана сұрау керек. Біздің табиғатымыз қызық қой тегі. Жардың да жақсысы, жақсының да бәрі өзімізде ғана болса екен дейміз. Қызғаншақ келетініміз де сондықтан. Шынымды айтсам, әйел атаулыдан Василийге бөгде бір көздің түсуінен қатты қорқатынмын. Тым жақсы көрудің осындай да азабы болады екен.

Қайран сол күндер, жұмақ күндер, мас күндер, қымбат күндер! Менің пианино ойнағанымды қатты ұнатушы еді. Ол елтіген, елжіреген сайын менде ес қалмайтын, қанаттанып кететінмін. Күй арқылы тілдесіп, бар асыл сезімімді шабыт кернеп, шаттық кернеп кететін кездер болушы еді. Бақыт деген осы ғой деп ұғатынмын. Балқып барып мойнына асылатынмын. Кеудесіне қысып-қысып, құшырлана сүюші еді.

Аяқасты Қиыр Шығысқа көшетін болдық. Василийдің жұмысы сонда ауысты. Дыбыстан да шапшаң самолеттерді сынаймыз деді. Жаһаннамның түбіне кетсем де қасымда Васям жүрсе болды маған. Етектен тартып жатқан бала жоқ. Екеуміз де нәрестені аңсаймыз. Қызық көреміз, ол бөпені әлдилегенді арман етеді. Мен тура өзіндей бір ұл туғым келеді. Бірақ әлі бала жоқ. Жаспыз ғой, өмір алда деп бір-бірімізді жұбатамыз. Қайта қазір қыз бен жігіт болып жүре тұрайық.

Жұмысы бұрынғыдан көп ауырлады. Кейде мең-зең болып келеді. Маған бәрін тәптіштеп айтпайды. Айтқанмен мен самолеттен не түсінем. Әскери қалашықта балаларға музыкадан сабақ берем. Балаларды қатты жақсы көрем. Тұрмыс жақсы. Табыс жетеді. Василий жаңа жерде жақсы беделге не болды. Оның арқасында мені де алақандарында ұстайды. Күйеуі — сынақшы-ұшқыш, әйелі — пианист. Жұртқа сирек кездесетін жұп болып көрінеміз. «Не көп, ұшқыш көп, сирек кездесетін жан сенсің ғой», — деп Вася мені жер-көкке сыйғызбайды. Бірақ екеуміздегі сиректік басқа, сүйіспендік сиректігі екенін ол кезде бірде байқасақ, бірде байқамадық-ау деймін.

Жақсылыққа да, жамандыққа да адам үйреніп кететін болса керек. Василийдің азамат ретіндегі мінезділігі де үйреншікті болды. Дыбыстан шапшаң деген сөз алғашында зәремді алған. Енді оған да үйрендім. Жаңа техниканы сынаушы деген де ту баста қорқынышты болды. Heгe соған барды, сыналған, сенімді самолеттермен неге ұша бермейді дедім. Осының бәрін тыңдап отырып бір күні Василий күлген-ді.

— Сенің еркіңе жіберсе, мені теплицаға салып қоюдан тайынбассың. Жаңаны білу, жаңаны зерттеу... Сен оның рахатын білмейсің. Ол деген ғажап қой, ол деген... қалай айтсам екен, өмір сүрудің өзі емес пе. Іздемесе, таппаса өмір өмір ме. Онда ол өлі ғой. Табам, білем, білсем деп жанбасаң, жаның да тез мұжылады. Жаның қартайған соң тәніңнің жастығынан не пайда, тумай жатып — өлу, өнбей жатып солу деген — сол.

Міне, сөздері осылай келетін. Тыным, жан күту деген оған жат болатын. Лапылдап жанып, қашан көрсең қайнап тұратын бір пенде еді.

Авиацияның болашағын ғажап суреттейтін. Небір тәтті қиялға кететін. «Дыбыстың шапшаңдығы, жарықтың шапшаңдығы — оның бәрін басып озамыз. Адамзат өзінің нағыз кемелді шағына келді. Оның анау кішкене жұмыр басы небір ғаламатты жасайды әлі» дейтін.

— Осындай дәуірде сен маған іркіл, ілбі дейсің. Сақ бол дегенің — самарқаулыққа шақырғаның. Ол мені тірі өлік етуге итергеніңмен пара-пар.

Қайсыбірін айтып тауыса алам. Мұндай жанды алған бетінен қайтару қиын деп түйдім. Бірақ жаңа сынаққа кеткен сайын жанды шүберекке түйем де отырам. Аман-есен көріскен соң бәрі қайта ұмыт болады. Осылай күндер, күндер емес-ау, жылдар өтіп жатты.

Мектепке кезекті сабағыма барғанмын. Балалар жамырай терезеге қарады. Екі-үш жеңіл машинасы жиналып қапты. Бірінен соң бірі полигон жаққа зулай жөнелді. Жүрегім зу ете қалды. Күзет ешқайсымызды ол жаққа аяқ бастырған жоқ. Ішімнен жаратушыға сиынып, аман корсет деп тұрмын. Жеңіл жәрдемдер тіке ауруханаға тартты. Бір сұмдықтың болғанын ішіміз сезді. Оң жоқ, түс жоқ біз де жеттік. Бірақ жібермеді.

Жүрегі құрғыр қателеспепті. Құлаған Василийдің самолеті болып шықты.

— Тірі ме? — дедім ойбайлап.

— Тірі, тірі бірақ есін білмейді, — деді.

Өздерінің бірде болмаса бірде құлап, ажалдарының түбі самолеттен болатынын біле ме, әйтеуір әскери ұшқыштарың өте сабырлы келеді.

«Тірі» деген сөз дәт, құр сүлдемді сүйреп үйге келдім. Бәрібір мені қасына жібермейді. Қазір онда тек дәрігерлер. Ұшқышқа әйел болсаң, дәтің мықты болсын, сенің бақытың аспандап жүріп-жүріп, құлдилап бір-ақ түседі. Сондай күйдемін. Дүние төңкеріліп, бәрі теріс айналып кеткендей болды.

Василий үш күннен кейін есін жиып, үш күн өткен соң қасына бардым. Мұрны, көзі ғана ашық қалған жердің бәрі ақ мәрліге ораулы, сұлық жатыр. Кәдімгі табытта жатқаннан айырмашылығы шамалы. Еңіреп қасында отырмын. Маған әлсіз ғана көз тастайды. Танып жатыр ма, жоқ па, оны білу қиын. Көзін аударғанына қарағанда, танып жатқан сияқты. Тіл жоқ. Сол жатқаннан бір ай тілсіз жатты. Жұмысты тастап осы ауруханаға көштім. Төсегім қасында. Баяғы орманның ішінде де өстіп тесіліп жатушы еді. Айнала анталаған жау, жатар орның да жайсыз, медицина дегенде піріміз де, құдайымыз да медсестра менің шешем болатын. Оған қарағанда мынау жұмақ қой, дәрігерлер шетінен ығай мен сығай. Ауық-ауық таңуын тазартып, жас баладай күтіп отыр. Аман алып қалатын шығар деп үміттенем. Оның үстіне қиын кезеңнен өткен секілді. Неше түрлі ой келеді. Сонау орман ішінде өстіп жатып-ақ жастық бұла сезімді оятып еді. Енді жары болып жаным шығып қасында отырмын. Әлдебіреу:

— Жүрегінде үз қазір. Күйеуінде тікесінен тік тұрғызып жібереміз, — десе үзіп-ақ берер едім. Қиял шіркін өстіп-өстіп кейде алдаусыратады. Немістің қанды тырнағы, партизандық қыспақ өмір — бәрінен де аман қалып, бейбіт күнде мынадай бейнетке түскені өкінішті. Әкені бердім, шешені бердім, қаласаң өзімді-ақ ал, бірақ Василийді аман қалдыр деп зарланам ішімнен. Мұндай адам сирек қой, мұндай адам өмір сүруі керек қой. Қаншама қоқыстарың бар, соларға-ақ тұзағыңды салмайсың ба? Не жаздым, «адал махаббатқа — ақ бата» демеуші ме еді, көз тиді-ау, маған мұны да көп көрді-ау деп құсаланам. Қасынан титтей шықсам ажал шіркін ұрлап алып кететіндей көрінеді. Әй, зәрем кетуші еді-ау, тым татулықтан қорқушы ем, өмірі қысқа болатын адамдар әлде соңдай бола ма!

Күндіз-түні телмірем де отырам. Бір ай дегенде әрең тілі шықты. Кәдімгі жас баланың тілі шыққандай бүкіл аурухана қатты қуандық. Бұл дүние қайырымсыз болмаса керек еді. Бәсе, үйстіп-үйстіп бетін бері қаратсаң — мың да бір тәубе. Сөйлесу дегеннің ғаламат қуаныш екенін енді сездік. Соның өзіне дүние кеңіп, аспан ашылғандай болды.

— От кешіп, орман ішінде қалғанда да үйстіп қасымда отырып ең. Тағы да телміртіп қойдым-ау сені, — деді Василий қиналып.

— Қамықпа. Жанарыңа қарап жаныңның қалғанын көргеннің өзі мен үшін не тұрады. Сол бір сенімен табыстырған күнге мың да бір рақмет. Сондағы самолетіңді атып түсірген неміске рақмет. Әйтпесе сенімен кездесем бе, жоқ па, құдай білсін.

Василий күлді. Бірақ денесі күлгенді де ауырсынды.

— Неміске рақмет айтқан сені көрдім, — деді үзіп-үзіп.

— Бір аштықтың бір тоқтығы, бір барлықтың бір жоқтығы болады деген. Аштығын да, жоқтығын да көрдік. Өмір өз заңына берік болса, ендігі көрсетері жақсылық болса керек еді. Осы жолдан аман қалғаныңа Қарағанда, менің зарым құдайдың құлағына жетсе керек. Қол-аяғың доп болып қалса да, жаның кеудеңде болсыншы. Маған басқаның керегі жоқ.

үйстіп сөйлей берем, сөйлей берем. Бірде жымиып, бірде үнсіз тыңдаудан жалықпайды.

— Қиын кезең артта қалды ғой. Енді оңалатын шығармын. Бірақ самолетпен қоштасқанның алды осы болар, — деп күрсінді.

— Самолетің құрысын. Самолеттен мүйізің шықса жатырсың ғой. Қора сыпырсақ та күн көрерміз. Оны көп ойла.

— Е, Маяжан. Көкке шырқап бір шыққанға не жетсін! Қиядан туған жерді бір шолғанда кеудені кернейтін керемет шабытты сен бастан кешкен жан емессің ғой. Ұлы болып туғаныңа шын шаттанатын шақ сол. Көзден енді бұлбұл ұшты десеңші.

— Аспаныңды айтпашы енді. Жердегілер жұртта қалып жатқан жоқ қой.

— Пианино тартшы.

Мен күлдім.

— Ауруханада кісі пианино тарта ма екен?

— Сен қасымда отырған соң үйде екенмін деп қалсам... Сағындым саусағыңды. Күнде бір тыңдасам тез жазылар едім. Пианинонды осында алдыршы. Бастықтарға сой деп айтшы.

Жылға жақындағанда гипстен алдымен қолы алынды, сосын ептеп қозғала бастады. Таяққа сүйеніп орнынан тұрды. Баланың тәй-тәй басқанынан ержетіп есейгенге дейінгі әрекеті ананың көз алдында қалады ғой. Тап сондай болды. Балаша бақылап, балаша мәпелеуге тура келді. Ең үлкен қуаныш ауруханадан үйге келгені болды. Ауық-ауық басы айналатыны бар. Мұныңа да шүкір дедік.

Василийді обалы не, ұшқыштар қауымы курорттан курортқа жіберді. Сөйтіп жүріп балдағын тастады. Бірақ самолетке қайта отыруға жарамады. Пенсияға шықты.

Мен тап осы тұста бала жөнінде көп ойландым. Мектептен келем, үйге сыймай жүреді. Ермек керек-ақ. Бір күні көптен көкейімде жүрген ойымды жайып салдым. Бала асырап алайық дедім.

— Менің туатын түрім жоқ. Көзің жеткен болар. Ренжімеймін. Басқа әйел ал. Болмаса...

Василийдің ашуланғанын алғаш көргенім сол. Булығып үндей алмай қалды. Жағымнан шапалақпен тартып жіберді. Қосылғалы етіме тиген алғаш таяқ. Онда да өзім сұрап алдым. Басын көтере алмай үш күн жатып қалды. Төртінші күні:

— Мен десең ондай сөзді енді айтушы болма! — деді. Мен үндемедім.

Күнде кездесетін жерімізге Мая Денисовна келмеді. Екі сағаттай күттім. Ауырып қалды ма екен, ол да емделіп жүрген адам ғой. Кәдімгідей елегізіп іздеймін, үйренісіп қалыппыз. Барған сайын өзі сүйкімді болып барады. Сырты ғана емес, іші де сұлу адам екеніне көзім жеткендей. Өмірінің қилы-қилы болып қалыптасуын көрмейсің бе. Мұндай адамды тегі бір нәрседен қысып тастайды. Баласыз, ұрпақсыз болғанына жаның ашиды. Өзі де қатты уайымдайды екен. Ана боп жаралған соң сүйек жарып, перзент туғанға не жетсін. Мүмкін, осында содан емделіп жүрген шығар. Бүгінгі медицинаның күшінен келмейтін не бар.

Қолымнан келсе, байғұстың бір қайғысын кемітуге әзірмін-ақ, амал не, дәрігер емеспін ғой. Әлде сол негізде күйеуінен ажырасып кетті ме екен? Мұндай жігерлі әйел ондай батыл қадамға да бара алады. Нәзіктік, әдемілікпен бірге бойында жігер де қайнап тұрған жоқ па. Кей-кейде көзін төнкеріп тастағанда ар жағындағы от соны аңғартпай ма!

Василийді өзі өлердей жақсы көреді. Екеуінің арасындағы шын махаббат білем. Сол ақ махаббаты үшін жасауы мүмкін жаңағыдай қадамды. Василийдің перзентті көксеуі мұның жанын жаншымайды дейсіз бе. Ең сүйікті адамын неге құлазытуы керек, неге әке болу бақытынан айыруы керек. Сол үшін де ақ махаббатын құрбан етуге бар бұл адам. Әй, Василий оған жібере қоймас. Ұрпақсыз өтсе де, Маядан айырыла қоймас.

Кім біледі, өмірде небір күтпеген жайлар бола береді. Әңгімесінің бәрін өткен шақпен айтуына қарағанда, бір пәле бар сияқты. Не де болса өзі терең қайғының адамы. Білдіргісі келмегенмен, қап түбіндегі қанжардай ана жерден де, мына жерден де тесіп шығып тұр емес пе. Менің сырқатым мұның қайғысының қасында әншейін бірдеңе. Десе дағы-маған да аса бір аяушылықпен қарайтын сияқты. Аяушылық қана емес-ау деймін... Адамның бірін-бірі түсінісіп әңгімелесуінің өзі қандай ғанибет. Бас қосып сөйлесе қалғанды болды-біттіге санайтындарға жыным келеді тегі. Ойлы, ақылды әңгіме айтып, кеудеңе нұр құя білген адамға ерекше құрметпен қараймын. Ондай сәтте арам пиғыл білдіріп, нәпсіздік көрсетуден асқан оспадарлық жоқ деп білем. Бұл сезімді де, парасатты да аяққа басқандық. Неше күнге созылған жарасты әңгімемізде осындай өз биігімді өзім төмендетпеуге, төмпешік етпеуге тырыстым. Мынау жан сондай құрмет көрсетуге лайық та. Оның өмірі, оның көргені менің ұрпағымның басынан кешкені. Қиындығында — ерлік, мұңында — мұхит сыр, күлкісінде — күн нұрлы қуат, көз жасында — ұмытылмас тарих бар. Балалығының өзі бақыт үшін күреске арналған, жасына жетпей есейіп, уақытынан ерте ержеткен жандар емеспіз бе.

Екеуміз де өмірімізді осылай бағалағандықтан ба, тез шүйіркелесіп, тез табысып кеттік. Екеумізді де курортқа әкеліп жүрген жастықтың, жақсы тұрмыстың желігі емес, қиындықтан қалған жүрек демігі, қиындықтар қалдырған дерт салқыны болса керек.

Міне, неше сағат бойы тынышым кетіп, оны іздеп тұрғаным да сондай ортақ сырдың, айтар ортақ жырдың барлығынан шығар. Жеткізе жазып, тебірене шерте білген адамға біздің ұрпақтың балалық шағы, балғын жүрегінің мұңы мың бір түннен де зарлы, мың бір түннен де әрлі естілмесіне кім кепіл. Ол — Украинаның қызы, мен қазақтың ұлы. Тағдырымыздың тұтастығы, ұқсастығы да бар.

Жүрегім тағы шанша бастағандай. Мая Денисовнаны іздеймін. Сонымен сырласқаннан бері сырқатым жеңілдеп, сыңайым кіріп қалған сияқты еді. Бастаған емін ақыр аяғына дейін апармай ғайып болғаны қалай? Қызығып жатып, оянғанда қиналатын осындай бір тәтті түстер болады деуші еді. Мая Денисовнаны өңімде көргеніме өзімше семіріп, қасында жүргеніме қуанып жүр едім. Шынымен түс болғаны ма? Жоқ... жоқ, сымбатты сұлу қалпында, кездескен сайын кер маралдай керіліп, көңіліңді тойдырып бір кетпеуші ме еді. Жан сырының жақсы куәгері болып қалмаушы ма едім.

Тым болмаса тағдырының немен тынғанын біле алмай қалдым-ау. Аяушылық сезімімді оятып-оятып жоқ болғаны несі. Путевкасының қай мезгілге дейін екенін де сұрамаппын. Кетпейтіндей көргем ғой. Аңқау басым, енді тыпырлап іздеп тұрмын. Осыдан келмей кетсе, оқып жатқан ойлы кітабымды жоғалтқандай өкініші кетпейді-ау.

Көзіммен де, көңіліммен де іздеген төрт күнім нәтижесіз болды. Қайда, қай санаторийде жатқанын да сұрамаппын. Әнеу бір күнгі мен жатқан санаторийде бірге билегеніміз есіме түсті, есіме түсті емес-ау, тұп-тура көз алдыма келді. Үстінде қынама бел қызыл жібек көйлегі, аяғында биік өкше әдемі туфли. Шашын «хала» деген аса сүйкімді модамен жасатқан. Биге келген талай жігіт қадаған көзін ала алмай, тамсанып тұрып еді. Мынадай келіншекпен билеуге алғашқыда өзім де жүрексіндім.

Көңілімнің толқуын Мая қолымның дірілінен байқап қалса керек. Сабырлан дегендей ақырын ғана қысып қойды. Алғашқы би жаман шыққан жоқ. Аяғымның бас білетіндігінің арқасында бойымды тез жинадым. Байқаймын, музыканың адамы емес пе, Денисовна балқып, бар нақышымен билеуді қалайтын секілді. Аса бір зор ләззат алып, күй толқынында қаздай қалқып кетеді. Жақсы билейтіндердің алдымен шыққысы келіп тұратыны қашаннан маған аян. Топыр көбейгенше толқып бір қалу керек. Алдымен шығамыз, Мая айналғанда басын сәл ғана шалқайтып, аққу мойнын әдемі иіп алады. Қызыл жібек көйлек қына белге қыса жабысып, онсыз да сұлу біткен мықынға ерекше сымбат береді. Құлын жонына жабысқан алақанды алғың келмей музыкамен қоса елтисің. Қос анарының қап-қатты ұшы айналған сайын кеудеңді түртіп қашып, түртіп қашып қытықтайды. Тынышыңды бұзу үшін әдейі әзілдеп келе жатқан секілді. Дүниенің бәрі ұмыт болып, бидің қызығына енді түстік-ау дегенде жүрегі құрғыр ауызға тығылып, лүпілдей жөнелді.

Мая сонда барып ауыратынымды аңғарды. Дереу сыртқа алып шықты. Бидің бұзылғанына ренжідім мен. Жүрегіме ыза болғаным сонша, үзіліп кетсе де қайта кеткім келді.

— Жүрекпен ойнамаңыз, байқаңыз, — деді Мая. — Мен де көптен билеген жоқ едім. Бір жолға сол жарайды.

Көз алдыма осы сурет келгенде Маяны тіпті сағынып кеттім. Мұндай әйелді Василий қалай жақсы көрмейді. Ақыл десең ақыл, өнер десең өнер, мінез десең мінез бар. Кейде бір адамға табиғат өстіп бәрін төге салады да, біреуді мүлде жұрдай қылады. Бірақ Маяның да өз қайғысы өзіне жетерлік. Ол бар сұлулығын да, байлығын да, ақылын да бір перзентке айырбастап-ақ жіберер еді. Василийдің жас сәбиді бір иіскегеніне бәрін құрбан етуге әзір. Сүйгенінің сүйегіне дейін батып жүрген қайғысын ол өстіп жеңілдетуге де бар.

...Өз көзіме өзім сенбедім. Мая Денисовна келе жатыр. Әлде күнде іздеп, күнде ойлаған соң көзіме солай құр елестеді ме. Өз жанарыма өзім сенбей, көз алдымды сүртіп-сүртіп жібердім. Тап өзі, күлім қағып келе жатыр. Менің балаша абдырап, сабырсызданып тұрғанымды қызық көріп келе жатқан сияқты.

Құшағымды жая тұра ұмтылдым. Сәл қымсынғандай сыңай байқатты. Қараймын ба, кәдімгі тату достардай сағынысып көрістік.

— Бауыр басып қалыппыз-ау, өзі.

Әдеттегідей қабағын кере назбен айтты бұл сөзін. Осы бір кейпі де келісті-ақ өзінің. Жаңа туған айдай қасы иіле жоғары көтеріледі де, тұнық жанарына сұлулық суреті түседі. Әрі кербез, әрі ойлы көрінеді сол сәтте. Сенің құмарлығың қанша аттай тулағанмен, жаңағы көзқарас оның шаужайынан тартып тәк-тәк айтады.

— Иә, ауырып қалған жоқсыз ба?

— Өліп қала жаздадым десе де болғандай.

Мен шошып кеттім.

— Ұлымнан, Максимімнен «мама, тез жет, ауруханаға түстім» деген телеграмма келді. Жаным шығып кете жаздады.

«Ұлымнан!» Мен таңырқағанымды жасыра алмадым. Қайдағы ұл? Күні кеше ғана бала-ай деп зар жыламап па еді. Иә, иә... Бірақ әңгіменің аяғы біткен жоқ-ты. Мүмкін, тар дүние кеңіп, тәңірі жарылқаған шығар...

— Әлқисса, қай жерге келіп едік? — деп менің есіме мың бір түнді салды.

— Иә, иә... Қиыр Шығыста Василий самолетке қайта міне алмайтын болды дедіңіз.

— Жоқ, әйел ал деп айтам деп таяқ жеген жерге тоқтамадық па?

— Ұмытпапсыз. Мен сізді таяқ жегізуге қимай тұр едім. Дәл осы жерде тоқтағансыз.

— Неге ұмытайын. Ұмытпақ тұрғай, сол шапалақты сағындым ғой...

Қиыр Шығыстан көштік. Тұрған жеріміз де, достарымыз да жақсы еді. Осы Максим үшін көштік. Құлақ етін күнде қырық рет жеп жүріп, Василийді ақыры көндірген-ді.

— Басқа әйел алуға ма?

Менің даусым шошына шықты білем, Мая Денисовна күлді.

— Алса несі бар? Сіз мені үстіме әйел алғанға қимайсыз ба?

— Сіздей адамды кию мүмкін емес.

— Василий де тап осы сіз секілді ойлаған болу керек. Көнбей қойды, — қалжың аралас, соңғы сөзін күлкіге көмкере сөйледі Мая. — Бала алуға ақыры келісті. Содан ол жақтан кетуді жөн көрдік. Кім біледі, ертең есейген соң біреу болмаса, біреу «сен асырандысың» деп жүре ме. Ол балаға да, бізге де оңай тимейді ғой. Содан атын Максим қойдық. Не дейсіз, Курск қаласына бір жасар ұлды ана болып келдім.

Ақылды істелген шаруа екеніне әбден көзім жетті. Василийге керемет алданыш болды. Аспанды да, самолетті де ұмытты. Максим бәрінің, бүкіл ғұмыр бойғы олқылықтың орнын толтырды. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, менен сүт шықты. Аналық мейірден алпыс тамырдың иіген сәтін сізге айтып жеткізе алмаспын. Бүкіл ғаламның осы мейірден жаралғанын, оны ұстап тұрған да осы мейір екенін сонда ғана ұқтым. Анамның ақ сүтін емгенде оның тұла бойы қалай елжірегенін сонда түсіндім. «Балам, баланың қадірін балалы болғанда білерсің» деген сөз де осындайда айтылса керек.

Обалы не, Максимнің бағуы түгел Василийдың мойнына ауды. Үстіне түсіп кете жаздайды. Мұндай балажан болар ма. Баяғыдан қайтіп шыдап жүрген. Титтей ыңқ етсе болды, орауымен қолына ала қояды. Түнімен көтеріп шығады. Өзінің басы ауыратыны бар, шаршап қала ма деп мен бәйек, мені аяп ол бәйек. Кей түндері бірімізді-біріміз аяп, екеуміз де тікеден тік тұрып шығамыз.

Бірақ шаршамаймыз. Антоновтардың ұрпағының үзілмегеніне мен қуанышты, менің емшегімнен сүт шығып, аналық махаббатымның оянғанына ол мәз. Ауық-ауық үнсіздік басып, үйдің ажары кетіп қалатын кезден құтылдық. Баланың жылағанының өзі қызық көрінетін сәттер болады екен. Үйімізге толастамас тіршілік тынысы енгендей болды. Еңбектегені, тәй-тәй басқаны, жүргені, күлгені — бәрі-бәрі өз алдына айта берсең қызық-қызық тарау.

Тынымсыз адам қиын болады екен. Курскіге келген соң тынық денсаулығыңды түзе дегеніме қарамастан, Василий өзіне мастерской салды. Ағаш ұсталығымен айналысты. Баласын томпаңдатып қасына алып, бірдеңе жасап жатады. Ұлын детсадқа беруге сенбейді. Ауыртып алады деп қорқады. Пенсиядағы адаммын, өзім-ақ бағамын дейді. Қиыр Шығыста жалақыны жақсы алып тұрдық. Қорымыз да, пенсиясы бар, қолымызға тиері де жетіп жатыр. Обалы не, Василийге тұрмысқа шыққалы дүниеден тарлық көрген емеспін. Ішіп-жеміміз мол болды. Енді айналдырған үш бас, бәрі жетеді. Кешегі қан кешкен сұрапыл соғыс күндері осындай шақты арман еттік емес пе. Шүкір, бұған да жеттік дейміз. «Бір жоқтықтың бір тоқтығы» бар деген осы да.

Бірақ кей-кейде Василий 43-ке келіп, пенсионер болғанына қиналады. Ұшқыштар осылай ерте қартаяды деп қалжыңдаған болам. Жанын жейтін жайсыз ойлардан аулақтатқым келеді. Майдан күндерін былай қойғанда, екі құлап, екі өліп тірілгенінің өзі не тұрады. Сен дүниеге екі келіп, екі жүз жасаған адамсың. Қайта пенсияға кеш шықтың. Омыртқаң үзілді, жамбасың сынды, миың зақымданды. Соңғы құлағаныңда саған жасаған операцияны ешкімнің басына бермесін. Басыңнан — бір, омыртқаңнан — екі. Осының бәрін азырқанамысың. Сен Отанға разы болсаң, Отан саған разы. Енді мына Максимді ойла, осы ерте жетім қалып жүрмесін. Сақтан деймін. Курскіге келгеннен бері екі рет есіңнен танып ауруханаға түстің. Соның бәрі сонау самолеттен тапқан пайдаң ғой. Сенің басыңда бұл өміріңе жетерлік үлкен зақымның ізі бар. Саған тыныштық керек. Сол үшін де осы жерге келдік емес пе. Жұмыс істеу сен үшін қауіпті. Қалған ғұмырымызда рахат өмір сүрейікші.

Мұндай сөздерімді кәдімгідей тыңдап қалады. Келіскендей боламыз. Бірақ жаратылыс деген қиын екен. Тыпырлап қайта мазасыздана бастайды. Ақыры жұмыссыз отыра алмайтынына көзім жетті. Өзін қоғамнан тыс, керексіз болып қалған жандай сезінді. Оған қатты күйзелді. Жинақ кассасынан пенсиясын алу — ол үшін азап. Шал-кемпірдің арасында болып қартайып, қиналып қайтады. Құрғыр, мына жақсы көрген адамыңның жанындағы болымсыз ренішті сезгіш болады екенсің. Сенің де өз-өзіңнен мазаң кете бастайды.

Сенесіз бе, Курскіге келгеннен соң бірде құлап қалғанын жұмыста отырып білдім. Тап сол сәтте жүрегім алып-ұшып өз-өзінен шыдамым кетті. Үйге барғым келіп аласұрдым. Қателеспеппін, ессіз құлап қалғанының үстінен шықтым. Ауық-ауық осылай ауыратынды шығарған-ды.

Жұмыстан босап, мүлде қасында отырғым да келді. Бірақ оған одан әрі қиналатынын байқадым. Мені жұмыстан, баласын бақшадан күткеннің өзі оған қуаныш. Қасында отыруым ауруын ұдайы еске салумен пара-пар еді.

Қойшы, ақыры жұмысқа тұрды. Әуесқой ұшқыштардың қалалық клубын басқарды. Самолетпен тағы да байланысты. Байқаймын, өңі кіріп, қайта түлеп, жасарып келеді. Басының ұстамасы да тоқтаған сияқты. Кей күндері шаршап келсе де, маған білдіргісі келмейді. Пианино тартқызады. Ендігі тыңдаушы екеу. Максим де үріп ауызға салғандай әдемі өсіп келеді. Айналдыратыны — әкесі. Мен пианино тартқанда оған өлең айтқызады. Кәдімгідей думанды бір елміз. Баласына деп кітап жинап тастады. Бұрын да өзі кітапқұмар еді. Енді екі адамның атына жинайды. Көрінген ойыншықты алады. Бір бөлме ойыншыққа толы. Кәдімгі ойыншық магазині десе де болғандай.

Өмір барлық қалпына келіп, кетігіміз бітеліп, кемістігіміз толған шаққа жеттік. Ұшқыштар клубынан балалар үйге көп келе бастады. Василий оларға кітапханасын көрсетеді, кітап береді не оқу керектігін айтады. Мастерскойында жұмысқа салып, модельдер жасатады. Балалардың әңгімесіне қарағанда, Василий бұлар оқитын мектептермен де тығыз байланыста көрінеді. Үштік бағасы барлар клубқа қабылданбайды. Ұшқыштыққа деген әуестік үлгерімге үлкен септігін тигізіпті. Мектептерден, қалалық партия комитетінен таныстар көбейді. Тәрбие тақырыбына лекция оқуға жұмсады. Қалалық «Білім» қоғамына мүше болдым деп келді бір күні. Курскідегі ұшқыштардың көбі үйдің телефонын біліп алып, маза бермейді. Кәдімгі Қиыр Шығыстағыдай мұрнына су жетпейтін өмір басталды.

Ауырып қала ма деп қорқам. Әзір жақсы. Мазасыз қызметке үйренген адамды тыныштықтың өзі ауыртатын болу керек. Мейлі дедім. Достарының, жолдастарының мықтап көбейгенін Максимнің туған күнінде білдім. Шақыра беріпті, шақыра беріпті. Үш бөлмелі үйдің екі бөлмесіне әрең сыйды. Күзде баламыздың оқуға баратынын, тағы жиналатынымызды айттық. Үйде достары болғанда өзінің арқасы ұстап, ерекше жарқын болатын әдеті еді. Тап солай болды. Қиыр Шығыстағы достардан келген құттықтау телеграммаларды оқыды. Әрқайсысын отырғандарға тәптіштеп таныстырды. Маған пианино ойнатты.

Неге екенін қайдам, баяғы Москва мен консерваторияны бітірген кеш есіме түсті. Дәл сондағыдай жайнап, сондағыдай басқарды дейсің. Баласына да өлең айтқызды. Көптен көрініс бермеген қызғанышы құрғыр менің қайта мазамды алды. Арада өткен біраз жыл, басқа түскен ауыртпалық басып тастаған ба десем, жоқ, кейбір келіншектердің Васяға қылмыңдай қалғанын көріп, ішіме шоқ түсе бастады. Біз әйел заты қызықпыз ғой. Ауырса жылаймыз, сау болса қызғанамыз. Байқаймын, мен бабымда бола алсам, жігітім бабында секілді. Баламның туған күні көзімді соған жеткізді.

— Әттең, іше алмай қор болдым-ау, — деді кештен соң Василий.

— Өкінішің сол ғана болсын.

Дәрігерлер ішімдік жағына үзілді-кесілді тыйым салған болатын.

...Жаздың тамылжыған жақсы бір күні еді. Вася жас жігіт пен бір жас қызды ертіп келді. Менімен оларды таныстырды. Екі күннен соң сенбі болатын.

— Мая, мына жастар үйленбекші екен. Той жасайтын жерлері жоқ. Екеуміз сияқты тұл жетім. Достарын шақырсын. Тойларын біздікінде-ақ өткізсе қайтеді?

Василийдің сөзін ғұмыры екі етіп көрмеген басым келістім. Өзі басқарып, өзі дүрілдетіп өткізді. Жастар қатты разы болды. Николай деген жігіт туған ағасындай көріп, одан кейін келіншегі екеуі үйден шықпайтын болды.

— Мен кісі танысам, осы Николайдан жақсы ұшқыш шығады. Көп сапалары соған келеді, — деп отыратын ол жоқта.

Біздің үй екінші аэроклубқа айналды. Василийдің мастерскойы кәдімгі модельдер музейі болды. Бір күн клуб жұмысы, бір күн «Білім» қоғамында, бір күн мектептерде — мұрынға су жетпей жүрді. Кей-кейде ауырып та қояды, бірақ оған мән беріп жүрген ол жоқ.

Сондай үйде жатқан бір күні қалалық партия комитетінен телефон соқты. азая сөйлесті. Әңгіме не жайында екенін аңғара алмадым. Қасына келсем, маған асүйді нұсқайды. Естімесін дегендей.

— Машина жіберіңдер, қазір келем, — деді.

Түні бойы оралған жоқ. Мен көз ілмедім. Бірақ біреу ауық-ауық телефон соғып тұрды.

— Алаңдамаңыз, Василий Михайлович сізге тыныға берсін деді.

— Бұл не жұмбақ? Өзі неге сөйлеспейді.

Ертесіне көзі шүңірейіп шаршап оралды. Жасырғысы келді. Мен тақымдап болмадым.

— Ешкімге айтпа. Жұрт құлақтанса, қала үрейленіп жүрер. Немістердің көміп кеткен бомба қоймасы табылды. Соны қауіпсіздендіру керек. Мамандар жиналып ақылдасудамыз. ұшқыш ретінде менің де пікірім керек болған. Оларына рақмет. Бұл да майдан, Мая. Әскери бөлімшелерден саперлер шақырылды. Өте қауіпті әрі күрделі іс. Біздікі кеңесшілік қана. Қорықпа!

Зәрем зәр түбіне кетті.

— Сен үшін соғыс баяғыша біткен. Жолама, оның үстіне сен мүгедексің, дедім айқайлап.

— Мүгедексің. Мына сөзді айтып тұрған сен бе, Мая!

Шиқанының басын жұлып алдым-ау деймін. Дауысымыздың қатты шыққанын көрмеген Максим үрпиіп бізге қарайды.

— Жәй, әшейін. Қалжыңдап тұрмыз.

— Өйтіп қалжыңдамайды. Сендер ұрсып тұрсыңдар, деп аузын томпайтты. Жүгіріп барып әкесінің мойнына асылды. Алдындағы ұлың үшін дегендей сыңай таныттым да, екінші бөлмеге шығып кеттім.

Көп кешікпей курскіліктерге арнап радиомен арнайы хабар берілді. Қала халқын үрейленбеуге шақырды, жер астындағы қоймадан бомбалардың тасылатынын, қауіпсіз етілетінін хабарлады. Бүгінше үйлерінде болмаңдар деді. Қанша сабырға шақырғанмен, халықтың аты халық қой, абыржып үрейлі сездерді көбейтіп жіберді.

Василий де үйде жоқ. Жанымызды тағы шүберекке түйіп отырғанбыз.

Жергілікті радио дамыл-дамыл сөйлеп тұр. Ең соңғы бомбаны әкетті, қалаға енді қауіп жоқ!

«Уһ» деп жеңілдегендей болдық. Менің төбемнен зіл қара тас қайғының жаншығанына қаншама күн. Елмен бірге еңсемді көтергім келеді, бірақ екі иығыма екі пұт топырақ артып қойғандай бойымды әлдене босатпайды. Максим үшін ғана күлген болам. Ол да әкесін сағат сайын сұрайды. Мектепке барамын деп сатып алған кітаптарын кезек-кезек ақтарып, әкесіне көрсетуге асық. Есік тықыр ете қалса тұра жүгіреді. Николайдың келіншегі өңі қашып бірнеше рет келіп кетті. Күйеуі шофер еді. Ол да ерікті комсомолецтер қатарында сол жұмыста жүр.

Қала тікесінен тік тұрған. Әскери бөлімшелермен бірге бүкіл актив жұмылдырылған. Бірнеше квартал бойы транспорты жүргізбей тастады. Көше толы милиция, солдаттар. Күні бойғы осы бір көріністің өзі-ақ зәреңді алады.

Енді бәрі тарады, бәрі жайма-шуақ орнына келді. Радиодан салтанатты музыка ойнап кетті. Бірер жерден ракета атылып, бірер көшеден ән естіледі. Құмырсқаша қаптап халық көшеге шықты. Бір күннің ішінде қалада тіршілік тоқтап, бір тірілді. Күні бойы көше де сұсты, көңіл де сұсты еді. Енді бәрі мәз-мейрам.

Түнгі сағат он. Василий әлі жоқ. Бір кезде ауладан дабыр естілгендей болды. Бір топ адам екі-үш жеңіл машинадан түсіп жатыр. Іштерінде Василий көрінбейді. Баламыз екеуміз терезеге жабысып қалыппыз. Келе жатқандардың өңі суық. Бұл тегін жүріс емес.

— Қымбатты Мая Денисовна! — деді қалалық партия комитетінің секретары, — біз Василий Михайловичтен айырылып келіп тұрмыз.

— Папам! — деп Максимнің шар ете қалғанын білем. Ар жағы есімде жоқ. Құлап бара жатқанымда тұрғандар сүйеп қапты...

Мая Денисовнаның көзі жасаурап, орамалын қолына алды. Құлап кетер ме деген қауіппен мен оның шынтағынан сүйей беріппін.

— Қорықпаңыз. Құламаймын. Шынықтым. Жылай-жылай көздің жасы да таусылды. Қайғымен де адам қайраттанады екен.

Бар құрмет, қошеметімен бүкіл қала соңғы сапарға Василийді шығарып салды. Басына жақсылап ескерткіш орнатты. Төрт жылғы соғыстан аман қалып, екі рет самолеттен құлады онда да жаны олжа болып еді. Енді, міне, соғыс біткен соң 20 жылдан кейін қаза тапты. Өкінішті ме, жоқ па?

Оның үстіне қалай болған дейсіз ғой. Соңғы бомбаны

Николайдың машинасына тиеп, қаладан алысқа апарып жаруға алып шығады. Інім еді, бірге барам деп болмайды. Николай да қалыңыз деп өтінеді. Ажалы ғой, көнбейді. Ол біреуді жақсы көрсе, оның жолында өлуге қашан да әзір. Табиғаты солай болатын. Жас үйленді деп аяды ма екен. Қастарында басқа әскери мамандар да болады. Бүкіл технология жақсылап ойластырылған. Оған дейінгі бомбалардың бәрін жарғанда ешбір шығын болмаған. Адамдар шетінен дін аман.

Николайға: «Атаңа нәлет, соғыстың соңғы бомбасын өз қолыммен жарайын», — депті. Тиісті жеріне, елсіз жерге, әрине, бомба апарып түсіріледі. Машина да, келген адамдар да қажетті қашықтыққа кетеді. Күні бұрын белгіленген тасаға тығылады. Гүрс ете қалғанда сағатына қарап санап тұрған Василий де ұшып түседі.

Басына қан құйылған дейді. Дөп келуін көрдің бе. Неше күнгі әуре, үрей өзі жұқарған тамырды жарып жіберген ғой.

Менің бір қайран болғаным, осының бәрін Мая Денисовна аса бір сабырмен айтып келе жатыр.

— Сізге мен бір сұмдықты айтайын. Жұрт көпке дейін таң болып жүрді. Сол әлгі талып тұрған соң көзімнен жас шықпай қойды. Бедірейдім де қалдым. Айттым ғой сізге, шешем өлгенде солай болды деп. Мұнда да сөйттім. Тісім қайрала берді. Кімге қайрадым? Шешем өлгенде дарға асқан немістерге қайраған шығармын. Сіз менің не айтқым келетінін білесіз бе? Мұнда да ол тегін қайралмаған. Соғыс біткен жоқ әлі, — деді Мая Денисовна жұлып алғандай. Екі көзі зәрленіп өктем сөйледі. Нәзік, назды әйелдің мұңынан гөрі қатал үкімге ұқсап кетті айтқандары. Кішкене сүйкімді жұдырығын түйіп алыпты. Танауы сәл ғана қусырылып, еріндері діріл қақты. Ішінде от ойнап, ол көптен тыншыған дауылмен бірге көтеріліп келе жатқандай көрінді маған.

— Сіздің анау анаңызды да өлтірген соғыс. Көрген қисапсыз қиындығы қылтамақтай дерт болып жабыспағанына кім кепіл. Жасыңызға жетпей жүрегім дейсіз. Оқ тимегенмен, от тиген жүрек қой ол. Кәдімгі соғыс отын айтам. Ол шарпымаған семья, біздің ұрпақта ол от күйдірмеген пенде бар ма? Сол күйіктің бір құрбаны қарсы алдыңызда тұрған мына менмін. Менің жастығым, менің махаббатым, менің ғұмырым! Мені бедеу қылған, ұрпақсыз қалдырған соғыс емей немене. «Жасыңызда қатты шошындыңыз ба, суықта қалдыңыз ба?» — дейді дәрігерлер. Қай шошынып, қай суықта қалғанымыз есімізде. Анамның дарға асылғанын көргеннен асқан шошыну бола ма!

Жылтыраған сыртыма қарап, төрт түлігі сай шығар деп ойлайтын болар. Ішімде сау-тамтық жоқ екенін қайдан білсін. Сырымды ұқ, өлшем жетпес қайғымды көр деп қайсысына айтам. Тән жарасы жазылар, жан жарасы жазылмас деп сізге айтқаным сондықтан болатын. Бұл соғыс тәнге ғана жара салған жоқ, жанды да жарадар етпеді ме.

Жарсыз әйел қанша, ұрығы ашылмай ұрпақсыз қалған ұрғашы қанша! Кәрі қыздар неге көп? Еркек таппағандықтан емес, ерін таппағандықтан, махаббатын таппағандықтан. Құрбылары құрбан болып кетті олардың. Жаратылыстың заңы, тіршіліктің қамы деп көңіліне лоқыға ұрынғаннан гөрі, олар құлазып жүрсе де қиялынан нәр алғанды артық санайтын шығар. Ол кәрі қыздар өмірін босқа өксіткеннен гөрі өстіп өткенін қалайтын шығар. Жан жарасы емей немене бұл?

Мен қайта шүкір деуім керек. Жар құштым, аз да болса қызық көрдім. Жар болғанда қандай! Қысқа өмірімен қымбат мұра қалдырды ол маған. Рухани мұрасын айтам. Василиймен бірге тұрған жиырма жылым бір жағынан, балта сабындай шолақ көрінгенмен, бір жағынан, мың бір түндей ұзақ хикая секілді. Әрбір күнін қайта ақтарып оқысам, жастығыма, қайталанбас махаббатыма ораламын, өз-өзімнен мас болам. Оралам да түлеймін, ойланам да жүдеймін. Түлейтінім — сондай жанға кездейсоқ болса да тап болғаным. Күні бүгін көрген тәтті түстей болады да тұрады. Бір ауық өзіме-өзім күдіктенем, жақсы адамға жар болғаным рас па деймін. Жүдейтінім — тез айырылып қалғандығым. Қымбаттығын білдіру үшін де қысқа өмір сүрген шығар.

Василийдің қасында жүріп аспандап кеткенімді, асқар шыңнан қарауға үйренгенімді білмеппін. Ол мені аса бір биік өлшем өріне тастап кетіпті. Өзгелерге сол өлшеммен, сол биіктен қарап көңілім толмайды, қарным ашады. Басың жас, балаң біреу, күйеуге шығып ал деушілер де табылды. Өміріңді өксітпе — ондайлардың айтар сөзі осы. Өксіту дегенді олар басқаша, мен басқаша түсінетін болсам керек. Василийді есіме алғанда бәрі аласа боп кететінін қайдан білсін. Төбешікте тұрып мойнымды созғаннан гөрі төбеден еркін шолу қаныма сіңіп кетіпті. Осындай өлшеммен тірлік етуді бүкіл ғұмырымен өсиетке қалдырыпты. Биікке ғана ұшпапты, мені де биікте ұстапты. Сол биіктігі үшін ғана оған табынған едім, енді күнде сағынам. Бір кезде көзімнен шықпаған жас қазір көл-көсір, ағыл-тегіл. Бір жылға жетпей біртүрлі бойым босап, өзімді-өзім ұстай алмайтын халге ұшырадым. Дүние мүлкі, әр заты, есіме түскен әр қарекеті елжіретіп қоя береді. Солығымды баса алмай, солқылдап жатып ұзақ түнді өткізген кездерім аз болмады. Алғашқы күндері көзімнен жас шықпағанына таң қалсам, енді соншама көз жасының көлдей болып қайдан келе беретініне таңырқаймын.

Баламды аяудан да қалдым. Аямайын демеймін, өзімді-өзім ұстай алмай кетемін. Мектепке барғанын да көрмеді-ау деп өкінем. Бір сәт баласын жетелеп, мәз болып мектептен келе жатқандай елестейді. Бұйра шашы, қыр мұрыны, тік денесі, нық адымы — түгел көз алдыма келеді. Күлісі, жүрісі, тынысы, тұрысы — тағы да бойым босап, әлімнен айырыла бастаймын. Шаршағаным сонша, үйді айырбастап басқа жерге көшкім де келді. Артынан ойлап қарасам, оным ақымақтық екен. Неге қара орнын тастап, қара басымды алып қашам. Оның әр қимылын есіме алып, қолы тиген әр дүниесіне жанасып жүргеннің өзі жаныма азық емес пе. Неге қашамын мен одан?

Бүгін қара орнынан қашсам, ертең бәрінен де қашқаным емес пе. Жо... жоқ, есіңнен адаспа, Мая Денисовна деймін. Сен басқа қайрат көрсет. Бір күні түсімде ту сыртымнан мықтап құшақтап алыпты. Бұлқынам, бұлқынам, жүзін көргім келеді, жібермейді. Тас қылып ұстаған күйі әбден шаршатты. Ашу шақырғым келді. Ғұмыры өйтіп қатты ойнамайтын. Тіпті өрескел көрінді. Әлден уақытта Васям жарылатын бомбаға ұқсап келеді. Айқай салып, шошып ояндым. Баламды да шошытып алдым. Сөйтсем, бастырылып қалыппын

Міне, осындай кезеңдерді де бастан кешеміз. Не деп ойлайсыз мұны? Тән жарасы ма, жоқ әлде, жан жарасы ма? Әрине, жан жарасы. Мұндай азаптан гөрі бір аяқ, бір қолды кестіргеннің өзі жеңіл болар. Жан жарасының жазылуы мүмкін бе? Соғыс біз үшін біткен жоқ дейтінім сондықтан.

Бірнеше жыл болды, курортқа келем. Әркім әртүрлі ойлайды, әрине. Сырт сыным болғандықтан, қырындайтын да табылып қалады. Бірақ олар менің құмарлығымды қоздырмайды, қайта зығырданымды қайнатады, Василийдің бағасын арттыра түседі. Кісінейтін еркектер бар ғой, бірақ кісісі аз ғой. Кісімен өткен өмірімді мактан тұтам да, кісінегіш еркектерге жирене қараймын. Василийдің аруағының өзі абыройымның кілті.

Олардікі де өзінше өмір, өзінше қызық шығар. Шұрқырасып тез табысар, тез жабысар. Менің ұғымымда бұл ар алдындағы опасыздық. Одыраңдап, оқыранғандардың талайын көрдім, талайының сазайын да бердім. Өйткені біздер рухани екі дүниенің адамдарымыз. Жанасуымыз, тұтанып, тұтасуымыз мүмкін емес.

Мынау музыка тілінде «фалын» деген термин бар. Бүкіл ырғақты, әуезді үнді бұзып-бұзып кетеді. Талантты дирижерлердің жанын қинап, жүрегін жаралы қылатын сол жадағай, жалған ырғақ. Ондай ырғаққа дирижерлер төзе алмайды, ашу шақырып айқайлап жіберетіндері де болады. Менің айтып отырғаным да біздің бүкіл рухани оркестріміздегі кездесіп қалатын жалған үн, жарамсыз ырғақ жайлы.

— Шыныңызды айтыңызшы, алғаш мен келгенде қандай ойда болдыңыз? — деді Мая Денисовна. — Ұрынарға қара таппай жүрген әйел шығар деп қалмадыңыз ба?

— Алғашқыда, рас, тосындау болды. Бірақ кеудеңізді кернеген тұңғиық бір сырды көзіңіз жасыра алған жоқ.

— Аңғарғаныңызға рақмет. Сол себепті де біздің арамызда әдемі сыйластық орнап, сыр шертілді. Жақсы жарастықпен жан жарасына ем іздедік. Ұстамдылық деген ұяты бардан ғана шығады. Рақмет! Енді Максиміме жетейін. Көрінгенге көз жасымды көрсете беруге де намыстанушы едім. Сырт адамнан сізге ғана сыр шаштым. Өзім сияқты өзегі шерлі ме десем, сіздікі әншейін жүректің соқпасы екен ғой. Жазыласыз. Қайғырмаңыз. Одан үлкенінен сақтасын.

— Көріскенше. Ертеңге дейін аман болайық.

Мая Денисовна қолын бұлғап, сылаң қағып бара жатты. Мен аңырып тұрып қаппын. Алыстан тіпті әдемі екен. Әр жігіт-ақ менің келіншегім осы болсын дегендей.

Сырты — сынды, іші — мұңды. Тағдыры талайды толғандыратын адам бір. Мұңында да сұлулық бар. Адамгершіліктің, биік парасаттың, рухани беріктіктің сұлулығы. Жан жарасы жаһанға жар салып тұр — құрысын соғыс! Сақ болыңдар, адамдар!

Курорттан қайтар күн таяды. Максим мамасының алдынан шыққанда қуансын деп ойыншық іздедім. Ұшқыштың баласы енді космонавт болсын. Гагариннің қолдан құйылған бейнесін алдым. Мая Денисовнамен қоштасқалы келе жатырмын. Біреу «базарлық сатып алмайсыз ба», — деді. Қолында көл бетінде қалқыған жалғыз аққудың бейнесі. Аққуы да, көлі де шынының ішінде, сыртынан әдемі көрінеді. Дереу ақшасын төлеп ала қойдым. Аса бір лайық ескерткіш таптым-ау деп қуанып кеттім.

— Мынау Максимге! Мынау өзіңізге!

Әкелген базарлық ескерткіштеріме ұзақ қарап тұрды да, Мая Денисовна көзіне жас алды.

— Сіз маған үлкен ой салып тұрсыз. Әкеден бала артпаса, ұстаздан шәкірт озбаса, ілгері басу жоқ қой. Немді аяйын. Васямның әкелік сезімін оятқан Максимге арналар енді бар өмірім. Соның тілеуі, соның қызығы ендігі қалған... Сізге де ләм дей алмастан әнеукүні барып келгенім сол ғой. Әйтеуір бәрі сәтті. Жас дене соқырішектен тез жазылар. «Бар, емдел» деп өзі қайырып жіберді. Ендігі қамқорым сол. Ықыласыңызға көп рақмет!

— Ал енді мынау аққу, Мая Денисовна, менің ақ көңілімнің куәсі болсын. Біздің халықта жандыдан дүниедегі ең тату, бір-біріне ең адал осы құс деген аңыз көп, жыр да жетеді. Шынында да солай. Ғалымдар да растайды оны. Сұлулық дегеннің өзі татулықта болса керек. Қандай әдемі құс, ә. Суретінің өзіне сұқтанып қарайсың. Жұбын жазбайтын осынау шіркінді мүсінші жалғыз жасап қойыпты. Сіздің демалыс күндері айтқан әңгімеңіз маған аққудың жалғызсыраған нарындай боп естілді. Сұлу құстың үні де сынды, мұңы да сынды. Мен үшін сіз де солай көріндіңіз. Мұңыңыздан да замандасымның рухани сұлулығын көрдім. Осынау дүние аз күнде сізден алған әсерімді есіңізге салып жүрсінші.

— Рақмет! Апыр-ай, мұныңызға толқып та тұрмын, сасып та тұрмын. Толқитыным, аққу екеумізді жұптағаныңыз, — деді Мая Денисовна абыржыңқырап. — Сасып тұрғаным, қолымда ештеңе жоқ еді, мен бейбақ басым еш нәрсе ойламаппын...

— Сіз мені ренжітесіз, Мая Денисовна. Мен қарымын сұрап тұрғам жоқ.

— Жо... жоқ. Ғафу етіңіз. Олай дегенім емес.

Оқыс ой түсіп, қуанып кеткен адамша столдың үстіндегі ақ құтыны жұлып алды.

— Мынау осында келгелі шөлімді қандырып, дәру суын ішіп жүрген ақ құтым еді. Портфеліңізге салып қойыңызшы. Көзіңіз түскенде ең болмаса есіңізде жүрейін. Осындай бір егілген келіншекті көріп ем дерсіз. Бірақ ол өзіңіз үшін ғана, ойыңызға түсіру үшін ғана. Айтқан әңгімемді құпия ұстаңыз. Жан жарасын жария ете бермейді ғой. Сырға берік боларсыз деп сенем. Шартым — осы. Ақ құтым әрі аузыңыздың құлпы болсын. Соған уәде етесіз бе?

Иә, мен уәде еткен едім. Кешіріңіз, Мая Денисовна! Сөзімде енді тұра алмадым. Сіз туралы сырға құлып салып қоюға дәтім бармады. Тән жарасын да, жан жарасын да емдейтін уақыт дейді ғой. Сол уақыт мені де арашалап алып қалар...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама