Құрдымға құлдырап барамыз
Шарт еткен шапалақ дауысы кофехананы қақ жара жаздады. Гу-гу сөз сап болды, картаның сусылы, асықтың тырсылы тыйыла қалды. Жұрттың бәрі оқшаулау екі жігітке жалт қарасты. Екеудің бірі — еңгезердей дәу де, екіншісі — шынашақтай тапал жігіт. Дәудің сол жақ бетінде тапалдың тарбиған шапалақ таңбасы алаулап тұр. Кімнің кімді салып қалғанын полиция да оп-оңай біле қойғандай.
Дәудің тапалды бас салып мыжғылап тастайтынына ешкім де шүбаланған жоқ. Бірақ олай болмады.
— Мен сені сотқа беремін! — деп бажылдады дәу.
Жұртта үн жоқ.
— Сіздер куә боласыздар! — деді дәу. Сонсоң өзінің көлеңкесіндей ғана болып отырған тапалға бұрылды. — Жүр, участокке барамыз!
Тапал мазасын ала берген шыбынды үркіткендей боп қолын ербең еткізді де, ернін шүйіріп:
— Шшшт-па! — деді.
Дәу тұра жөнелді. Іштегілер карталарын сусылдатып, асықтарын иіріп, ойынға тағы кірісті. Кофехана іші қайтадан гуледі.
Сәлден соң дәу қайтып келді. Жанында полицей бар. Дәу тапалды сұқ саусағымен нұсқап:
— Міне, мынау, — деді де, жағалай қарады. — Бәрі де көрді.
Полицей тапалға және көрші столда отырған төрт кісіге соңымнан еріңдер деп бұйырды.
Участокке барған жерде дәу алаулаған жағын ұстап тұрып:
— Комиссар мырза, мен мына сотқарды сотқа беремін. Бұл мені ұрды. Мыналар куә, — деді.
Комиссар шағым иесінің, жәбірлеушінің және куәлардың кім екендіктерін анықтап алды да, жазу машинкасын сайлап әзір отырған полицейге олардың аты-жөндері мен адрестерін жаздырды.
Дәу өзін ұрған кісімен бұрын таныс еместігін айтты.
— Біз дәнеңе де көрген жоқпыз! — десті куәлар.
Дәу түнере қалды.
— Шапалақ даусын да естіген жоқсыңдар ма?
— Ештеңе көрген де жоқпыз, естіген де жоқпыз!
Шынашақтай сотқарымыз комиссардың жанына барды.
— Мен айыбымды мойындаймын, — деді ол. — Ұрып жібергенім рас.
— Не үшін? Жанжалдасып қалдыңдар ма? — деді комиссар. — Саған тіл тигізді ме?
— Жоқ. Мен мұны танымаймын да.
— Ее!.. Сонда сендерге не жетпей жүр?
Тапал түсіндіруге кірісті:
— Кеше кешке жұмыстан келсем, ақшасын төлемедіңдер деп электрімізді қиып кетіпті. Қараңғы үйде қамалдық та қалдық. Таң атқанша көз іле алмадым. Екі жылдан бері шешем қатты ауру. Асқазанынан бейнет көріп-ақ жүр. Дәрігер бір дәрі-дәрмек жазып берген. Соны ішсе ептеп тәуір болатын сияқты. Бірақ ол дәріні мен қайдан аламын? Дефицит.
Таңертең тұрайын десем: сол жақ қолым, бүйірім — бәрі қозғалтпай қалыпты. Суық тиген. Тереземіздің көзі ойылып аңырап тұрғалы үш ай болған. Шыны таба алмадық, ол да — дефицит. Тереземізге төсекжапқышты тұтып қоямыз, бірақ одан не қайыр? Бөлмемізді аңырап жел кеулеп тұрады. Мен төсектен тұрдым да, турасын айтқанда, кешіріңіз, дәретханаға бардым. Барсам — су жоқ. Қожайын суды тоқтатып тастапты. Сыртта жаңбыр шелектеп құйып тұр, ал дәретханада бір ұрттам су жоқ. Бөлмеме қайтып оралдым. Менен басқалар да қалшылдап тоңып отыр. Көмір алуға ордер бермейді. Қысқа қарай сатып алған азын-аулақ отынымыз баяғыда-ақ таусылып қалған болатын. Қазір, қыс ішінде, отын табылмайды.
Почтальон газет әкеліп берді. Күнде таңертең жұмысқа кетерімде газетті шолып шығатыным бар. Қолға алып, тақырыптарға көз жүгірттім: «Сұлулық конкурсы!»-«Галатасарай» футбол командасы — еліміздің чемпионы», — «Таможняда — үш жүз тонна кофе!», «Абидин Давер» жүк пароходы айлақта тұрып шіріп, жүзуге жарамай қалды!» — дегендерді оқығанда, үйден тезірек тұра қашқым келді.
Есік көзінде соттың іс орындаушысымен және қожайынның адвокатымен бетпе-бет ұшырасып қалдым. Біз пәтер ақысын төлемеген соң қожайын бізді сотқа беріпті. Соттың чиновниктері келіп дүние-мүлкімізді жаза бастағанда мен жынданып кеткендей боламын. Үйде іліп алар, іске жарар дәнеңе жоқ болады да, мен ұяттан өртеніп кете жаздаймын. «Тақтай төсек қалыпты ғой, алыңдар осыны!» — деп бұйырды адвокат.
Ол жапқышты жұлып алып, үстіне ескі-құсқы шүберектер, жыртық көрпелер, тозып біткен шалбарлар жинап қойылған «тақтай төсегімді» — қатар-қатар тұрған бос жәшіктерді көрді. «Радиоқабылдағышын алыңдар!» — деді адвокат енді.
«Мейлі ала берсін. Бұл қабылдағыш маған сор болып жүр. Жыл сайын он ай бойы жөндеуде жатады. Таңның атысы, күннің батысы титықтап жүріп тапқан ақшаңды жұтып алады. Бізді қайыршылыққа ұшыратқан осы емес пе екен өзі?» — деп ойладым.
Үйден шыға бергенімде: «Есіңде болсын, қызың мектепке бара алмайды», — деді әйелім. «Неге?» — «Спортқа арнаулы костюм және ақ резеңке тапочка киіп келетін бол депті мұғалім. Онсыз сабаққа кіргізбеймін депті. Енді не істейміз?» — «Жарайды, көрерміз», — деп мен қолымды сілтей салдым.
Әйелім соңымнан: «Үйде зәйтүн майы да бітті!» деп айғайлады.
Мен безіп көшеге бір-ақ шықтым. Жұмысқа кешігіп қалдым. «Не болса о болсын. Бүгін тіпті де бармаймын» деп шештім. Жаңбыр әлі құйып тұр. Біздің көшемен трамвай жүрмейді. Автобус дегеніңнің жарты сағатта біреуі әрең келеді. Оған отыру қырғын ұрысқа кіргенмен бірдей. Маршрут таксилерінің шаңын ғана көресің. Менің бәтеңкем аузын ашып, башайларымды су жуып келеді. Жаңбыр шелектеп төгіп тұр. Үсті-басым сығып алғандай болды. Тісім тісіме тимей қалшылдай бастадым. Бір бала жігіт көлденеңдеп жаныма келді. Ағатай, ғафу етіңіз деді. Сағат неше болғанын сұрайтын шығар деп ойладым. Ал ол: «Біздің құрама команда қалай ойнады екен, естідіңіз бе?» — деді.
О, тәңірім! Футбол менің не теңім?!
Шалп-шалп аттап келе жатып қарасам: кофехана тұр. Кірдім. Судан шыққан албастыдаймын. Бір кесе ыстық шай сұрадым. Мынау келіп жаныма отырды да, газет оқуға кірісті. Мен: енді қалай өмір сүреміз?.. Нендей күйге тап болдық?.. Мұның ақыры не болады? — деп ойлап, миым ашып отырмын. Ал мынау сол кезде газетін лақтырып жіберіп: «Масқара! Масқара! Біздің ел құрдымға құлдырап барады, ойбай!» деп барқырап ұшып тұрды.
Бұл да мен сияқты бір сормаңдай екен ғой дедім. «О не, әпенді? Сұрамасты сұрасам, ғафу етіңіз. Сіз бірдеңеге қатты ренжідіңіз-ау», — дедім мынаған. «Ренжімегенде ше! Біздің елде дені дұрыс бір де бір футбол төрешісі жоқ!» — деді мынау.
Сол кезде не боп кеткенімді білмеймін, комиссар мырза. Не болғанымды білсем, — ант атсын. Өмірі тіпті шыбын өлтіріп көрмеп едім. Ал бүгін... Мені біреу электр құралға айналдырып, кнопкамды басып қалғандай болды... Мен ұшып тұрып, мынаны жаққа періп кеп жібердім. Маған алла-тағала күш бере қойса керек. Мен кінәмді толың мойындаймын. Мына кісіні ұрғаным рас, бірақ ұрайын деп ұрған жоқпын. Шын сөзім, менде арам ой болған жоқ. Қалай болғанын өзім де аңғармай қалдым. Болары болған соң барып қана есім кірді. Сонда менің қалай қорыққанымды білсеңіз ғой, комиссар мырза! «Мына дәу қазір менің қолқамды суырып алатын шығар», деп ойладым. Ішімнен иманымды айта бастадым.
Комиссар енді дәуге сұстана қарап, тісін шақырлатып, орнынан қопарыла тұрды да:
— Кәне, татуласыңыз! — деді, бұйыра сөйлеп.
— Татуласқым келмейді, — деді дәу, қыңырланып.
Комиссар протокол жазып отырғанға бұрылды:
— Жаз! «Жәбір көрген кісі кофеханада отырып, көпшіліктің көзінше, біздің ел шыңырауға құлап барады деп жар салыпты...» — Ол дәуге шұқшия қарады. — Татуласыңыз, кәне!
Дәу жағын бір сипап алып:
— Жарайды, әпенді. Татуласайық, — деді күрсініп.
Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ